Мария Ватутина
1968 жылы Мәскеу қаласында туған. Мәскеу заң институтын және А. М. Горький атындағы Әдебиет институтын бітірген. Заңгер, адвокат, заң журналында журналист, бас редактор және шығарушы редактор болған, Горький атындағы МКАТ-тың әдебиет бөліміне жетекшілік етті. Отызға жуық өлең кітаптарының авторы, соның ішінде «Төртінші Рим» (2000), «Жаңғырған заманалар» (2006), «Біздің қыз» (2008), «Өзге өлкеде» (2010), «Оқиға желісі» (2013), «Жауһар жиған аспан» (2015), «Бастаңғы» (2015), «Сен ұйқыда едің» (2018), «Шолу алаңы» (2019), т. б. жинақтары бар. Поэтикалық «Anthologia», «Московский счёт», Халықаралық Волошинский, Бунин, «Парабола» (2017) және т. б. сыйлықтардың лауреаты. Бүкілресейлік бірінші «Красная площадь. Время поэтов» турнирінің жеңімпазы және «Голос нашего времени» мәртебелі марапатының иегері. Мәскеу қаласында тұрады.
Әдебиетші, сыншы Игорь Волгинше айтқанда: «Мария Ватутинаның өлеңдері — біздің басымыздан өтіп жатқан жайттардың қатал әрі шыншыл куәсі. Біз нағыз заманауи ақынмен «істес» (шын мәнінде істелуге тиіс іс) болып отырмыз. Оның лирикалық жады тарих пен мәдениеттің мұрагерлік жүгіне толы».