Монплезирдің ақыры

Монплезирдің ақыры Суретші Илья Капорейкиннің нағыз дәурені өтіп кеткен. Ол көнерген бөренелерден қалған баржаға ептеп келіңкірейтін, қаладағы алқызыл кірпіштен жаңа салынып жатқан қымбат үйлердің арасындағы құрсауынан құтқармас қайранға иесі құсап шөгіп қалған қос қабатты суретші құжырасының дәл жанында орналасқан бұрыштағы азық-түлік сататын шағын жертөлеге алқына желіп, асығып келе жатқанда осыны ойлап күңіренді. Капорейкиннің келе жатқандағы ойы — сегіз бөтелке «Невское» сырасы және талғажау ететін бірдеңе еді. Кеше ол өзінің нағыз дәуренін қатар кешкен жолдасы, өзі де бір кездері суретші болған, қазіргі күнде Интернеттегі дизайнмен айналысатын Дима Бильмесовтен жеделхат алды. Астананың тұрғыны Бильмес кіші атамекеніне шаруаларымен ұшып келетін; ең соңында доллардың ауада қалқып тұрған, бірақ бәрінің бірдей қолайына келе қоймаған крахмалды жасыл қағазы тудырған дүмпумен есте қалған шығармашыл жылдары құйындап өте шыққан сол бір қабырғалары ісініп кеткен, шоқпыт желімделген мекеніне аялдағысы келді. Қазір Капорейкин дүкенге жиналып жатып, төрт жүздік қағаз ақшаға кейінге қалдырар-қалдырмасын таразылап ұзақ қарады — ақыры қалдырмады. Әділін айту керек, нағыз дәуренінен бұрын біршама сұрықсыздау шақтарды да өткерген. Он бес жыл бұрын Висейка өзенінің көгеріп кеткен жазық жағасындағы бөренеден қиып салынған құрылыс нысаны айрықша даңққа ие болған, халық арасында Монплезир аталатын. Сол кездің өзінде Монплезир қалалық өкіметтің құжаттары бойынша жоқ нысан еді; қапталында ағарып анық көретін, көкегі бар сағатқа ұқсайтын құрылыс нысанының қаңылтыр нөмірінің ешқандай мағынасы жоқ-тын. Дегенмен, қалалық нысандар — телефон дүңгіршектері, танымал сыраханалар, пластмасса сөмке мен шәркей шығаратын тұтас цехтар — бірінің артынан бірі тіршілігін тоқтатып жатқан жылдар еді. Монплезир, осылайша, өз орнына үйлесіп, мызғымай тұра берді; оның ауылдың ағаш үйлерінде ілініп тұратын қабырға айналары сияқты бейне бір көлбеу тұрған терезелері бөгде адамдарға оңған ақшыл күлгін түспен жарқырайтын. Монплезирді арамтамақтар мекендейтін. Сол бір түрлі пенделер кенепшелер мен қалай болса солай тегістеле салған қатырма қағаздарға бірдеңесін шатпақтап, өздері шығарған антикеңестік күңгірт мазмұндағы әндерін орындайтын. Арамтамақтар заманауи өнердің теориясын және, сәйкесінше, өнердің өзін де жасап шығаратын. Техника ғасырында артефактілер — әуеде тұйық ілмек орындайтын ұшақтардың инверсиялық іздері құсап алып жаймалардың бетін шаңдатқан аэрографтар, сондай-ақ, бетінде темекі тұқылдары жүзіп жүрген бояуды сылпылдатып жайылған ватман қағаздарына жағатын швабралар сынды техникалар көмегімен жасалу керек деп болжанған. Суреттері бар «Америка» және «Англия» журналдары маңызды көмекші құрал болды; Америка Даусы лақап аты бар кір-қожалақ транзистор-қабылдағыш та шабыт беретін. Жасампаздардың жеке бір тобы жаңа театр идеясымен шабылып жүретін; шынына келгенде, өрмекші торлап тастаған, швабрадан шешіп алынған шіріген шүберектер ілініп тұрған өз құжыраларында олар бір-ақ әлдебір пластикалық пьесаны сахналамақ болды — бірақ соның нәтижесінде пайда болған аңыз қаланы дүрліктірді, мысықтай жылмиған КГБ капитанының бойында жанға жайлы тітіркеніс пайда болды. Шағын пьесалардан да ерсісі Монплезирге қалай түскені белгісіз Лениннің гипстен жасалған бюсті болды; ақ тотықұсқа ұқсайтын және терезе жақтауының жарылып кеткен жаңғырығын мекендеген сол мүсіншеден айтып жеткізуге келмейтін диссиденттік бірдеңе сезілетін. Дегенмен, арамтамақтардың Монплезир айналасында болып жатқан тірлікпен қарым-қатынасы кейде заңды сипат алып та жататын. Біршама уақыт жас та жігерлі Бильмесовтің (ол аудандық комсомол комитетінен түсініксіз бір өкілеттік беретін әлдебір қағаз алған) талабының арқасында Монплезирде, тіпті, балалардың көркемсурет студиясы жұмыс жасайтын. Жас суретшілердің Бильмес алдарына қойып қойған дүниеге салмақты көздерін тастап, қарындаштарын сусылдатқандарын бақылау бір түрлі сүйіндіруші еді. Ата-аналар балаларының ережеге сай конус пен кубты сызудың орнына сабақта қырлы стақанның суретін бейнелейтінін білгенде жанжал шықты. Мына түрімен, антикалық көшірме бедерлерді есептемегенде, Монплезирдегі жалғыз гипс Ленинге дейін жетеді деген негізді сақтықпен олар студия шәкірттерін оқуларынан шығарып алып, көпшілігін Пионерлер сарайына орналыстырды. Дегенмен, үлкендері екі жылдан кейін шыны бөтелкелері шылдырлаған ауыр сөмкелерімен Монплезирге жиі бас сұғатын болды. Заңсыз мекен тұрғындары кездейсоқ ақшаға күнелтті. Тамақ табу үшін ішті: белгісіз бір заң бойынша, егер арағың болса, оның қасында өзінен-өзі тіскебасар пайда болады. Алып-қашпа қауесеттерге қарағанда, Бильмес пен Капорды және тағы да екеуін «Изумруд» мейрамханасын безендіруге шақырыпты, бригадаға он бір мың рубль төлейді екен. Бірақ бұл ақшаны со беті ешкім көрмеді, ал алаяқ карташылар мен кеңестік офицерлер кеш сайын шықпайтын «Изумруд» жөндеу жұмыстарынан кейін, бұзықтар ордасына планетариймен көмескі ұқсастық үстеп тұрған кішкентай айналар жапсырылған алып шарлары жарқырай қайта ашылды. Ақырында болған іс болғанша осылайша жалғасып жатты. Сөйтіп, Монплезирге шетелдіктер жиі келетін боп кетті. Олар гигиеналық күтімі жақсы және бір түрлі кірпияз — алдарынан ұшырасқан монплезирлік ортаға қарағанда бірнеше реңкке бозғылт болатын; тіпті, көк шашты, жасыл белдемше мен қызғылт сары пиджак киген мұрны ұзын француз әйелдің өзі суреттердің көпшілігінің қанықтығына жетпеді. Шетелдіктер Монплезирде, ыстық табалардан қалған шеңбер іздерімен жабысып қалған «Америка» мен «Англияның» даналарын қоса, көреміз деген дүниелерін көрді, — сөйтіп, асып-тасқан арамтамақтардың төбесінен валюта жауды. Капорейкин жабайы профилінде орақ пен балға сияқты бірдеңе бар Майк есімді миллионердің оған бір түрлі ұзын жасыл қағаздарды санап беріп жатқанын, ал Капорейкин милициядан қорықпастан алып жатқанын адам айтқысыз (бәрі өтіп кеткеннен кейін тіптен жанға бататын) анықтықпен жадында ұстаған. Мұның бәрі оған түс секілді еді. Коммуна тез арада тарап кетті, көбі өз өнерінің соңынан Батысқа бет алды. Капорейкин де ары-бері шарлады: Италия көкшілденген түпсіз ауасымен және өміріндегі алғашқы «Макдоналдсымен» есте қалды, Штаттар пиццамен, дене құрылысымен алып қызылшаны еске түсіретін кеңпейілді афроамерикан әйелмен, өтпе бөлігіндегі өте жақсы сызылған асфальттарымен байланысатын болды. Капорейкин оянып, сиқыршы әлемнің бір бөлігінен басқа бір бөлігіне ауыстырып жіберген ертегі қаһарманының сезімін бастан кешті. Кенет ол қоңыр күзде шүберек күнқағар киіп, ішінде азырақ доллары және Горбачевті бейнелеген, неге екені белгісіз, жабылмайтын матрешкасы бар дорба асынып, үйінде тұрды. Ешкім тұрмайтын дерлік ескі үйдің айналасын балдыр сияқты басып, шөп қаулап кеткен, жаңбыр тілгілеп, сауыттағы тұз тасқа айналған. Атамекеннің әлсіз, тәтті исі аңқыған, неге екені белгісіз, тапсырылмай қалған бөтелкелерді үй ішінен жинап алып, Капорейкин ары қарай өмір сүрем деп ұйғарды. Біршама уақыт сол екпінмен әлі де бірдеңе жалғасып жатты. Картиналар ғана немесе, мысалы, алюминий шанышқылар мен боялған бұтақтардан жасалған туындылар ғана емес, енді өліп-өліп қалған шыбындары бар жабысқақ ленталарды еске түсіріп тұрған, қолмен өлең жазылған сарғайған парақтар да қойылған көрмелер ұйымдастырылатын. Бұл парақтарда мезгілсіз ностальгия сезіліп тұратын. Енді заманауи өнер туындыларын көбінесе шетелдіктер емес, қалталарының пішіні өте үлкен әмияндарды еске түсіретін атышулы қызғылт пиджак пен былғары күрте киген, табиғи қырмұрынды әлпеті бар отандық миллионерлер де сатып алатын болды. Тіпті, жергілікті галерея бизнесі сияқты дүние қалыптасты — алайда, нөлге жақын жағдай да тұрақтанған. Депрессияның себебі өнерге ақша жұмсау өтімділігінің құлауына қарағанда әрі тереңірек, әрі елеулі болды. Капорейкин мен оның сатып алушыларының айналасындағы болмыс өзгерді. Ол болмыс өзін тануға және ескеруге ұмтылды; нысандар ендігәрі өз бетімен жоғалмайтын болды, бәрінің қожайыны пайда болды, Монплезир қаланың жер теліміне байланысты үлкен ойындарының арқасында ғана тұра берді. Задында, бір кездердегі атақты үйдің енді ешқандай атауы болмады, оның маңдайшасындағы гірлі қаңылтыр сағат тоқтап қалған. Кеңестік заңсыз мекеннің бұрынғы тұрғындары шілдің боғындай жан-жаққа пышырап кеткен-ді, уақыт пен кеңістікке сіңіп қарша еріп кеткендей: біреуі мүлдем жоғалса, келесісі бақиға аттанған не жай ғана өзі туралы ақпар беруді тоқтатқан. Кенет Капорейкин ғана құжат жүзінде жоқ құрылыс нысанында тіркелген болып шықты. Ол өзі айналасында айналар сынған адамның жағдайына түскенін аңдады, сөйтіп, жалғыз қалды — бұрынғы Монплезирдің нақ қожайыны, бәрінің ішіндегі жалғыз шын өзі. Бұл сезім күйікті, бірақ абыройлы да еді. Шынында Капорейкин өзін үйде тұрғандардың ішіндегі жалғыз нағыз суретші деп есептейтін, — басқалардың да өздері туралы осылай ойлайтынынан ештеңе өзгермейтін. Алғашқы уақытта ол алыстан айқыш бейнеленген кестеге ұқсаған өзінің сүйікті адам-балықтары мен адам-құстарын ұсақ теңбілдермен сала отырып, оның үстіне әрбір картинадан соң ойша төрт жүз (кемінде) доллардан қосып отырды, кейін мұнысын доғарды. Сол кезде Капорейкиннің қолы жүре бастады. Жасыл қанатты тіршілік иелері қалықтап жүрген ортада тереңдік те бар екеніне көзі жетті. Ол бояулардың мөлдірлігіне қол жеткізіп, осы кеңістікті ұйымдастыруды үйренді. Ол енді тоғышарларға қант себілген кішкентай шыршалар немесе маусымына қарай саңырауқұлақ басып кететін кішкентай қарағайлар бейнеленген жылтырақ пейзаждар сатып күн көрді, бірақ ол немен қоректеніп жүргенін жете түсінбей, негізінен өзі үшін жұмыс істеді. Біршама уақыт ол коммунадан қалған қиылған тырнақ секілді қатайып кеткен, қайнағанда тойымды қамырға айналатын вермишель қорымен қоректенді. Нәтижесінде Капорейкин ісініп-кебініп, шөгіп қалды; оның сақалы кетуі қиын дақтардың микроскоппен қарағандағы көрінісін елестететін. Бильмес кешікті де, істемейтін тоңазытқышта еш салқындап тұра алмайтын сыра бөтелкелері олпы-солпы сүртілген үстел үстінде болат балқытушы құсап ауыр терге малшынып тұрды. Капорейкинге қарағанда Бильмес өзгермеді десе де болады, жалғыз-ақ, самайына әдемі, бедерлі боп ақ кіріпті, бұл қалада ешкім кимейтін шолақ шалбарынан сидиып тұрған аяқтары да бір түрлі Бильместікі емес, ешкінікіндей болып тұр. Онымен қолтықтасып — Капорейкин жартылай жалаңаш адаммен қолтықтасып қалай жүруге болатынын жете түсінбесе де — бір кездері қаланың ең керемет әйелдерінің бірі және жолы болғыш галерея иесі болған Яна В. келе жатты. Енді қазір Янаның опа жағылған барқыт беті сәл салбыраңқы тартқан және жүрісі де лайкраны үйкеп, дәу тақаларды еденге тақ-тақ ұрып, ауыр, сылбыр бола бастаған. Ары-беріден соң ол, шамасы, бұл қала бірнеше күнге Бильмеске көрсете алған дүниенің ішіндегі тиімдісі еді. — Міне, менің университеттерім — осы! — деп көтеріңкі екпінмен үн қатты Бильмес, ақ кенеп шалбарымен май сіңген диванға сылқ етіп отыра кетті. Сыра ішті, өнер жайлы әңгімелесті — бірақ барлығын өнер тақырыбынан қазіргі тіршілікке ойыстыра берді. Бақуатты Бильместің әкелген тұздалған жаңғақ пен жұмырыңа жұқ болмайтын дәндер салынған пакеті Капорейкиннің тегін жайылған дастарқанға бой ұсынған үмітін ақтамады. Яна В. отырды, содан соң кигендегі кескіні семіріп кеткен су перісіне ұқсайтын кең балақты алқызыл шалбарын барынша аялап, Монплезирді бойлай жүрді. Бильмес болса, бүкіл жерді ақтарды, шкаф қирандыларын тінтіді, бөлшектейтін тақтайдағы жансыз балық құсап ара-тұра бұлқынып қалатын сол бір жайылып жатқан Висейкаға әр түрлі терезелерден қайта-қайта көз қадады. Ол, енді ең жақсы жиіліктерді сатып алған «Америка Даусы» мен «Би-би-сиді» ғана қабылдайтын, қарттарша қырылдап-сырылдаған Америка Даусын ықыластана айналдыратын, жергілікті губернатор жанындағы стансалардың қара бұрыш себілгендей быжылдап тұрған хабар үзіктерін қинала ұғушы еді. Монплезирде табылған барлық нәрсе Бильмеске жайлы көрінетіні аңғарылатын. Ол Капорейкиннің сатуға дайындап қойған тауарын көргенде түсіністікпен мақұл дегендей болды. Бірақ сироппен салынғандай тегіс картиналардың соңынан Капорейкиннің нағыз жұмыстары жәй ғана бой көрсете бастады. Міне, осы тұста бұдан Бильмес жайсызданды, тіпті, бір түрлі жиіркенгендей де болды. — Қаншадан? — деп сұрады ол жасанды сергек даусымен, Капорейкиннің Ресей империясының тәжін біршама еске түсіретін фарфор көзенің қақпағында шағын жасыл балапан-адамды бейнелеген соңғы картинасын нұсқап. — Енді... — деп Капорейкин күмілжіді. Бұл картинаға байланысты бір келеңсіздік болған еді. Суретші көзені оның империялық сән-салтанатына марқайып, бір сүйкімді отбасынан жалға алған еді. Қырсық шалғанда, түн ішінде әруақтар мен ыбырсыған шеберхананың түнегінің арасымен су ішуге келе жатып, Капорейкин ыдысты қағып өткен. Жарылған көзеден сән-салтанатынан мүлдем ада болған және қырыққабат жапырақтарына ұқсайтын бүртіктелген сынықтар ғана қалды. Шығынды картинаның өзімен өтемекші болып, суретші орасан сәтсіздікке ұшырады. Бәрі бір уақытта сүйкімінен айырылған қожайындар көзенің бейнесін заттың өзімен тең бағаланады деп мойындаудан үзілді-кесілді бас тартты — кенепте көзе қисық шыққан, йағни, ақауы бар деп соқтықты. Капорейкин үшін бұл қоршаған тіршілік енді бұрынғыдан гөрі басқаша ұйымдасқандығынан тағы бір белгі бергендей болды: ондағы бар нәрсе өзінің нақтылығын, заттардың басымдығын алға тартып, дегеніне көндіреді. Шамасы, жаңа заң қатаң жүзеге асқандай: ыдыстың қожайындары суретшінің заттарды да, ақшаны да қайтармайтынын біле тұра, бәрібір принципке көшті. Енді Капорейкин картина үшін — ыдыс иелері үшін емес, өзін жұбатпаққа және сыраға мың жарым рубль — қатты алғысы келді. — Екі жүз гриннен! — деді ол күтпеген жерден Яна В.-ға көзін төңкеріп. — Капор, сен өзіңнің данышпан екеніңді білесің бе? — деді кенет Бильмес, жүзіне жағымсыз күлкі үйіріліп. Ол бойын соза керіліп, ауру буындарын сықырлатып, ақ «Адидас» киген аяғын солқылдаған орындыққа қойып, диванға сұлай кетті. — Екі жүз грин — күлкілі! Саған ол үшін ағаш ақшадан да екі жүз бермейді. Міне, дәл осы үшін. Сені бүгін бағаламайды, Капор, мұрныңды кесіп берсең де. Міне, сенің мынау ғаламат дүниең, — ол ұяла нұр шашқан картинаны стақанмен нұсқаған, — бір күні жасыл қағаздан ондаған тонна салмақ тартатын болады. Бәлкім, жүздеген. Бірақ ол сенің қолыңа тимейді, Капор. Бұл дұрыс болмас еді. Өйткені, данышпандық — зұлымдық. Капорейкин қинала жұтынды да, екі қолын шалбарына сүртті. Сосын тағы бір рет сүртті. Оның көзі кенет тотияйындай жарқ етті де, оған бір минутқа картинада бірдеңе өзгеріп кеткендей көрінді. Оған бейне бір төл бояуларының қоймалжыңына тағы бір басқа бояудан тамызғандай, картина дір еткендей болды. — Неге? — деді ол қоразша күркілдеп, бірден бәрі туралы сұрастырып. — Бізде данышпандықтан не бар? — деді Бильмесов еріне, бірақ ұлғайып келе жатқан ашумен. — Мәселен, сен Шагал дегеннің не екенін түсінесің бе? Болмаса, Пикассо? Немесе, жарайды, анау тәтті импрессионистер — олар немене? Мен — түсінбеймін! Менің сенен айырмам — граппа сімірген жоқпын, гондолада отырып, қасиетті суларға құсқан жоқпын, шарладым, көрдім. Шынайы сезінуге тырыстым. Нақұрыс құсап мұражайларда алдарында қақиып тұрдым. Олар өздерімен өздері, тұйық. Тек бір минутқа кенеттен көре бастайсың, одан кейін қайтадан зым-зия жоқ! Менің картина туралы түсінігім сол картинаның өзінен тыс өмір сүреді. Және бұның қайдан шыққаны белгісіз. Бірақ ол — менің ішімде, менікі, данышпаннан емес! Данышпандық — шарттылық. Қауіпті шарттылық. Бояу жағылған шүберектерге бола уыстап ақша шашатын әлгі байшыкеш сілімтіктердің жарты пайызы өнерді мен құрлы түсінбейді. Шындығында, тиісінше емес, ақшаның аясында. Данышпандық — түймедейді түйедей етіп көрсетудің сылтауы. Бұл Милос Венерасының қолы сияқты. Ол елеске арқау болып, тұтас қатынмен бірге қашалған — ал енді ол бар ма, әлде жоқ па? Айтшы! — Біздің Бильмесжан — философ, — деді Яна В. немкетті мейірмен, Бильместің татарға тән қайратты шашын сипалауға ұмтылып, бірақ бұл басын ала қашып, бұлтарып кеткен. — Сен, Капор, ақымақсың, мен болсам ақылдымын. Сондықтан тыңда мені, — деп екпіндете жалғады Бильмес, Капорейкин бұған бас шұлғып жібергенін өзі байқамай қалды. — Саған данышпан ретінде бұл өмірде ештеңеге рұқсат жоқ, өйткені, сен болашақты былғайсың. Сенің салған дүниелерің сен соны салып жатқанда биік мәнге ие. Содан соң ол өзін-өзі жоғалтып, құнға ие болады. Сен, Капор, табытта жатасың, ал сенің салғаныңды мұражайға іліп қояды. Бірақ бұл сенің мәңгі тірі болатыныңды білдірмейді. Мұндағы адами дүние сенің қабіріңе өскен гүлдердегіден артық болмайды. Картинаны қайта сатады, ұрлайды, аукционға қояды, байып алады, қаптаған көшірмелерін жасап, былшылдайды. Көшірмешілермен қоса, ешкім де сенің салғаныңды және бұның саған қайдан келгенін түсінбейтін болады. Ешкім де картинаны оның нағыз өміріне қайтара алмайды. Ал одан кейін мұражайға бір маньяк кіріп, оны пышағымен тіліп кетеді. Осы оқиғалардың барысында әлдекімнің түбіне жететін шығар. Жауап берші, Капор, — осы кезде Бильмесовтің ақиланған көзінде жағымсыз ұшқындар ойнап кетті, — сенің шаһқар дүниеңнің жолында әлдекімнің ажал құшатынын алдын-ала білсең, мәселен, он адам делік, қазір не істер едің? — Оны өзім кескілеп тастар едім, — деп христиан Капорейкин ағынан жарылды да, неге екені белгісіз, Яна В.-ға тағы да қырын қарады. Монплезирлік кезеңдегі бұрынғы дәрежесіне мүлдем сәйкес келмейтін ұятты да тәтті данышпанға айналу сәті жанында ол бар кезде өткендіктен, Капорейкиннің бойында бейне бір онымен байқамай жатып шыққандай сезім пайда болды. Яна В. тәп-тәуір болатын: тығыз келген алма мойнында қошқыл қоңыр меңі бар еді, түріңкі жоғарғы ернінің үстінде сыраның аз градусты көбігінен пайда болған мұртшалары сүттен қалғандай ағараңдап тұратын. Сонымен қатар, галерея иесі таныстарының артында бойкүйездігін сілкіп тастап, баяғы кездері үнемі тиімді мәміледен хабар беретін сол бір айрықша қадалған көзбен Капорейкиннің картинасына қарап тұрды. Шынында Яна В. Бильместің арандатушылық қиялының ығына түк те жығыла қойған жоқ. Тек алдындағы кергіште тұрған картина ол білетін бір жайдың түсқағаздарының реңкіне тамаша келетін. Яна В.-ның жасырын таланттарының ішінде — верлибр шығару, өзі сияқты бір кездері қаладағы ең керемет әйелдердің бірі болған бәсекелес-құрбысы өз ательесінде бірдеңе құрастыратын «әжелердің» ақ крепдешин көйлегіне анайы граффити салу секілділердің арасында — нағыз жетік біреуі болатын. Ең мықты деген журналистердің өзі құпия тылдармен жақындап бара алмайтын салмақты тұлғалардың үй және ұялы телефондарын Яна В. сияқты ешкім анықтай алмайтын. Табылған нөмірлерді пайдалану аса қауіпті болатын: Яна В.-ға байыбына бармай-ақ, ұрып-соғып ескерту жасап кетуі мүмкін еді — бірде сондай шытырманға тап болды да, содан соң пирог қыртысының астындағы ыстық тосапқа ұқсаған қанталаған бетіне опа жағып жүрген. Алайда, көбінесе қатал абонент ғажайып артефакт жөнінде сайраған әйел даусын телефон тұтқасынан естіп, егер суретшінің бәрінің есі дұрыс емес болса, онда өнертанушылары да солардың ар жақ-бер жағы деп кемсіте ойлайтын. Біршама уақыт, тіпті, егер Яна В. күзетшілер мен хатшылардың командасынан айласын асырып, керекті адамға кіре алса, одан бірдеңе сатып алу әділ болар еді деп саналатын. Яна В.-ны жұрттар өздігінше жақсы көрді деуге болады — ол сұсты VIPтерге матримониалды жоспарларына елеусіз араласқан, бірақ негізінен олардың өнерді түсінбеушілігінен туындайтын нәзіктікпен жауап қайырды. Яна В.-ның тәжірибесіне сай, егер келісімшарт бойынша серіктесі қарасы кесірткенің көзіндей ызғарлы өзінің эксперт-ағасы немесе кітапты көп оқыған білімқұмар коллекционер болып шықса, — бұл әлі нағыз ақша түсті деген сөз емес-ті. Нағыз ақша қандай да бір таныстырылым кезінде әлем-жәлем киінген бір модель қыз демеушіге асылып тұрып: «Ва-ась, мен мынаны, сарысын алғым кеп тұр», — деп сызылып, Вася болса, пүліш маңдайына әжімдерін жиып ап, қойнынан бір келі тартатын әмиян шығарғанда сауылдайтын. Яна В. тым ақылды Бильмесовтің философиясына пікірлес болмаса да, тұтасымен надандық пен өнер одағының жақтасы еді. Өз кезінде еркектік қабілеті тым-тым шамалы әрі бейне бір қауіпсіздік үшін хирургиялық қолғап тартқандай жағымсыз қолы тұрмыстағы сараңдығымен тоғысқан Майк есімді миллионермен арасында түк те шықпады; бойларында түрмеге тән білінер-білінбес әлденесі бар (екеуі де егеумен бірге күйдіріліп піскен нан бөлкелерін еске түсіріп тұратын) отандық өндірістен шыққан екі дөкей мырзамен де түк шықпады. Әйтсе де, Яна В. демеушілерді өздері үшін бір түрлі саудаларға баурап көндіретін жеңсікқой қыздарға іш тарта қарайтын, әрі өмірге де еш өкпелемей, жәй ғана беріп тұрғанын алуды құп көретін. Өнер туындыларын өткізу барған сайын қиындай түсті: қала тым-тым тар боп шықты да, ықтимал тұтынушылар бұрынырақ Яна В.-дан бірнеше картинадан сатып алған соң, меценаттық міндеттерін толықтай орындалдыға балап жүргендіктен, қайта шалынған қоңырауларға ренжи бастады. Алайда, бір апта бұрын оның осыған дейін жеткізбей жүрген тұтынушыға қолы жетті. Бірнеше кішкентай қаланың бюджеті тұтасымен қарап тұрған қаржы-өнеркәсіптік топтың басшысы, Селиванов мырзаның өзі кездесуге оңай дегеннен гөрі әлдебір түсініксіз немқұрайдылықпен келісті десе болғандай. Олигарх толқыныс үстіндегі Яна В.-ны өз кабинетінің дәл артындағы бейне бір ол көрген басқа кабинеттерге прототип әрі қол жетпес үлгі ретінде қызмет етіп тұрған сәнді демалыс бөлмесінде қабылдады; алайда, екі жай да құдды бір кондиционерленген ауасы кәдімгі шаңды бөлетін қасиетінен біржола айырылғандай біртүрлі, кеңістігі мүлдем тап-таза, боп-бос тұр. Селиванов мырза мүлтіксіз пішілген костюм киген, үлкендеу галстук таққан кіп-кішкентай адам боп шықты; қабағы салыңқы екен, қызарған басындағы таралған сирек шашы жаңа туған балапанның дымқыл қауырсындарын еске түсіріп тұрды. Олигарх науқас көрінді, дәрігерге қабылдау алдында дәлізде отырғандай өзінің ыңғайлы оңаша жайында отырды; өзінің бағалы, аз ғана таңдаулыларға ғана қолжетімді уақытын қайда жұмсарын білмеген жандай көрінді, сол үшін ол Яна В.-ға болсын, мүйізді шайтанға болсын, төзуге дайын, бірақ мүлдем оларға көңіл бөлетіндей жағдайы жоқ-ты. Адам-балапанның жаңа ғана шыны-аяғына тас тастағандай селкілдей билеген суып қалған кофесін ерніне таяғанын бақылап отырып, Яна В. ғаламат келісімшарттан дәмеленді. Ұлы Селиванов жоқ сияқты болса да, оңай илікті және бәріне де келісті. Яна В.-ға оның басынан жоғары тұс үңірейіп тұрғандай көрінді: олигархтың артындағы түсі жайлы қабырғаға картина жетпей тұрған еді — кенет өнердің қандай бос кеңістіктерді толтыратынын түсініп, бір минутқа Яна В. бойына шабыт құйылғанын сезді. Алайда, Яна В.-ға тән сәндік түйсікпен алмасып, көріпкелдігі сол мезетте-ақ ғайып болды. Өзінше адал әйел, әдеттен тыс жағымды, кәдімгі жанға майдай жағатын сомадан айырылуға дайын Селиванов өз кезегінде разы қалпында қалады деп түйді. Енді мына мәнері бөлек түсқағаздардың ажарын одан сайын аша түсуге қабілетті жұмыс табу ғана қалды. Жынды Бильмес өзін мейрамханаға апарғанның орнына сүйреп келген мына бір лас қос қабатты сарайда ол нағыз керегін тапты. Демек, табуреттегі күйеге де, жылы сыраға да, жалпы өз ойларынан өзі абдыраған зияткер қонақтың бықсытқан былшылына да сабыр етуге татитындай еді. — Капор, менің саған айтар кеңесім, — деп сол арада жәбірлене жалғады Бильмес, ақыр аяғында әсершіл Капорейкинді баурап алып, — ешқашан бүгінгі болмысты салушы болма. Халтураны баттастыра бер. Өз ыңғайыңа — бірақ көшірмелерді. Көбейте бер! Бұл тым құрығанда әділ болмақ. Сонда, қара да тұр, саған өмірдің игіліктерінен бірдеңе тиеді... — Жарайды, ұлдар, осы езгендерің де жетер, — деп дөрекілеу бөліп жіберді Яна В. , тарта созып киген жемпірінен чипсының үгінділерін қағып жатып. — Көктен жерге түсіңдер. Сатам сенің жындысүрей суретіңді, Капор. Екі жүз бакс уәде ете алмаймын, бірақ жүзді аласың. Ертең қаққан қазықтай тапжылмай үйде отыратын бол, таң бозынан соғам. Кешке таман Бильмес пен Яна В., сәл шалынысып, бірінің аяғын бірі басып, жаңа хикаяларды іздеуге кетті. Капорейкинді бірге ала жүрмеді, бірақ оған керегі де сол еді: осынау соңғы күңгірт жылдар бойы жалғыз отырудан жалықпағандай, ол өзімен-өзі және реті келгенде бір тексеріс жүргізем деп ойлап жүрген картиналарымен оңаша қалуды шыдамсыздана армандаған. Ол ең әуелі жартылай қираған жиһазды бойлай, оларды қатар-қатар қойып шықты. Екінші... Капорейкин шын мәнінде ақымақ емес еді және Бильместің Шагал мен Пикассо үшін өзінен есесін қайтарғанын түсінген. Бірақ сонда да... сонда да. Бильместің арбағыш сөздері ескі жараның қотырын қасыды. Кенеттен Капорейкин тегін еңбегі үшін өзіне аударған барлық виртуалды сомаларға жан бітті, қосылып, түпсіз шыңырауға айналды. Жазғы түн мөлдіреп тұрған; қалың ауа қабаттарынан тек ашық кеңістікте жайылған күміс бауыр бұлттар ғана қалды, арасымен американ жер серігі жайлап қана жүзіп бара жатқан Монплезир мен ұсақ жұлдыздардың ортасында басқа ештеңе жоқ-ты. Бейне бір көрпе үстіндегі мысық секілді шамның шағылысқан жарығы ұйқылы-ояу Висейкада созылып жатқан; алыста күшті адам-балық шолпылдап, дөңгелек боп домалап бара жатты, күңгірт адам-құстар уақыт озған сайын мыж-мыж беттерін жылтың-жылтың еткізіп, әрі оймақтай ауыздарымен жағы айырыла жаздай есінеп, қап-қара жапырақтардың үстінде сілкініп, дір ете қалушы еді. Адам-құстар перде тұтылмаған аумақты терезеден бейне бір сәт сайын онда бір, мұнда бір ілінген көрнекті құралдарды нұқыған таяқша ұстаған оқытушы секілді пышақ ұстап, бөлме ішін аралаған, сақалы беліне түскен алып адамды бақылай алатын еді. Шын мәнінде, Капорейкиннің мүлдем тәуекелі жетпеді. Кейде оның көзіне пышақтың көмегімен адамдардың болашағы мен тағдырларын басқарғаны елестейтін. Оның көңіл түкпірінде оған бейтаныс қоспалар қаңғып, араласып жататын. Мұның бәрі Капорейкин осы ерекше түнде әдепкі бойдақтық тәсілмен шешуге батпаған шымыр денелі Яна В.-ға деген кетпей қойған құмарлықпен күшейе түсті. Оның көңіл толқынысы әлдебір ақылға сыймас межеге жеткен кезде ол Яна В.-ға ғашық боп қалдым деп, өмірім дәл ертеңгі күннен бастап өзгереді деп ойлады. Таң ата денесі жаншып өлтірілген масалардың қан-жынымен айбақ-сайбақ боп, ісініп кеткен оны сатыны тықылдатқан тақаның дыбысы оятты. Үтіктің исі шығып тұрған жартылай әскери костюм киген іскер, сау қалпындағы Яна В. шеберханаға ентелей кірді де, ерсілі-қарсылы ауыр басып кеп, кешегі натюрмортты бас салды. Капорейкин, тіпті, толық оянып та үлгермеді. Тер-тер сырмалы төсегінен тұруына екі сағат кетті, кедір-бұдыр ожаудан дәмсіз суды қылқылдата жұтты. Сосын бөлмені жинап жібермекке талпынып көрді, тіпті, кепкен картон шүберекті шелекке салып сулап алды. Толқыныс Капорейкиннің бойынан кетпеді, бірақ бір түрлі мағынасыз боп қалды. Ақыры ол оның шөгіп қалған шығаберіс есік алдына жайлап шаңдата, қиыршық тасты шықырлатып ақсұр жасыл, жусан түстес шетелдік көліктің жақындап келе жатқанын естіп, бірден терезеге қарады. — Селивановтың өзі сатып алды, мақтанғайсың! — деп табалдырықтан желпілдей аттады, өзінің түні бойы мына күнәлі кеңістікте қалықтаған меруерт бейнесіне мүлдем ұқсамайтын Яна В. Бұл Яна В.-ның бетінде үлкен жазық дақ опаны өртей алаулап тұрды, оның ментол аңқыған демі буланып тұрды. Ол кішкентай сөмкесін ақтарып, байқаусызда жасыл жүздіктерді желпілдете суырып алды да, салтанатты түрде бір қағазды абдыраған Капорейкиннің алдына сарт еткізді. Суретші галерея иесін кеудесіне қысып ұстаған шынтақтарынан кәстрөл ұстағандай шап бермекші еді, Яна В. еппен жалтарып кетті де, қолтығының астынан зып етіп, тақасын ойнақы тықылдатып шығаберістен түсіп кетті. Бастапқыда Капорейкиннің іші пысты, кейін бәрі әдеттегідей қалыпқа түсті. Ол сонда да бос жатқан еденнің біршама бөлігін жуып, шеберхана іші суық қара монша аңқып кетті. Күн нұры түсіп тұрған алюминий ожаудың іші — сырылған ұсталған алтынға ұқсайтынын көріп, бояулар туралы қызыға ойға кетті. Сосын ол, әйтеуір, аяқ асты ақшалы боп қалған екен, жақын арадағы бірнеше күнге адамдардың арасына сіңіп жоғалу үшін ескі көзкөргендерден Бильместің ортасын іздеп тауып алғаным дұрыс-ау деген ойға кетті. Со беті түк шешімге келмей, еден жуып үсті-басы су болған Капорейкин кереуетке сұлай кетті де, айналысатын түк таппай, түймеленбеген ашық қарнына мүгедек Америка Даусын қойып алып, құлағын бұрай берді. Эфир ысқырып, ышқынып, әр түрлі толқындардан шашалды, Капорейкин ұстап қалғысы келген әлдебір қызықты джаз үзіліп кете берді. Кенет эфир қоқыстарынан ада өте қарапайым әйел даусы бірден жаңалықтар бағдарламасын бастап кетті: — ...үздіксіз атылған автомат оқтарынан Шевченко және Первомайский көшелерінің бұрышында қаза тапты. Селивановтың оққағарларының бірі сол оқиға орнында жан тапсырды, Селивановтың өзі клиникаға баратын жолда реанимация көлігінде қайтыс болды. Облыстық ІІБ баспасөз орталығының өкілі журналистерге хабарлағандай, көлік — салонынан оқ атылған күрең қызыл түсті «Жигули», — қылмыс орнына жақын жерден тастап кеткен күйі табылды. Көлік осы жылдың мамыр айының ортасынан бастап ұрланған көліктер санатында болған. Болжам бойынша, Селиванов пен «Алтын аю» қаржы-өнеркәсіп тобының қызметі бәсекелес топтардың... Осы тұста анық дауыс тұншығып қалды. Біршама уақыт Капорейкин бөлмеде жоқ сияқты болған да еді. Сосын төрт сағат өтіп, қоңырайған жапырақтардың саңылауларында бейне бір алқызыл жұлдыздарды жымыңдатып күн ұясына бата бастағанын байқаған уақытта ғана қайтып оралды. Енді кереуетте қолымен тізесін ұрғылап мүлде басқа адам отырды. Бөдененің жұмыртқасы сияқты ала көзінде тірліктің нышаны жоқ, тартылып қалған қарны екі жинақы қатпарға жиылып, үлкен басындағы шашы айдардай айқайлап тұрды. Бұдан кейін Капорейкиннің үзілістермен бірнеше тәулікке жалғасқан бір түрлі әрекеттері басталды. Енді сырттан бақылаған адам оны таяқшасы бар мұғалім емес, сарай мен шаруашылық ісімен бәйек боп жүрген жұмыскер фермер деп қабылдаған болар еді. Сергек әрі күнге тотыққан Капорейкин шіріген шарбақты балтамен ұрғылап, түбін қопарды, қаңғырлаған канистраларды ала жүгірді, шулы шатыр ішінде ауыр көгершіндерді үркітіп, бірдеңе жасап жүрді. Аз да болса істің мән-жайын білетін кез-келген адам Монплезирдің бұған татымайтынын айтар еді. Монплезир барлық жерде тәмам болған: жекелеген жиналыстарда және кішкентай мұражайларда нашар сырланған суреттер шашылып, оңып қалды, өлең жазылған қолтаңбалар жоғалып жатты, күресіндегі қоқыр-соқырдан жиналған авангардтық туындылар іріп-шіріп, тат басып, боялған бұтақтарды қоңыз үңгіді. Мәңгілікке емес, бірақ дүниеге келген, бұл әлемнің материалды, менталды қоқысынан жасалған өнер өзіне қамқорлық ете алмады, енді келген жағына қайта кете барды. Енді Капорейкин дүниенің әр түрлі елдері мен адам болмысының әр түрлі тараптарына шашылған адамдарға әлдебір евклидтік емес тәсілмен қосылып, тағдырларына ортақтасуы қажет екенін түсінді. Ол Монплезирдің бар болғанын растау міндеті соңғы және жалғыз өзіне артылғанын түсінетін — өйткені, баратын жерің болса, демек, құбылыс әлдебір мәңгі мағынасында бәрібір де тіршілік етеді. Мұны орындау мүмкін болатын тәсіл көрінеу бетте жатқан жоқ, бірақ Капорейкин оны тапты. Сол уақытта жер телімін бөлу мәселесі Селиванов беделді Хомутовское бейітіне кеткен соң, қанағатарлықтай шешімін өте жылдам тапты. Осының салдарынан қарапайым еңбек таңында алып тігін машинасына ұқсайтын гүрілдеген бульдозер дірілдеген бұтақтарды жапырып, олар жазған асфальтты қопарды, бекітілген нысанға шыға бастады. Алайда бульдозердің қарсысынан Висейкадан есетін сасықтау жаңа иістің орнына жыбырлаған ыстық леп ұрды. Монплезир алаулап тұрды. Екінші қабаттың шағылған терезелерінен құдды бір желмен желбіреген жібек шымылдықтар қызғылт сары жалынды көкке шапшытты, шатыр тап-таза алау боп тұрды — көп ұзамай, күллі Монплезир тұтас көрінді, отты рентген аз уақытқа оны ежелгі хайуанаттың қаңқасына ұқсас етіп көрсетті. Суретші Илья Капорейкинге келетін болсақ, ешқандай мүлік-мүкәмалсыз өзі кете барды. РУБОП фантомастары ақтарып, қағаздарды қопарған марқұм Селивановтың кабинетінде тұрған оның жалғыз картинасы өзіне қолжетімсіз боп қала берді.