Шежіре
Қызымыздың мектеп күнделігіндегі жазбада «Өз шежіресін құрастыру. Дүйсенбіге дейін. Өлшемі-А4» делінген.
Сегіз жасар қызым сурет салатын альбомынан өзіне қажетті өлшемдегі парақты жұлып алып, күйеуім екеумізге сұраулы жүзбен қарады. Мен бірден марқұм апайымның жазбалары бар құжатты іздемек болып, компьютерге беттедім. Ал күйеуім болса, өзінің мұрағаттық құжаттарын қарай бастады. Шыны керек, бұған дейін қолымызда бар мәліметтерді біріктіру ойымызға да келмепті. Біз шежіремізді іздестіру барысында схемаларды, Excel бағдарламасындағы кестелерді, қолмен салынған сызбаларды, суреттерді, мұрағаттардан келген жауап хаттарды және бірнеше жазбалардың сканерін таптық. Қызымыз бір мезетте:
— Тек алып бәйтеректі салып, сонда шежіре бойынша есімдерді жазу керек. Олардың өмір сүрген уақытын көрсетудің қажеті жоқ. Тіпті әкелерінің атын да жазбасақ болады— деді. Күйеуім таңданыспен:
— Неге әкесінің атын жазбаймыз? — деді.
— Барлық мәліметті параққа сыйғызу үшін.
Сонымен қызымызға берілген үй тапсырмасын бірлесіп орындауды бастадық. Бір кездері тәтем Америка мен Жаңа Зеландиядағы алыс туыстарымызбен бірнеше жыл хат алмасудың арқасында шежіремізді 1804 жылға дейін анықтаған еді. Дәл сол жылы біз отбасының негізін қалаушы деп есептейтін қолымыздағы жартылай өшірілген кішкентай фотосуретінде ақ тақия астындағы қатал қараторы жүзі әрең көрінетін Қазан саудагері дүниеге келген екен.
Бізге оның Меккеге қажылыққа барған нағыз қажы екендігі ғана белгілі. Шындығында, маған ата тегімізді құрастыру мүлде қиынға соқпады. Себебі, отбасымыздың тарихына қатысты барлық құжаттар маған мұра ретінде қалған. Ал күйеуімде бәрі керісінше болды. Ол өз шежіресіне қатысты ақпараттарға зор қажыр-қайраттың арқасында қол жеткізді. Мұрағаттар мен ескі газеттерді зерттеу, арнайы сайттардан іздестіру жұмыстарын жүргізу, Ресейді аралап, туыстарынан сұрастыру оңай іс емес екені анық. Зерттеу барысында кейбірінің толық өмірбаяны жазылды, ал кейбірі туралы тек отбасылық аңыздардың үзінділері ғана табылды. Мәселен, оның бір әжесінен не бір сурет, не бір құжат қалмаған. Қолымызда бар жалғыз дерек: әжесінің мінезінің нашар болғандығы сондай, ол өзінің етікші күйеуіне жұрттың көзінше аяқ-киім лақтырған екен. Осылайша ол мол қиыншылықтан өтіп, ата тек тізімін XIX ғасырдың басына дейін жеткізді.
Бізге қажетті барлық мәліметті жинастырған соң, қанша тырыссақ та, екі ғасырды қамтитын шежірені қызымыздың шағын қағазына сыйғыза алмадық. Жоқ, мұнымыз ақымақтық болыпты. Ісіміздің бұдан әрі өнбесін сезген күйеуім:
— Бізге үлкен көлемдегі қағаз қажет, — деді. Сонда әкелерінің есімдерімен қоса жаза аламыз. Фотосуреттерін қоссақ тіптен жақсы.
Қызымыз өз туыстарының осыншалық көп боларын мүлде күтпеген сыңайлы. Жүзіндегі таңданысын байқамау мүмкін емес. Ол ойға шомған күйі әкесінің сөзіне үнсіз бас изеді.
Бірден кеңсе тауарлары сатылатын дүкенге барып, ең үлкен сурет қағазын сатып алдық. Алдымен үлкен ағашты, кейіннен бұтақтарды салдық. Сосын шежірені қағазға түсіріп, суреттерді орналастыруға кірістік. Қолымызда ата-аналарымыздың әсерлі фотоальбомдары бар. Алайда, қай суретті таңдағанымыз дұрыс? Біз бұл сауалға көп ойланбай, бірден олардың жастық шағындағы суреттерін қоятын болдық.
Міне, мына бір суреттегі сәнді шаш үлгісін жасап, моншақпен кестеленген қалпақ киген — менің әжем. Бұл кезде Қазан университетінің жоғары курс студенті. Әжем татар және орыс тілдерінен басқа араб тілін біліп, опера мен мәнерлеп сырғанауды жанындай жақсы көрген. Ата-анасымен бірге даңғарадай коммуналдық пәтердің бұрышындағы бөлмеде тұрған екен (төңкеріске дейін үйдің бір қабатын тұтастай иемденіп, кейін бұларды «сыйыстырған», біржола қуып шықпағандарына да рақмет).
Ал мына суреттегі итжеккенге айдаудан жуық уақытта оралған, ерекше киінген, өзі арық әрі жас мұғалім — менің екінші бір әжем. Ол Сібірдегі елді мекенде 16 жыл бойы тұрғандықтан, өзінің туған татар тілін ұмытуға таяған. Сондықтан да, әжем өмір бойы балаларға орыс тілін үйретті. Тіпті, әжем елге оралғаннан соң да оның даусындағы сібірлік реңк сол күйі қалып қойды.
Бір кездері Еділ бойындағы аштыққа ілігіп, Түркістанды азық іздеп кезіп жүрген, жанарын үрей билеген, өзі бойшаң келген, атжақты, суреттегі мына панасыз бала — менің атам.
Қолыма тағы бір суретті алдым. Бұл лейтенант — менің екінші бір атам. Бір-екі апта бұрын соғыстан оралған кезі. Ол елге оралған соң, көп ұзамай, әскери киімін шешіп, мектепке жұмысқа орналасты. Қырық бірінші жылы оқуын аяқтап, қолына «неміс тілі мұғалімі» мамандығы бойынша алған дипломы бойынша балаларға білім берді. Бір қызығы, атам майданның төрт жылында басынан өткен оқиғалар туралы ешбірімізге бір ауыз сөз айтпады. Ол өзіне қойылған сұрақтың бәріне үнсіздікпен жауап беретін...
Барлығына жіті назар аударып отырған күйеуім кенеттен:
— Суреттердегі бұлардың барлығы қазіргі бізден жас, — деді.
Шынында да солай. Сурет қағазындағының барлығы да жас: бейнелері жасөспірімдер мен жеткіншектерді еске салар еді. Әзірге шежірелік қағазымыз мектеп түлектерінің фотосуреттері жинақталған альбомға ұқсайды. Тек олардың шаш үлгісіне, киіміне қарап, суреттердің әртүрлі кезеңге, тіпті, жарты ғасырлық айырмашылыққа ие екенін аңғарып, ажыратуға болады. Алайда, бұл айырмашылықты сегіз жасар қызымыз байқамады. Ол өзі қарт деп санаған жандардың жастық шағындағы бейнелеріне аса таңданыспен көз жүгіртті. Тіпті, фотосуреттердің біріндегі бейнені Мэрилин Монроның келбетіне ұқсатты.
Бірте-бірте шежірелік тізбекте ата бабаларымыздың суреті азайып, тек есімдермен толыға бастады.
Міне, біздің арғы әжелеріміз: қартайған, басына ақ орамал киген, жартылай соқыр, қатал татар кемпір; ойылған үстелде қолына раушан гүлін ұстаған шаруа әйел. Ол басынан талай қиыншылықты өткерген. Сонау XIX ғасырдың аяғында Маньчжурияда және Ресейдің Қиыр Шығысымен іргелес аумақтарындағы қытай қарақшыларынан қашып шығып, тайга арқылы сансыз шақырымға созылған жерді қолындағы бір жасар қызымен бірге жүріп өткен.
Мына суреттегі біздің бабаларымыз: ұзын қылыштың сабына мақтанышпен қолын қойған, қияқ мұртты, сұсты сержант. Күнге күйіп, әбден тотыққан әжімді бетінде тек отты көздері ғана жарқырайды.
Бұдан өзге, географиялық суреттерге қарап отырып та ерекше әсерге бөленесің. Олар бүкіл Ресейде: Қазаннан Хабаровскіге дейін, Воронежден Кола түбегіндегі Североморскке дейін түсірілген. Біздің ата-бабаларымыз он жетінші жылға дейін үнемі өз еркімен ел аралаған, кейін мемлекеттің тапсырмасымен көшіп келген. Олар соғысқа да барды. Балаларының жақсы өмір сүруі үшін үлкен қалаларға да сапар шекті.
Мына картадағы ирек сызбалар олардың Санкт-Петербург пен Астраханьда, Красноярск пен Барнаулда, Новосібірде, Ярославльде, Читада, Камчатскадағы Петропавлда болғандығын аңғартады. Барлық атыраптарда олардың уақытша болса да құтты қоныстарына айналған, жан жылуы қалған көшелер мен үйлердің болғаны анық.
Бұл қозғалыстардың бағыттарын біз жақында ғана қалпына келтірдік. Себебі, бұрындары өткенді білу дәл қазіргідей өзекті болған жоқ. Бір кездері бұл көптеген адамдар үшін артық ауыртпалық секілді еді. Тіпті, қауіпті болды. Мысалы, күйеуімнің атасы әкесі туралы шындықты өмір бойы жасырып келген. Оның әкесі ақ гвардияшылармен бірге Қытайға барып, сол жерде суға батып кеткен орта шенді үкімет қызметкері болған. Өзі 1917—1925 жылдар аралығында контрреволюцияға қарсы күресте Кеңес үкіметіне көмек көрсету үшін құрылған арнайы жасақтың жауынгері, өндірістегі партия бөлімшесінің маманы, қарапайым жұмысшы, шопан болып та еңбек еткен. Мұның барлығы да «тегі» деген жолдағы ақтаңдақты жасыру үшін қажет болған.
Оның сырын ашып тастауы мүмкін жалғыз тұс — гимназияның бұрынғы үздік шәкіртінің маржандай жазуы. Бақытына орай, бұған аса көп мән бермеген, өйткені, ол заманда көп ішінде каллиграфиялық қолтаңбасы бар қойшылар да кездесетін.
Қызымыз:
—Ол шынымен де шопан болған ба? — деп сұрады. — Жас Ричард Гирге ұқсайды.
Күйеуім:
— Иә. Саған кейін мұрағаттағы көшірмедегі деректерді көрсетемін. Онда барлығын ақ-қара түсте өз қолымен жазған — деді.
Қызымыз бірден:
— Ол құжаттағы деректердің рас екендігін қайдан білеміз? — деп қалды.
Күйеуім не қарсы боларын, не қостарын біле алмай үнсіз қалды. Шындығында, өткен тарихты қайта парақтау, тереңіне үңіліп, ақиқатты анықтау археологиядағы сансыз сынықтарды құрастырып, құм түбінен жылт етер деректі іздеумен бірдей. Бұл іс үлкен ағашты тамырына зиян тигізбей, жерден суырып алумен тең. Бірақ кейде ол тамырлар әлдеқашан біреудің қолымен кесілген болса, ешбір әрекет нәтиже бермейді. Ең қиыны, ол тамырға туғаныңның зиян тигізгені.
Біздің немере апайларымыздың бірі төсегінің астында ұзақ уақыт бойы хаттар, ашық хаттар мен фотосуреттер қорапшасын сақтады. Ондағы жылдар бойы сұрыпталған қалың бумаларда әулеттің барлық өмір дерегі сақталған. Аурудан әбден қажып, төсекке таңылған шағында, өз өлімінен екі апта бұрын ол қораптағы барлық құжаттың біреуін де қалдырмай, жоюды бұйырады.
Науқастың туғандарының оның қалауына қарсы тұруға батылы жетпейді. Барлық қағаздар дәл сол жерде, иесінің көзінше өртенді. Көп ұзамай, ол құжаттардың, дәлірек айтсақ, өз ғұмыр дерегі жинақталған қағаздардың түтінге айналғанын көріп, қайтыс болды. Оның балалары әлі күнге дейін сол құнды мұрағатты сақтамағаны үшін өкінеді...
— Фотосурет қашан пайда болды? — деді, асқан қызығушылықпен шежірелік алып бәйтеректің бұтақтарына гүлдер мен жапырақтарды қосып жатқан қызым.
Әкесі де бірден жауап берді:
— ХІХ ғасырдың басында. Ал барлығына арналған фотостудиялар ғасырдың соңына таман ашыла бастады.
— Тым кеш, — деп мұңайып, басын шайқады қызымыз.
Фотосуреттер сызба қағазына орналастырылды. Суреттер бір-біріне жақын орналасып, кейде шеттері бір-біріне тиіп тұрды. Бір қарағаннан-ақ айырмашылығы анық байқалады. Бет сүйектері — қалмақтардай атжақты; көздері — моңғолдардағы ерекшелікке ұқсас, ашық қабақтары ісінген және кең, жүздері — жарқын; шаштары — бұйра; мұрындары — шынын айтсақ, қыр мұрынды және грузиндердікіндей дөңес келген. Мен қызыма қарадым. Бұл ерекшеліктердің оның бойында да бар екені анық. Тіпті, бірнеше жылдан кейін оның сәл көтеріңкі мұрны түзеліп, шашы ақшыл түстен қоңырқай тарта бастаса, таң қалудың қажеті жоқ. Себебі, бәрі де алпыс екі тамырда зырылдай аққан қанға байланысты емес пе?! Ал мінезімен оның таңдауларына бұл әсер ете ме? Егер қызым кенеттен шет тілі мұғалімі болғысы келсе, бұл оның өзіндік қалауымен қабылдаған шешімі ме, әлде, өткеннен, ата-бабасынан, йа, ұстаздарынан дарыған қасиет пе? Егер ол біреуге етік лақтырғысы келсе, бұл оның мінезінің көрінісі ме, әлде, арғы тектердің қан тамырының қағысынан жеткен үні ме?
Жалпы бұл сауалдардың жауабы бар ма? Біраз уақыттан соң бұл ойлардан да арыла бастадым.
Міне, біздер мол тер төгіп, жасаған шежіремізге соңғы суреттер жапсырылып, есімдер жазылды. Еңбегіміздің жемісін бағалау үшін қағазды қабырғаға іліп қойдық. Бір ғана жазбада жинақталған суреттердегі жап-жас бейнелер бізге, біз оларға қарап тұрмыз. Бұл шежірені қызымыздың бөлмесіндегі кереуетінің жанында қалдырдық. Үшеуміздің бірге жасаған осы бір естелігіміздің қызымызда ұзақ сақталатынына әрі оны зор қуанышқа бөлейтініне сенеміз.
Ал жүз жылдан кейін бізден қызымызға мұра боп не қалады? Дәл осылай — бір сурет, бір ауыз естелік сөз. Біздің, тіпті, мыңдаған фотосуреттеріміз болса да, әлеуметтік желілерде әр түрлі деректеріміз сақталса да, тек бір ғана портретіміз шежіре қағазына жабыстырылады. Алайда, сол бір сурет арқылы да шөбереміздің есінде қаламыз.
Дүйсенбі күні қызымыз орындаған жұмысы үшін «өте жақсы» деген баға алды. Мұғалім шежіренің берілген тапсырмадағы өлшемге сай келмейтініне қынжылса да, бағаны төмендетуге батылы бармаған екен.
Шежіренің мәселесі қызымыздың үй тапсырмасы тәмамдалса да аяқталмады. Күйеуім біздің еңбегімізден шабыттанды ма, әлде, басқа себеп болды ма, Забайкальенің даму тарихына қатты қызығушылық танытты. Көп уақыт өтпей, күйеуімнің отбасылық шежіремен айналысатынын естіген алыс туыстары оны интернет арқылы тапты. Олар қолдарындағы бар мәліметті, деректерді біріктіруді мақсат етіпті.
Мен татар ауылы туралы бірнеше әңгіме жаздым. Содан бері бес жыл өтті. Біздің жазған шежіреміз әлі күнге дейін қызымыздың кереуетінің басында ілулі тұр. Кейде шежіре қағаздағы суреттердің кейбірінің желімдері ашылып, кейбірінің бұрыштары қисайып кетеді. Біз оларды үнемі қайта жөндеп отырамыз. Жуық уақытта бірнеше суретті қайта жаңартамыз. Себебі, біраз уақыт өткенде суреттер түскен жарық сәулесінен өз айқындылығын жоғалтып, көнере бастайды.
Жақында біз тағы үлкен көлемдегі бір-екі сурет қағазын сатып алдық. Қағазға тарихи оқиғалармен бірге ата-бабаларымыздың өмір сүрген жылдарын, сондай-ақ, өзіміздің де туған жылдарымызды жазып, отбасылық хронологияны сыздық. Оны да бірден қабырғаға іліп қойдық.
Алғашқы күндері қабырғадағы жазбаның қасынан өткен сайын тоқтап, бүкіл XX ғасыр мен XXI ғасырдың басына дейінгі аралықта болған барлық оқиғаларға көз жүгіртетінмін. Қағаздың бір нүктесінде белгіленген жылы — Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталды және менің әкем дүниеге келді; тағы бір нүктеде көрсетілген жылы — Сталин өліп, анам дүниеге келді; ал үшіншісінде — Вьетнам соғысы аяқталып, күйеуім дүниеге келді... Бұл тізбек осылайша жалғаса береді. Мұнда барлық оқиғалар бірдей фломастермен, бірдей көлемдегі әріптермен жазылған. Алайда, алда айтылатын мүлде басқа әңгіме. Әлде, ол дәл бұрынғы ма?




