Даниил Гранин
Даниил Александрович Гранин (1919—2017) — прозашы, сценарийшы, публицист, қоғам қайраткері. Әскери, деректі, «қалалық», тарихи проза бағытындағы автор. КСРО (1976) және РФ Мемлекеттік сыйлықтарының лауреаты (2001, 2016) және басқа да көптеген сыйлықтардың иегері.
Курск губерниясының Волынка ауылында туған. Ленинград политехникалық институтын бітірген. Инженер-энергетик болып жұмыс істеді. 1941 жылы ерікті ретінде майданға аттанған. Граниннің алғашқы әңгімелері 1937 жылы жарық көрді. 1960-шы жылдары жас кеңес ғалымдарының ауыр ахуалы мен талпыныстары туралы жазған «Искатели», «После свадьбы», «Иду на грозу», «Собственное мнение», т. б. романдары мен хикаяттары жазушының кең танылуына жол ашты. 1979 жылы Алесь Адамовичпен бірлесіп жасаған, Ленинград блокадасын ауқымды түрде зерттейтін «Блокада кітабы» деректі туындысы жарық көрді. Тарихи проза тақырыбына көп қалам тартты. Ең танымал «қайта құру романдарының» бірі саналатын, атақты генетик Николай Тимофеев-Ресовскийдің тағдыры туралы «Зубр» шығармасы болды.
Ол — публицист әрі көсемсөз шебері. Қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, бірқатар мәдени және қайырымдылық жобалардың бастамашысы болды.