Александр Кушнер
1936 жылы Ленинградта дүниеге келген. А. Герцен атындағы Ленинград педагогикалық институтының филология факультетін бітірген. Орта мектепте орыс тілі мен әдебиетінен сабақ берді. Қырықтан астам поэтикалық кітаптар мен жинақтардың авторы, оның ішінде «Бұлыңғыр жұлдызда» (1994), «Бұта» (2002), «Таврия бағы» (2008), «Жердің тартылысы» (2015), «Күзгі театр» (2020) жыр жинақтары және заманауи орыс поэзиясы туралы мақалалар мен эсселері қамтылған бес кітабы бар. Өлеңдері ағылшын, араб, вьетнам, иврит, итальян, қытай, неміс, голланд, француз, жапон және т. б. көптеген тілдерге аударылған. Шығармалары Голландияда, Италияда, АҚШ-та кітап болып басылып шықты. Ресейлік және халықаралық сыйлықтардың, сонымен қатар, Ресей Федерациясы Мемлекеттік сыйлығының, Мемлекеттік Пушкин сыйлығының, Альфред Тёпфер қоры тағайындаған Пушкин атындағы сыйлықтың (Германия), Солтүстік Пальмира сыйлығының, Царское Село көркем өнер сыйлығының, Ұлттық поэзия сыйлығының лауреаты, Алтын Тибет сыйлығының иегері. Қазіргі таңда Санкт-Петербургте тұрады.
1990 жылы Иосиф Бродский ақынды таныстыра отырып: «Александр Кушнер — ХХ ғасырдың ең үздік лирик ақындардың бірі және оның есімі орыс тілін ана тілі ретінде танитын әрбір адамның жүрегіне қымбат есімдердің қатарында тұруы керек», — деп жазды. Осы сөздер айтылғалы отыз жыл өтіп, ХХІ ғасырдың бел ортасына жетеқабыл тұрған шақта ақынның ақын жайлы пікірі ақиқат қалпында қалғанын көрдік. Шайыр интеллектуалдық-рухани еңбегін, тың идеялар мен терең иірімдерді табу жолындағы ізденістерін тоқтатпай, әрбір эстетикалық құндылықтан шабыт алып, көркем тілмен қалам тербеуде.