Татьяна Толстая
Татьяна Никитична Толстая (1951 ж. т.) — жазушы, көсемсөзші, публицист, әдеби сыншы. «Триумф» (2001), «Жыл жазушысы» (2019) сыйлықтарының лауреаты.
Ленинградта, физик отбасында туған. Ленинград университетінің классикалық филология бөлімін бітірген. Баспада жұмыс істеді. АҚШ-та дәріс берді. ТВ-да ұзақ жыл өз бағдарламасын жүргізді. БАҚ-ында көсемсөз шебері, шолушы болды.
«На золотом крыльце сидели...» атты алғашқы әңгімесі 1983 жылы «Аврора» журналында жарияланды. 1987 жылы Мәскеуде әңгімелер жинағы жарық көрген соң ол туралы қазіргі прозаның жарқын жаңалығы ретінде айта бастады. «Оккервиль өзені», «Күн», «Түн», «Жеңіл әлемдер», «Көрінбейтін қыз», «Мейіз», «Киіз ғасыр», «Әпкелі-сіңлілер» және басқа да көптеген жинақтары Толстаяға үздік заманауи әңгімеші деген атақ әкелді. Татьяна Толстаяның 2000-шы жылы шыққан алғашқы романы — «Кысь» антиутопиясы бестселлерге айналды.
Оның терең шеберлікпен жазылған прозасы мен көсемсөздері таңғаларлық бейнелілігімен, тіл табиғатымен, рефлексивтілігімен, күрделі психологиялық суреттерімен ерекшеленеді. Толстаяның пайымдауы, эмоционалдығы, интеллектуалдық өткірлігі еркін. Түрлі стилистика мен дәстүрлерді постмодернистерше еркін қолдана отырып, Толстая классикалық орыс прозасының өкілі болып қала алды.