Борис Екимов
Борис Петрович Екимов (1938 ж. т.) — прозашы, көсемсөзші. РФ Мемлекеттік сыйлығының лауреаты (1997), «Ясная Поляна» (2014) және басқа сыйлықтардың иегері.
Краснояр өлкесінің Игарка қаласында дүниеге келген. Токарь, темір ұстасы, жөндеу шебері, зауыттың электр маманы, құрылысшы, ауыл мектебінде еңбек пәнінен ұстаз болып жұмыс істеген. Алғаш 1965 жылы «Молодая гвардия» журналында жарияланған. А. М. Горький атындағы Әдебиет институтының Жоғары әдеби курстарын тәмамдаған.
Екі жүзден астам романдары, хикаяттары мен әңгімелері жарық көрген. «Возвращение», «Набег», «Пастушья звезда», «Осень в Задонье», «Проснется день» жинақтары және «Пиночет» романы оның танылуына жол ашып, халықтық жазушы ретінде мойындатты. 1990-шы жылдары Солтүстік Задон ауылдарының жойылып кетуі жайлы бірнеше көркем-публицистикалық еңбектері жарық көрді. Сыншы пікірінше, Екимовтың басты тақырыбы — «арын ту еткен «қарапайым еңбек адамының» өмір салты»(Ирина Арзамасцева).