Ольга Славникова

Ольга Александровна Славникова (1957 ж. т.) — прозашы, көсемсөзші, әдебиет сыншысы. «Орыс Букері» (2006), «Ясная Поляна» (2018) сыйлықтарының лауреаты.
Свердловск қаласында қорғаныс инженерлерінің отбасында дүниеге келген. Урал мемлекеттік университетінің журналистика факультетінде оқыды. Ол баспаларда және алғашқы жарияланымдары шыққан «Урал» журналының редакциясында жұмыс істеді.
Жазушының «Первокурсница» атты алғашқы хикаяты 1988 жылы жарық көрді. Жазушының магиялық реализм дәстүрімен жазылған «Ит өлшеміне дейін ұлғайған инелік» атты тұңғыш ірі романы сыншыларға да, оқырман қауымға да үлкен әсер қалдырды. «Айнадағы жалғыз», «Мәңгі өлмес», «Жеңіл бас», «Ұзындыққа секіру» романдары, «2017» антиутопиясы, әңгімелер жинақтары жазушыны бірінші санатты проза шебері ретінде танытты.
Славникова прозасында философиялық және өткір әлеуметтік мәселелер шоғырланған, метафоралық тілі өрнекті стильмен үйлеседі. Сыншылардың пікірінше, «оның әрбір кітабы — қолдан жасалған дара бұйым» (Сергей Сиротин).