Ұсақ әңгімелер
Балқарағай
Қандай жабайы ағаш десеңші! Қашан көрсең де қылқан жапырақты. Демек, сол түрге жата ма? Жоқ. Күз келгенде жапырақты ағаштар ұйқыға кетіп, тіпті өлудің алдында тұрғандай болады. Сонда қайғырғаннан ба? Сендерді тастамаймын! Менікі онсыз да жай тұра береді — бірақ ол да құлайды. Қалайша бірге және мерекелік күйде, күн сәулесімен әдемі құлайды?
Жүрегімен, өзегімен жұмсақ па? Тағы да олай емес: оның ағаш тіні әлемдегі ең мықты материал. Кез келген балтамен оны балталап құлата алмайсың. Отқа да, суға да төзімді. Қатайса — мәңгілік тастай берік.
Жыл сайын мейірімді жылумен қайта келіп, тағы да бір жылдың өткенін біліп, қайта жасыл түске айналып, жібектей инелерімен өзіне қайта оралу.
Адамдар да сондай ғой.
Найзағай
Найзағайдың ағаштарды қақ бөлгенін ешқашан көрген емеспін, тек кітаптардан оқығанмын.
Енді міне, көрдім. Күндізгі нөсер жауында тереземізді жарқ еткізіп найзағайдың жарқылы көз қарықтырды. Үйден екі жүз — үш жүз метрдей жерге жарты секунд та кешікпей найзағай түсті.
Нөсер аяқталды. Жасын ойнап, жай түскен екен. Жақын жерге, ормандағы алаңқайда жас ағашты найзағай жайратыпты. Ұзын қарағайлардың арасынан найзағай орта бойлы жөкені ғана таңдаған екен. Неге? Жоғарыдан төнген найзағай ағашты қиғашынан ұрыпты. Ағаштың төменгі жағына жетпей тайғанап кеткен бе? Өртенген ағаштың астындағы жер қопарылып кеткен, ағаштың жаңқалары болса, бес жүз метрдей жерге шашылыпты.
Ағаш діңінің бір бөлігі ортасынан бөлініп, еш кінәсі жоқ көрші бұталардың үстіне құлапты. Келесі бөлігі әлі де бір күнге жуық тұрды, қандай қайсарлықпен тұрды десеңізші?! Кішкене жері ғана ілініп тұрды. Одан кейін ол да бір әпкесіне қарай құлады.
Бізде де солай. Ардың жазалау соққысы келгенде сөйтеміз: ішкі дүниемізді оқтай тесіп, ғұмырымызды көлбей кесіп өте шығады. Осыдан кейін біреуіміз қалсақ, біріміз қалмаймыз.
Угличтің қоңырауы
Жаза ретінде тілінен де, бір көзінен де айырылып, енді қоңырау ретінде ілініп тұрмауы үшін үкім шығарылған бұл қоңырауды бәріміз білеміз. Қамшымен ұрып-соғып, екі мың миль жерге, ит арқасы қияндағы Тобылға жер аударылғандар осынша қашықтыққа қарғыс атқан жүкті жегінді ат емес, жазаланған угличтер — өздері тартқанына қапа болатын. Бұларпатша ағзамның адамдарының ту-талақайын шығарғаны үшін жазаланып (кіші патшазаданы өлтірген қанішерлерді), қалада түрлі түсінік тудырып, болған жайды өз білгендерінше жеткізбес үшін тілін кескен екі жүзден басқалар.
Сібірмен қайтып келе жатқанда Тобылдағы кремльде жер аударылған, оқшау тұрған, үш жүз жылдық жазасын өтеген, қайтуға әлі рұқсат берілмеген онымен кездесіп қалдым. Міне, мен Угличтемін, қанға бөккен Дмитрий храмындамын. Жиырма пұттық, бірақ адам бойының жартысына ғана жететін қоңырау бұл жерде құрметті орында тұр. Қоласы сұр тартып, тозып кеткен. Қозғалмастай, мызғымай тұрған қоңырауды соғуға маған да ұсынды.
Бір рет соқтым. Ғибадатханадан қандай ғажап үн шықты десеңші! Ежелгі дүниеден де терең дыбыстар шығып, біздің тұнығын жоғалтқан жанымызға жетіп жатқандай. Бір рет соғылса да, жарты минутқа созылады, бір минутқа тағы ұзарып барып, ақырын басылады. Толық тоқтағанынша түрлі дыбыстар үйлесім тауып, біразға дейін шыңылдап тұрады. Бабалар металдардың құпиясын білген екен ғой.
Патшазадаға қастандық жасалғанын білген кездің алғашқы сәтінде шіркеудің қызметкері қоңырауға қарай жүгірген. Соңынан есікті жауып алған. Жау есікті бұзуға тырысса да қоңырауды қайта-қайта соға берген. Углич халқының айқайы шығып, қоңырау Русь үшін үрей үстеп, елдің ашу-ызасын одан сайын күшейткен.
Сол кездегі қоңыраудың үні ұлы Қасыреттің ескертушісі болып, Бірінші Дүрбелеңді хабарлаған. Маған да осынау қасыретті қоңырауды Үшінші Дүрбелеңнің алдында соғу бұйырды. Халықтың үрей көмкерген көрегендігі тақтағылар пен терісі қалың шонжарлар үшін еш кедергі де емес. Төрт жүз жыл бұрынғы мазасыздық пен аттанды салыстырудан қалай құтылуға болады?
Қоңырау мұнарасы
Кім де кім ұшы қиыры жоқ, біржола батып болмаған біздің Ресейді өз көзімен көргісі келсе, Калязин қоңырау мұнарасына барғаны жөн.
Ол соборда, саудасы қызған қаланың ортасында, қонақ күтетін аулаға жақын жердегі алаң мен қос қабатты сарайлар жайғасқан көпестер көшесінің түйісер тұсында тұрды. Татарлардың да, поляктардың да қиян-кескі жорықтарынан аман қалған бұл көне қаланың сегізінші ғасырда озбыр билеушілердің кесірінен үштен екі бөлігі Еділге батып кететінін ол кезде ешбір көріпкел болжай алмаған. Барлығын екінші бөгет құтқаратын еді, бірақ большевиктер оған мән бермеді (Несін айтайық, бәрі де бүгін су түбінде жатыр!). Ал бүгін жағалауда тұрып, өз ырқынан тысқары тауқімет тартып, бірнеше метр тереңдікке кеткен Китеж немесе Атлантиданы, тіпті, қиялыңмен де жоғары шығара алмайсың.
Бірақ суға батқан қаладан биік етіп салынған қоңырау мұнарасы қалды. Соборды жарып жіберді ме, қиратып, кірпіштерін басқа нәрсеге пайдаланды ма екен? Бірақ олар қандай да бір себептермен қоңырау мұнарасын құлатып үлгермеді, тіпті, оған қол тигізбеді. Ал енді ол судың үстінде, ақ кірпішпен ұқыпты қаланған қалпы тұр. Алты қабаты жоғарыға шығып тұр, бір жарым қабаты су астында. Соңғы жылдары оның түбін сақтау үшін жөндеу жұмыстары жүрді. Еш қисаймастан, қабырғасы қайыспай, бес бөлігімен де көкке сымдай тартылып тұр! Қандай керемет, мұнарадағы крест те аман қалған. Еділдің бойымен жүзген үлкен моторлы кемелерден Кеңес одағының жолаушылары елу жыл бойы тамашалап қарап келді.
Жараланған жандай болып, аман қалған мұңлы көшелермен келе жатасың. Тұрғындар су тасқынынан сақтану үшін қалдырып кеткен, қисайған үйлер қайғыңа қайғы қосқандай. Жалған жағалауда қалязиндік әйелдер Еділ суының әуелгі жұмсақтығы мен тазалығына деген бұрынғы көзқарасын сақтай отырып, киімдерін шаюға тырысады. Тып-тыныш тұрып қалған, бұзылған, толық күйреп бітпеген қалада бұрынғы тамаша ғимараттардың кішкене қалдықтары ғана қалған. Бірақ осы күйзелістің өзінде мұнда қалған алданған халықтың өмір сүруден басқа амалы жоқ. Және осында тұра бермек.
Мұнда олар үшін һәм бір кездері осы ғажайыпты көргендердің бәрі үшін қоңырау мұнарасы бар! Біздің үркек үмітіміз сияқты. Біздің дұғамыз тәрізді. Жоқ, Жаратқан Иеміз бүкіл Ресейдің соңына дейін суға батып кетуіне жол бермейді...
Қартаю
Өлім сұмдығы туралы қанша жазылған, бірақ зорлық-зомбылық сияқты бұл да табиғи құбылыс.
Лагерьде әбден шаршаған отыз жастағы грек ақыны есімде. Ал оның жұмсақ та мұңлы күлімсіреуінде өлімнен қорқыныш мүлдем жоқ еді. Мен таң қалдым. Ал ол: «Өлім келгенге дейін ішімізде дайындық жүреді, тастүйін боламыз. Одан кейін... қорқынышты ештеңе жоқ», — деген.
Содан бір жыл ғана өтті — мен мұның бәрін отыз төрт жасымда өз басымнан өткіздім. Ай сайын, апта сайын ажалға икемделіп, әзірленгенімде, бой ұсынғанымда тәнімді жеңдім.
Ендеше, кәрілік бізді ақырындап өлімге дайындаса, қандай оңай, қандай жеңіл... Қартаю мүлде Құдайдың жазасы емес, оның өз рақымы, өзінің жылы бояуы бар.
Бүлдіршіндердің күш-қуатының артып, мінезі қалыптасып келе жатқанын көру — жылулық. Тіпті, күшіңнің әлсіреуі де жан дүниеңді жылытуы мүмкін, мен бұрын қандай мықты едім деп салыстырасың. Толық жұмыс күніне шаршап қалсаң, санадағы қысқа үзіліс те тәтті. Тағы да келесі күннің, одан кейінгі таңның келуі ол да бір сыйлық қой. Ал рухтың ләззаты бар. Тамақ ішуде өзіңді шектесең, дәмнің басқа түрлерін іздемесең — тірі боласың, бірақ материядан жоғары көтерілесің. Әлі қар басқан көктемгі ормандағы торғайлардың жіңішке дауысы екі есе тәтті, өйткені, көп ұзамай, сен оларды естімейсің, жеткілікті тыңдап ал! Естеліктер қандай керемет қазына! Жас балада мұндай қабылет, қасиет жоқ. Ал сенде бар. Күнді түн, түнді күн алмастырғанда естеліктердің тірі бөлшектері саған үнемі келіп тұрады.
Жақсы қартаю — төменге емес, жоғарыға апаратын жол.
Құдайым, қарттықты кедейлік пен суықта өткізуден сақта.
Біз қаншама жанды сондай күйде қалдырып жатырмыз...
Керемет сусын
Диқан қанша еңбек сіңіреді: дәнді дер кезіне дейін сақтайды, оны себеді, жақсы өсуіне қолайлы жағдай жасайды. Бірақ оған тез көбейетін арамшөптер өсіп, кедергі келтіреді. Ерекше қамқорлыққа алынған жерге ғана емес, кез келген жерге шығып, көбейіп, еңбегіңді мазақ еткендей. Бұл жайында мақал да бар: «Күшті сусын жерге тез сіңбейді».
Неліктен жақсы өсімдіктер қашанда мықты күшке ие болмайды?
Адамзат тарихының мызғымастығын, баяғының баяғысында, бүгіннің бүгінінде басыңды иіп мойындайсың. Иә, оны білу — дүниенің заңы. Біз одан ешқашан шыға алмаймыз — жақсы өнертабыстар, түрлі жобалар да көмектесе алмайды.
Адамзаттың ақырына дейін.
Әрбір тірі адамға оның жаны мен жұмысы тән.
Таң
Біздің жанымызға бір түнде не болады? Ұйқыңның қозғалмастай ұйыған кезінде жан осы денеден бөлек, таза кеңістіктерден өтуге, өзіне жабысып қалған, соңғы күні, тіпті, бүкіл жылдар бойына жамандық болып үйілген барлық болмашы нәрселерден құтылуға бет алған сияқты. Қайтқанда әу бастағыдай қардай аппақ қалпымен оралады. Саған өте тыныш, ашық таңғы күйді себеді.
Осы сәтте ойланудың өзі ғажап қой! Күтпеген жерден осы уақытқа дейін түсінбеген нәрсені түсінесің... тырысасың...
Тұрып қаласың. Ішіңде сен білмеген, мүлде ойламаған бірдеңе өсе бастағандай. Дем алмастан қарайсың, риясыз көңілмен шақырасың — анау жарқыраған өскін мәңгілік судың бетінен енді шығатын ақ лалагүлдің бүтін гүл жасырған басындай.
Бұл сәттер қандай бақытты! Сен өзіңнен жоғарысың. Сен теңдесі жоқ нәрсені таба аласың, түйінін шеше аласың, ойлай аласың. Жан дүниеңдегі бұл тұнықтың мөлдірлігін, тазалығын жоғалтып алмасаң болғаны...
Бірақ көп ұзамай, бірдеңе пайда болады, сол нәзік дүниені үзеді. Ол кейде біреудің әрекеті, сөзі, кейде сенің өз ойың болуы мүмкін. Сонымен сиқыр сезім жойылды. Бірден ғажайып сезім жоғалып, көлің де көзден ұшып жоқ болады.
Қандай қайрат қылсаң да, не істесең де күні бойы ол күйді қайтара алмайсың.
Барлық таңда да бұлай бола бермейді.
Перде
Жүрек ауруы біздің өміріміздің бет-бейнесі сияқты. Оның барысы толығымен қараңғылықта, бізге беймәлім. Қай күні келетінін білмейміз: мүмкін келіп қалып, босағада тұр ма немесе жақын арада емес шығар.
Егер бойыңда ісік өсіп, қауіп төндіретін болса, онда сен өзіңді алдамасаң, қажетті нақты іс-әрекетті істесең, өміріңді біраз мерзімге ұзартуға болады. Бірақ жүрек ауруы кезінде сен сырт көзге сау болып көрінесің, ештеңе болмағандай жүре бересің.
Берекелі білместік. Бұл — керемет сыйлық.
Жүрек ауруының асқынған кезінде өлім камерасында отырғанмен бірдей. Әр кеш сайын алаңдайсың, дыбыс естілсе, маған келген жоқ па екен деп елеңдейсің. Бірақ әр таңды көріп, соған жеткенің қандай бақыт! Қандай жеңілдік десеңші! Жаратқан маған тағы бір күн сыйлады. Бір күнде қандай керемет өмір сүре аласың, көп нәрсе істеп үлгеріп қалуға болады!
Ымырт кезінде
Оңтүстікте кең тараған ымырттықтар деген сөз есімде. Революцияға дейінгі кезеңнен ауысқан немесе Азамат соғысының қауіпті жылдарымен келген сөз болуы мүмкін. Бірақ бұл әдет бұрын да болған. Оңтүстіктегі ымырттың бірнеше айға созылған жылуы себеп болды ма екен? Көпшілік шам жағуға асықпайтын. Кеш батпай, жұмыстарын бітіріп, кейбіреулер малын жайғастырып алса да төсекке жатып, ұйқыға бас қоюға асықпайтын. Олар түрлі үйінділерге, көшеге немесе ауладағы орындықтарға шығып отыратын, немесе, тіпті, жәй ғана бөлмеде терезені ашып қойып отырушы еді. Жалғыз да, екі-үшеуден болып та ойланып отырғандай... тыныш отыратын. Ұзақ уақыт үнсіз отыра беретін.
Егер біреу сөйлей қалса ақырын, ешкімнің сөзін бөлмей, жай ғана сөйлейді. Ол жандар әңгімелескенде ешкім ешкіммен дауласпайтын, бір-бірін сөкпейтін, ұрсыспайтын. Бет-әлпеттері анық көрінбесе де, біз жылдар бойы байқамаған өзгерістерді дауыстарынан байқайтын.
Күн батқаннан кейінгі ымырт үйірілген аспаннан үнсіз түсіп, ауада еріген, терезелер арқылы құйылған біртұтас дүниенің тылсым сезімі әркімге бұйырар-ды. Әбігерге толы күндер мен әурелі мезеттердің тасасында талмаусырап бара жатқан ғапіл ғұмырдың бүтін мағынасы да сонда жүр. Өтіп бара жатқан жұмбаққа біздің қатысымыз осы.
Әтештің шақыруы
Халықтың азаюымен, қаңырап, ауылдарымыздың бос қалуымен біз есіміздегіні ұмыттық, ал ұрпағымыз талтүске жақын уақтағы әртүрлі дыбыспен үндескен әтештің шақыруын естімейтін де болды. Ауладан аулаға, көшенің арғы бетінен бергі бетіне ұласатын, жаздың шуақты күндеріндегі жеңісті өмірдің бұл хоры ғажап еді ғой.
Мұндай хорды тыңдамаған соң жанымызға тыныштық та сирек келетін болды. Ешқандай басқа қарбалас шуы жоқ, бұл жарқын, керемет күшті ән бізге бүкіл аймақта берекелі тыныштық бар екенін білдіреді. Бүгінге дейін осылай болған өмір ағысы неге ары қарай да осылай аға бермейді? Жақсы істерді жалғастыра беріңдер.
Міне, бір жерде басында қызыл айдары бар әтеш маңғаз басып жүр.
Еш уайым-қайғысы жоқ.
Бізге де бұйырар бақ па бұл?!.
Түнгі ойлар
Лагерьдегі жағдай: күні бойы шаршайсың, басыңды сабан жастыққа қойғаның сол: «Тұрыңдар!» — деген дауысты естисің. Ешқандай түнгі ойлар болмайды.
Бірақ құйындаған, жүйкеге жүк түскен, жылт еткен қазіргі өмірде ойларың бір күнде пісіп, жүзеге аспайды, кейінге қалдырылады. Түнде ойларың қайта жиналып, толысу үшін қайтып келеді. Сенің санаңдағы перде жарылған бойда олар асығады, бір-бірімен таласып, жалпақтап, саған қарай жүгіреді. Ал еті тірі, жылдам кейбіреулері басқалардан сәл озып кетеді.
Сенің табандылығың, қадір-қасиетің осы құйындарға берілмеу, қара ой ағындарын игеріп, саулыққа, жақсылыққа бағыттау. Әрқашан тыныштық әкелетін бір емес, бірнеше ой болады. Ядролық реакторға жарылыс жасаудан сақтайтын таяқшалар қойғандай. Тек осындай таяқшаны, Құдайдың құтқарушы нұрын табу, тіпті, оны алдын ала біліп, оны тізгіндеп ұстамақ керек.
Сонда жан мен сана тазарады. Құйындар жоғалып, мазасыздық пен ұйқысыздық басылады. Күнделікті қарбалас тіршілікте басыңа кіріп-шықпайтын, аса нұрлы, ауқымды ойлар келіп, босаңсисың.
Демек, ұйқысыздықтың пайдасы да бар, оған рақмет. Осы тұрғыдан қарағанда, мүмкін еместің өзі шешіледі.
Өз билігің — өз қолыңда.
Өлгендерді еске алу
Оны бізге қастерлі өмірдің адамдары биік парасатпен аманат етіп қалдырған.
Біз мұны жақындардың, туыстар мен, достардың арасында жүрген жастық шақта емес, уақыт оза, жылдар өте келе түсінеміз.
Ата-анамыз кетті, қатарластарымыз кетті. Қайда кетті? Бізге белгісіз. Бірақ олардың жоғалып кетпегені анық, себебі, санамыздың бір бөлігінде жарқырайды.
Біз тірі тұрғанымызда басқа ештеңені біле алмаймыз. Бірақ олардың рухы үшін дұғамыз бізден оларға, олардан бізге келіп тұрған материалдық емес көпірдей. Кедергісіз жақындықтай. Иә, олар — міне, қол тигізуге болатындай. Біз білмейтіндей белгісіз әрі бұрынғыдай, соншалық таныс. Алайда, бізден жылдар бойынша артта қалған. Басқаша айтсақ, бізден үлкен болғандар қазір бізден жас.
Зейініңді шоғырландырып, олардың айтқысы келген ойын, пікірлерін, ескертулерін ұғынасың. Өзіңнің жердегі жылуыңды оларға айырбас ретінде жібересің. Мүмкін біз де бірдеңе етіп... оларға көмектесе алармыз?
Ақырында... кездесуге уәде береміз.


