Валентин Распутин

Валентин Григорьевич Распутин (1937—2015) — жазушы, көсемсөзші, публицист, қоғам қайраткері. КСРО Мемлекеттік сыйлығының (1977, 1987), РФ Мемлекеттік сыйлығының (2012), РФ Президенті сыйлығының (2003), РФ Үкіметі сыйлығының (2010) және басқа да көптеген сыйлықтардың лауреаты.
Иркутск облысының Усть-Уда ауылында шаруа отбасында дүниеге келген. Иркутск мемлекеттік университетінің тарих-филология факультетін бітіргеннен кейін Иркутск, Красноярск газеттерінде қызмет етті. Алғашқы әңгімелер жинағы 1967 жылы жарық көрген сәттен-ақ Распутин «нағыз талант» ретінде танылды.
Распутин «ауыл прозасының» маңызды өкілдерінің бірі болып саналды, алайда, оның әдеби әлеуеті бұл анықтамадан әлдеқайда ауқымдырақ. Оның «Деньги для Марии», «Последний поклон», «Живи и помни», «Изба», «Прощание с Матёрой», «Пожар», «Дочь Ивана, мать Ивана» әңгімелері, эсселері көркемдік қана емес, сонымен қатар, әлеуметтік оқиғалар болды. Распутин адамгершілік, ар-ұят, сүю мен жанашырлық, халықтық жады мәселелерін көтерді.
Қаламгердің философияны, нәзік психологизмді және публицистикалық пафосты ұштастырған шығармашылығы ғасырлар тоғысында ұлттық санада орын алған аса күрделі, терең құбылыстардың көрінісі болды. Распутинді «...еш аянбай, өзін орыс мәдени дәстүрін сақтауға сарқып берген, орыс ісі мен ар-ожданның адамы» деп атаған (Сергей Перевезенцев).