Артқы бетіне қара

Данте жерленген Италияның шағын қаласы Равеннада мамырдың ыстық күні. Бір кезде — бесінші ғасырдың басында Р. X. — Император Гонорий Батыс Рим Империясының астанасын осында ауыстырды. Бір кезде мұнда порт болған, бірақ теңіз баяғыда-ақ шегініп кетті, орнын батпақ, раушан, тозаң мен жүзім басқан. Равеннаның мозаикалары танымал, туристер легі төбеге қарап, түу жоғарыдан іңірдегі күмбездердің астынан түрлі-түсті ұсақ смальтаның күңгірт жылтырағанын көру үшін бір ғибадатханадан екіншісіне шұбырады. Ол айқын болмаса да, едәуір байқалады. Жылтыр ашықхаттарда анық болғанымен, тым ашық, жайдақ, арзан көрінеді.

Ауа тар, ыстық, шаңды. Жан дүнием көмескі тартты. Әкем өлді, мен оны қатты жақсы көрдім! Баяғы кезде, қырық жыл бұрын әкем осында, Равеннаға жол жөнекей келіп кетіпті. Осы жерден маған атақты мозаикалардың бірінің бейнесі бар ашықхат жолдап еді. Екінші бетіне қарындашпен асығыс жазса керек: «Қызым! Өмірімде бұдан асқан кереметті көрмеппін (артқы бетіне қара)! Жылағым келеді! Мына жерге келіп көрсең ғой! Әкең!» — депті.

Әрбір тіркес леп белгісімен аяқталған — жас еді, көңілді жүретін, мүмкін шарап ішкен шығар. Желке тұсынан қайырылған киіз қалпақты кезі есімде. Бұл елуінші жылдардың сәні еді. Шылымы аппақ тістеріне қыстырулы, маңдайы шып-шып тершіген, ұзын бойлы, тік, сымбатты, көзілдіріктің дөңгелек әйнегінің ар жағынан көздері нұр шашады... Италиялық, ресейлік екі бірдей сенімсіз поштаға үміт артып, пошта жәшігіне сала салған сол ашықхатында жұмақ бейнеленген. Көз жауын алатын жасыл желекті, мәңгі көктем орнаған жұмақтың төрінде Құдай отыр, айналасында ақ қойлар жайылып жүр. Екі сенімсіз пошта — италиян және орыс поштасы ашықхаттың бұрыштарын сындырып, жұлмалап жеткізді, ең бастысы жетті, суретін көре аласың.

Жұмақ бар болса, әкем сонда. Басқа қайда болушы еді? Тек өліп қалды, енді маған леп белгілі ашықхаттар жазбайды, енді жердің әр түкпірінен хабар жібермейді: мен мындамын, сені жақсы көремін, сен ше? Менімен бірге қуанасың ба? Мен көріп тұрған сұлулықты көре аласың ба? Сәлем! Міне, ашықхат! Міне, арзаны, жылтыр фотосурет — мен мында болғанмын! Мына жерде керемет! Шіркін, сен де бара алсаң ғой!

Ол бүкіл әлемді шарлады, әлем оған ұнады.

Енді мен мүмкіндігіме қарай оның ізін басып келемін, ол барған қалаларға барамын, әкемнің көзімен көруге тырысамын, әкемді бір бұрышқа бұрылып бара жатқан, баспалдақтан көтеріліп келе жатқан, тісіне шылымын қыстырып алып, жағалау жақтауына сүйеніп тұрған жас қалпында елестетемін.

Қазір Равеннадамын, мұнда шаңды, қапырық, тар көшеде адам топырлап жүретін әдеттегі туристік орындар қажытады. Жансыз, қарбаласқан, ыстық қала, тізе бүгер жер жоқ. Туған Флоренциясынан аластатылған Дантенің зираты. Теодорих зираты. Равеннаны Империяның астанасы еткен Гонорийдің әйелі Галла Плацидияның кесенесі. Он бес ғасыр өтті. Бәрі өзгерді. Бәрін шаң басқан, мозаикасытүсіп қалған. Бір кезде маңызды болғандардың қазір маңызы жоқ, толғандырған нәрселер құмға сіңген. Теңіздің өзі кетіп қалған, көңілді көкшіл толқындар ойнаған жер қазір бос, шаң-тозаң, жым-жырттық, жүзімнің ыстық алқаптары жатыр.

Қырық жыл бұрын — өткен өмірде — осында әкем жүрді, күлді, алыстан нашар көретін көзін сықситты, көшедегі үстелдерге отырып, қызыл шарап ішті, пиццаны өзінің шынайы, ақ тістерімен тістеп жеді. Қою көк түн орнықты. Үстелдің шетінде өзінің таңғалысын, әлемге деген сүйіспеншілігін маған қарындашпен асыға жазып, оңды-солды леп белгілерін қойды.

Аспан бұлтты, қапырық. Ыстық, бірақ Күн көрінбейді. Шаң. Бір кезде теңіздің түбі болған жер қазір қаланың маңында өнімі мол кең алқапқа айналған; бұрын шаяндар жорғалаған жерде қазір есектер жүр, балдырдың орнына раушан өскен. Бәрі өліп, жым-жырт болған. Бір кезде Батыс әлемінің жарқыраған астанасында қазір туристік агенттіктерге тағы алданып қалғанына ренжулі алқызыл жейделі америкалық туристер сенделіп жүр, «Еуропада бәрі ұсақ, кішкентай, көне!». Он бес ғасыр. Дантенің моласы. Галла Плацидияның моласы. Менің әкемнің моласы. Мыжылған ашықхатта бейкүнә көкорай жұмақ.

Мұнда оны не таңқалдырды екен? Сол ғибадатхананы тауып алып, жоғары қараймын, биікте күмбездің астында бірдеңе көгереді. Көк шалғындағы ақ қойлар. Үйреншікті күңгірт жарық. Төменде туристердің түрлі дауысты күбірі естіледі. Саусақтарымен нұсқап, жолкөрсеткіштен түсініктемесін іздейді. Мынадай ғасыр, мынадай өнер. Әрдайым барлық жерде осы. Нашар көрінеді.

Италиялық әр ғибадатханада қабырғада ақша салатын қорап ілінген, бұл қызығушылық танытатындар үшін қосымша қызмет көрсетуге арналған. Оған үш жүз лира — доллардың төрттен бірін салсаң, бірер сәтке төбенің төменгі жағынан жарық прожекторлар жанады да, мозаика оюларының тастарына аппақ жарығын түсіреді. Бояулар айқындала түседі. Ұсақ бөлшектеріне дейін көрінеді.

Топ екілене түсіп, шуы қаттырақ естіле бастайды. Бар болғаны доллардың төрттен бір бөлігіне. Сондық мұнда алыстан келдіңіздер, ұшаққа, пойызға, қонақ үйге, пиццаға, салқын сусынға, кофеге төледіңіздер. Енді аз ғана центті аяп тұрсыздар ма?.. Бірақ көбісі аяйды. Алдын ала ескертпегені үшін ренжиді. Олар жұмақты тегін көргісі келеді. Топ турист араларынан бір жомарт, шыдамсыз біреу шығып, италиялық алаяқ аппараттың ойығына тиын тастай ма деп күтеді, италиялықтардың бәрі қу, солай емес пе? Сол кезде кірпік қаққандай болымсыз бір сәтке прожектор жарқ етіп, жұмақ жасыл желектеніп, қойлар күнәсіз, Құдай мейірімді бола қалды. Топ күркіреп кетті... бірақ жарық өшіп, көңілі қалған туристер гуілі бір сәтте наразылық бұрқылына, ашкөздік күңкіліне, түңілген сыбырға ұласты. Тағы қараңғылық тұмшалады.

Топпен бірге шіркеуден шіркеуге сенделіп, теңіз шуы секілді әртүрлі тілдегібәсең сөздерді тыңдап келемін, адамдардың баяу иірімі мені үйіріп әкетеді, дәл менікіндей мағынасыз шаршаңқы жүздер қараңдайды, көзілдірік әйнектері жылтырайды, жолкөрсеткіш парақтары сусылдайды. Ғибадатхананың тар есіктерінде сығылысып, өзіме жайлы орын алу үшін басқалар секілді жанымдағыларды ашусыз итеруге тырысамын. Шынында да жұмақ бар болса, — деп ойладым — онда өзім секілді өзгелермен бірге, дәл сондай қойлармен, кәрі, ақылсыз, сараң адамдар тобымен бірге мен де кіремін. Жұмақ біз үшін емес болса, сонда кім үшін екен, сол қызық! Орта есеппен алғанда, біз қарапайым адамбыз, сонда бізден жақсы, ерекше, біреулер бар ма екен?

Жоқ ондайлар, мұнда бәрі көне, аласа деп көңілі толмай жүрген америкалық туристермен бірге көк шөптің арасында сенделуіме тура келуі мүмкін. Олай болса, жұмақ іш пыстырарлық, нашар деген сөз, анықтама бойынша олай болмауы тиіс. Жұмақ ғажайып болуы керек.

«Өмірімде бұдан асқан кереметті (артқы бетіне қара!) көрмедім!» — деп жазды әкем. Артқы бетін аудардым. Жай ғана жұмақ. Ол мен байқамаған нені көрді екен?

Топпен бірге тар ғимаратта иін тіресіп жүрмін. Ғасыр басындағы саяхатшы Павел Муратов бір кезде «Италия бейнесі» атты атақты кітабында былай деп жазыпты:

«Галла Плацидия кесенесінің төбесінен қалың қою көк түс ерекше бір тереңнен көз тартады. Шағын терезеден түскен болымсыз жарықпен ойнап, бірде жасылданып, бірде күлгінденіп, біресе шымқай қызылданып таңғаларлық түске енеді. Осы фонда ақ қойлардың арасында отырған атақты Мейірімді жас қойшының бейнесі салынған. Терезенің жарты шеңбері бастаудан су ішіп жатқан бұғылардың бейнесі бар ірі оюлармен безендірілген. Жапырақтар мен жемістер тізбегі аласа аркаларға оралыпты. Оның асқан әсемдігін көргенде, шіркеу қабырғаларын безендірудің бұдан асқан көркемдігін адамзат баласы әлі ойлап таппағанын еріксіз есіңе аласың. Қабір үстіндегі шіркеудің кішкенелігінің арқасында мұнда мозаикаларда пайдасыз, суық салтанат байқалмайды. Бір кездері императордың жұбайының бальзамдалған денесі жатқан саркофагты қоршаған қою көк отты жарқыраған ауа алаулаған діни қиял арманы болуға лайық. Готикалық шіркеулерде түрлі-түсті әйнектердің суретшілері басқа жолмен, бірақ дәл осыған ұмтылған жоқ па екен?»

Тамаша сөз! Бірақ шіркеуге сығылыса жетіп, ештеңе көре алмадым. Мүмкін Муратовқа кезінде жолсерік храм ішіне алау жағып тұрған шығар, қазір әдеттегідей қараңғылық, терезеден болымсыз ғана түсетін сараң жарықтың өзін туристердің арқасы қалқалап қалды. Топ шынтақтасып тығыз тұр. Жарықтандырғыш қорапқа тиын тастау керек, бірақ ешкім асықпайды, оны әлдебіреу жасайды деп бәрі күтулі. Мен де асықпадым. «Мен бірнеше рет тастағанмын, — деп іштей ақталып қоямын, — енді басқалар салсын». Қапырық күңгірттікте бір минут өтті. Келесі минут. «Көнбеймін», — деп ойлады әрқайсысы.

Түнек төбеңнен басады. Тышқанның иісі, көгерген иіс, басқа да көнерген бірдеңелердің иісі, кезінде иісі қандай болды екен?! Сосын адамдардың иісі келе бастайды — қартайған терінің, иіссудың, жалбызды таблеткалардың, тердің, темекінің... Өлген алғашқы сәтте де осылай болады: қараңғылық, қараңғыда біреудің демалысы мен пысылдағаны, қапырық, күту, жолсеріктеріңе деген байқатпайтын жеккөрініш, сол жеккөрінішті білдіртпейтін сыпайылық, болымсыз өзімшілдік, тікбақайлық, үміт, күдік. Жұмаққа бару жолындағы күту залы — басқа қайда дейсің? «Өмірімде бұдан асқан кереметті (артқы бетіне қара!) көрмедім! Жылағым келеді!» — деп жазды әкем жұмақтан.

Ақырында шырт ете қалады, біреу тастаған болуы керек, әдеттегідей бір сәтке жарық жанады. Болымсыз сәтке, жоғарыға көз салып үлгермейсің, көзің алақ-жұлақ етеді — бір сәтке төбеңдегі меңіреу, ыстық қараңғылық аяқ асты жұлдызды аспанға, жалт-жұлт еткен, ірі, көзге жақын келген жұлдызды қою көк күмбезге айналады. «А-аххх!» — деген үн шығады төменнен, жарық өшеді, тағы да қараңғылық, тіпті, бұрынғыдан да қараңғылана түскендей.

Тағы да шырт етеді, тағы да фантастикалық, түрлі-түсті жұлдыздар, айналып жатқан дөңгелектер секілді, тағы да сол «көк отқа оранған ауа» жалт етіп көрініп, жоқ болады. Тағы да тиындар салынады, тағы да шырт етеді, — ғажап көрініс, кетпе, бізбен бола тұр дейді де, қайта қараңғылық басады. Топ күнәһар басын көтеріп, дуаланып қалғандай күйде тұр. Қараңғылықтан жол ашылды, уәде берілді, дәлелі көрсетілді, бәрі құтқарылады, ешқандай түсіндірудің қажеті жоқ, — төбемізде белгісіз суретшілер жасаған ғажайып көк тұңғиық, өзі сөйлейді, сөзсіз тілмен ән салады. Көгілдір кеңістік төменге, жемістер мен жапырақтар себетіне құлайды... бәрі жоғалады, бірақ қайтадан жарық жалт етіп, мереке мәңгілікке ұласып, әне-міне періштелер әні шырқалатындай болады. Жарық жасасын!

Тобыр арасынан сақтықпен ығысып, қабір қабырғаларын жарықпен жылжытып, отшашу жасап отырған тойымсызға байқатпай, бір қарағым келді. Ол жүзін төмен салып, мүгедек арбасында отыр екен. Тізесінде тиындар салынған жәшік. Тиындарды қармап алып, шетінен автоматтың саңылауына тастайды, көкшіл аспан күлгін, шымқай қызыл түске еніп, құбылған қысқа уақыт ішінде жетектеуші әйел асығыс оның құлағына бірдеңелерді мен естімейтіндей сыбырлап жатыр, тіпті, естіген күнде де түсінбес едім, маған бөтен тілде сөйлейді.

Бұл адам соқыр екен. Жүзі соқыр адамдарға тән тұйық, төзімді, қабағы түсіңкі, басы салбыраңқы, құлағын әйелге түреді. Ол кімі екен — қызы ма, әйелі ме, әлде, жәй ғана саяхаттау үшін жалдаған жолсерігіме? Ол әйелдің сыбырын тыңдап, басын кейде-кейде «иә» деп изеп қояды. Оны тағы да тыңдағысы келіп, тиынды қайта-қайта салады. Қараңғылыққа тиын тастайды, ал қараңғылықтан оның сұлулықпен маңайын қалай жұбата алатынын айтқан дауыс шығады.

Ол тыңдап болды да, басын изеп, күлді. Әйел топ ішінде арбаны жеңіл игеріп, оны Кесенеден сүйретіп алып кетті. Бәрі соларға қарады. Оған бәрібір, ал әйелдің еті үйреніп кеткен сияқты. Арба алаңға төселген тастардан селкілдеп секіріп, отырған адамның азабын еселей түсті. Бұлттардан жаңбыр тамды да, сап тыйылды.

«Артқы бетіне қара»! Бірақ артқы бетінде ештеңе жоқ, артқы бетінде тек түнек, қапырық, үнсіздік, кейістік, күдік, қапа ғана бар. Артқы бетінде баяғыда маңызы болған, қазір мен үшін мәні жоқ, көнеліктен мүжіліп кеткен бірдеңенің суреті. Қырық жыл бұрын әкем сол кездегі таңғалдырған сұлулыққа қарап «Жылағым келеді», — деп жазды (мүмкін одан да керемет бірдеңе туралы жазған шығар), мен оның енді жоқтығына бола жылағым келеді, қайда кеткенін білмейтін, одан тек таудай қағаздар, көк майсалы жұмағы бар ашықхат қана қалған, оны үнемі бір кітаптан екінші кітаптың арасына салып келемін.

Мүмкін бәрі бұлай емес шығар, мүмкін осының бәрі баяғыда-ақ ойластырылып жоспар бойынша жүріп, құпиясы бүгін ғана ашылып отырған шығар? Сеніммен шабыттанған белгісіз византиялық шеберге Құдай бақшасының сұлулығы ашылыпты. Ол қолынан келгенше оны өз тілінде сөйлетіпті, бұдан әріге шамасы келмейтініне опынды ма екен, бәлкім?! Ғасырлар өтті, әкем Равеннаға келді, басын көтеріп, Эдемнің бейнесін көрді, оның бейнесінің арзан суретін сатып алып, сенімділік үшін леп белгілерімен бекемдеп, оны сүйіспеншілікпен маған жолдады, — әркімнің өз тілі бар. Егер ол оны жолдамағанда, мен мұнда, түнеріңкі шіркеуге келмес едім, зағипты кездестірмеген болар едім, оның қолының ишаратымен қараңғылықтың артында жұмаққа кірер тұста көкшіл жарық жанатынын көрмейтін едім.

Өйткені, біз де соқырмыз, жоқ, біз мына арбада отырған кәрі кісіден де мың есе артық соқырмыз. Бізге сыбырлайды, бірақ біз құлағымызды тығындап аламыз, бізге көрсетеді, біз теріс қараймыз. Бізде сенім жоқ: сенуге қорқамыз, өйткені, «алданып қаламыз-ау» деген үрей бар. Қабірде екенімізге сенімдіміз. Қараңғылықта түк жоқ екенін білеміз. Болуы да мүмкін емес.

Екеуі өлі қаланың тар көшесін бойлап ұзап барады. Әйел арбаны сүйреген күйі еңкейіп, зағиптың құлағына бірдеңе деп сыбырлайды, арасында кідіреді, сөзін ойша іріктейтін болса керек, мен олай ешқашан сөздерді іріктей алмас едім. Неге екенін, ол күледі, әйел оның бүгулі жағасын түзейді, тізесіндегі қорапқа тиын еселейді, тавернаға кіріп, бір кескен пицца алып шығып береді, ол қараңғыда көрінбейтін, ғажап тамақты ризашылықпен, бар ынтасымен, былапыт, қармап жейді.