Мәнсіз күн
Бұл таң ештеңеге ұсамайды, тіпті, таң да емес, тек бірінші күннің қысқа үзігі: сынама, тегін үлгі, авантитул. Істейтін іс жоқ. Баратын жер жоқ. Жаңа нәрсе бастаудың мәні жоқ, өйткені, бұрынғы әлі жиналып бітпеген: ыдыстар, дастарқандар, сыйлықтардың орамдары, паркетке шашылған қылқандар.
Таң алды ұйықтап, кеш батқанда тұрасың, үйде бос сенделіп жүресің, терезеге қарайсың. Мәскеуде де, Питерде де бірінші қаңтарда күндізгі төртте Күн ұясына қонады, осылайша ұсақ, жетілмеген қар ұшқындарында кескіленген бір үзім сұрғылт жарық немесе жылдам төне түсетін қараңғылықтан басқа ештеңеден хабар бермейтін қызыл, сырқат алау ғана біздің үлесімізге тиеді.
Қызық сезімдер. Қарбаласып, асығыс аққайнар құйып, қоңыраулы сағаттың баяу, жарлықты үні созыла түскенде соғыстырып үлгеруге тырысып, ескі уақыт бейне бір күлдей үгілетін, ал жаңа уақыттың әлі келмеген аралығындағы жұмбақ сәтті ұстап, сезініп үлгеруге тырысамыз. Барлығы осы уақытта қалай қуанса, біз де солай қуандық, толқыдық, қолымыздан келмейтіндей, көрінбейтін есіктен ене алмайтындай қорықтық. Бірақ, әдеттегідей қолымыздан келді, кірдік. Енді, міне, кешкі шапақта ұйқылы-ояу көзімізді ашып, шаттық та, реніш те, асығу да, өкініш те, сергектік те, шаршау да, бас жазу да емес, белгісіз бір сезімге шомамыз.
Бұл күн де артық сыйлық сияқты: алғанды ұнатасың, бірақ оны не істейтініңді білмейсің. Бұл — қысқа күн, жылдың басқа күндерінің бәрінен қысқа. Бұл күні ешкім ештеңе пісірмейді, бәрі толып тұр, бар болғаны бір-ақ рет жейді, соның өзі кешегі тамақтар, талғаусыз: дәмі өзгерген салаттар қоспасы, бетін майлықпен жабуды ұмытып, кеуіп кеткен пирогтар, қалса, фаршталған жұмыртқа. Таңғы ас сияқты, бірақ арақ пен майшабақ бар, түскі ас дейін десек, сорпа жоқ. Бұл күн ең тыныш күн: кеше күлкіні, көңіл көтеруді сарқып тауысып, шаршағанбыз.
Осы күні қаланың сыртында, саяжайда, ауылда болсаң. Жеңі жыртылған ескі киімдеріңді, елге көрсетуге ұялатын тықыр тоныңды, пимаңды кисең. Сыртқа шығып, аспанға мәнсіз қарап тұрсаң, жолың бола қалса, жұлдыздарға қарасаң. Өзің де түсінбейтін, ешкім емес, жайлы үйден шықпайтын, алты жасар, мәңгілік қалпыңда сезінген қандай жақсы. Ешбір сұмдық күтпей, сүйген жақсы. Үй бағанасына немесе адамға сүйенген жақсы.
Бұл күннің мағынасыздығы сондай, есте қалмайды. Не істедіңдер? — ештеңе. Қайда бардыңдар? — ешқайда. Не жайлы айттыңдар? Ештеңе де айтпадық. Тек мәнсіздік, ықшамдық, құмыққан жарық, бағалы әрекетсіздік, сүйкімді сылбырлық, тәтті есінеу, шатасқан ойлар, ерте келген терең ұйқы ғана есіңде қалады.
Осы күн болмаса, қалай өмір сүрер едік! Өмірге, оның құлақ тұндырар қатқыл айқайына, біз бәрібір ұғынып үлгермейтін толы мазмұнына, шілде, қыркүйек, қараша оратылып жатқан толы күндеріне қалай шамамыз келер еді!
Артық, мәнсіз, ғажап күн, бізге — мағына, түсіндіру, ақталу іздеген, есепшіл бізге үш жүз елу ұзақ күннің арасына байқаусыз қосып жіберген қысқа ғана үзінді. Саны жоқ күн, адам есебінен тыс күн, жай ғана — Рақат!




