Чулышман
Борис Доронинге
Әлдебір себептермен сыр беріп, экраны жағымсыз жыпылықтап қалған ескі теледидардың кілтипанын анықтап, жөндеуге ниетім ауып, білек сыбана іске кіріскенімде он алты жаста едім.
Артқы қаптамасын шешіп алып, қызара-көгеріп, жарқыраған лампаларға аз-маз қарап тұрдым да, солардың біріне қол созғам.
Көзімнің алды жарқ етті де, түнекке сіңіп бара жаттым. Сол түнектен Артамонова атты дәрігер шығарып алыпты. Бірнеше ай мазалаған кекештігім де уақыт өте келе басылып, біржола жоғалды. Арада жарты жыл өткенде ол оқиға оң алақанымдағы күйіктен қалған тыртықты көргенде ғана есіме түсетін болған. Жылтырай жиырылып біткен жас тері тап бір жайылып жатқан медузаға ұқсайтын.
Алайда, көп ұзамай, түсіме белгісіз қала кіретін болды.
Ақ тастан өріліп салынған қала тау етегінде созылып жатыр. Оның шеткі үйлері, үйшіктері мен лашықтарынан, жайылымдары мен бағаналы қоршауларынан, күтімсіз жүзімдіктерінен ары бұта мен қарағай қаптаған тау биіктей береді. Одан жоғары көз қарықтырар шаңқан жартастар жалғасып, олар назарыңды тау шыңына жетелейді. Қыркүйектің ортасынан наурыздың соңына дейін бұл шыңдарды қар басып, күнмен шағылысып жатады.
Тау жартастары аласара келе кемелер мен қайықтар тұрағына айналған мүйіске ойысады. Жықпыл-жықпылдағы жел өтінде күмістей жарқыраған майда әрі қатты жапырақты ағаштар өсетін. Ал теңіз толқындары шайыр түбірін сипап, тасқа соғыла көбіктеніп, жағаға балдыр шырмауықтарын лақтырып жатыр.
Арнайы жоспарсыз салынған үйлер арасындағы аллеялар мен жолдарды қоспағанда, қалада екі-ақ кең көше бар. Біреуіне ақ тас төселген. Ол амфитеатрға көтеріледі. Екіншісі тым көне. Ойлы-шұқырлы болып, қаладан шыға бере, тіпті, тас жолға айналып кете барады. Бұл жол елдің ішкі жағына апаратын. Ала таңнан қара кешке дейін кеме жүктері тиелген арбалар сықырлап жүріп жатады.
Менің түсіме осы көшелер кіреді. Доңғалақтардың сықырын естіп, буйвол сүйреткен арбаларды көремін. Теңізге қарап тұрып, шағылысқан күннен көзімді сығырайтып, қолымды маңдайыма қойып, тура түскен сәулені көлегейлегім келеді. Бұл қалада нағыз елді мекеннің белгілері бар-тын. Тіпті, түске тән құбылмалылықтың жоқтығы көңіліме қонбай қойды. Әлгі айтқан екі көшенің бірімен жүріп келе жатып, кез келген үйдің тұсынан өтіп бара жатқанымда келесі келгенімде де барлығы осы қаз қалпында тұрарын білем. Әрине, бұл түс күні ертең немесе бірнеше аптадан кейін қайталанса да осы жолға төселген тастарды, аллеяларды, дәл осы тас қоршаудың бойынан биік өскен жүзім шырмауықтарын, осы ақ шаңқан үйлерді, тіпті, олардың тұрғындарын да көремін. Олардың кейбірі маған басын изей амандасып, кейбірі қол бұлғап сәлемдесіп жатады. Маған бәрі таныс. Егер нағыз түс болса, бұл нәрселердің бірі болсын өзгерер еді ғой. Мен осы қаланың тұрғыны сияқтымын. Үйім болса бірінші, бақуаттылар тұратын көшенің шеткі жағында амфитеатрға жақын, орталық алаңнан жеті үй ары орналасқан.
Аздап созып, сәл тұтығып қалатыным болмаса, түсімде өзіме жат тілде еркін сөйлеймін. Ал ана тілім болған орыс тілі санамнан жойылып кеткендей болады. Оянып алып, қас қағым сәтте өте күрделі ауыспалы күйді бастан кешем. Өзіме таныс және жақын тіл көмескіленіп, тіпті, түсініксіз күңгірге айналады. Ал мүлде білмеген нәрсем санама бөгеті кеткен судай арқырап кіріп, тереңіне тартып кетеді. Қас-қағым сәттен соң әлгі жат тілден бірде-бір сөз есіме түспей, дал қылады. Жаңа ғана сол тілде сайрап тұрғанымды ойлаймын. Арада тағы секунд өтпей жатып бұл дерек те санамнан өшіп жоғалады.
Жастықтан басымды жұлып алып, қайда оянғанымды бажайлап алу үшін ұзақ отырамын. Ұйқым ашыла келе түсімдегі жарқыраған күн, көк теңіздің жағымды самалы, ыстық ақ тастар мен буйволдардың аяңы, кеме баспалдақтарының сықыры мен трюмдерден сары дорбаларды арқасына іліп алып кетіп бара жататын жүкшілердің жалаң аяқ жеңіл жүрісі, кептіруге тасталған ау мен шіріген балдырлардың өткір иісі менен алыстай береді. Бұл жағымды көріністердің орнын жаңбыр айғыздаған терезе әйнегі, бұлтты аспанның бұлыңғыр бейнесі мен күңгірт шам, еріген маргарин иісі мен ас үйдегі табаның тарсылы және терезе сыртынан естілетін шулы троллейбустың дауысы басады.
Осы түсімді есептемегенде, өмірім қалыпты өтіп жатты.
Мектепті бітіре салып, университеттің физика факультетіне оқуға түстім. Бірінші курстан кейін студенттерді құрылыс жасағына жұмысқа алмайды. Бірақ менің жолым болды. Құрылыс жасақтарының біріне жетекшілік ететін аспирант Мишка Козихин есімді жігіттің інісімен бір топта оқыдық. Витек ағасына мені айтты да, екеуіміз жасақ құрамында Ярославль маңындағы егіншілік арықтарын қазу жұмысына аттандық. Қысқасын айтқанда, бір жарым ай бойы сол маңайдың масасына таланып жатып, ақша таптық. Ол қаржы біздің саяхатымызға жетерліктей болатын.
Неге екені белгісіз, әйтеуір, досым Азияға барғысы келген еді. Бірақ оның ойын өзгертіп, екеуіміз теңізге қарай тартып кеттік. Үш аптадай Қырым жағалауларын кезіп, одан ары Кавказға өттік. Жиған қаражат уысымызда жылдам еріп бара жатқандай. Татар қарияның жетегінде жеміс теріп, вагоннан жүк түсіре жүріп ақша жинадық тағы. Өкінішке қарай, теңіздің бұл жағалаулары шаң-тозаңды, халқы саудагер, сараң әрі қылмысқа жақын болып шықты. Түсімдегі қалаға, мекенге ұқсас ештеңе көзіме шалынған жоқ-ты.
Сол кезден бастап, әр жазда саяхатқа шығатын болдым. Алғашында оқу жылы арасындағы, кейіннен жұмыстағы демалыстарымның бәрін түсімдегі қаланы іздеуге арнадым. Бірінші әйеліммен осы әдетіме түсінбестігі үшін ажырасып тындым. Ал екінші келіншегіммен саяхатта жүріп танысқан едім. Обалы не керек, алты жылға жуық бақытты ғұмыр кештік. Бірақ арамызда бала болмады. Жетінші жыл дегенде болашақ туралы ешбір арман, ешбір ой отбасындағы сәби күлкісін алмастыра алмасына көзім жетті. Осылай тағы жалғыз қалдым. Өмірімді өзгертіп, мүлде басқа өмір бастау кеш көрінді. Сондықтан, жаз келе салысымен жұмыстан кезекті демалысыма шығып, сөмкеме жеңіл ұйықтауға арналған қап пен масаға қарсы мазь салып алып, вокзалға қарай аяңдап бара жатамын.
Турист емеспін. Сондықтан, ерікті түрде балық аулау, пеш жасау немесе жаңғақ теру сияқты жұмыстарға жалданып, тынымсыз еңбекпен ас-суымды айырам. Мұндай сапардан мүлде басқа адам болып оралып, біраз уақытқа дейін күйбең тірлікке кірісе алмай жүретінім бар. Бірақ қанша жерді көре жүріп, түсімдегі теңіз жағасындағы қаланы, тіпті, оған ұқсайтын жерді де кездестіре алмадым.
Алтайда жүргенімде ағаш ұстасы Пилипчукты кездестірдім. Оған шәкірт болып, шеберханасына жұмысқа алуын өтініп едім: «Бұл туралы сөйлесудің де жөні жоқ. Өйткені, бір ай — қолөнерді меңгеру үшін өте аз уақыт» деп, бетімді қайтарып тастады. Бірақ соған қарамастан, екеуіміз жақсы дос болып кеттік. Ол мені жетпіс шақырым шалғайдағы Телецкое (Алтынкөл) көлінің жарқыраған айдынына апарды. Көлге құяр тұсына дейін өзен таудың тар жыраларымен қанша қашықтық бойы қайнап ағып, жартастарды жарып өтіп, айдынға өкіре келіп құлайды екен. Көлге өзеннің суы сіңгенмен, гүрілі сіңбейді. Бұл гүріл тау еркесін айдынға дейін шығарып салуға келгендей болып, көл бетіне жайылып жоғалады. Өзеннің аты біртүрлі жабайы, судың шалпылына ұқсас шулы атау болатын. Сондықтан болса керек, ұзақ уақыт бойы құлағыма түрпідей тиіп, жаттай алмай жүргем. Кейіннен оны «талисман» сөзімен ұқсастырғанда ғана санамда сақталып қалды.
Пилипчук моторлы қайықты сабырлы қалыпта ағысқа қарай айдап келеді. Бір сағаттық жүрістен кейін қайықты дүбірлі өзеннің сағасына арқандап, жартасқа қарай сүйреп шығарып, жағада қалдырдық. Екеуіміз өзенді бойлап, қарауыз балықпен бәстескендей тапқырлық пен төзімділігімізді сынап, жоғары өрлеп келеміз. Ілгері озып кеткенмін. Мен жағалаған жыра суы үлкендеу бассейінге жеткізді. Оның бір шеті жартастан құлап ағып, бұрқырап қайнап жатқандай көрінді маған. Жарты метрлік таймень балығы ағысқа қарсы жүзіп келіп, екі рет атқып шықты. Екеуінде де жартас бойына жетеқабыл ұшқандай. Бірақ құлаған су қарқынына шыдас бермей, бассейнге қайта құлады. Үшінші рет секіргенде жарқыраған мақұлық сарқыраманың шетіне ілігіп, ары қарай жоғалып кетті.
Қасыма Пилипчук келгенде мен оған кері қайтпайтынымды айттым.
Дәл сол сәтте мен осыған сеніп едім.
Өзен сағасына жақын малта тасты аралға орналасқанымды елестеттім. Әлгінде біз оның жанынан маторлы қайықпен жүзіп өткен едік. Бір замандарда ол арал тап-тақыр болған деседі. Бірақ Смирнов деген кісі аралға алма ағаштарын отырғызған екен. Еңбегі — ерен. Аралға қара топырақты ескекті қайықпен тасыған ғой. Айтуға оңай болғанмен, ағаш егуге жарамды құнарлы топыраққа дейін кемінде бес шақырым қашықтық бар. Бірақ өзінде де уақыт көп болғанға ұқсайды. Сыбыстарға сенсек, ол бұл жаққа НКВД-ның құрығынан қашып келген екен. Сол алма ағаштарының арасына үй тұрғызып, қайық алып, алтайлық қызға үйлену туралы қиялыма ерік бердім. Қысты күні балқарағай кесіп, жазда тауға кетіп қалсаң. Көлге жақын тау сілемінен бұрын монастыр тұрған көлдің алыс жағалауы көрінетін. Сиырлар құлаған қабырғалардың үстіне өскен шөпті жемек түгілі, оларға қарынын да сипатпайтын еді. Біз тұрған биіктен монастыр орыны ұқыпты сызылған өткен шақтың сызбасындай көрінеді екен. Сол ескі жұртқа қарап тұрып өткеннің бүгінмен қай тұста тоғысатынын, бүгіннің болашаққа қай сәтте ауысатынын түсіне алмайсың. Сол түсінбестік «осының бәрі түс емес пе екен» деген ойға жетелейді еріксіз. Жып-жылы тастың үстіне отырып алып, көзімді сығырайтып, басқа адамдардың өмірі жайлы ойладым. Олардың да өмірі түрлі түстерге ұқсайтын шығар. Қызыл әскер монахтарды, Есауыл Қайгородов казактары Қызыл әскерді, Қызыл әскердің жаңа бөлімшелері Есауыл Қайгородов казактарын суға батырып уақыт өте береді. Жалпы мына көлдің тереңін зерттеуге келген экспедиция сәтсіз аяқталған. Сүңгуір суға бата салысымен құтқару арқанын тартқылай беріпті. Айдын бетіне шығып, тілін байлаған дулығасын шеше сала қайта сүңгімейтінін кесіп айтыпты. Қалтырап-дірілдеп мұңды тұлпарлардың, қара киімді монахтар мен ұзын шинелді казактардың, қызыл әскер жауынгерлерінің көлдің мұзды табанында тұрғанын жеткізген.
— Жә, жетер енді, экскурсант мырза. Кеттік, әйтпесе, қараңғы түсіп кетеді, — дейді Пилипчук.
Мен оған бала кезден мазалайтын түстерім мен ақ тастан салынған қала туралы айтқым келді. Менің кезбе тіршілігімнің де себебі сол екенін, әлемнен түсіме ұқсас өңірді іздеп жүргенімді және тек осы жерде, Чулышманда ғана түсімде естіген шулы, өмірлік мазмұнға толы дыбыстарды естігенім туралы да жайып салғым келген. Әрине, мұнда ақ тастан өрілген қала жоқ — бірақ оны алмастыратын нәрсе бар.
Мен інжу сарқырамаларға қарсы жүзетін алтын қанатты балықтар мекенінде қалғым келді.
Бірақ қала алмадым. Қайтар жолда алдағы саяхаттарымның бәрі баянсыз болатындай көрінді.
Туған қалам жаңбырымен және телефон қоңырауларымен қарсы алған. Жұмыстан хатшы хабарласып, ертең кафедра жиналысы болатынын ескертті.
Маған өз сезімдерім қызық көрінген. Әдетте саяхаттан қуанышты көңіл күй мен бой сергітер бостандық ала келетін едім. Бұл жолы сөмкемді ақтарып отырып, мұңға баттым.
Ары-бері аунақшып, ұйықтай алмадым. Терезе сыртынан соңғы троллейбус өтіп, қала көшесі тынышталғанда ғана алма ағашы жапырақтарының сыбдырын естідім.
Оқыс дыбыстан селк етіп ояндым да, біршама уақыт төсегімде отырып қалдым.
Терезеден таңның жұмсақ нұры кіріп, аулада жүзім торларындағы құрғақ жапырақтар сыбдырлады.
Есінеп, бетімді мыжғылап орынымнан тұрдым да, үйге ыңғайлы бір киімді үстіме іле салдым. Қол жуғыштың түбінде ғана қалыпты су. Шүмегін шақырлатып жуынуға жеткіздім, әйтеуір. Тек таңғы астың дайын тұрғаны ғана көңілімді өсіріп тастаған-ды. Қайнатылған жұмыртқа мен қиярға қосып, тұздалған майды сүйсіне жедім.
Аула таң табиғатына сай тып тыныш. Әйелдер жақтан дауыстар естіліп жатты. Ал Тимон бөренеге отырып алып, шөркені жаңқалап отыр екен.
Ол шалға кешеден бері үйге су әкелмегені үшін ұрысқым келді. Тіпті, әкемнен басқа біреуге сатып жіберуін сұрайтынымды да айтып қорқытуды ойладым. «Көрер едім арқаңа қамшы тигенде қиқаңдағаныңды». Бірақ оның арсиған арық жауырынына көзім түсті де, ызалана шырт түкіріп, қақпаға беттедім.
Ауладан шығып, ағаштардың бұтақтары мен үйлердің шатырлары көрінетін ақ тас қоршаулардан өтіп, ой-шұқырлы, ақ тас төселген көшемен жүрдім. Мәрмәрдан жасалған арыстан ауыз су бүркігіштен оңға бұрылғанымда — теңіз көрінді. Көзді қарықтырып, тағы алақаныммен көлегейледім.
Жағадан балықшылардың қайықтары көрінеді. Ал оның арғы жағында сағымға сіңіп бара жатқан кеме желкендері балқып барады.
Мыңыншы (бәлкім жүз мыңыншы) рет әкем сыйға тартқан жүзімдіктің жартысын сатып жіберуді ойладым. Түскен ақшаға кемелік жарна, тіпті, тұтас кеме сатып алсам... Бірақ, жүзімдік те артық емес еді. Ескі жүзім ауданда өзінің құнарлылығымен, тәттілігімен және хош иісімен танымал болатын. Дегенмен, жер адамды бір орынға байлап тастайды. Ал кеме саяхаттауға мүмкіндік береді!..
Шығыс моншаларының алдында бірнеше адам асық ойнап отыр екен. Ұтысы аз, оның үстіне асықтың да бүгінгі түсуі қызықсыз сияқты. Премен келгенде ұтылған ақшамды төлеп, шеткері кеттім.
Біз монша қабырғасына жапсарластыра қойылған тас отырғыштарға отырдық. Күн көтеріліп кетсе де, көлеңке салқындау болатын. Ал теңізден қазан айының таза ауасы соғып тұрды.
— Жүзімдіктің жартысын сатсам ба деп ойлап жүрмін. Жақсы ақша ұсынып жатыр...
— Кім?
— Ларостық бір кісі, — деп қаша жауап бердім.
Ол басын шайқады.
— Сәтті уақыт емес, — деп саусақ буындарын бір-бірлеп сындырып алды. — Эпес екі кемесін сатқалы жатыр екен.
Бұл мен мүлде күтпеген жаңалық еді. Эпес бай ірі тұз саудагері болатын. Одан бөлек, ыңғайы болса, кез келген ұсақ-түйекпен де айналысады. Бір басында теңіз кезген жеті бірдей кемесі бар-тын.
— Солай. Өмір өзгереді ғой, — деп Премен жұдырығын ашып-жұмып отырып, бір ескертіп алды да: — Жер қымбат қазір. Ал теңіз саудасы қарақшыларға байланысты қауіпті болып тұр. Не түрлі бәле көбейді ғой...
Мен еріксіз бас изедім.
— Осының бәрі жердің қымбаттауынан, — деп Премен күрсініп алды. — Жер қымбаттаған сайын өмір сүру де қымбаттай бермек. Адамдар бәрін сатып біткенде қайда бармақ? Әрине, қылмыс жолына түседі.
— Дұрыс айтасың...
Үнсіз қалдық.
— Жаңа ғибадатханаға әкелінген мүсіндерді көрдің бе? — деді қолындағы ақ тасты шиіріп отырып.
— Әкеліп қойды ма?
— Әлбетте. Кеше барып қайтқам. Адам көргісіз. Біреу байлыққа белшесінен батты-ау дейді жұрт...
— Онсыз бола ма?
Тағы үнсіз қалдық. Премен күрсініп алып, қолындағы тасты шеткері лақтырып жіберді де:
— Биылғы шарабым жаман емес сияқты, — деді бейқам ғана.
— Иә? — деп, мәдениетті түрде қызығушылық танытқандай болдым.
— Айтасың ау! — деп, Премен көтеріліп кетті: — Керемет шықты! Жүр!
Мен күнге қарадым.
— Шынымды айтсам, тағы бір жерге...
— Сөзді қой енді! Ішкелі отырғамыз жоқ. Тек дәмін көрсең болды.
Амалсыз келістім.
Аллеямен екінші үлкен көшеге шығып, бір ауыздан көшенің шаңын көтеріп жатқан буйволдар мен арбаларды боқтап алып, келесі аллеяға бұрылдық. Бұл аллея Пременнің көлеңкелі ауласына апарар қақпаға тіреледі.
Ішіп болмай жатып, ол үстелге ентелей жақындап:
— Қалай екен? — деп сұрады.
Мен ойлы жымиып қалдым.
— Іше бер, іш, — деп қуаттап, құмыраны қайта көтеріп, қолына алды. — Жақсы шарап қой, ә?
Шыныаяқтарды қайта толтырып қойды.
Не дегенмен шарап қышқылдау екен.
— Иә-ә-ә, — деп шарапты үстелге қойдым. — Жаз жаңбырлы болды.
— Рас айтасың. Сонда да болса шарап жаман емес қой? — дейді Премен.
Ішіп болып, ауызымды сүрттім. Оны ренжіткім келмеді.
— Жаман емес, — деп бас изедім. — Ал күзді көрмеймісің, құрғақшылық болып тұр.
— Айта көрме, — деп Премен күрсініп қалды. — Мен білсем, сен жыл сайын мол өнім аласың.
Мен құйылып жатқан шарапқа қарап отырып, сүлесоқ иығымды көтере салдым.
— Иә, әдетте жақсы болатын... Бірақ бәрібір жүзімдіктің жартысын сатқым келеді.
Премен келіспегендей үнсіз қалды да:
— Тағы бастадың ба? Әрине, қожайынның ырқында бәрі. Бірақ мен саған мынаны айтайын: Эпестің қандай әккі екенін білесің ғой. Неге ол кемелерін сатып жатыр деп ойлайсың?
Қызыл сұйықтық шыныаяқтар ішінен тағы да жарқ етті.
Премен алдыма ірімшік пен нанды ысырып қойып жатыр.
— Түсінесің бе, кемемен теңізге шығуға болады ғой. Саяхаттау туралы айтып отырмын.
— Қайда? — деп таңырқап қалды да: — Не үшін? — деп сөзін жалғады.
Мен күліп жібердім. «Ақымақсың ғой, Премен»!..
Шарап басымды айналдыра бастағандай. Оған бала кезімнен біртүрлі жабайы, шынайы өмірмен мүлде қабыспайтын түстер көретінім жайлы айтқым келді: көгілдір түсті өзен... сүңгуірдің жүрегін жарып жібере жаздаған көлдің тереңі... мейірімсіз күн астындағы қаракөк таулардың шатқалдары... қара бұлттан жарқ етер жай оты... белгісіз аралдағы тыныш үй... алма бағы... және өзен, жартастар мен шатқалдар арасынан айдынға асыққан өзен!..
Құмыраның тар мойынынан сыздықтап шыққан шарап та бостандыққа ұмсынғандай.
— Чулышман, — деп күбір еттім.
— Не дейсің? — деп қайта сұрады Премен.
Мен көзімді жыпылықтатып алып, өзімнің қолымнан келмейтіндіктен ойлаудың өзі пайдасыз көріністерді көз алдымнан қуып жібердім.
— Шарабың жаман емес деймін. Тіпті, өте жақсы десе де болады.
Күйіп қалғандай, кенеттен ауыра бастаған оң алақанымды уқалай бастадым.




