Сергей Лукьяненко

Сергей Васильевич Лукьяненко (1968 ж. т.) — фантаст-жазушы. «Аэлита», «EuroCon», Александр Грин атындағы және басқа да бірқатар сыйлықтардың лауреаты.
Қаратау (Қазақстан) қаласында дәрігерлер отбасында дүниеге келген. Алматыдағы медицина институтын бітіріп, психиатр болып қызмет атқарған. Алғашқы әңгімелері 1988 жылы жарық көрді. «Рыцари сорока островов», «Атомный сон» хикаяттары қаламгерді қалың оқырман қауымға танымал етті. «Линия грез» — «Императоры Иллюзий» — «Тени снов» трилогиясы сынды «философиялық-ғарыштық операның», «Сегодня, мама!» және «Лорд с планеты Земля» секілді үшем-романдардың, «Лабиринт отражений» романының авторын бар әлем мойындаған «Дозор», «Соглашение» топтамалары заманауи фантасттардың ішінде бірегейлік деңгейіне көтерді.
Ол өз әдісін «қатал әрекет фантастикасы» деп анықтап алған. Ғарыштық триллер, ғарыштық атыс-шабыс, «орыс киберпанк» жанрларында жазады. Сыншылардың пікірі бойынша, Лукьяненко киберпанктің дәстүрлі проблематикасын (адам vs жасанды интеллект) этникалық сауалдармен астастырады.