Гузель Яхина

Гузель Шамилевна Яхина (1977 ж. т.) — прозашы, сценарийшы. РФ Үкіметі сыйлығының (2019), «Большая книга» (2019), «Ясная Поляна» (2015) әдеби сыйлықтарының иегері.
Қазан қаласында, дәрігер мен инженердің отбасында дүниеге келген. Қазан педагогикалық институтының шет тілдері факультетін және Мәскеу кино мектебінің сценарлық бөлімін бітірген. Жарнама саласында жұмыс істеген.
Жазушының әдеби дебюті — 2014 жылы «Нева» журналында жарияланған «Көбелек» әңгімесі. 2015 жылы қаламгердің 1930-шы жылдардағы татар шаруаларының қасіретіне арналған «Зулейха көзін ашады» тарихи романы жарық көрді. Аталмыш роман көптеген баспалардан жарық көріп, экрандалды. Яхинаның «Менің балаларым» (Еділ бойындағы немістердің тағдыры), «Самарқанға баратын эшелон» (1920-шы жылдардағы Еділ бойындағы ашаршылық) романдары қоғамда үлкен резонанс тудырды.
Яхина — мұрағаттық зерттеуді қажет ететін күрделі тарихи материалдармен, XX ғасырдағы эпоспен жұмыс істейтін заманауи авторлардың бірі. Оның прозасы өзіндік ішкі динамикаға ие болуымен ерекшелінеді.