Ең ұзақ күн

Ең ұзақ күн, сіз білесіз, маусым айында. Он тоғызыншы күннен жиырма бесіне дейін он жеті сағат отыз жеті минутқа созылады. Ал жиырма алтыншы күні ол қысқара бастайды. Бір минутқа болса да қысқа. Содан кейін тағы бір минутқа, екіге, үшке... Сөйтіп, төмен қарай таудан сырғыған тастардай жөңкіліп азая береді. Әрине, алда әлі талай жаз күндері бар, бірақ олар да қысқара береді...

Ең ұзақ күні таң ата, сағат төртте тұрдым. Айналаға көз көрер жарық түсіп қалыпты. Таң жолағы қызыл-сары болып Шығыс көкжиегіне созылыпты. Ауыл аулаларынан таң шақырған әтештердің үні естіледі. Көз алдымызда қырыққабат жапырақтарына ауыр шық тұнып, жайылып жатыр. Пияздың үшкір қауырсындары да шықтан сұр түске боялды. Тек бақшадағы ағаштардың түбі құрғақ және бейғам...

Көршінің әтеші қанатын қағып-қағып жіберіп, бір, екі рет сосын бірден үш рет шақырды. Ұйықтап қалғанға ұқсайды, әріптестерін қуып жетуі керек қой.

Шығыс Аспаны қызғылт түске боялды. Алдымен шағын жолақ түсіп, содан ол жоғарылап, кең тарайды. Таңғы арай аспанның жартысын жарылқап үлгерді. Ағаштар арасынан, маған көрінбей, Күн көтерілуге дайындық жасап жатқаны анық.

Таңғы салқын. Термометрде — он градус. Сіз көкірек керіп дем алсаңыз, аузыңыздан бу бұрқырағанын байқайсыз. Әтештер дауыстарын бәсеңдетті. Ауылдың арғы жағындағы зират маңайынан, қарғалар ояна бастады. — Қарқ! Қарқ! Бақшада бірінші шымшықтың да сұлбасы көрінді. Ұйқысы шала торғай шарбақ астынан ұшып шығып, шие ағашына қонып, шыр етіп, алқызыл жидекті шоқи бастады. Менің де бірдеңе тістейтін уақытым жеткен сияқты...

Қарақат аздап пісе бастағанға ұқсайды. Жапырақ астында жер жидектен көрінбейді. Ерте пісетін шие енді қызара бастағанмен, көз жауын алып, өзіне тартады. Ризық барлығымызға жетеді — торғайларға да, біздей пенделерге де.

Арай тарап болды. Аспан алауы төмен түскен сайын өзгеріп, көмірге ұқсап сөне бастады... Бір тұста, ағаштардың артындағы жердің шетінен алып қызғылт күн жылдам жоғары көтеріліп, көз алдыма тұра қалды.

Әтештердің де дауыстары өшті. Тыныштық орнады. Күннің мейірімді шуағы бақшадағы ағаштарды аймалап өтті. Таң «менмұндалап» атты.

Кеш тұрсаңыз, күн ағаштардың төбесіне көтеріліп, шық кепкенге дейін, таңғы ас ішу үшін, шұғыла түсіп тұрған жерге дастархан жайған дұрыс.

Ауылдың таңғы асы қарапайым: күн сәулесімен алтынданған, шашпа сүзбе жаңа тартылған, әлі мұздатылмаған қаймаққа қызғылт шырынды шалқанды батырып, қытырлату; қою жасыл қауырсынды жас жуа мен тәтті пияздың, зығырдың, аскөктің хош иісі, желкек жапырағының қышқыл дәмі, қабығы бүртік-бүртік қиярлардың иісі тәбетіңді ашып, ішпей-жемей, мас қылады. Күн астында, тұмса табиғатты тамашалай отырып, жомарт алақаннан шыққан тамақтардың бәрі алтын, жасыл, қызыл түске боялып, көз қуантады. Жеп үлгерсең болғаны!

Күн әлі ыси қойған жоқ. Таң тыныштығын бұзса да, сайраған торғайлар үні жарасып-ақ тұр. Бір мезет қарасаң көзің жете қоймайтын жерде — қарлығаштар асығуда. Аяқ астындағы түймедақтар күлтесін ашып, бөртегүлдер мен ақ шырайгүлдер күлімсірейді. Дүр-дүр етіп жатқан араларға дайын тұрған тамақ жоқ. Шие ағашының астына қарай, жапырақтарын сырғытып қонған бұта қызғылт гүл ашқан екен. Екі-үштен топталған аралар сол гүлдің кең құшағына еніп, рахаттана мызғып кетті. Таң. Күн көтерілген сайын қызуы көбейіп, жұмсақ жылу таратуда. Аялы алақандар арқамды сипап, жанға жайлы ем-дом жасауда. Шуақ менің егде тартқан ағзама шипа болып сіңіп жатыр. Жапырақтар мен шөптер желмен ырғалып сыбдырлады. Қатты қызып тұрған айналаға салқын леп жеткізді.

Тағы да жұп-жұмсақ күн саусақтары менің денеме жанасып, сүйектерімді жіпсітті...

Екі көбелек жеңіл қалықтап, ауланы айналып ұшып жүр. Қанаттары жарқырап, сыңғырлап үлкен көк инелік ұшып өтті... Әуелеп ұшқан құстың сұлбасы жер бетіне суретін салды. Қанаттарының суылы естілді.

Шәй қайнады. Дастарханда жаңа жиналған бал тұр. Кеше ғана сауып алыпты. Мөлдір, жасыл түсті. Боз қараған және тікенді топар. Боз далада жүргендейсің, маусымның самал желі толқындап кеп, жүзіңді сипап өтеді. Қараған екеуі ертерек гүл ашса, ақ шоғырлар мен алтын жұлдыздың жұпарлы жұбы болар еді.

Міне, аулада жел есіп өтті. Оның арты тылсым тыныштыққа ұласты. Маусымның шуағы тәнімді де, жанымды да жылытып тұр. Жылы жаз. Оның ең ұзақ күні. Қанша аңсадық... Сосын, күз бен қыста сағынамыз, күтеміз... Қызық, ә?!

Аралар қызғылт құлқайыр гүлдеріне қадалып алыпты. Соған қарағанда, тәтті-ау! Міне, мен де бір Құдайдың жаратылысы, айналаның жасыл құрағы мен гүлдерін тамашалап, тапжылмай отырамын деп ыстықтай бастадым... Күннің аптабы деген осы. Жаз ғой.

Аптаптың беті жуырда қайта қоймайды, бар қызық алда. Ыстық талтүс пен жылы кеш. Күні бойы сізді тіпті үйдің қалың қабырғалары, әктелген төбелері аптаптан қорғай алмайды. Көк аспан мен жердің жасыл желегі ғана...

Салтанаты мол және жұмбақ түнгі жұлдызды аспан. Оған ұзақ қараған сайын мәңгілікпен тілдескендей, сезімдер еріксіз суый бастайды. Күндізгі жазғы аспан — көгілдір, көз жетпейтін, өлшеуі жоқ, шексіз кеңістігі бар, биіктегі бұйра бұлттарымен ерекшеленген әлем, әрқашан және кез келген уақытта тояттай алмас қуаныш сыйлайды. Қанша қарасаң да, көзіңді салқын көк түске батырып аласың да, бір бұлтты бір бұлт қуалап жатқан кеңістікке құмарта қарай бересің, қарай бересің.

Ал жазғы жаңбырды айтсайшы... Кенеттен алай-дүлей найзағайдың ойнауы, күннің күркіреуі... Күн сәулесімен ойнаған соқыр жаңбырдың көркін айт.

Жомарт жаздың әр күні ризыққа толы және ол өлшеусіз көп сыйын ұзақ уақыт бойы ұсынады.

Аптап түс кезі. Көлеңкенің өзінде отыз екі градус. Шет тұрған алма ағашының жайылған желегінің астында зығырдан жасалған орындыққа отырсаңыз, бұл ыстық сізге түк емес. Самал жел жапырақтарды сыбдырлатқан сайын денең серги береді. Бақшадағы аскөк қолшатырлары қосыла тербеліп, билеп қоя береді. Кейде жел тынши бастаса, оған қосылып бәрі үнсіз қалады. Жалғыз шегіртке ғана шөпке жабысып алып, тірлігін жалғастыра береді. Сирек бұлттар аспан көгілдірінде тапжылмай тұр. Олардың үстінде салқын ауа бар болса керек... Қос қаршыға әуе кеңістігінде көлбеңдейді. Біріншісі — төмен, мен оны көріп отырмын... Біраздан соң, олар жоғары көтеріліп айнала бастады. Үнді мұхитында суға түскенім ойға орала кетті. Су жылы еді. Тереңірек сүңгісем, салқындап, сергитін шығармын деп ойлағанмын. Бірақ, су астында қанша бола аласың? Қаршыға қайда кетіп қалғанын байқай алмай қалдым. Енді ол жоқ...

Жел, екпіндеп соға бастады. Бір жұлқып өтіп, тағы тынши қалды. Жұлқынған кезде денеңе сіңген ыстықты шайып әкетіп жатқандай болады екен.

Сағатқа қарап, кештің жақын қалғанын түсіндім. Күн төмен түскенде қамқор тауық балапандарын қорасына бастап келді. Алқызыл Күннің ыстығынан меселі қайтқан гүлдер де күлтесін жинап, жаба бастады, артындағы сары қырмызы жапырақтарын бүктей, бүгежектеді. Күн оларға тура түсуін қойды.

Әйтеуір, кеш те түсті. Бақша шырылдауығы өзінің ұзақ әнін бастады. Биік теректің бұтақтарында көгершіндер уілдеп, байғыздың сұңқылдаған дауысы естілді. Кеш салқындап, күн көзі сарғыш тартып, шөгіп бара жатты.

Елең-алаң. Шие жидектерінің қызарып қалғандығы байқалады. Үйдің көлеңкесі қараңғылыққа сіңіп, іші салқындай бастады. Жасыл ағаштардың арасында кешкі жарықтың сары жолақтары пайда болды. Аула өрмекшілері түнде тор тоқуға асы­ғуда.

Аспанда күндізгі биік көк шың басындағы жарқыраған бұлттардың легі тізіле қалыпты. Кешке қарай олардың қатары молайып, жан-жақтан жөңкіле көшіп келіп, көбейе бастады. Ал күн батқан кезде, батыс жаққа шөгіп, кең алқапта қатып қалатын сияқты. Олар жоғарыдан төменге дейін тізіліп, жанып тұр. Содан болар аспанның жартысы қызыл түтін мен жалынға оранып жанып жатқандай көрінеді. Бәрі жанып болғанда жасыл жалқын ғана қалатын сияқты.

Жердегі жарық, ымырт түскен сайын күнге ілесіп кетеді. Бірақ жаз жарығы ұзақ уақыт бойы айналаға нұр шашуды тоқтатқан жоқ. Көкжиекте жаңа айдың күмістей жартысы, оның жанынан жылт-жылт етіп жаңа шыққан жұлдыз орын тепті.

Ертең күнтізбе парағы: « Күн қысқарды, аз да болса қысқара бастады», — деп жар сала бастайды. Тамшыдай ғұмыр толастайды солай... Мүмкіндік барда жылынып алайық. Әлі ыси қоймаған шақтағы таңғы шуақ ғажап қой. Кейін ұзақ қыс мезгілі келгенде есімізге алатын қимас сәттер осы болып қалатын шығар... Кім білсін?!