Табиғатқа

Пайдалы, әрине. Мысалы, ауа, — қалалықтардың бәрі сол ауаға қаратып әрдайым лепті екпін немесе сұмдық поэтикалық сөздер айтады. Бірдеңемен «суарылған». «Аңқыған шөп иісті». «Емдік қарағай тұнбалы» — сіздерге ұнай ма? «Алқаптың шырынды демі» — бұл үшін, тіпті, кісен салып, батареяға байлап, Ресей Жазушылар одағының, әсіресе Вологодский бөлімшесі мүшесінің том-том өлеңдерімен тазалау керек.

Мұның бәрі жалған, парфюмерия, біздің күнге шығарып қойған шезлонгіміз сияқты, бөртегүлге қарата терезесін ашып қойған дәліздегі кофе ішуіміз сияқты, жақсы орнатылған мангалдары, масадан қорғайтын шиырлары бар бұйра шөптегі сейіліміз секілді жалған. Мұның бәрі түсініксіз, үрейлі, шулы немесе үнсіз ғана жамалыңа үрлеген немесе жақындап кеп, артыңда тұрған белгісіз бірдеңені көндіруге, дуалауға тырысу. Нені қусаң, сол міндетті түрде келеді.

Жұлдызды аспан келіп жатып алады; жаны жұлдызды аспаннан үркеді. Алдымен әлем қараңғыланады, дымқылданады, кейін шегініп, үнсіз тұнжырайды, өз ішіне кіріп кеткендей. Онда бір сарғалдақтар бар, сарғалдақтар — күндіз сарғалдақ, балалар әндерінде сарғалдақ, ал түнде шын мәнінде олар кім? Олардың жым-жырттық, өзіндік мәні неде? Эмаль шәйнектегі портретте бейнелену ғана ма?

Шөптер ше? Раушан ше? Раушандар бізді жақсы көрмейді ғой; олар бізді елемейді де, оларға бәрібір, біз ғой қол ұстасып оларды айналатын — екі рет тебініп, үш рет қол шапалақтаймыз, — біз оның тілін ұмытқан, оның мақсатын білмейтін, бұрала өскен бақтың ғажайып алқызыл аруы не үшін бұрала өсетінін ұқпайтын табиғаттың есуастарымыз. Ол фракталдық геометрия туралы, Мандельброт көптігі жайлы ештеңе естімей-ақ өзінің хош иісті математикасын айналдырып жатыр, айналдырып жатыр, ал мұнда ымырт үйірілді, дым тартты, жаңа шабылған шөптен марганцовканың өткір иісі тарай бастады.

Көгалды қырқу. Бақтың күңгірт шамын жағу. Қақпаны бекітіп, итті босатып, маңайдағы түрлі қауіпті адамдардан қорғану; биік кірпіш қоршау мен күзетке ақша жинау. Көмектеспейді: шөптен, жұлдыздардың үнсіз өксігінен, өзінің түсініксіз әрекетін жасайтын раушан гүлдерден ешқайда қаша алмайсың. Әрбірден соң саяжайды солар үшін сатып алдық қой, алаңдадық, саудаластық, кейідік, анықтадық, тойладық. Ауамен тыныстайтын болдық! Таза ауамен! Табиғатқа, әжемізге жақындаймыз!

Қаладан қашамыз, қажудан, зерігуден, қарбалас күнделікті өмірден, тікен шаштардан, көзіміздің астындағы қара нүктелерден тұра беземіз. Байланыссыз алқаптарға, жауапсыз шалғындарға, алысқа қашамыз, көк теңіздің жағасындағы ақ үйлерге жүгіріп жетеміз, осында тұрғымыз келеді! Поэзия кокосты, жағажай сүлгілі болса дейміз! Кешкілік ақ шарап ішіп отырар едік! Сосын тағы ақ шарап, тағы, тағы... таяп қалған бүкіл сұмдықты төгіп тастау үшін, үрейліге қарамау үшін, жаңғырықты жұлдызды ғибадатхана жайлы, теңіздің жайсыз сыбдырын, таулардың мелшигенін ұмыту үшін, табиғат сахарасында сауықпайтын жалғыздықтың нәзік жібінің бір ұшында ілініп тұрғаныңды, саған қоңыз да, кальмар да жолдас емес екенін есіңнен шығару үшін іше бересің, іше бересің!

Құдай өзінің сүйікті мақұлығын, адам байғұсты сахараға сөйлесуге шақырады. Құдай іңір арасынан шығып, артымызда тұр. Құдай бізді сарғалдақпен бірге кездесуге шақырады, бұл тілсіз, құлақ тұндыратын, көзбе-көз кездесу. Құдай аяқ астында шөпте жатады, жел боп соғады, ит боп үреді, толқын боп жағаға соғады, бұлт боп жүгіреді, түс боп кіреді, шарап боп құйылады. Басқасы — келіссөздердің құпиясы.