Юрий Мамлеев
Юрий Виталиевич Мамлеев (1931—2015) — прозашы, философ, драматург. РФ Үкіметі сыйлығының, Андрей Белый атындағы және т. б. сыйлықтардың лауреаты.
Мәскеуде туған. Әкесі, атақты психиатр, саяси қуғын-сүргін құрбаны. Мәскеу орман шаруашылығы институтын бітірген (1956). Кешкі мектептерде математика пәнінен сабақ берген Мамлеев шығармалары жасырын басылыммен тарады. Концептуалист жазушылар үйірмесінің орталығына айналған («Южин үйірмесі») Мамлеев 1974 жылы эмиграцияға кетеді. Алғашында АҚШ-та, кейіннен Францияда өмір сүрді. Оның кітаптарын алдымен Батыс оқырманы мойындады. 90-шы жылдардың басында Ресейге оралған ол Мәскеу мемлекеттік университетінде сабақ берді, қоғамдық жұмыстармен айналысты, көп жарияланды. Ол өзінің көркемдік әдісін «метафизикалық реализм» деп атады.
Оның фантасмагориялық, тозақ тақырыбындағы прозасында сананың ең қараңғы, апатты тұстары суреттеледі. «Шатуны», «Московский гамбит», «Мир и хохот», «Империя духа» кітаптарының, әңгімелер жинақтарының, философиялық еңбектердің авторы. «Россия вечная» кітабы, өз сөзімен айтқанда, «екінші шындықты жасауға» мүмкіндік беретін орыс жанының тереңдігін зерттейді.