Владислав Отрошенко
Владислав Олегович Отрошенко (1959 ж. т.) — прозашы, көсемсөзші. РФ Үкіметі сыйлығының (2014), «Ясная Поляна» (2003) және басқа да бірқатар ресейлік және еуропалық сыйлықтардың лауреаты.
Ростов облысының Новочеркасск қаласында туған. Мәскеу мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітірген. Радиода жұмыс істеген, мұғалім болған. Еуропа университеттерінде орыс әдебиетінен дәрістер мен баяндамалар оқыған. Бірінші кітабы «Пасхальные хокку. Трехстишия» 1991 жылы жарық көрді. «Веди меня, слепец», «Персона вне достоверности», «Тайная история творений», «Приложение к фотоальбому» және т. б. романдары тек ресейде ғана емес, халықаралық деңгейде де танымал болды. «Гоголиана и другие истории» эсселер кітабы мен «Сухово-Кобылин. Роман-расследование о судьбе и уголовном деле русского драматурга» атты деректі романы интеллектуалдық бестселлерге айналды.
Еуропалық сыншылар Отрошенконы «Оңтүстіктің адамы, фантастикалық дүниелер мен нәзіктік атмосферасының лирикалық өнертапқышы» деп атайды; оны Милорад Павичпен, Маркеспен салыстырады. Жазушының басты тақырыптарының бірі — казактар өмірі. Павел Басинскийдің пікірінше, Отрошенко шығармасындағы казактардың бейнелері «Шолоховтың казактар туралы көзқарасының антиподтары. Отрошенконың казактары — өзіндік ерекше эстетикасы бар орыс самурайлары».