Андрей Волос
Андрей Германович Волос (1955 ж. т.) — ақын, прозашы, аудармашы. РФ Мемлекеттік сыйлығының лауреаты (2000), «Русский Букер» (2013), «Антибукер» (2000) және басқа да сыйлықтардың иегері.
Сталинбад қаласында (қазіргі Душанбе, Тәжікстан) геологтардың отбасында дүниеге келген. Губкин атындағы Мәскеу мұнай-химия және газ өнеркәсібі институтын «Геофизика» мамандығы бойынша бітірген. Риэлтор, бағдарламашы болып істеген. Тәжік поэзиясын аударумен айналысқан. Әдебиет әлеміне 80-ші жылдардың соңында келген. А. М. Горький атындағы Әдебиет институтының профессоры.
«Хуррамабад», «Недвижимость», «Маскавская Мекка», «Аниматор», «Победитель», «Предатель», «Возвращение в Панджруд» және басқа да романдардың авторы. Шығармаларының дені тарихи роман және антиутопия жанрында. Волостың басты тақырыптарының бірі — Орталық Азия, оның рухани тарихы мен бүгінгісі.
Сыншылардың пікірінше: «Волос прозасында реализм дәстүрлі қалыпта көрініп, өзінің өміршеңдігін дәлелдей түседі»(Мария Ремизова).