Василий Аксёнов
Василий Павлович Аксёнов (1932—2009) — жазушы, драматург, көсемсөзші. «Орыс Букері» (2004), «Триумф» (2003), «Жыл кітабы» (2005) сыйлықтарының лауреаты.
Қазан қаласында Қалалық кеңес төрағасының отбасында дүниеге келген. 1937 жылы ата-анасы репрессияға ұшырап, ол балалар үйінде, кейін туыстарында, соғыстан кейін анасымен Магаданда тұрды. Аксёновтың анасы Евгения Гинзбург — ГУЛАГ туралы алғашқы естеліктердің бірі «Соқпақты жол» кітабының авторы. Аксёнов Ленинград медициналық институтын бітіріп, дәрігер болған. Алғаш «Юность» журналында жарияланған «Әріптестер», «Жұлдызды билет», «Мароккодан келген апельсиндер», «Бүйірі шыққан бөшкелер» атты хикаяттары оны 1960 жылдардағы «қалалық жастар прозасының» көшбасшыларының біріне және барша жастар мойындайтын талант иесіне айналдырды. Қаламгер әдебиетке жаңа кеңестік романтикалық қаһарман — өмірдің мәнін іздеген, джазға, қыдыруға бейім, еркіндікке құштарлығы мен елге деген шынайы сүйіспеншілігі үйлесім тапқан жас жігіт образын әкелді.
Шығармалары жасырын басылып, жарияланған. 1980 жылы АҚШ-қа кетіп, бірқатар университеттерде орыс әдебиетінен дәріс оқыды. Оның «Біздің алтын Темірлер», «Күйік», «Қырым аралы» романдары, «Мәскеу дастаны», «Жаңа тәтті стиль», «Кесарь кесіндісі» атты трилогиясы шет елдерде жарық көрді. 2004 жылы Ресейге оралып, «Вольтершілер мен вольтерліктер», «Жұмбақ құмарлық» романдарын жазып, бұл туындылар қалың оқырманның көзайымына айналды.
Ол әлеуметтік гротеск, баламалы тарих, отбасылық жыр жанрында еңбек етті. Сыншылар оның прозасындағы ырғақтың алуан түрлілігін, «джаздық еркін жазу стилін», жарқын және өткір бейнелеуді, «Хемингуэйлік қысқа тіркестерді» көріп тәнті болды.