Владимир Строчков

1946 жылы Мәскеу қаласында дүниеге келген. Мәскеу болат және қорытпа институтын бітірген. Әскер қатарында офицер болып қызмет етіп, Кантемир дивизиясының парадтық полкінің орталық танктер взводын басқарды. Жартылай өткізгішті технологиялар саласында және қара металлургия өндірісінде жұмыс істеді. Тоқсаныншы жылдары баспа ісімен айналысты. Өз шығармаларын қолдан басып, жариялаған. Тұңғыш жыр кітабы 1994 жылы жарық көрген. «Наречия и обстоятельства» (2006), «Пушкин пашет» (2010), «Буколики плюс» (2010), «Предела нет» (2012), «Времени больше нет» (2018) сияқты оншақты поэзия кітабының авторы. Өлеңдері ағылшын, венгр, иврит, испан, итальян, неміс және француз тілдеріне аударылған. Иосиф Бродский мемориалдық қоры шәкіртақы-сыйлығының (2000), Больяско қоры стипендиясының (Италия, 2001), «Московский счет» әдеби сыйлығының (2007) иегері. Мәскеуде тұрады.
Сыншы және әдебиеттанушы Артём Скворцов оның шығармашылығы туралы былайша ой түйеді: «Строчковты тек ақын ретінде ғана қабылдау жөн болмас еді. Орыс әдебиетінде оның істеген және істеп жатқан еңбегі поэтикалық/поэтикалық емес деген дүниенің көкжиегін кеңейтті. Оның жазу кеңістігі «поэзияны» ғана қамтымайды. Дәл осы сәтте Строчковтың шығармаларын жіктеп-жіліктеп беру кімге болса да қиынға соғады».