Новочеркасск әңгімелері

Жаман бақа

— Дәл уақытында келдіңіз, ақсақал, — деп, әскери шіркеудің баспалдағында отырған қайыршылар Троняға шулап қоя берді. Кейде сол қайыршылардың арасында Троняның өзі де отыратын. Қолын тізесіне қойып алып, байыпты қалпынан таймастан, шіркеу алаңындағы кеңістікке көз тігіп, соққан самал мен күн нұрына жүзін сүйдіріп, қасқайып отыратын. Бірін бірі таптап өтуге шақ тұрған қалың нөпір елдің ішінен сіңірі шыққан кедейлерге де, сәнді киінген кемпірлерге де назар салмастан, дәл осы қалпында ол сағаттап отыра алады. Аракідік қоғадай жапырылған қалың нөпір оның осы тыныштығын бұзып жіберуден сақтанғандай, алақандарына қысқан түйіншектерін асқан төзімділікпен, сыпайы ғана ұсынып қояды.

— Менікін алшы, Трофим... Жоқ, менікін ал, — деп, Троняның шамына тиіп алудан қорыққан кемпірлер біркелкі ғана дауыспен жасқана күбірлеуін қайталай береді. Ол кез келген сәтте орнынан ұшып тұрып, ешкімнің де түйіншегіне көз қырын салмастан, қарасын батыра қоюы да мүмкін еді.

Түйіншектердің ішінде бақа болатын.

Кенет, Троня әлдеқайда жол тартып кетейін деп тұрғандай, орнынан тік тұрды. Бірақ, ешқайда кетпеді. Бір кемпірдің түйіншегін алып, ішіндегі бақаны шығарды да, алдынғы аяқтарынан қос қолдап ұстап, көкке көтеріп, қызықтай қарап, біраз тұрып алды. Кенет, бақаны гранит баспалдаққа ішек қарнын шашырата былш еткізді де, кемпірге қарап асыға сөйледі:

— Бақаң нашар екен. Көп ұзамай, арам қатасың. Дереу үйіңе қайт та, түтін шығарып, құйрығыңды пешке тақа!

Әлгі кемпір ешқандай өкпе артпастан, дұрыс ақпар бергені үшін алғыс айтқан ишарамен тағзым етті де, баспалдақтан түсіп, жөнеп кетті.

Тірі бақамен бетінен, маңдайынан ұрып жатқанына қарамастан, өзге кемпірлер де алғыс жаудырып жатыр.

— Тілеуіңді тілеп, үшкіріп жатқаны ғой, — деп бір біріне қуанысып сөйлеп қояды. — Демек, көрер жарығымыз әлі бар екен.

— Ал өзінің қанша ғұмыры қалды екен? — деп қойып қалдым мен де, оңтайлы сәтті пайдаланып. Кейде әжем Троняны үйіне шығарып салу үшін мені осы шіркеуге жұмсайтын. Ол бір бағыттан танбастан көше кезгенді жаны сүйетін, адымы шапшаң Троня, байқаусызда қаладан айдалаға шығып кетіп, Крещенский еңісін бойлай отырып, жүре-жүре Кавказ таулары, Қара теңіз жақтан бір шыға ма деп қорқады.

— Қанша ғұмыры қалғанын өзінен немесе әжеңнен сұрап көр, — деп кейбіреуі зілсіз жауап беріп жатса, кейбіреулері өзіме жекіп жатыр.

— Ол туылмаған және ажалы жоқ — дейді. — Жоғал бұл жерден. Табаныңды жалтырат қане!

Оған бола «табанымды жалтыратайын» деп тұрған мен жоқ. Есесіне долы кемпірлерді рахаттана келеке қылғаннан, тіпті, әжемнің тапсырмасын да ұмытып кеттім.

— Барлық пенде туылады және өледі, — деп қасарысып алдым да, олардың қарсылықтарына қолымды шығарып, бақамен қорқытқаннан айызым бір қанғаны— ай! Әсіресе, мені «сайтанның сапалағы» деп сөккен, бойы мыртық, беті күрке тауықтың бетіндей салбырап кеткен, барқыт жағалы қара бешпеттегі кемпірдің зәресін зәр түбіне жеткіздім.

— Көресің әлі, — деп болжам айтып кеттім бірде оған, Троня сенің де бақаңды былш еткізгенде құрылдауға да шамасы жетпей қалады.

Бірақ, ертесіне Троня шіркеуге келмей қалды.

Сол күні мені мылқау Фирс таң сәріден оятып алғаны есімде. Ауладағы шие ағашының түбіндегі сәкіде ұйықтап жатқанымда тәтті түстің құшағына енді ғана еніп жатсам керек. Өйткені, сол түні аркалы үш есігі бар, шатырының дәл түбінде шаршы терезелері құжынаған, биік тас сарайының төбесіне шығып (ертеректе, Анна әжей әлі оқушы кезінде бұл сарай ат қора болған деседі), шойын аяқты телескоппен айдың ажарын тамашалап, түн жарымына дейін жүріп алдым. Бұл телескоп та бүкіл округ бойынша қолдан қолға өтіп, Кавказская және Почтовой көшелерін аралаған, қолға түсе бермейтін, ең бір қалаулы бұйым. Бұл Разин еңісінен жоғары көтеріліп, сонау Архангельск көшесіне жетіп, Атаман бақшасының түбіндегі құлпырған, әдемі үйлерде талай мәрте болып келген бұйым. Ақсай жағалауының мүлгіген көшелерінің төменгі жағында мұны жоғалтып ала жаздап, ақыры бірнеше маржан гурами деген аквариум балығына айырбастап, әйтеуір, қолыма түсіргенмін.

Жұлқылап оятқан Фирс мені ұйқылы— ояу күйімде сықырлаған ескі баспалдақпен, түнде ғана телескобымды қалдырып кеткен сарай шатырына дедектетіп әкелді. Күндіз бұл жерден қаланың оңтүстігін айнала өтіп жатқан Ақсайдың сол жақ жағалауы анық көрінеді екен. Қамысы мен аласа бұталары қаулаған Ақсайға құйып жатқан жылғалар мен Донның жағасына дейін біркелкі сарғайған қамыссыз да бұтасыз, керіліп жатқан мидай дала, тіпті таңғы аспанның түрленген көкжиегіне дейін көз алдымда самсап тұр.

Фирс бір қолымен беймаза ауа қармап, екінші қолымен басымды жоғары-төмен жұлқылап, Донның көз ұшындағы көкжиегінде адам сұлбасын бейнелеген жарыққа көзім түскенше дамыл таппады. «Құр-құррр!» — деген бақаның құрылдағаны естілді құлағыма.

Ұйқым шәйдай ашылып, бір — ақ сәтте кешегі құрбақа, барқыт бешпеттегі мыртық кемпір, әжемнің орындалмаған тапсырмасы, орындалмаса да, менің айтқан қорқынышты болжамым дәл жаңа көрген түстей көз алдымнан тізбектеліп өте шықты.

— Құр-құррр!

Құрылдап тұрған, кейбір дыбыстарды шығара алатын Фирс екен ғой.

Ол бақаға қарап, өлім мен өмірді болжай алатын Троняны «Құр-құрр» — деп атайтын...

Бақыт тұшпарасы

Рождество түні Анна әжеге бүкіл округтен жасана киінген адамдар колядка әнін шырқау үшін ағылып жатты.

Толық әйел болып киінген мылқау Фирс, тіпті, ерекше болды. Бетіне жаққан қызыл шырайы, екі жағына тастаған білектей қос бұрымдары, көйлектің ішінен жастықтан салған әйел омырауы мен бөксесі шынайы көрінгені соншалық, тіпті, жұрттар колядка әнін салып жатқанда Фирс үнсіз тұрмағанда, адам танымай қаларлықтай екен.

Өзіңізге жеттік біз дала кезіп,

Танытпастан ешкімге алакөздік.

Исаның бүлдіршіні көрінеді,

Аспанға, жұлдыздарға қарап едік!

Дегенмен, Фирс Анна әженің үлестіретін ұсақ— түйек күміс бұйымдыры, жаңа жеңдік, мойын шалғы сияқты сыйлықтарын құрдан құр, үнсіз алып кетуге намыстанса керек. — Му-мы-мы! Му-мы-мы! — деп өзінше әуезді әнге салып, ыңылдап бақты да, бір орында мойнын соза теңселіп, билегеннің ырымын жасады.

Төменнен латыш көтерілді — өзі қорқынышты, жалаң аяқ, қолында үлкен таяғы, сояудай ұйысқан сақалы бар. Өзінің түгі аз болғандай, тізесінен қолтығына дейін ақ еліктің терісін орап алыпты. Былайғы уақытта ол гантель немесе экспандермен тек қана өзінің сары түгін түкситіп алып, айнадан біресе өзінің жалпақ төсін, біресе қара тастай бөксесін тамашалап жүретін.

Аяз қарыған есіктен бұрқыраған буын ертіп Манилов атай ентелей кірді. Аю болып киінген атайды Манилиха әжей қарғы баумен ертіп жүр екен. Өзі етік, оттай жалт-жұлт еткен атлас көйлек киіп, сақина тағып, сырғаланып алған, қалың қара мұрт бояп алып, сыған болып келді.

— Гэй-на-на-нэ, алтыным! — деп аюға даусын өзгертіп айқайлап қояды. — Аунап— қунап, көңілін аулар халқының!

Көп жылдар бойы жабық тұрған Александров шіркеуінің түбінде, Разин еңісінің ұшар басындағы сұсты да әдемі үйде тұратын поп Васёк пен Василий әке есікті жұдырығымен үрейлендіре төмпештеді. Ұзақ төмпештегеннен кейін «Мерекеде қаңғыбас қайыршының алақанын бос қайтармаңдар!» — деп көңілді айқайлап, үсті басы адам көргісіз, алба— жұлба шүберектермен оранып алған, шұрық— тесік орамал, тозығы жеткен тон киіп алған күйі ішке қарай сүріне— қабына кірді.

Іле шала, қой терісінен ішік киіп, Маниловтың егіз немерелері кірді. Олар да бастарына, үңірейтіп екі көз бен күлімсіреген ауыз пішіні ойылған, асқабақтың бос қауашағын киіп алыпты.

Рождество түніне Троня да киініп алды.

Өзінің зығыр мақта шалбары мен көйлегін өзгеріссіз қалдырған ол (аязға да ыстыққа да ол шіміркенбейтін), тура Атаман бақшасындағы кинотеатрды басқаратын Ангелинаның ұлы Лёсиктің жұмысқа киетін қалпағындай қалпақты басына жапыра кие салды да, өзін адам танығысыз өзгердім деп ойлады.

Троня бәрінен кеш келді ғой. Терезе жарығы түсіп тұрған қарды баспай, бұқпантайлап, кіре беріс есікке ұрлана келді. Есіктің жақтауында жәй ғана, еріне шиқылдай салатын электр қоңырауы болатын. Одан бөлек, өзіме қатты ұнайтын, тағы бір қоңырау бар. Үлкейтілген сағаттың кілті сияқты бұрамалы шығыршығын қаттырақ бұрап қалсаң, бүкіл үйді басына көтереді. Жүздеген жылдар бойы есікті тоқылдатқаннан, астын оймақтай қылып ойып тастаған үлкендеу қола сақина тағы бар еді. Бірақ Троня олардың ешқайсысына да қол тигізбеді. Ол қалпағын жарбитып, есік артында тұрып, екі құлағы иығына тигенше мойнын ішіне тартып алды да:

— Тук— тук! Кім келді! — деп қатты айқайлап қалды.

Оны бірден есту мүмкін емес еді. Өйткені, бергі жақты көптен күткен мерекелік шу кернеп бара жатты: Анна әже колядка әнін тыңдап отырып, меймандар әкелген кутьядан (тұздық қосылған салтанатты ас тағамы) дәм татып, қарымтасына олардың қоржындарына сыйлықтар мен тиын-тебендерін салып бола бергенде, Ната мен Ангелина көрші залдан ине жапырақ пен шам отының иісі бұрқыраған, сыйқырлы тұшпараны алып келе жатқан. Оны кешкілік Анна әже дайындап қойған еді.

Барлық түшпараларда сүзбе бар да, тек үшеуінің құрамдары басқа. Біреуінде ұн бар. Ол фарфор тостағанның ішінен кімнің шанышқысына ілінсе, сол жыл бойы ұнға қарық болады деген ырым. Енді біреуінде ештеңе жоқ. Құр ғана қамыр. Оны жеген адамға жақсылық та жамандық та жоламайды деген сөз. Үшіншіде — Николай патшаның басы ойып салынған күміс рубль. Бұл — бақыт тұшпарасы...

— Тук-тук! Кім келді! — деп Троня сәл қаттырақ айқайлады. Маниловтың егіздері асқабақ қауашағының ішінен естіп қалып, ойылған ауызға сұқ саусағын тығып жүріп, есік ашқанша — Тук-тук! — деп барынша қайталап бақты.

Троня әлі де құлағы иығына жеткенше басын ішіне тарқан күйі аяғының ұшымен қарға адымдап басып кіргені — өзін бейтаныс адам етіп көрсеткен түрі ғой.

— Өй, бұл кім өзі?! — деп танымаған кейіп танытып жатыр Анна әже.

Ната да жорта танымағансыды.

— Е, бұл біздің латыш қой! — деді алақанын жайып, әлгіннен бері бәрі білетін, түгі түксиген және еңгезердей бойы өзінен асатын латыштың өзін жасырғысы келгендей, оған шегіне беріп.

— Жо-Жоқ, Наточка, ол емес! Бұл менің Лёсигім ғой! Лёсик! — деп Ангелина да тез арада сүйір саусағын ауада қармап, тез қарсылыса кетті. — Сұр түсті киіз қалпағын қарасайшы! — деп шырылдай қалды.

Бірақ Троня латыш та, Лёсик те болғысы жоқ.

Кішкентай ғана қалпақтың ішіне тұтастай жасырынып кеткендей, дене пішінін өзгертпестен, көп алдында тұрған Троня ішінен басқа да ұсыныстар күтіп тұрды... Күтіп тұр, күтіп тұр... Көздерін ары-бері төңкеріп, ерекше жымиып қояды. Бүкіл бетімен емес, тек қана мұрны мен көзінің айналасындағы әжімдерімен жымияды. Ал еріндері мен иегінде әдетегі өкпелі қалпы өзгеріссіз қалды. Кенеттен төзімі таусылып, қалпағын шешіп жіберді де, — Мен Фирспін ғой! — деп сенімді үнмен айқайлап қалды.

— Сен қалай Фирс боласың, қарғам? — деді Ната. — Фирс сөйлемейді ғой.

— Фирс! Фирс! — деп Троня одан бетер сенімділікпен айқайлады да, бірден латышты нұсқап, — ал анау— сайтан! — деп қуана хабарлады.

Менің жүрегім дүрсілдеп сала берді. Өйткені, қазір Троняның не істейтінін мен анық елестетіп отырмын... Міне, енді көріп те отырмын — ол қос аяғымен жеңіл ғана жер тепкілеп, екі алақанын желкесіне кезек— кезек апарып, билеп, бір кездері көшеде айтқан әнін удай ащы даусымен шырқай бастады:

Сайтан! Сайтан! Сары сайтан!

Тамұқта енегін әлі шайқар!

Енегімен қыздарды шақырады!

Орынсыз қызығушылығының астарында қарапайымдылығы мен айлакерлігі қатар жасырынып жататын Ангелинаның — Қайдағы қыздар жайлы айтып тұрсың, Тронеча? — деген қатаңдау даусы құлағыма түрпідей тиді. Айналада және күллі әлемде не болып жатқанынан үнемі хабардар болып жүретін Тронечканың да мұқият және зілсіз жауап беріп жатқан даусы естіліп жатыр: «Сенің немерелеріңмен картада «жақсы немесе салдақы» ойынын ойнайтын қыздар жайлы, Глина әже...»

Бірақ, бақытыма орай, сол рождество түні — мен көргендей, мен естігендей жағдай болуы тиіс болса да олай болған жоқ.

Өзімді құтқара отырып, тез арада пысықтық танытып, Ангелинаның дауыс ырғағын салып, киліге сөйлеп кеттім: «мейманға тұшпарадан ауыз тигізбей неғып отырмыз?» — деп еске салғандай болдым да, бір минут бұрын ғана шанышқыма ыдыстан кездейсоқ іліп алған тұшпараны ұсындым. Шанышқым қатты бір затқа тиіп, тырнап өткенінен Николай патшаның суреті бар күміс рубль екенін біліп отырмын.

Бір минут өткен соң, Троня сиқырлы тұшпараны тістеп көріп, ішінен бір жыл бойғы бақытын тапқан кезде менің де жаным жай тапты. Онда патшаның суреті болса да, Лениннің суреті болса да бәрібір, Троня темір рубльдерді ессіз жақсы көретін. Троня патшаның суреті бар тиынды уысына қатты қысып алды да, ашық есікке қарай кілт бұрылып, жалт— жұлт еткен қарлы боранмен бірге қараңғылыққа сүңгіп кетті де, ғайып болды...

Сегізінші пароход

Троняның үйі бар болатын. Бірақ қандай үй дейсіз ғой! Қақпасының оюлап жасалған шыбықтарының біреуі ғана аман қалған, әйтеуір, бір дөңгелек мұнара болатын. Ауланың түкпір жағындағы, терезелерінің арасында жалпақ бағаналары бар екі қабатты үйде бір кездері Корней Манилов деген бір қария тұрған екен. Анна әженің айтуынша, оның Азовта жеті пароходы және миллион күміс рубльдері болған екен. Мына бір кішігірім мұнарада бірімен бірі ауысып, Маниловтың күзетшілері үй күзетіп отырған дейді. Ал Троняның мұнараға қашан қоныстанғаны туралы айналада ешкімнің есінде жоқ. Ол Троняның өзінің де есінде жоқ. Троняның түн жарымында ұйқысыз, сергек жүріп, бағанның суық тастарына аяғымен мініп алғанын көрген Лёсик:

— Тлоня, үйге қайтсаңшы, — деп, бұйыра сөйлеп кететін кездер де болған. Троня жүріп кететін. Бірақ мұнараға емес, оның жаныныдағы көшемен жөнеп кете беретін.

— Үйге қайтқым келмейді. Мұнарада өмір сүргім келеді.

— Тлоня, есің дұлыс па сенің! Сен онсыз да сонда тұласың ғой! — деп Лёсик Троняны қуанту үшін асыра сілтеп айта салған екен.

Осы мәлімдемеден кейін Троня бірнеше күн бойы мұнарасына ешкімді жуытпай қойыпты. Маңына жақындағандарға «бұл менің үйім, Лёсик солай айтқан!» — деп, дарақы мақтанышпен, қызбалықпен жекіп тастайды екен. Тағы бірер күн өткеннен кейін бұл шаруа оны жалықтырып, оның өзге шаруасына кедергі келтіре бастады. Ол шаруасы күні— түні жылдам адымдап ары-бері қала кезу еді.

Ол тағы да бір жаққа тартып кетті. Біресе ана көшемен, біресе мына көшемен жүріп, алаңды кесіп өтіп, шіркеуге қарай асықты, Ақсайға қарай түсіп, айдалаға шығып кетіп, әйтеуір, қалаға қайта оралды. Ол мұндай сергек кездері мұнараға назар аудармады. Мұнараға кірсе де, бөтен үйге кіргендей, аса ұстамды қызығушылықпен, сыпайы сақтықпен ғана жүретін. Оның мұнарасының тас қабырғалы дөңгелек бөлмесіне орындық пен үстел (ол сонда ұйықтайтын) әрең сиятын. Мен ол жерде талай мәрте болғанмын. Ыстық күндері жартылай қараңғыда отырып, ені екі алақанның көлеміндей ғана әйнексіз терезеден далаға қарап отырған маған ұнайтын. Бұл жерден бәрі басқаша көрінетін. Құдды бір телескоптың теріс жағынан, әлдеқандай құпия күштер арқылы қарағандай, бәрі қиян шетте, бейтаныс бола тұра, ерекше айқын көрінетін. Тіпті, әжемнің үйінің өзі жарқыраған жарықта толайым қарағанда, терзелерінің саңылаулары үңірейіп, бейтаныс көрінетін. Мен ол терезеден неғұрлым ұзақ қарап отырсам, соғұрлым алыс— жақын заттардың бәрін тұтасымен қарап, көз жанарым еш қимылсыз қалатын. Заттардың бәрі алдымен өздерінің ерекшелігін, содан кейін бөлшектілігін жоғалтады да, біртұтас алабажақ перде тұтып алғандай болады. Содан кейін қарсыласу мүмкін емес, әлдеқандай жат бір күй бойымды билеп кетеді. Ол мендік күй емес бола тұра, әлдеқайдан ішіме кіріп алады да, өзіндік «менімді» ығыстырып тастайды. Мен емес, кенеттен менің көзімді иемденіп алған мүлде ақылға қонбайтын және пішінсіз жаратылыс мұнарадан сыртқа қарап, өзіне ғана тән осы күйінен ләззаттанады. Оған ғаламат рахат та, қуанышты сиқыр да тән. Бұл күйге далада болсын, округте болсын, мұнараның қалың қабырғасының сыртында болсын, ішінде болсын, көз алдымда болып жатқан барлық құбылыстарға бейсаналы түрдегі немқұрайлылық сыйып кеткен. Жол жиегіндегі көгалда тып-тыныш қана зымырап бара жатқан велосипедшіге терең шұңқырға құлайтынын айтып, айқайлағым да келмейді. Менің қолымнан бар келетіні — жай ғана бейжай қарап отыру. Оның алдынғы дөңгелегі құлағанын, жылтыр рөлінің еңкейгенін, белінің қайырылғанын, ізінен еріп, артқы дөңгелегі құлағанын ешқандай жанашырлықсыз, мысқылсыз, қызығушылықсыз, үмітсіз... жәй ғана бақылап отыру. Тіпті, Родя ұйықтап жатқан болып, алақанына басын жантайтып алып, біздің Заираға ұрлана қарап жатқанына да ренжімеймін. Заира гүлді юбка киіп алып, тостағанына өрік жинауға талға өрмелеп шығып, дәл Родяның үстіндегі бұтақта аяқтарын алшайтып тұр. Мен, тіпті, Разиннің төменгі жақ бұрышынан басындағы қалпағын жапырайтып алып, аттың орнына арбаны өзі сүйреп жүрген ескі заттарды жинаушы шыға келгенде де аса қуана қоймадым. Оған кез келген керексіз затты апарып беруге болар еді. Тым болмаса, ыдыс үйінділерінде жатқан, әженің сынық желдеткішін тапсырып, орнына саз ысқырғыш немесе бәкі алуға болады. Бірақ желдеткішті іздеуге зыр жүгіру менің ойымда жоқ. Осы мезетте мені ештеңе қызықтырмайды. Әлденеге іспен де, оймен де араласуға, тіпті, бірдеңені қалауға не қаламауға да зауқым жоқ. Менің ерік күшім, қоршаған әлемдегі ешқандай оқиғаға икемделмейтін, қалаған айқындықты келтіре алмайтын, істен шыққан оптикалық құрылғы сияқты. Заира, ескі заттарды жинаушы, епті велосипедші, Родя, мұнарадағы тас терезедегі жылтыр қара жасыл қоңыз, алыстағы үй төбелеріндегі мұржалар, төменгі көшелердегі пирамида тәріздес теректердің ұшар басы — мен мұның бәрін бір мезетте, қатар көре тұра, ештеңе көрмей отырмын. Менің сезімдеріме айдай әлем пысқырып та қарамады. Дәл осы сәтте мен, тіпті, бұл әлемнің бар екенін және бұл әлемнің бір бүйірінде өзімнің де бар екенімді түйсініп отырған жоқпын. Бұл— көздің шамадан тыс шаршауынан болатын түсініспеушіліктен пайда болған, өмірдің өз тұңғиығындағы әлдеқандай ғайыптың айрықша формасы. Неге екенін білмеймін, дәл осы Троняның мұнарасына келсем менің көзқарастарым дәл осындай өлермендік пен тәтті мұң құшағына байтақ еніп кетеді. Әрине, кей кезде мұнарадан жырақта да, мысалы терассадағы жазғы түскі асқа отырғанда Ангелина ыдыстарға буы бұрқыраған сорпаны құйып жатқанда да (терассадағы жазғы түскі астың тізгіні әжей емес, Ангелинада болатын) мені осындай сезімдер билеп кетеді. Бірақ ол ұзаққа бармайтын.

— Қарай гөр өзін! — деп Ангелина мені әлдеқандай қауіп немесе зияным үшін айыптағандай жекіп алды. — Оян қане! — деп бұйыра сөйледі. — Дереу есіңді жи! Естимісің ей? Жауап бергеннің ырымын ғана жасап, бас изегенім болмаса, мен оның сөзін емес, жәй ғана даусын естіп отырмын. Бас изедім де, «ешқайда» қарап, түрлі түсті бояу аралас тұманның ішіне жұтылған күйі отыра бердім. Сол кезде Ангелина ожауын фарфор тостағанға батыра салып, босаған алақанын менің көз алдыма бұлғады. Менің көздерім сезімдеріммен қайта қауышып, жан-жағымдағы заттарды әдеттегі бөлек күйінде және анық көре бастағанша дейін қолын бұлғауын тоқтатпады. Содан кейін Ангелина маған олай қадала қарап отыруға болмайтынын, одан адам абайсызда соқыр болып қалуы немесе өлім құшуы да мүмкін екенін түсіндіріп бақты.

— Немесе жынданып та кетуі мүмкін, — деп Ната килігіп кетті.

— Айтпақшы, Троняның жағдайы қалай? — деп сұрадым. Ната мен Ангелина Анна әженің көзінше менің пікіріммен келісетінін мойындауға батылдары жетпей, әңгімені үнсіздікпен шорт кесетінін білемін. Одан әрі әңгімені көзді, денсаулықты, ақылды сақтау үшін қалай дұрыс қарау керектігі жайлы, тіпті, тәрбиелі бала өзін қалай ұстау керектігі жайлы бейбіт әңгімеге көшетіні белгілі жайт.

Троняның мұнарасында болсам, қанша қарасам да өз еркім еді. Ол жерде маған Троняның өзі болмаса, басқа ешкім кедергі жасай алмайды. Бірде ол терезеге қарап отырғанымда оянып кеткен. Терезеден қолына бос шелек ұстаған күйі, соқпақ жолда түрегеліп ұйықтап тұрған Корней ата көрініп тұрды. Үнемі Кавказская мен Разин еңісі көшелерінің қиылысындағы бағанаға таяу жерде, бір орыннан тапжылмайтын. Жанындағы субұрқаққа ұқсайтын, қалың ағаш жыныстары мен бағананың өзі де көрініп тұр. Троня қара тастай, үшкір саусақтарын иығыма батыра ұстап, мені ығыстырды да, бәсеңдеу дауыспен сөйледі:

— Қалай? Мұнарадан қараған ұнай ма? Керемет қой.

Бұл сөзді айтқанда (ақымақтықпен бе? түсіністікпен бе? — білмеймін) бір мезетке мен оның жынды екеніне күмәнданып қалдым да, бір-ақ мезетте күмәнім сейіліп қалды. Терезеге қарап тұрды да, саңылаудан басын шығарып, айқайлай жөнелді. Бүкіл өңірге таныс осы бір өткір де жағымсыз дауыстың ішінде заһарлы өкпенің, шарасыздық пен қатар қандай да бір қыңыр көңілділіктің де ноталары қатар естілді:

— Корней! Корней! Сенің пароходтарың қайда?! Оян!.. Әне, сенің пароходтарың жүзіп жүр!

Арада екі күн өткеннен кейін өз үйінің жанындағы жиылған жұрттың арасында тұрған Манилиха әжей, «пароход... пароход... неғылған пароход? деп ойлап жүрсем» — деп, не қуанышты, не өкінішті үнмен күбірлеп тұр. Қараңғылықтан күннің өткір сәулесіне қарай суырылып шығып, кісі қолдарында шайқалып бара жатқан, жақтаулары биік табытты көзімен шығарып салып тұрды.