Географ глобусты ішіп қойды
(романның қиындысы)
Жаздыгүні ені жиырма қадамға таяу барған Поныштың жайылып кеткені сонша — арғы жағадағы көз жететін жерді алып жатқан шырша тоғайын басып кетті. Көктем кеш шығып, жаймашуақ болды. Тау беткейлерінен, сай-саладан аққан қар суы күллі жерді алып кетті. Бұл ағын сынған бұтақтарды, жұқарған мұздарды, мүк пен шымның бөліктерін, соңына дейін шіріп бітпеген жапырақтарды, қыртыстың сынықтарын, қара шөпті ағызып әкеле жатты. Ағаштардың діңдері қоңыр қабықтан белдемше тағыныпты. Лайлы көбік арнаның бойында созылып жатты, иірімдердің тұсында кесек болып ұйысып қап отырды. Поныштың суы самогон сияқты бұлдыр еді.
Біздің иыққаптарымыз ақтарылып, заттарымыз болса кәрі қайыңдардың арасында шашылып жатқан. Мен әкелерді заттарды дұрыс жинақтап қоюға үйретіп жүрмін. Әкелер суға батырмайтын қызыл күртешелерді киіп ап, киімдерін біресе бір үйіндіге, біресе басқа үйіндіге сүйреп, енжар қалыпта жағаны бойлап сабылып жүр.
Бір жарым сағатта әрең болдық.
— Ал енді жабынның қаңқасына сырық шауып келу керек, — деймін мен.
Әкелер томсырая топтасып, ызаланып шылым шегіп отыр. Мен балтамды ойнатып, өтірік ысқырып тұрмын. Ақыры томсырайған шоғырда қабақ шытқан бұрқыл туды, ол бірте-бірте ашулы боқтыққа ұласты. Әкелер сырық шауып келуге кім баратынын шешіп жатыр. Ақыры шоғырдан артымен төрт аяқтап Тютин шықты, тұрды, менен балтаны алды да, мыңқылдап, құнысып, сүйретіліп қайыңға қарай кетті. Бәрі отыр, күтеді, үндемейді, шылым шегеді. Мен де. Тютин бір құшақ жіңішке-жіңішке қарағаймен қайтып келді.
— Мыналарың тым осал, — деймін мен. — Қаттылаулары керек.
— Түу, сен, Жертва, сырықтарыңа қайтадан бар, қайқай! — деп айқайлайды Градусов.
Қыздар аулаққа қарай жылыстап кетті де, бізге сыртын беріп, жағаға отырды. Әкелер жатыр. Мен үнсіз шылым шегіп отырмын. Тютин алысырақта бұғы құсап бұталардың арасында тұр.
— Жарайды, — деймін мен. — Шатырдың қаңқасы жіңішке сырықтардан-ақ болсын. Бірақ ескеріңдер: мен олардың сынып кетуі мүмкін екенін айттым.
Мен катамаранның қалай құрастырылатынын түсіндірдім. Қайықты қалай шайқау керек екенін көрсеттім. Бәріне бірден ең оңайы осы боп көрінді. Градусов, Демон және Овечкин маған қарай ұмтылды. Градусов күресіннен сорғы тауып алып, сонымен бәрінің басынан ұрып жүр. Мейлі, онда Градусов шайқай берсін.
Мен катамаранға жақтау тоқуды үйреттім. Жартылай шеңбер боп, қолдарын қалталарына салып, бәрі маған түнеріңкі сезікпен қарап тұр. Үндемейді. Мен тоқимын. Бәрі қарап тұр. Мен тоқимын. Бәрі қарап тұр. Мен:
— Адам дүниедегі үш нәрсеге мәңгі қарап тұра бере алады: жанып тұрған отқа, түсіп бара жатқан түкірікке және біреудің жұмысына, — дедім.
Борман ауыр уһілеп жүресінен отырды да, ол да жіпті ұстады. Еріне басып кеп, оған демін ішіне тартқан Чебыкин қосылды. Содан соң бұйығы Овечкин. Демон мен Тютин баяғыдай қайыңды тоғайда жатыр.
Катамаран жай да болса құрастырылып жатты. Жіңішке сырықтардан жасалған солқылдақ жақтауға қайықтарды матап байладық — әр қатарға екеуден. Содан соң тор тартып, арқанды шиыршықтап, кемемізді суға түсірдік. Бәрі оған ойлана үңіліп тұр.
— Эротикалық боп шықты, — дейді Чебыкин.
— Біздің деревняда да бір ұл үрлемелі қайықпен жүзіп-жүзіп, суға кетіп қалды, — дейді Тютин ақырын ғана.
Бәрі ұзақ уақыт үндемей қалды.
— Бас жағы, — деді ақыры Градусов.
— Ал, орын бөлісіңдер, — деп ұсындым мен. — Менікі — артының оң жағы.
Артының оң жағы — командирдің орны. Әкелерге, неге екенін, арт жағындағы орындар — кір-қожалақтардікі, ал енді «шонжарлардың» орындары ұшында ғана боп көрінетін. Градусов оң жағындағы қайықтың басына етпетінен жатып алып, оны екі қолымен қапсырып, «жақтауларыңды қиратып берем» деп бақырды. Чебыкин мен Овечкин оны жұлып алды. Тютин айналсоқтап секіріп жүрген, кенет Градусовтың етігі кездейсоқ кеудесінен бір қойды. Тютин маңдайымен жер сүзіп, үндемей қалды. Чебыкин мен Овечкин Градусовтың екі аяғын екі жаққа тартқылап жатқанда, Борман жылдам барып сол жағындағы қайықтың ұшына орнығып алды. Пысықай Демон өзінің кәкір-шүкірін Борманның желке тұсына орналастырып қойды. Содан соң ақыры төртеулеп жұлқынған Градусовты айырып алды. Чебыкин ептілік танытып, ұшының оң жағындағы орынды алып қойды, Овечкин болса, Чебыкиннің артындағы орынды алды. Градусов Борман мен Демонның қолынан жұлқынып шығып алды да, катамаранның қаңқасына мықтап байланған Чебыкиннің иыққабын тарта бастады. Бәрі қайтадан Градусовты сүйреп әкетіп, алқаштардың, мысалы Географ, артында жыбырламай, тыныш отыратынын айтып жекіді.
Мен қыздарға орналасуға көмектестім — Люськаға Градусовтың алдына, ал Машаға өз алдыма. Есін жиған Тютин орнынан тұрып, өзіне катамаранның орта тұсындағы орын ғана қалғанын көрді. Енді тек қайда отыратынын таңдау керек — оң жағына не сол жағына.
Тютин ескекті алып, неге екенін, төмпешіктің үстіне шығып, қай қолымен есу ыңғайлы болатынын өлшеп, ескекті ұзақ, ойлана сермеді. Сол қолымен ыңғайлы екен. Ол иыққабын сол жағындағы қайыққа қойды. Градусов алдарынан Жертваның бас сүйегі шыққанын көрсе, бұны тірідей соямын деп доңайбат қылды. Тютин күрсініп, бағынышты қалыпта оң жақтағы қайыққа ауысты. Ұрыс тыншыды.
— Ал енді, — деймін мен, — түскі асқа отын алып келуге бару керек.
Әкелер қайыңдардың түбінде қимылсыз отыр — ашулы һәм үнсіз. Шылым шегіп отыр.
— Жігіттер... — деп нали тіл қатты Люська. — Немене бейне бір әлгі... Борман...
— Неғып мен?! — деп арс етті Бармин. — Ылғи-ақ: Борман! Борман!.. Ең ширағы ма баяғы? Әне, Демон барсын да!
— Мен бара алмаймын. Мен қолымды кесіп алғам. Міне, қараңдар.
— Сен немене, тырмаңды бетіме шошайтып?! — деп бақырды Градусов. — Шынықпайсың ба! Мен де аяғымды сырып алдым! Ал не бопты?
— Аяқ — қол емес, онымен отын шаппайсың.
Жанжал жаңа екпінмен жанданды. Көп ұзамай, бәрі айқайлап, кеудесін соққылап, бір-біріне балта лақтырып, жаралы қолдарын сермеп жатты. Тютин бірте-бірте бұталарға қарай жылыстап кетті.
— Виктор Сергеевич, — дейді Маша қажыған үнмен. — Көріп тұрсыз ғой — бұлар ешқандай да от жағайын деп тұрған жоқ... Бәлкім, жай ғана жүрек жалғап алармыз?
— Біріншіден, — деп жауап қаттым мен, — олар үйден алып шыққан күллі тамақты тып-типыл жеп қойды.
— Мен жеп қойған жоқпын, — деп жылдам қыстырып жіберді Люська.
— Екіншіден, — деп жалғадым мен, — шыдай тұрыңдар, қыздар. Керек солай... Ал үшіншіден, орманға барып, Люськаның бәліштерін үшеулеп жәукемдеп алайық.
— Үшеулеп деген жөн болмас, — дейді Маша нық дауыспен. — Бөлдік пе — бәріне бөлейік.
— Маша, — деймін мен. — Мені түсінуге тырыспа, жай ғана сенші. Сосын менікі жөн боп шығатынын өзің көресің. Маша сасқан қалыпта үндемей тұр.
— Сенеді ол сізге, өзінше бәлсініп тұрғаны ғой, — деді Люська.
— Мақұлық, — деп жауап қатты Маша қызарақтап.
Біз үшеуміз орманға кетіп, сол жерде Люськаның бутербродтарын, вафлиін, чипсысын жеп алдық. Жарты сағаттан кейін қайтып келгенімізде әкелер көркемсуреттегідей кейіпте жағада томсырайып жатыр екен.
— Әне отын... — деп сызданды маған Градусов, етігінің ұшымен шабылған жіңішке қайыңдардың шағын үйіндісіне нұсқап.
— Мен бір талын көтердім де, оны тағамен идім.
— Мынау отын емес, мынау дымқыл арқан, — деймін мен. — Оның үстіне аз. Ошақтың ашасы қайда? Көлденең ағашы қайда? Су құйылған қазандар қайда? От қайда?
Әкелерде жауап жоқ.
— Әңгіме былай, — деп түйіндедім мен. — Түнемелікке орын табу үшін біз осы қазір жүзіп шыға береміз. Таңғы ас пен түскі асты кешкілікпен қосып ішеміз.
Енді міне жүзіп келеміз. «Біз жүзіп келеміз» деген қарапайым сөзге қашан нақты мән үстей алар екенмін деп ұзақ күткен едім. Білегіммен, самайыммен, екі құлағымның ұшымен мен ауаның ылғалды тазалығын сезініп келемін. Әр ескен сайын сарғыш суда айнала дөңгеленген екі ойық қалып жатыр, олардың өрнегі ионикалық капительдің бедерін еске түсіреді. Менің ішімде бір жыл бойы тот басқан сағыныштың шеңгелі жайлап босап жатты. Көптен бері бірінші рет мені қуанышқа жетелейтін жолмен жылжып келе жатқандай көріндім өзіме.
Әкелер бір кезде өздерінің аш әрі шаршаңқы екенін ұмытты. Олар шын тайгада шын өзенді бойлап шындап жүзіп келе жатқанына айран-асыр болды. Әрқайсысы әр жаққа беталды есіп, қарқылдап келеді.
— Эротикалық!.. — деп күбірлейді Чебыкин масайрап.
Поныш шырша тоғайларының арасымен сарқырай ағып жатыр — екі қара, биік дуалдың арасындағы жарқыраған, алтын жолақ. Өзеннің беті у да шу — бұталар сыбдырлайды, кеңістік гуілдеп тұр. Дәл біздің тұсымызда, ескек созым жерде — шыршаның қылқандары тербеледі. Кеш қоюланып, бұлттардың құйрықтары мен бауырларын тропикалық балықтардың түсіне бояды. Аспанның отты жиегі бізге күннің түпсіз иірімімен күңгірттене, сығырая көз тастайды. Үрлемелі тәрелке мен оның үстіндегі бір шоғыр адам — тайга теңізінің ортасында. Бұл алқымға тірелген кездік сияқты, алғашқы махаббат сияқты, соңғы өлең сияқты.
— Географ, алда көрінген не нәрсе? — деп сұрады Борман. — Үй ме?
— Бәлкім, Пермь шығар? — деп үміттене жорамалдады Тютин.
— Жеткен соң көреміз, — деймін мен.
— Түу, жартас екен ғой!.. — деп айқайлайды Чебыкин.
Біз ұзын доғаның бойымен алға ұмтылып келеміз. Бұрылыстан бізге қарама-қарсы жоғары қарай тас қабырғалар созылыпты. Шырша тоғайы перде құсап шетке қарай ысырылыпты. Жай ғана алып емес, шөптің үстінде жатқан ирек тісті динозавр сияқты сұмдық алып жартас сол жақ жағада шырша нуының ішінде жатыр. Чебыкин үрейден әлде таңданыстан созылта ысқырды. Бүйтіп құлап бара жатқан бомба ысқырады. Әкелер тас құламаға тесіле қарап қалып, есуді доғарды.
Поныш бойлай аққан жалпы құз іргетаста екі қиғаш жартас бой көтеріп тұр. Сол жағындағысының биігі үш өркеш боп жарылған, ал оң жағындағысы төрт бөлікке тілінген. Жартастардың ортасында ұшы ұлғайған, жіңішке кедір-бұдырлы мұнара — Чертов Палец таңғажайып бұрғыдай көкке ұмылған. Жеті шың — жеті Ағайынды, Жетіадам жартасы. Шырша сүңгілері Ағайындылардың қабырғаларына шаншылып тұр.
Поныш бізді жартастың түбіне қарай тартты. Біз бір кісідей басымызды жоғары қайқайттық. Бұжыр қатпар. Көне кетіктер. Қыртыс доғалар бейне бір айлапат салмақтың қысымымен шытынайын деп тұрғандай. Көктемгі су тасқынының ағыны мен күрең қына жапқан сызаттар мен тыртықтар. Амбразуралардан шығып тұрған қару ұңғылары құсап жарықтардан жоғарыдан құлап түскен ағаштардың сынған діңдері қылтиып тұрды. Сосын тас шөгінділер, шатқалдардағы шөпшек үйінділері, қураған шыршалардың бұтақтарының түбіндегі қатты тастақ. Ал зәу биіктегі жотаның бойы — іңір сәулесімен алқызылдана әдіптелген қарағайлар.
Кенет Борман ескекті жұлқылап, айқайлай бастады. Мен көзімді шыңдардан өзенге түсірдім. Төбе шашым тік тұрып, тітіркеніп кеттім. Поныш жартастың түбінде арнаға көлденең жатқан ұзыншақ тақтаға тіреліп, төмен құлдилайды.
Жарқыраған ағыс тақтаның бетімен сырғып, су шапшып жатқан бұрқылдаған көбікті қазанға сүңгідей қадалады. Біздің катамаран қырымен ағынға кіріпі кетті. Бірер сәтте аударылып қаламыз.
— Сол жақ бүйір, ес! — деп айқайлаймын мен.
— Кері қарай ес! — деп айқайлайды Борман.
— Чеба, ыбылжық, өлтірем! — деп айқайлайды Градусов.
— Артқа! — деп шіңкілдейді Чебыкин.
— Бұр! — деп шырылдайды Овечкин.
— А-ы-ы!.. — деп шырқырайды Тютин.
Мен күллі денеммен артқа шалқайып, етігімнің ұшымен көлденең бекітілген ағашты тіреу қып, кері естім. Ескектің мойны түскен күштен сықырлап жатыр, қалағының астынан көбік көрінеді. Катамаран сусиырдікіндей тұмсығын кедергіге қарсы бұрып, селк етті. Маған арт жағымда керілгеннен арқандар үзіліп жатқандай көрінді. Біз іңір сәулесімен көзімізді қарықтырған ағынның айнасымен тұтасып, ағыспен төмен қарай құлдиладық.
Бұрқылдаған ақ көбік Борман мен Чебыкинді, сосын Демон мен Овечкинді жұтып алды. Катамаранның ортасы майысты, тіпті судың сұрапыл гүрілінің ар жағынан мен жарылып бара жатқан қаңқаның сытырын естідім. Әкелер сүңгіп шықты, ал ішке қарай ентелеген көбік Тютиннен өтіп сырғып, Маша мен Люськаның тізесіне барып соғылып жатты. Біреу бір тепкендей су-су катамаран жаңа ғана Градусов екеуміздің етігімізді сырт еткізіп өткен шоңғал тастың түбінен ұшып түсті.
Осы кезде мен Тютиннің кенет қаңқаға баяу батып бара жатқанын көрдім. Тютин үндемейді. Оның жүзінде тек шарасынан шыққан көзі мен оймақтай, қатты жымқырған аузы ғана қалды. Қаңқа қақ ортасынан екі жұп қайық түйіскен жерден — Тютиннің астынан сынып кетті. Енді катамаран екі бөлікке ақырын бөлініп бара жатты.
— Жертваны ұста!.. — деп, бірінші бақырды Градусов.
Маша, Люська және Овечкин сызды жерден қылтиып тұрған Иван — Сиыр Баласы құсап, қаңқадан белуарына дейін батып тұрған Тютинді қосыла ұстай кетті. Енді Тютин — біздің катамаранның екі жартысының арасындағы жалғыз байланыстырушы тетік. Ол қамба қақпасының есіктерінің арасындағы құлып құсап екеуінің ортасында су кеудесінен келіп, ілініп тұр.
— Жағаға! — дедім мен бұйыра.
<...>
Жетіадам шыңы — қарағай өскен үстірт. Ол жартастың үстінен төніп тұрған Ағайындылардың өркештеріне құлдилай ұласады. Өркештердің арасында — құлап түскен ағаштар жауып жатқан ирелеңдеген, мүк басқан жырықтардың сатылы шытырманы.
Біз жартастың жиегіне шықтық. Төменде — үрейлі шыңырау. Алда, көкжиекке дейін тайга созылып жатыр. Тайга көк тұман боп мұнартып тұр, көздің ұшын баяу толқындарымен жауып кетті. Жартас та, өзен де, соқпақ та, адам тұрағы да жоқ — тұп-тұтас сызды жайма.
— Эротикалы!.. — деп күбірлейді Чебыкин жан-жағына сүйсіне көз тастап.
Тура алдымызда Чертов Палецтің үрейлі кескіні үнсіз бой көтерді. Ол тұп-тура қазба пермьнің қойнауынан, көмілген аңкесіртке сүйектерінің қабаттарынан өсіп шыққандай көрінеді. Ол жонын күдірейткен кобра құсап көзді арбайды. Мен оның мылқау, соқыр, адамға тән емес көз қарасын жұмып алған тас қабағының ар жағынан сезіп тұрмын.
— Тіпу, қалай қарайды... — деп түршікті Люська.
Әкелер тас бағанның жанынан тезірек өтіп кетті.
— Географ, мына сайға бас сұғуға бола ма өзі? — деп сұрайды Чеба.
— Бара беріңдер, — деп рұқсат еттім мен. — Бір жерден жалп етіп құлап түспесеңдер болды, әйтеуір...
Чебыкин бір сайдың құшағына сіңіп кетті. Басқалары, неге екенін, баяу. Кенет Чебыкин Ағайынды-өркештердің бірінен көрінді.
— Еһ-ей, ұшар басы!.. — деп айқайлап, қол бұлғады ол.
— Түс дереу!.. — деп, жан даусы шыға қосыла шыңғырды Маша мен Люська.
Бірақ Чебыкин масаттана қарқылдап ары қарай өрмелеп кетті, жықпылдарға түсіп ап, жартастардың бетінде шыбын құсап қыбырлап қайта шығады. Мен оның қимылын бағып тұрмын. Мен, тіпті, оны осы әрекетіммен құлатып жіберетіндей дір ете қалуға да қорқам. Әкелер хайуани түйсікпен жұдырықтарын түйіп, күшеніп, күйбеңдеп жүр. Люська жүзін алақанымен көлегейледі. Мен дірілдеген қолыммен сүзгішін сыртқа қаратып, аузыма темекі салдым да, ештеңе байқамастан тартып қоям. Чебыкин соңғы, ең биік, сүйір әрі алдырмайтын өркешке шықты. Ол бірдеңе айтып шыңғырып, бас киімін бұлғап тұр, бізге сыртын берді де, бас киімін ұрғылады.
— Чеба құрыды, — деп міңгірледі Градусов.
— Үңгір бар еке-ен! — деген айқайы жетіп жатты Чебыкиннің.
Сосын ол ширақ, епті қимылмен қайта өрмелеп, жарты жолда төте үңгірге шығу үшін бұрылып кетті.
— Жүріңдер, біз де үңгірге тартып кетейік, — дедім әкелерге. — Анау жаққа...
Біз мүкті, сызды, суық әрі қараңғы сайға түстік. Кедір-бұдыры көп сай күрт құлдилайды екен. Әкелер дымқыл тастарды қарманып, шіріп кеткен қылқан мен жұмыр бөренелерге аяғы тайып кете беріп келе жатыр. Кей жерлерде аласа жарқабақтардан секіріп түсуімізге тура келді. Төмендегі әкелер қыздарды байқастауда. Маша бүгін мені мүлде байқамай жүр.
Мен соңғы келе жатып, осыны ойлап келем. Кешегім үшін қысылып жүргем жоқ және Машаның назар аудармағаны, бәлкім, ашықтан-ашық жақтырмауы көңіліме келмейді. Мен жанымның түкпірінде Машаны қабырғадағы терезені жапқандай кірпішпен қалап қойған секілденемін өзіме. Жалғыз-ақ мен кірпішін суырып алған жерден шамамен жүрек тұстағы жаңа тесіктен жеңіл самал есіп тұрғандай.
Алда төменде Чебыкин бой көрсетті.
— Мұнда кел, есек! — деп, ызалана бақырады Градусов.
— Шынықшы! — деді Чебыкин, жырқылдай күліп кемерді асып қашып кетті.
Ақыры тегіс, тықыр алаңқайға шықтық. Үстінен үңгірдің үшбұрышты аузы төніп тұр. Әкелер аузына өрмелеп шығып, ішке көз тастады.
— Құлама жар, — дейді Овечкин.
— Онда Чебыкин қалай түсті? — деп, таңданды Люська.
— Бу-бу-бу-бу! — деген шат үн жетті үңгірден.
— Аха, — деп, күмәндана келісті Борман. — Жұрттың бәрі мұндай макака емес қой.
— Біздің деревняда да бір ұл тасқа өрмелеп-өрмелеп, құлап өлген, — дейді Тютин.
— Деревняларыңда тірі ұл қалды ма өзі? — деп қызықты Маша.
— Чеба қайда шығып алғанын білесіңдер ме? — деп сұрадым мен. Ежелде бұл үңгір...
— ...әжетхана болған! — деп, ыржалақтады Градусов.
— ...ғибадатхана болған, мына жерде алаңқайда пірлер тұрған.
— Қандай ғибадатхана? — деп таңданды Люська. — Бұл жерде біреу өмір сүрген бе?
— Бұл жерде адамзат әлдеқашан есім-сойын ұмытқан ұлы халықтар өмір сүрген. Бұл жерде қамалдар, суағарлар, киелі орындар болған. Әміршілер, абыздар, жұлдызшылар, ақындар болған. Соғыс жүрген, қалаларды басып алған, құдіретті тайпалар жанқиярлықпен кескілескен. Бәрі болған. Өткен.
Әкелер әдеттен тыс зейін қойып тыңдады. Мұндайды мектептегі сабақта да көрмегем. Олардың көзінен мен не сезіп тұрғандарын түсіндім. Олар, әрине, мен сияқты Чертов Палецтің түбінде көрінбейтін, түсіндіріп болмайтын көз қарасын сезген. Енді міне аяқтарының астында бейне жер тіл қатқандай. Ол күтпеген жерден қойнауларына дейін, аңкесірткелердің көміліп қалған сүйектеріне дейін мәнге толы болып шықты. Бұл рух оның бойынан көкке ұмтылып, Чернобыль жерінің радиациясы сияқты денелерімізді көктей өтті. Тайга мен жартастар кенет ұсқынсыз ағаштар мен тұтқындардың лагерін қаусырып жатқан жабайы, дерексіз шалғай болуын қоя қойғандай. Тайга мен жартастар кенет өмірдегі маңызды бірдеңеге, бәрінен демесең, көп нәрседен маңыздырақ әрі қажетірек дүниеге айналды.
— Географ, қаттырақ сөйле!.. — деген айқайы естілді Чебыкиннің.
— Шық одан да! — деп жекіді оған Борман.
— Атаңның басы, төбелесесіңдер ме... Географ, қаттырақ!..
— Археологтар бұл жерде қазба жұмыстарын жүргізген, — деп, Жетіадам туралы оқығаным мен естігенімді айттым, — өлтірілген жануарлардың сүйектері мен жебе ұштарын көптеп тапқан...
— Не, сүйегің түсіп қалған ба сенің, Жертва? — Градусов Тютинді бүйірінен түртіп қалды.
— Таптым! Таптым! — үңгірдің қойнауынан шаттана айқайлады Чебыкин. — Жебенің ұшын таптым!..
Әкелер үңгірдің алдында күйбеңдеп кетті.
— Шық, малғұн! — деп айқайлады Градусов. — Тиіспейміз! Жігіттің сөзі!
Біршама уақыттан соң Чебыкин шықты да, маған ұзыншақ тасты ұсынды. Әкелер тасқа ықыластана қарап, саусағының ұшымен ұстап көрді. Тас — кәдімгі сынық.
— Бұл не? Жебе ме? Найза ма? — деп сұрады Чебыкин көзі жайнап.
— Зілдің тасқа айналған боғының бөлігі, — деймін мен.
Әкелер қарқылдап күлді. Чебыкин қысылып, тасты қалтасына тықты.
— Сендер сияқты дөкірлер үшін боқ та шығар... — деп дербес сөйледі ол.
Біз сайдың бойымен кері қарай көтерілдік. Мен соңғы келе жатырмын. Жігіттер алға озып кетіп, қыздарды ұмытып кетті. Мен Машаны отырғызып алайын десем, ол теріс айналып, мені көзімен жасқады.
— Керегі жоқ! — дейді ол ызаланып, сәл үндемей қалып: — Мен мүлде маған қол тигізгеніңізді қаламаймын! — деп қосып қойды.
Түстеніп ап, біз қайтуға заттарымызды жинадық. Борман менен жайлап кеңес алады. Ал Маша мені байқамайды. Ол мұны көзге көрсетіп тұрып әдейі істемейді, өйтсе, көңіл бөлгені болар еді. Ол мені адамның шешіліп қалған бауын аңғармайтынындай байқамай жүр. Бірақ менің көңілім орнында. Мен Машаның өзімдікі екенін білемін. Мен, жалғыз-ақ, қайтетінімді білмеймін. Өз тағдырымнан оған орын таппаймын. Сол үшін де күйінем. Мен оны сүйемін. Және мен қазір саяхаттап жүргеніміздің күйікті қуанышына ырзамын. Саяхат деген — тағдырдың қорығы сияқты. Шатырдың түбінде иыққапты жинап жүріп, мен Машаның Овечкинмен сөйлесіп отырғанын естідім. Шатырда екеуі ғана. Қабырғалар бұларды дүниеден бөліп тұрғандай көреді.
— Сен бүгін түсініксіздеусің... — дейді Овечкин сақтықпен.
— Мен дұп-дұрыспын, — дейді Маша нық үнмен. — Әкетші қолыңды.
— Географ үшін бе?
— Шаруаң болмасын.
— Мен ше? — дейді ақыры Овечкин үнсіздіктен соң.
— Өзің шеш.
Овечкинге жаным ашиды. Машаның мінезі тым тік. Люська деген енді басқа әңгіме. Жетіадамнан түсіп келе жатқанымызда, ол беткейде жалп етіп құлап, ыңыранып, «қолыңа ал» деп сұраған-ды.
— Жарайды, кел, көтерейін, — деп келісті Борман.
Ол Люськаны желкесіне мінгізіп алып, ыңқ-ыңқ етіп, лагерьге алып жүрді. Оған дейін екі жүз-ақ метр қалғаны абырой болған десеңші.
— Градусов, сен бүгін кезекшісің, — түскі ас үстінде Борман есіне салды.
— Бар, қазандарды жу, — деп қостап қойды Люська Борманды айналсоқтап.
— Жалғыз кісіге қиын! — деп мыңқылдады Градусов. — Географ та қырсын!
— Ол сен үшін таңғы аста кезекшілік еткен, сен болсаң ұйықтап жаттың.
— Шаруам жоқ! Ояту керек еді! Сосын, Борман маған бастық емес! Мен оған қарсы болғам!
— Ал оны көпшілік таңдаған, демек, ол — командир!
— Олай болса, қазандарды да көпшілік жусын!.. Сен неғып бұйрық бергіш бола қалғансың, егер ол бастық болса? Шыдамай бара жатсаң — маған емес, өзіңнің Борманыңа бұйрық бер, ұқтың ба, Митрофанова?
— Неге Борман менікі екен? — Люська абдырап қалды.
— Ол сені боқ салған боқтың қабы құсатып арқалап жүр ғой...
— Оған ғашық боп қалсам боп қалайын ал! — Люська ашуланды. — Ал сен болсаң, жирен болғаның үшін әрі мұрның мынадай болғаны үшін ішің күйеді! — Люська екі қолын екі жаққа ашты.
— Қызғанатын нәрсе жетпеп еді! — деп, Градусов шапшып айқайлады да, қазандарды алды.
— Мейлі, атасының басы, ол сені жақсы көреді екен, боқты аяйық па!
Люськаның айналасындағы мынадай ұрысты көріп, Демон шошып кетті. Ол киіп кетуге тырысты, бірақ оны ешкім байқамайды. Сол сәтте жалқау Демон ашынып, бір ерлікке бел буады. Түскі астан соң ол Люськаға оның иыққабын катамаранға байлап қойғанын жеткізді.
— Ой, рақмет... — деп Люська бір мезетке мәз боп қалды да, сол сәтте-ақ айқайлады: — Борман, Градусов неғып лай атқылап жүр!..
Градусов ашулы, бәріне тиісіп жүр, заттарды теуіп жүр. Ақыр аяғында жолға шығарда ол әлі дайын болмай шықты. Алаңқайда сабылып, айқайлап жүр:
— Борман, иыққабым қайда? Мен оны ең бірінші жинағам!
— Әне сенің иыққабың, — Борман сабырмен ғана бұталарды иегімен нұсқады.
Градусов иыққапты сүйреп алып шығып, оны жиіркеніп жерге тастай салды.
— Бұл менікі емес, қайдағы бір кір-қожалақтікі!
— Бұл менікі... — деп сыбырлайды Люська.
Демон дәрменсіз кейіпте жымиып, иығын қайқаң еткізді. Ырғалып-жырғалып, жүзіп шығып кеттік.
Бізді қайтадан Поныштың сарғыш, мас суы ағызып келеді. Қайтадан су басқан шырша тоғайлары тұсымыздан зу етіп, артта қалып жатыр. Аласа бұлттар тайганың үстімен сиықсыздау жөңкіліп барады. Алыста отты-көгілдір аспанның ұзын жолақтары жылжиды. Күннің көзі түсетін арғы жақтағы биік құлама етектерде орман жарқыраған, қуатты нұрмен алаулайды. Тау сілемдерінің беткейлерінде алыстан орманның құшағындағы жартастар ағараңдайды. Жатаған, берік біткен тас жақпарлар суға бас қойған аңдар құсап ара-тұра тоғайдан өзенге құлайды. Су бізді ағызып келеді, жағалар артта қалып барады, аспан мен жерді бөліп тұрған сызық біресе шыршалардың ұшар бастарында толқи дірілдейді, біресе таулардың біркелкі толқындары боп көтеріліп, түседі — бейне бір жердің баяу тынысындай.
Кешке таман жағаларда мұз көшкіні құлатып кеткен ағаштар ұшыраса бастады. Мен абыржыдым. Мынадай өзенге көлденең түскен «тілшіктер» біздің қайықтарымызды оп-оңай шашып тастай алады. Мен алдан ағыстың үстіне үшбұрышты арка боп түскен ұзын қарағайды көрдім. Қарағайдың құлап түсіп, шлагбаум құсап жолды жауып қалуына желдің бір соққаны да жетіп жатыр. Мен катамаранның үстінде тік тұрып, алға қарадым. Мен суға құлап түскен бір, екі, үш, тағы бірнеше шыршаны көрдім.
Жағдай қиын. Біз қарағайдың астынан қақпаның көлденең салмасының астынан өткендей өттік. Бұл қақпа шөпшек патшалығына бастайды.
Катамаран бір тілшікті айналып өтті, содан соң, бүйірімен сырып тағы біреуін. Борман абдырамай, жөнімен бұйрық беріп келеді. Бірақ үшінші тілшікті біз артымызбен іліп қалдық. Градусов шыршаның бұтақтарымен алысып, қып-қызыл боп, үсті-басы сырылып, ода-додасы шықты.
— Дөкір! — деп жекіді ол Борманға. — Қайда бастап бара жатқаныңды жобаласайшы!
Сол сәтте бізді басқа бір шыршаға сүйреп кетті.
— Беттеріңді төмен қаратып жата қалыңдар! — деп айқай салдым мен.
Экипаж намазға бас қойған кездегі мұсылмандар құсап етпетінен жатты. Біз шыршаның астына кіріп кеттік. Бұтақтар желкемізді, арқаларымызды сырып, кәкір-шүкірімізді жауып жатқан жаппаны жыртты. Жұлқынған Поныш бізді діңнің ар жағына сүйреп шығарды.
— Ата-ас! — деп бақырды кенет Чебыкин.
Біз енді бүйірімізбен қайың бөгетке беттеп келеміз.
— Ескектеріңмен тіреңдер! — деп айқайладым мен.
Ағыстың күштілігі сондай — ескекті қолдан жұлып әкете жаздап келеді. Бүйірімізбен бұтақтарды жапырып, біз ұшар басына кеп қадалдық. Мен аяғымды жақтауға тіреп ап, діңнің соққысын өзіме алдым. Бізді бөгеттің астына алып кетпесін деп мен одан бар пәрменіммен тебіндім. Ол тым төмен жатыр, бізді бульдозердің соқасы құсап оп-оңай суға алып кетеді. Поныш біздің қарсыласқанымыздан есіре түскендей. Сол жақ бүйірдің түбінде бұрқылдап, тұтас ақбас толқын пайда болды. Сол жақ қайық оның бетіне қалқып шықты. Біз оң жаққа қарай қисайып едік, толқын сонда да бізді қайыңның астына қарай тыққыштады.
— Тютин, Маша, дереу сол жақ бүйірге! — деп бұйырдым мен. — Суға батырмайтын жилеттеріңді тегіс киіңдер! Овечкин, төмендегі бұтақтарды шап!
Балтасы бар Овечкин жанымнан сұр көлеңке боп өте шықты. Ол ағашқа мініп ап, алдындағысын ызалана шауып жатты.
— Овечкин, артқа!.. — деп ақырдым мен.
Овечкин үндемейді. Түрі бозарып кеткен. Маңдайында тамырлары білеуленіп тұр. Балта жоғары-төмен дамылдамай жатты. Жаңқалары маған тиіп жатыр. Құлақ тұндырар сатыр-сұтыр дыбыс — айырып алынған дің күллі бұтақтарымен катамаранды қаусырып, суға құлап барады. Градусов екеумізді шолпылдаған су жауып кетті. Бір мезетте мен шабылған ағаштың үстінде отырған, артта қалып бара жатқан Овечкинді көрдім. Және бір мезетте Овечкин жарғанат құсап кетіп бара жатқан катамаранға қарғып, арт жағына кеудесімен түсті. Градусов екеуміз оны судан сүйреп алып шықтық. Поныш еркін әрі ессіз біздерді ары қарай әкетті.
— Сен есіңнен алжасқанбысың?! — деп бақырды Овечкинге Градусов. — Суға салса батпайтын Буратино ма едің?!
Маша Овечкинге қарауытқан, байыпты көздерімен қарайды.
— Ол бізді құтқарып қалды ғой!.. — дейді Люська шыр-пыр болып.
— Тағы бөгет! — деп айқайлады он минуттен кейін Борман.
Енді өзенді көлденең бөгеп, арнаның бойында жуан, бұтағы тарам-тарам қарағай жатыр. Оның бұтағын су шалпылдатып, көбіктенген толқындар маңайында әр түрлі батпайтын қоқыс шайқалып тұрған діңінің үстінен секіріп өтіп жатыр. Бұл бөгетті біз катамаранымызды жағадағы тоғаймен сүйреп алып шықсақ қана еңсере аламыз.
— Сол жақ бүйір, ес! — деп бұйырдым мен.
Біз бұталардың арасына тұрып қалдық. Біз бұтақтарды бар пәрменімізбен жұлқыладық, бірақ катамаран ары қарай жүрмеді. Мен ескекпен тереңдігін өлшедім.
— Не тесіліп тұрсыңдар? — деп, ашулана жекідім мен әкелерге. — Шалбарды шеш, итереміз!
Борман қарсыласпастан етігін сыдыра бастады.
— Біз де ме? — деп сұрады Маша бұрылып.
— Қайдағыны айтпа! — деп жекіді Градусов. — Отырыңдар, жыбырламай!
Жалаң свитер, дамбал және етікпен біз суға түсіп, қаңқаны ұстадық. Суық денені бірден бойлап алды. Мұндағы тереңдік — тізеден сәл жоғары.
— Сен қайда барасың? — деп Градусов Тютинге жекіді. — Көмекші, ішіңді ұрайын, төсек-орнымен қосқанда бес келі!..
— Бір-р!.. — деп бұйрық бердім мен. — Бір-р!.. Еһ!..
Жетеулеп біз катамаранды жақын жерде құлаған қарағайдың бұтасының үстімен сүйреп шығардық. Катамаран сеспей қатқан пілдей ауыр-ақ екен. Тоғайдың жалаңаш шыбықтары аяқты сырды. Біз тамырлардың үстімен сырғыдық. Чебыкин мен Борман қосыла құлай кетті, бірақ қайта тұрып, ары қарай сүйреді.
— Дәл өстіп Ермактың тобындағылар да өз кемесін сүйреген... — дедім мен даусым сырылдап.
Енді үстіне шығуға болады. Әкелер қалтырап, су-су дамбалдарының үстінен шалбарларын киді. Көгеріп кеткен Градусов бақырды:
— Митрофанова! Құты мен құрғақ рейтузды алып шық!
— Қайдан? — деп үрікті Люська.
— Қазір айтайын қайда екенін!.. Менің иыққабымның үстінде отырсың ғой!
Люська Градусовтың иыққабын апыл-ғұпыл шешті. Ол қайдағы бір арқандарды, сымның орамдарын, банкаларды, майшамдарды, не үшін арналғаны түсініксіз кішкентай құрылғыларды алып шықты да, осының бәрін көзі шарасынан шығып, Машаға ұстатты. Ақыры жасыл дамбал мен бір бөтелке арақ шықты. Мен оны тісіммен ашып, аузынан іштім де, шеңбердің бойымен жібердім. Қалтыраған бойыма ыстық су құйылып жатқандай.
— Алдымызда мұз бөгет, — деді Борман күйреп.
Біз мойнымызды создық. Өзеннің үстінде көлдеңінен шырша жатыр, оған мұздың үлкен үйіндісі кеп тіреліпті. Оның кетіктері мен қырлары күнмен шағылысып тұр — бұлт тарқаған екен. Оң жағы да, сол жағы да — ит тұмсығы өтпейтін шырша тоғайы. Кіре де алмайсың, өте де алмайсың. Тұйық.
— Не істейміз? — деп сұрады Борман абдырап.
— Тартыламыз, — дейді Градусов. — Фильмнің соңы.
Түнемелікке алаңқай табу үшін біз су басқан соқпаққа шықтық. Мұнда — қап-қара тыныштық. Поныштың гүрілі өшті. Шыршаның екі қапталының ортасымен баяу жүзіп келеміз. Аяғымыздың астында су шайған сораптар көрініп тұр. Таза суда бүршіктер қимылсыз салбырап тұр. Орман өзін-өзі шағылыстырып тұр. Жердің қаттылығы сезілмей кетті. Алыста, шыршаның бұтақтары мен қылқандарының ар жағында жайылған, ашық-қызғылт шапақ қатып қалыпты.



