Франкфурттағы қыс

Немістің қолмен салған қаласында,
ұқсаған тығынды атқан қара суға,
сондай бір сұрапыл күш екпінменен,
жаңбырлы жел соғып тұр даласында.
Ісінген автобустар адам толы,
зырлайды көшелердің арасында.

Кездесер түрік иттер бұ қаладан,
балконнан, терезеден сығалаған.
Жауынға мұртын жуып көрші мысық,
дауылды мас поляктай кінәлаған.

Қалпақты тамшыларға төпелетіп,
боранда жалғыз өзім төтелетіп,
мен келем ақсай басып,аяғымнан,
кеткендей шеге кіріп табанымнан.

Шулатып қарғаларды қарқылдатып,
отпенен еттің исін бұрқыратып,
ешкімге жаны ашымай бұл қатал қыс,
тұрғандай айналаға мылтық атып,

менің де берекемді алмағандай,
ешкімге ештеңе де болмағандай,
алай— дүлей ақ боран кете барды,
әуреге ешбір жанды салмағандай...