Алексей Кудряков
1988 жылы Свердловск қаласында дүниеге келген. Орал мемлекеттік орман-техникалық университетін және аспирантурасын бітірген. Аула сыпырушы, бағбан, күзетші, сахна технигі болып еңбек еткен. «Стихотворения» (2012), «Слепая верста» (2016) жыр жинақтарының авторы. Өлеңдері грек, итальян, француз, т. б. тілдерге аударылған. Жаңа Пушкин сыйлығының (2014), Ресей-итальяндық «Белла» сыйлығының (2015) лауреаты. Екатеринбургте тұрады.
Әдебиеттанушы және сыншы Артем Скворцов оның поэтикасын: «Алексей Кудряковтың поэзиясы тұрмыс-тіршіліктің күнделікті күйбеңдерінен тысқары тұр. Оның лирикалық кейіпкері де еш әзіл-қалжыңсыз фәлсапа соғып тұрса, таңданбаңыз. Ол өзімен-өзі болып, көбіне жалқы жүргендіктен әлеуметтік дүниелер жайлы көп ойламайды. Кудряков аса діндар адам болғандықтан оның дүниетанымы ғибрат, өсиет күйінде болса керек-ті, алайда, оның ғажайып өлеңдері тірі табиғатпен терең байланысып, ғарыш пен ғылыми танымдарды ғаламат үйлестіре алған», — деп бағалаған.