Инга Кузнецова

1974 жылы Краснодар өлкесі, Қара теңіз жағалауындағы шағын кентте өмірге келген. М. В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Аспирантурада философия ғылымын меңгерген. «Вопросы литературы», «Октябрь» басылымдарында редактор, «Радио России» толқындарындағы әдеби журналдардың шолушысы қызметтерін атқарған. Бес жыр жинағының авторы. Атап айтқанда, «Сны-синицы» (2002), «Внутреннее зрение» (2010), «Воздухоплавания» (2012), «Откровенность деревьев (2016), «Летяжесть» (2019) атты жыр жинақтары өлең сүйер оқырманға жақсы таныс. Соңғы жылдары проза жанрына бет бұрып, екі романын жариялап үлгерген. Өлеңдері ағылшын, грузин, қытай, поляк, француз тілдеріне аударылған. Ресейдің поэтикалық «Триумф» сыйлығын, «Московский счет» әдеби сыйлығын, Халықаралық Волошин сыйлығын иеленген. Қазір Мәскеуде, сондай-ақ, Мәскеу маңындағы Протвинада тұрады.
Кузнецова лирикасының ерекшеліктері жайында белгілі әдебиеттанушы әрі сыншы Дмитрий Бак: «ақындық стилінде ешқандай көлденең жүріс, көлбеу бағытқа бой алдырмаған шығармашылық иесі. Тек қиғаш та кереғар өз әлеміндегі өр ағыспен жоғары-төмен құлдилап, еркін жүзетін, айшықты қолтаңбасы қалыптасқан ақын», — деп, өз тұжырымын білдірген.