Евгений Попов
Евгений Анатольевич Попов (1946 ж. т.) — прозашы, драматург, көсемсөзші. «Триумф» (2009) және «Үлкен кітап» (2012) сыйлықтарының лауреаты.
Красноярскіде туған. Орджоникидзе атындағы Мәскеу геологиялық барлау институтын бітірген. Ресейдің солтүстік-шығысында геолог болып жұмыс істеген. Цензураланбаған «Метрополь» (1979) жинағын шығаруға атсалысқан.
Әңгімелері алғаш «Новый мир» журналында жарық көріп, алғысөзін Василий Шукшин жазған болатын. Попов — көптеген әңгімелер жинақтарының («Русьтің сауық-сайраны», «Мен айнымас махаббатты күтемін», «Кельнге апарар ұшақ»), романдардың («Патриоттың жаны», «Қарсаңның қарсаңында», «Хаос шебер») және пьесалардың авторы. Сондай-ақ, ғұмырбаяндық «Аксенов» кітабының да туындыгері (Александр Кабаковпен бірге жазған).
Сыншылардың пікірінше, Поповтың прозасы — ұлттық болмысқа терең үңілген құбылыс. «Оның прозасы әдемі әрі ұсқынсыз, айқын әрі тұмандай бұлыңғыр, сап-сау әрі мас, дәл орыс адамының өзі секілді. Сондықтан да, ол орыс сияқты баршамызға таныс» (Сергей Боровиков). «Адамға деген қызығушылық, оған деген сүйіспеншілік және оның барлық формалары мен көріністеріндегі еркін қуанышты өмір — осындай айқын гедонистік ұстаным оның прозасының өзегі болып табылады» (Артемий Леонтьев).