Анна Аренштейннің «Жұмыртқа Мәңгілік» картинасына

Жартылай қараңғыға жарымы матырылып,
үстелге таяп келер кофе ыдысы,
көкжиектен мұнартып көрінердей,
сол сәтте, дастарханда тұрғандай,
құлағы оңға қарап, шүмегі солға қарап,
жан-жүрегі — ортада.

Осында бары қисынды,
мұнда және дәл қазір бізге көрінер,
бізден дербес, мәні ашылар — кофе ме?
Феноменнің мәні ме?
Нақтылық па, біздің тұтқынымыздағы,
түйсігіміздегі, түрін қырынан ғана танытар.

Сондай-ақ, метафизикалық мәнермен жақында тұр ма?
(алыста ма?) йаки қазір емес, бұрынырақ,
бес минут бұрын, он минут, әлде ғасыр бұрын,
ол символ, иероглиф, таңба. Қол ма,
бізге белгі берер, тым шалғайдан,

кофе ыдысының белгісі қатаң. Ол жайында,
біз ештеңе білмейміз, анығында,
ол жайында не білерімізді де білмейміз.
Сондықтан, ыдыс сонау бір шетте тұрғандай түр жасайды,
сол уақытта шетте тұрып.

Тұзсалғыш та қосмәнді. Анда да бар, мұнда да,
оның барлық мәнісі де осында.
Тек табаны бізге арналған зат дейміз,
ондағысы — жасырмайды жұмыртқаның сарысын,
бізге көз боп көрінер,

ал, шынында, мәселесі мынада:
Таба деген тырдай жалаңаш,
оны бізден жасырады жұмыртқаның сарысы,
дербес дүниедей. Оған төбе көз керек,
бірақ, оған берілмеген.
Оның көзінде ессіздік алауы лапылдайды.

Бір ессіздік бастаусыз һәм ақырсыз,
нақ бір Әкенің Көлеңкесіндей,
қаһарлы символ төбесінен төнеді,
оның ессіз елесін жарадар етіп,
шанышқының түссіз елесі,
тағдырдан қашудың мүмкін еместігінің үрейлі белгісі.

«Болу я бордай тозу?» — оның көзінде алаулайды,
бұл сауал, бірақ, енді өзекті емес.
Бақытсыздар түсінбейді әрі түңілер,
түпсіз бір тұңғиықтан
құпия бір қол созылып келеді,
шанышқыға.

                     О, сұмдық, сұмдық!