Алмасы бар қаз
— Бәрін неден бастағанымды білгіңіз кеп тұр ма, мадмуазель? Мақұл, диктофоныңызды қосыңыз. Темекі шексем, қарсы емессіз бе? Тоқсан үштің аштық жайлаған жазын көз алдыңызға елестетіңіз, одан кейін аштықпен алысқан күз. Қазан айы. Мәскеу түбіндегі Лопатниково деген ауыл. Бақшаға қараған ашық терезенің алдында көзілдірікті бір адам елеусіз темекі тартып отыр. Үстел үсті кітапқа сықиып тұр.
Бұл пединститут оқытушысы, филология ғылымдарының кандидаты. Ол Иван Бунин шығармашылығына арналған лекциялар циклын даярлап жатыр. Көңіл күйі болмай тұрған. Ақшасыз өмір әбден діңкелеткен. Соңғы он бес жылғы дәстүрді үзіп, биыл жазда отбасымен оңтүстікке демалысқа бара алмай қалды. Амалы таусылған соң демалысты қайын енесінің ауылында өткізуге мәжбүр еді. Енесі жақсы адам, ол күйеу баласының түк табыс әкелмейтін жұмысын құрметтейтін. Оған ләм-мим деместен ылғи бау-бақшада жүретін.
Келіншегі қаладағы жұмысында. Ол да күйеуінің кәсібіне құрметпен қарайтын. Алайда, оның төзімі таусылуға шақ қап жүр. Филолог мұнысын біледі. Ол ешбір лекциялар курсы, тіпті, ең көрнекі лекцияның өзі отбасының қаржылық жағдайын түзей қоймасын жақсы білетін. Қолындағы темекі тұқылын ашық терезеге атып жіберу үшін бұрылғаны сол еді, ағаштар арасынан енесінің көршісін байқап қалды. Бұл көрші күллі зейнетке шыққан милиционерлер сияқты үнемі көңілді жүретін. Өзі еңсегей бойлы, беті быттиған. Жұрт сыртынан Қаз деп атайтын. «Жүр, тартып жіберейік» деп көрші ымдап жатыр екен. Кандидаттың зиялы санасында «көппен көрген ұлы тойдың» кез келген түріне жиіркеніш пен бәріне қолды бір сілтеп, өлесе мас болудың арасында шайқас жүріп жатты. Ақырында терезеден секіріп түсіп, көңілді ментке қосылды. Демалысын Лопатниковода өткізіп жатқан кран айдайтын Степанычқа қосылып, екеуі де ағаштың саясына жайғасты.
Қаздың жеріндегі алхоры ағашының түбіне жайғасқан. Отырыс жайлы өтті. Мент шын мәнінде өте әңгімешіл екен. Қоржынында адам сенгісіз небір қызықты хикаялары көп-ақ. Степаныч қайта-қайта таңдайын тақ еткізіп, таң қала берді.
— Сенің әр сөзіңді жазып алу керек.
Филолог бас шұлғи берді, жазып алса, сауап болар еді деп мақұлдады.
Екі шөлмектен кейін тағы да жалғастырсақ дұрыс еді деген өткір мәселе туындады. Кандидаттың жүрегі ұшты, сол сәтте екі оттың ортасында қалғанын түсіне қойды. Енді бұның шөлмек алатын кезегі кепті. Ал қалтасында көк тиыны жоқ. Енемнен алсам ба екен? Одан асылып қалған оңай. Түрі бір бозарып, бір қызарып, бұл «келесі жолы» деп ыңыранды. Кран айдаушы құтқарып қалды.
— Келесі жолды несіне күтеміз? Қазір мына алманы сатып, әкеле қоямыз.
Зиялы айтылған ойға таң тамаша қалды. Енесінің бауында жерге түсіп жатқан антоновка алмасынан аяқ алып жүргісіз еді.
— Әлбетте, сатамыз, — деп мәлімдеді кандидат. Степаныч үйіне барып бірнеше қап пен түбіне металл елеуіш жасалған арнайы шелек алып келді. Жерге түсіп былғанған алманы колонканың суына жуып алғанға ыңғайлы екен. Жарты сағаттан соң Степанычтың запорожы Мәскеуге үш көңілді саудагер мен төрт қап алманы әкетіп бара жатты. Қалаға дейін небәрі бір жарым шақырым. Баяғы промкомбинат ғимаратының маңында жайма базар бар еді — жәшіктерді төңкеріп тастап, көк шөп, шалғам, алма, жемістер, алхоры сататын. Сатылатын зат маусымына қарай өзгере береді. Отыздан аса тұрақты саудагер кемпір бар. Екі центнер антоновкасы бар запорож жайма базарға «Боинг» компаниясы авиақұрастырушылар слетіне жеткендей киіп-жарып кірді.
Қаз бен Степаныч әп-сәтте мұндағы саудаласу мәнерін бұзып қана қоймай, баға саясатын да тұқыртты. Егер кемпірлер алманың келісіне екі жүз елу рубль сұраса, кран айдаушы мен мент жүз жиырма, ал кейде жүзге келісе берді. Сорына қарай есін жинап алған филолог ашық тұрған багажниктің ар жағына тығылып тұр. Өзін ыңғайсыз сезінді. Сатып алуға келгенде де өзін нашар сезінетін, ал қазір тіпті... бірақ, қашып кетуге тағы болмайды.
Бәсекелескен саудагер кемпірлер шу көтергенде жағдайы мүлде қиындап кетті. Бәрінен де кран айдаушыға көп тиісті. Дегенмен, оған айтылған кейбір ескертпені кандидат өзіне де айтылды деп түсінді. Степаныч пен Қаз қарқылдай күліп, келесі сатып алушыны шығарып салатын. Қаптар жылдам босап жатты. Құтылудың мезеті жақындай берді. Небәрі жиырма келі қалғанда бұрыштағы ғимараттан бері қарай бірдей киінген, шашын бірдей қырықтырған, бастары жаңғақ тәріздес, түрлері сұсты екеу шыға келді. Кандидаттың жүрегі мұздап кетті. Қашып кете жаздап, өзін әрең іркіп қалды. Сол сәтте іркіп қалғанына өлердей өкінді. Жігіттер тура запорожға тақап келді. Шайнаң-шайнаң етіп, Қаз бен Степанычтың бетіне тура қарап тұр. Бұрын мент болған көршісі саспай тұрған. Түбі тесік шелекті қос қолдап ұстап алыпты. Кран айдаушы бірден қипақтады.
— Әрбіріңнен мыңнан. — Деді біреуі.
— Не үшін? — Қаз алаңсыз сұрай салды. Жігіттер «тұрған орын» үшін ақы сұрай келіпті. Мент не үшін төлеуге тиіс екенін мүлде түсінбеді. «Алма менікі, орын ортақ». Кемпірлер мынау шатақ көріністі ыждаһаттылықпен бақылап тұр. Екінші жігіт күртесінің қалтасынан жұдырығын шығарды. Жұдырығында әлдене шырт ете қалды. Лыпып тұрған өткір жүз жылт етті. Өткір жүзді Степанычтың қарнына бағыттады. Ол болса «қазір, қазір» деп міңгірлей артқа қарай шегінді. Жартылай босаған қаптың шетін басып кетті де, шалқасынан құлады. Қос аяғы алға сүйрең етті. Ауыр бәтіңкесінің өкшесімен пышақ ұстаған жігіттің сирағынан оңдырмай тепті. Анау аузынан ақ ит кіріп, көк ит шығып, оң аяғын ұстаған күйі отыра кетті. Бұрынғы милиционер, сірә, бұл тонаушыларға қарсы әскери шабуылдың басы деп түсінсе керек, ол да құры тұрмай іске көшті. Бірінші жігіттің басынан шелекпен тарс еткізді. Йағни, шелектің түбімен. Сым темірдің бәрі үзіліп, шелек бұзақының бет терісін сыдыра басына киіліп қалды. Бұзақы ойбайға басты. Алды-артына қарамай безді. Бірақ түк көрмеген соң шамның бағанына соғылып, ұшып түсті. Атып тұрды да, қайта құлады. Нағыз голливудқа тән эпизод шықты. Жарақат алған жексұрын да аяғының ауырғанын ұмытып, соры қайнаған серігін бағып қапты. Бірақ Қаз ештеңені ұмытпады. Ол жүрелей отыра кеткен жексұрынға қарай адымдап келді де, пышақ ұстаған қолын аяқпен мыжып қалды. Әлгінің бірдеңесі сытыр етті. Рэкетирлер екі жақта бебеулеп, базардан әр жаққа безе жөнелді.
Сол күні кеште кандидат кітаптарын сөмкеге толтырып алып, бәлесінен аулақ деп қалаға тайып тұрды. Біраз күннен кейін аса қадірлі енесі ауырып қалды, бірнеше айға ауруханаға жатқызуға тура келді. Лопатниковомен байланыс мейлінше үзілген еді. Алайда, филолог отбасындағы қаржылық жағдай қиындай берді. Ауылдан әкелген екі қап қартоп желтоқсанға таяу таусылған. Филолог амалсыздан Лопатниководағы қамбаға барып келуге тиіс болды. Сол күні шым-шытырық бір диссертацияға пікір жазуды аяқтауы керек еді. Бірақ келіншегі мұны тыңдамады. Ол өмірінде бірінші рет ақша жоқ деп шу шығарды. Ғалым метрода да, автобуста да ашуға булығып, ауылға зорға жетті. Соңғы аялдамада атып шықты. Жиектегі қара бура қарға өкшесімен батып келеді. Автобустың арт жағынан бұрылып, жол үстіне шыға бергені сол, аяқ астынан қайдан шыға келгені белгісіз бір «мерседес» қағып-ақ кеткені. Шалқасынан құлап, радиаторға көзі түскенде қаққан көлік мерседес екенін ұғып үлгерген. Ашылып жатқан есіктердің шөп еткенін естігеннен филолог шетке ығыса берді. Мынау жылтыраған иномаркада ешбір із қалмаса деп тіледі.
— О, ғылым! — Тура төбесінен шыққан көңілді әрі өте таныс дауысты естіді. Бұл дауыстың иесін бірден жыға тани қоймады. Тіпті, мұны жерден көтеріп алып, үсті-басын қағып-сілкіп жатқанда да ұзын қара пальто киіп, аппақ мойынорағыш таққан бұл кім болды екен деп ойлады.
— Танымадың ба?
Сонда барып танығаны. Бұл Қаз деген лақап аты бар зейнеттегі мент еді.
— Саған не болған? — Пальто, мойынорағыш, мерседесті меңзеген филолог.
— Амансың ба? Жүр, айтып берейін. — Қаз мешінге ұқсайтын жүргізушісіне қарап пәрмен етті. — «Аврораға».
— Бұл қай «Аврора»?
— Ол менің түнгі клубым. Әзірге басқа сұрақ қоймай қоя тұр. Сәлден соң бәрін білесің.
Мерседес зу ете қалды.
— Ал, шешін, қазір бұл жер бос қой. Таң енді атты.
Киім ілгіштегі қызметкер есінеп жүрсе де сыпайы сөйлеп, филологтың драп тонын иіліп тұрып алып қалды.
— Анау шетте екі жақсы биллиард үстелі бар, — Қаз гардеробтың сол жағын нұсқады, — бірақ таңға жуық бәрі соның үстіне барып ұйықтайды. Ана жақта — «бір қолы жоқ бұзақылар». Картаны келесі залда ойнайды.
— Ал рулетка бар ма? — Дей салды қонақ.
— Әрине. Бірақ айналдыру үшін кешке дейін күту керек. Қызметкерлердің бәрі ұйқыда. Біз мұнда кірейік. Ана жақта — бар.
Тып-тыныш. Терезеге күлгін перде ілген. Шырағдандар жанып тұр. Қаз қожайын кім екенін көрсеткендей маңғаздана басып, түкпірдегі үстелге қарай беттеді. Жол-жөнекей ауадан пайда бола кеткен даяшыға «ескі досын» немен күтетінін түсіндіріп жатты.
— Отыр, ғылым!
Қай жақтан екені белгісіз, тәбетті аштыратын ғана емес, өте қымбат тіскебасарлар кеп жатты. Қонақтың бокалы таңғажайып жұпарымен еліткен бірдеңемен өздігінен толтырылды.
— Курвуазье, коньяк, ал, соғыстырып қояйық.
— Мейлің... ал, сөйле...
— Қазір, қазір. Болды, қараңды батыр бұл жерден. — Соңғы сөз үстелді айналсоқтап жүрген даяшыға арналды.
Филолог буырқанған сезімін ауыздықтау үшін демде бокалын басына төңкере салды.
— Есіңде ме, сауда жасағанымыз? Екі күн қатарынан гөләйттап ек. Ақыры ақша таусылып, мен сол тәжірибені қайталамақ болдым. Степаныч басында қашқақтап көнбеді. Ол соған дейін анау пышақ ұстаған күшіктерге ақы төлеп жүрген екен. Енді қорқып қапты. Мақұл дедім, бұл жолы төбелеспейміз, сұрағанын төлей саламыз дедім. Үш қап алманы салып алдық. Келдік. Сауда қызып жатыр. Сәлден соң бір кемпір кеп, қалтама бір бума сап жатыр. Банкнот екен. Бұл не деймін. Сөйтсем, біздің шудан кейін әлгі рэкетирлер базарға жоламапты. Кемпір бір жағынан разылығын білдіріп, екінші жағынан біздің беделімізді мойындап, бұдан былай бізге ақы төлеп тұруды шешіпті. Біздің адамдар, әйтеуір, біреуге төлеп тұруға бейімделген. Мен мент болсам да, шіли, арсыз емеспін ғой. Кемпірлерді бума ақшаларымен қуып жібердім.
Қаптарды түгел сатып, тағы үш рет келіп кеттік. Кемпірлер содан кейін маған жоламады. Сөйтсем, Степаныч маған айтпай кемпірлерден ақы жинап жүріпті. Шірік неме! Мен ондайлармен дос емеспін. Ал кемпірлер бүкіл ауданға мені ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстайды деп сөз таратыпты.
Сол сәтте даяшы жетіп келді де, үстелді айналсоқтап жүріп алды, күлсалғышты ауыстырды, шөлмекті алып қожайыны мен қонағына құйып берді. Қаз ашуланып, бұрқ етті.
— Құры кет, өзім құям.
Бірден жүз елу грамнан құйды. Екеуі тартып салды.
— Алма таусылуға таяп қалған. Арқамды кеңге салғам. Бекер екен. Бір күні біздің базардың қасына қымбат қара көлік тоқтағанын байқадым. Көліктен үшеу түсті. Бұларды шелекпен ұрып құтылмайсың-ау дедім. Неде болса, ең сорақысына дайындалдым. Келген адам маңғаз біреу екені көрініп тұрды. Қасында екі бұқасы бар. Өзі қасыма келіп — былай шығайық, әңгіме бар деді. Шықтым. Соңғы сапар емес шығар деп ойлап қоям. Әлгі маңғаз адам орташа бойлы, көз алды ісіп кеткен, бірақ әңгімесі маңызды болды. Тротуармен ары-бері екі рет жүріп өттік. Менің қылығым жөн емес екенін түсіндірді. Бұл базарға түкіргені бар, бірақ бұл принципке тірелетін іс деді. Бұл ауданда басқа түгіл, тіпті, тауықтар жолды қалай кесіп өтерін мен шешем, жолдан қосылған алмасы бар Қаз емес деді.
— Ал сен не дедің?
— Ал мен не дейін. Үндемедім. Қорыққаннан тілім таңдайыма жабысып қалған. Бұл маңғазбен қалжыңдасуға болмайтынын бірден ұқтым. Көзін қысса, мент жоқ, оның үстіне бұрын ғой мент болғаным. Сөз соңында менен түсіндің бе деп сұрады. Тура сол кезде жүйкем сыр бергеннен ыржиып күлгенім бар емес пе? Менің сасқаннан ыржиғаным оған мазақтағандай болып көрінген болар. Оны түрінен түсіндім. Түрі бозарып, қорқынышты боп кетті. Жарайды, ендеше, деді де саусағын мұрныма тақады. «Сұрап алған аурудың емі жоқ» деді.
— Йағни, ол қорқытты ма?
— Дәл солай! Ең бастысы, бәрі бәрін көріп, естіп тұр. Кемпірлер де, бұқалар да. Керемет көрініс болды, ол маған теріңді сылып, шырағданға қап тігем деді, мен бетіне күле қарап тұрмын.
— Сосын, сосын не болды?
— Үйге есім кіресілі-шығасылы жеттім. Тура сол күні туған күнім еді. Екі бауырым құттықтай кепті. Виталик —Палашевский базарында қасапшы боп істейді, ал Борька кеденде жұмыс істейді. Оның пистолет ұстауға рұқсаты бар. Жарайды, оны қойшы. Үшеулеп біраз іштік. Әбден сілтеппіз. Ақша бар ғой. Мен ішіп алып батырсынып берданкамды шығардым. Бауырларымды сайға ертіп барып, шөлмек атайық дедім. Бірақ қорқыныш бойымды жеңе берді. Оңайлықпен қолға түспеспін дедім! Келіп көріңдер, кім кімді жеңер екен! Таңертең жетіп келді.
— Әлгі бұқа мен өгіздер ме?
— Жоқ. Аудандық бөлімнен. Үшеуміздің қолымызды қайырып, қалаға әкеп қамап тастады. Бұл не тірлік деп ойлап қоям! Аң атуға рұқсатым бар. Қоғамдық тыныштықты бұздың дегендерді бұлай ұстамайды. Сосын екінші күні кезекшілікке бірге әскерге барған сержант түсті. Сол түсіндірді. Менің туған күнім боп жатқанда әлгі үрейлі бандитті қос оққағарымен көлігінде жарып кетіпті. Мен бауырларыммен сайда атыспақ ойнап жатқанда. Екеуі бірден өлген. Оққағардың бірі ажал аузында жатып, пахан сол күні менімен, йағни, Қазбен базар үшін тәжікелесті депті.
— Бірақ бұл сәйкестік қой!
— Соған ешкім сенбейді! — деді Қаз ақырын сыбырлап. — Қысқасы, мені жібере салды. Тіпті, құрметтеп шығарып салды. Айналамдағылардың маған деген көзқарасы өзгерді. Бұрын байқамайтын елдің бәрі өздері кеп амандасатын болды. Жұрттың бәрі әлгі бандиттің көзін мен құртты деп ойлады.
— Сен түсіндіріп көрмедің бе...
— Кімге?! Қалай?! Бауырларыммен сөйлесіп көріп ем — мазақ етті. Неге сонша күдікшілсің деді. Біраз уақытқа кетіп қалғаным дұрыс деп шештім. Тверьге, апама бармақшы едім. Жиналып жатқам. Сол кезде бір жас жігіт кеп, сенімен бір-екі ауыз тілдескісі келетін адамдар бар деді. Ал, деп ойладым...
Саня маңдайын уқалап, темекі тұтатты. Даяшы кеп қалмады ма деп айналасына зер салды.
— Тілдесуге бардым. Екеуміз отырған дәл осы үстелге кеп отырдық. Мені үш адам күтіп алды. Сен оларды білмейсің, білмей-ақ қой. Сипақтап ұзақ отырды. Шамасы, менің тамырымды басып көргісі келді. Мен көп сөйлемей, ештеңеге көнбей отырғам. Маған олардың қылмыс әлемінен ештеңе керек емес, ештеңеге таласпаймын, тыныш қана өз шаңырағымда өмір сүргім келеді дедім. Бәрін тап-тұйнақтай түсіндірсем, үйдегі зейнеткерлік өміріме қайтам деп ойлағам. Ал, олар бауырларыммен қылмыстық топ құрып жатыр деп түсінген. Бізге қоқан-лоққы жасама дейді. Мен аяғыңа жығылайын, қорқытып отырғам жоқ, керісінше, өзім қорқып отырмын, босатыңдаршы деп жыларман болдым. Олар былай шығып, кеңесіп келді. Жарайды дейді, біздің шаруаға араласпасаң, саған осы клубты береміз деді. Сен бұны онсыз да жеңіп алдың ғой дейді. Содан бері...
Қайтадан даяшы кеп, ыстық тамақты бере берейік пе деп ілтипатпен сұрады. Қаз ашуын әрең іркіп тұрғаны сезілді.
— Ыстық тамаққа маскүнемдердің елірмесін бер. Құртшы көзіңді.
— Неге ұсынғыштарды ұнатпайсың?
— Тек оларды емес, жүргізушілерді, моншашыларды, жезөкшелерді, биллиардтағы маркерлерді жек көрем. Тың тыңдайтынның бәрін! Менің шын мәнінде кім екенімді біреу сезіп қойса, не боларын білесің бе?
— Иә...
— Сол ғой... Неге сені көргенде қуанып кетті дейсің — сөйлесетін адам табылды деп. Әйелім жас қызбен көріп қойып, ажырасып кетті. Оған, қызыма бір-бір пәтер, көлік әпердім. Енді жалғызбын. Степаныч мені шынымен дөкей санайды.
— Иә... — Деп созды филолог, авокадоның бір тілігін шайнап отырып.
— Сен анда-санда осында кеп тұршы. Жігіттерше шайқап қалайық. Қорықпа, ақша тықпаламаймын. Сен ондай адам емессің, оны түсінемін. Бірақ дастархан жайып, күтіп аламын. Өмір жайлы әңгіме-дүкен құрайық.
Кандидат үйіне мас боп оралды. Картопсыз. Бірақ бір десте гүлмен. Соның арқасында әңгір-таяқтан құтылды. Алмалы мафиозимен кездескенін айтып берді де, қор ете қалды. Түн жарымында оянып кеткен әйелі төсекте филологтың жоқ екенін көреді де, атып тұрып асүйге жетіп келеді. Филолог дастархан басында отыр екен. Маринадталған қызанақтарды банкадан соғып отыр. Ойланып кетіпті.
— Саған не болған? — Деп шошиды бунинтанушының әйелі.
— Өмірімде бір нәрсені өзгертетін боп шештім. — Күйеуінің жауабы.
Әйелі жылап-сықтайды — Ардақтым, тек бандит болмашы, керек емес, ақшасы құрысын, Құдай ақы, бірдеңе ғып тірлік кешерміз дейді.
— Түсіндім, — дейді диктофонды өшіріп жатқан тілші қыз, — кандидат Бунинді тастап, отбасын асырау үшін детектив жазып кеткен болды ғой.
Кабинеттің қожайыны аузынан трубканы алып, абайлап сілкіп қойды.
— Расында да, мен айтып берген оқиғадан соң шамамен жарты жылдан кейін бір коммерциалық баспадан «Алмасы бар Қаз» деген қылмыс туралы роман жария болды. Бірақ оның авторы кандидат емес еді... бұрынғы мент.
— Солай ма? Сіз мені алдадыңыз ба? Сіздің сөзіңізге қарап, бас кейіпкер филолог екен деп қаппын.
— Біле білсеңіз, мен ондаған детектив жаздым. Содан ба екен, солардың соңын ел күтпегендей аяқтау өздігінен орын алып жатады. Бунин бойынша маман шынында да өмірінде бір нәрсені өзгертті. Ол сыншы боп кетті. Менің кітаптарым туралы мақала жазып жүр. Еңбегін жемей, жақсылап төлеп қоям.
Тілші диктофонын сөмкесіне сап жатып мырс етті.
— Түсінікті. Бір нәрсе түсініксіз — білдей казиноңыз бола тұра неменеге әдебиетке бет бұрдыңыз? Роман жазудан бәрібір сонша ақша таппайсыз ғой.
— Дұрыс. Мәселе мынада, біраз уақыттан кейін казиноны бәрібір менен тартып ап қойған. Ақырында біреу-міреу менің әңгімемді естіп қойған сияқты. Әйтеуір, өлтіріп кетпей, аман қалғанымды айт. Кездейсоқ оқиға етектен шыңға шығарып, сосын шыңнан қайта құлатты. Осыдан кейін қалай жазушы боп кетпейсің?
Тілші қыз орнынан тұрды.
— Өте қызық оқиға екен. Көңілге жақпай тұрғаны романның атауы. «Антоновка алмасы» десеңіз сүйкімдірек болар еді.
— Сізбен толықтай келісемін. Өзім де солай атамақшы едім. Бірақ кандидат көнбеді. Егер солай атасаң, өзім өлтіріп тастаймын деді. Шынымды айтсам, оған сендім. Осылай жүріп жатырмыз — бір жағымда бандиттер, бір жағымда — Бунин.




