Сергей Стратановский
1944 жылы Ленинградта дүниеге келген. Ленинград мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген. Пушкин мұражайында, Мемлекеттік Эрмитажда экскурсовод, Ресей Ұлттық кітапханасында (Санкт-Петербург) библиограф болып жұмыс істеді. «Тьма дневная» (2000), «На реке непрозрачной» (2005), «Оживление бубна» (2009), «Смоковница» (2010), «Граффити» (2011), «Иов и араб» (2013), «Нестройное мно-гоголосие» (2016), «Изборник» (2019) секілді он бір жыр жинағының авторы. Өлеңдері ағылшын, болгар, голланд, иврит, итальян, литва, неміс, поляк, фин, француз, шешен, швед және эстон тілдеріне аударылып, көптеген кітаптары шет елдерде жарық көрген. Бірқатар ресейлік және халықаралық марапаттардың, Царское Село көркем өнер сыйлығының, Б. Пастернак атындағы әдеби сыйлықтың иегері. Н. В. Гоголь және Андрей Белый атындағы сыйлықтардың, Г. Кардуччи атындағы сыйлықтың, «Anthologia» сыйлығының, «Парабола» сыйлығының лауреаты. Санкт-Петербургте тұрады.
Ақынның шығармашылығы жайлы әдебиеттанушы һәм сыншы Андрей Ариев былай дейді: «Мәдени құбылыс ретінде Стратановскийдің поэзиясы бізді бұқаралық бойкүйез мәдениеттің өткінші өнерсымағына тәуелділіктен, нарықтық рейтингтерге сенуден құтқарып, дүниежүзілік желіні толтырған шынайы білім көздерін бітеп тастайтын ақпараттық шаң туралы түсініктен түйсіктерді тазартады. Ең бастысы, ақын дүниені тарихпен шартты алаңның жиынтығы ретінде қабылдайды, сөйтіп, қазіргі сананың дискреттілігіне және оның энтропиясына қарсы шығады».