Леонид Бородин

Леонид Иванович Бородин (1938—2011) — прозашы, публицист, қоғам қайраткері. «Ясная поляна» (2007), А. Солженицын сыйлығының (2002) және бірқатар ресейлік және еуропалық сыйлықтардың лауреаты.
Иркутск қаласында мұғалімдер отбасында туған. Әкесі репрессияға ілігіп, жас күнінен Байкал бойы темір жолының бригадасында, Братск ГЭС-інде, Норильск кен орнында жұмыс істеген. Улан-Удэ педагогикалық институтын бітіріп, ауыл мектебінде директор болды.
Диссиденттік үйірмеге қатысқаны үшін алты жыл мерзімге кесілген. Бородин қамауда отырып, өлеңдер мен проза жаза бастаған. Жазушы шығармаларын («Ғажайып пен мұң жылы», «Үшінші шындық» және т. б.) өзі басып шығарып, бұл кітаптар шетелдерде танымал болды. Қайта құрудан кейін публицистикамен айналысып, «Мәскеу» журналының бас редакторы болды. А. М. Горький атындағы Әдебиет институтында сабақ берді.
Бородин — орыс классикалық әдебиетінің рухани-ізгі желісін жалғастырушы. Оның прозасында шынайы өмір шытырман оқиғалармен, аңыздармен, тарихилықпен ұштасып жатады. Кітаптарында туған жері Сібір ерекше орын алады.