Жұмақтан қашу

(ХИКАЯТТЫҢ ҚИЫНДЫСЫ)

Әрбіріміздің ішімізде, бөренемен қапталған үйінде өз сағатын күтіп, бір аю отырғандай; бірақ аз-кем әлсіздік танытып, темір есікті сәл ашсақ, сол бетте шынжырдан босап, бар диюлары оянып, ажалдыны астына басып, аяулы жанын жаһаннамға жеткізер, шатақ шақтағы бар тапқаны — бұл.

Алайда, бауырларым, мейірімсіз уақыт, алмағайып заманға дейін ол жазғанды жалықпай бағушы кім? Әр сәтті қырағылықпен қарап, айласын асырып, бұл басбұзар ағайды босатпай ұстап отырған, көзге көрінбес күштің иесі кім?! Ашу — дұшпан... Ызбарлы ызақордың ындынын тыйып, жіпсіз байлаушыны білемісіздер? Жүрек сақшысының сол сырлы бейнесін қалай танып, оның мызғымас күш-қуатына көз жеткізіп, шыңдалған рухына разылық білдіріп, аласапыраннан қорықпай, ақырын жылжыған жылдармен жағаласа жүрер қай мықты? Кейін жетім қыздың тойындай тұлдыр өмірді тәрк етпей, өксімей, өкінбей, болмашыға бола ашуланбай, аянышты хәлге түспей, дүр дәуреннің берекесі мен бірқалыптылығын қалай ұстап тұрмақ керек?

Батпақтардың шырғалаң шатқақтарынан жол таппай, жер жаманының жылғаларын жағалатып, көңілшек келіншек шығарып салғандай дәркүмән күйге түсіп, әр тесіктен төмпешікке секіре жүрер сапардан секем қылып, тереңін жұқалтаң жасыл жабындымен көлегейлеп қойған қорқынышты әлем сынды терезелер мен демінен үзінді судың шірінді иісі мүңкіген түпсіз көлдерге көлденеңдей кетуден үрейленіп, әбжыланның терісіндей сусыған жырынды жағасында жорғалап, Аид шатқалдарына кіреберісте кілт тоқтап, тотық түстес мүк қарақатының күнқақты сөліндей су себезгілеп, ес жиғызған, өлімші ахуалы қыспақта қалған жан сорлының хәлі нешік?!

Сосын көкірегіңде жатқан мәңгі ұйқысыз, ашқұрсақ аю «қозғалып», тентек басын төмен түсіріп, тұнжыраған аспанмен таласқан толағай таулардың төбесіндегі телпекте мұзды қыздырған таскөмірден көз алмай қарайды. Ендеше, бауырым, қайғыдан қарс айрылып: «Тәңірім, жәрдем бер, рақым ет!» — деп, дұғада дауасыз жылап, аңырамасқа амал да жоқ. Адам өлтіріп алдым ғой тап қазір.

Шынымды айтсам, мен мұны жаныммен қаладым. Бұрыннан. Адасудан, алысудан құтылудың жөн жолын да таппаған соң, қайтейін?! Мені сақтап қалған осы... Бар ақыл-ойым мен күш-жігерімді салсам да, қандай жеңілдіктер мен құпия жолдарды ойлап тапсам да, жердің түбіне жасырсам да бәрібір тауып алады. Ашуды айтамын. Қаншама күрмеуі қиын түйіндер, айласын аспап ілмейтін ілмектер шешілді, бірақ бәрі қайғылы аяқталды: менің үйімде тапанша ұстаған мемлекет қайраткері пайда бола кетті. Мені болат кісенмен бұғаулап, темір торға тоғытты. Дәл осы жағдайдан соң шақша басым шарадай болып, суық тиіп, бар тірлігім тоқтады.

Бүкіл ұлан-ғайыр туған өлке, оның қыл өтпейтін меңіреу үңгірлері мен ну ормандары, тау шатқалдары мен жүздеген шаршы шақырым егістік алқаптары, солардың баршасын қоныстанған адамдары менен ат-тондарын ала қашып, паналатудан бас тартты. Ақыр соңында Заңның Ақиқаты ешкімді таса қылмай, елдің көзін біржола тұмшалап, қырағы қадағалаумен мықтап матап, халықтың ерік-жігерін жәндікше жаншып, тіпті, биліктен жасырып жүрген кішкентай армандарынан да айырды. Бұл дүниенің билігін ұрлаған арамзалары мен құдіреттілері соншалықты әуре-сарсаңға түсірер жазаның бұлтартпастығымен қол-аяғымды матады. Ең болмағанда (аңғал ойлар), «орыстарды қызықтыратын ең маңызды нәрсені еріксіз жоғалттым» деп ойлаған мен жасырын түрде бүлік шығаруды, бағынбай кетуді, ашуымды ашық көрсетуді ұнататын болдым.

Өйткені, оның өзіндік мән-мағынасы бар еді. Бүлік деген — кек алу, ешқандай қан төгілмесе де Құдайдың оны қасиетті еткені белгілі. Адам басқа біреуді өлтіруді, оның Жаратқан берген өмірін тартып алуды ойласа, оның ешбір соттан: жерден де, көктен де қорықпайтынын, йағни, құтқару туралы ойламайтынын көп пенде ешқашан түсіне алмайды. Бұл ойламаған жерден, тосыннан тосылып, тауы шағылып, кез келген бақытсыздықты басынан өткергенде байқалатын жайт қой. Есіңді жоғалтқандай масаң қалыпта, абайсызда абдырап, кеудеде бүршік жарған бір белгісіз жүрек жылуы, аянышты сезім кенеттен көзден бұлбұл ұшып, біржола жоғалғанда, от тілімен тіліп түскен найзағай жарқылындай болады.

...Менде де солай болды.

Петровщинада қайтыс болғандарды еске алу күні өтті. Менің лашығымның арғы жағында зират қақпалары тұр, ал Бақалар бірден жоқтау айтып, демалып кету үшін бір төбеден осында қоныс аударуды көздеген сияқты; Арық сұр қақпалардан түйіншектер мен торсықтар тасыған кемпірлердің тым сұйық ағыны ұзақ уақыт бойы толастамады, бейіттерден де ешкім кері оралмады. Терезеден мен арамшөпке толы ауылдың шетін көрдім; бидай сұлтандары мен тары төбешіктері арқылы аласа, үш терезелі үйлер де әрең жылтырап, бар ынтасымен жебір жерге батып бара жатты. Бар болғаны тірілердің түгелі ақырында бас періштенің кернейінің үнін күтіп, қарапайым ғана уақ-түйекті түгендеп, жерлеу рәсімінің асай-мүсейін сыбағалап, соңғы сапарға аттанды.

Бейіт маған бейтаныс болып бара жатқан соң, ата-бабаларымның басқан жерлерін іздедім; қазір жартылай ұмытылған, бірақ бір нәрсе мені күтпеген жерден таяз бұлаққа қосылуға шақырды, мен жер анада жетім қалып, қарапайым адам көретін нәрсені көруден де қорықтым. Сырын ұқпадым, себебін біле алмадым. Марқұмды мейрамымен құттықтап, дастархандас болсын деп қалтамдағы бір-екі пісірілген жұмыртқаны асығыс салдым да, бақшаның шетінен қабаттаса өскен, қарағайлары қалың Красная Горкаға бірден қондым. Төмен жақтан сүттей аппақ Проня өзені жарқырап тұрды.

Ғасырлар бойы өскен, қарт ағаштардың тізелеріне дейін, тіпті, кеуделеріне таман тамырын тас басып кеткендей, мыс шынжырлы сауыт кигендей айрықша аянышты көрінетін; басқаларының кен қорыған сары құмнан төбелері ғана көрініп қалған. Төмпешіктердің бидай, қырыққабат және қатты бұршақтарын жұлып алып тазалап, жесірлер қабірлерді айналып өтіп, кешірім сұрағандай, дірілдеген саусақтарымен қабірлердің үстіне кепкен нан, рогаликтер мен карамельдер, тостағанды толтыра арақ қойды.

Королишка атты лақап аты бар Баба Груня қабірге бетін бере еңкейіп, үнін бәсеңдетіп, дірілдеген даусымен дұғаларын айтып жатты, кенет кеудесінен жұлып алғандай:

— Әй, Ванюшка, қымбаттым, сен мені қайғыртып, кімге қалдырдың? Ал сен неге мені өзіңе ертерек шақырмайсың? Сен жалғызсырамадың ба? Өйткені, ол жерде саған артық сөз айтатын ешкім жоқ, — деп, сарнап кетті.

Қаншалықты ақырын, абайлап, кресттердің арасына кірсем де, Груня әлдебір ерекше түйсікпен мені естіп, бөгде адамнан ұялғандай үйіндіден иығын көтеріп, тізесіндегі құмды шаңды қағып, асығыс сілкінді. Груняның көзі оның ісінген бозғылт бетінде, кәріптас ұшқыны бар қоңырқай, шіркеу ыдысындай жарқырап тұр. Ол жаңа ғана жыламағандай, жоқтамағандай, еш қайғырмаған сияқты.

— Еріңді сағындың ба? — деп бірінші ойыма келгенін сұрадым да, әлдебіреудің күміс мүк басқан, ұмыт қалған бұйра төмпешігінен адымдарымды арырақ салып, дөңес бейітін айналып өттім.

— Жоқ, олай емес... Мен Ваняны шақырдым. Міне, мен арақ құйып қойып, ішуге шақырдым. Ал ол үндемейді. Бірнәрсе десе ғой. Әйтеуір, бір ауыз сөзін аямай, сандырақтай салса ғой. «Кәрі қақпастың маған не керегі бар?» — деп ойлайтын шығар. Тірісіндегі амалдарым ащы шалғамдай болған, жанына шақырып қайтсін... Қарияның үн қатар түрі жоқ. — Груня ауыр күрсінді, бірақ... Әйтеуір, өзін бір бұғаудан босатқандай болды да, піскен жұмыртқаны жаншып, жұмсағын қабықпен бірге сол топыраққа себуге кірісті.

— Ал шынымен де, көрден не естімек едің? — деп мен ақымақ жымидым. — Әлде, марқұмды жерлегенде о жақта жаңалықтарды біліп жатсын деп бірге телефон салып жібердің бе? Сөйткенсің-ау, сірә...

— Салдым, Пашенька, салдым. Ал сен, Пашеня, ерінбе, тізе бүгіп, тыңда. Ол сені бауырындай көретін. Мүмкін саған жауап берер саңырау сайтан.

Қисық шалдың үстінен басып өскен мамықтай көденің басын жерге иіп, мен таныс жердің жұмсағына жата жабысуға кірістім, оның астында бес жыл бойы мен үшін еш бөтендігі жоқ адам — Горбач лақап атын иеленген Иван Горбачев жатыр. Сол кезде бейіттен дауыс шыққандай, мені біреу шақырды. Мен жан-жағыма қарап, дөңестегі сұр бетон крестті көрдім (мұндай кресттер бұрын көделі боз далада пайда тұрушы еді), бұл маған таңқаларлықтай таныс болып көрінді. Ашық бөтелкені қолына ұстаған Груняның ұлы Федор Зулус еңкейіп қалды да, неге екені белгісіз, қырлы шынысын жасыл «хрустальға» жанастырып, жаңғырықтата берді. Бір шөлмегі он екі сом болатын мұндай «бұзылған» арақты астыртын алкоголь тасымалдаушылар ауылдың кедейлеріне өткізетін.

— Мына крест қайдан пайда болды? Мен бұрын бұндай ештеңе көрмедім ғой? Әлде, қыста жаңа орыстардың біреуін жерлеген бе?

Груня қолын шала көретін көздеріне қойып, ағаштар арасындағы шіркеу ауласынан жаңа қорымдарды іздеп: — Қайда? Қандай крест? — деп сұрады. — Елес көрінген шығар, Паша, мына телефон саған. Ол сені қариямен аспан әлемі арқылы қосады. Мен саған нөмірін де теріп беремін.

Қошқыл сұр пластикалық бақаны бақылдатып, кемпір саусағын інжу-маржан түстес түймелерге ебедейсіз түйреп, ең жіңішке рух құбырлары арқылы мыңдаған шақырымдар арқылы хабар алмаққа қам қылды, арғы әлемге кеткен Иван Горбачевке қоңырау шалынды. Бірақ ол осында, оның аяғының астында, түйін шетеннің тамырымен біте қайнасып, мәңгілік мекеніне шығарып салған жерде жатыр. Мен Груняның қолын итеріп жібердім: мойындары ісініп, өлімнің өзіндей сұп-суық, сілекей сынды сұмдықты алақанға салу былай тұрсын, безеу басқан бақаға қараудың өзі жиіркенішті еді.

Мен шыныдай шытынаған әуеннің жетегіне еріп: «Өзің шақыра ғой, еш берілме», — деп жасамыс әйелге кеңес бердім де, Зулусқа бардым. Бетон крест аспанға тірелгендей еді. Жоғарғы арқалықта аспандағы су айдынына шомылып, қауырсындарын тазалаумен әуре болып, пысықай қарға отырды. Оның басы қабірлердің үстіне қылқанжапырақты қоқыс құйып тұрған қарағай тәждерімен таласып-ақ тұр екен.

— Мә, ішіп жібер, — деп Зулус түбінде алтын қоспасының құм түйіршіктері тұнған, зеңнің сары дақтары бар тостағанды ұсынды. Федордың анасының жанарының көшірмесіндей ала көзі күтпеген жерден кекшіл болып көрінді; мен одан көп ақша алып, уақытында қайтармай, енді Зулус «еселегішті» қосып қоятын сықылды: қара-сұр мұрттың қылқаламы ерін үстінде ербең етіп, тығыз сары тістері жалаңаштанып, ақ дақтары ырсиған қабырғадай қатар құрап, езу еті бірге шықты. Мұндай қыжыл әдетте ит қабудан тартынбай, қанттай тәтті сүйек үшін тұруға бар кезде пайда болады.

— Білесің бе, Зулус, мен ішпеймін. Дәрігерлер ішуге кеңес бермеген.

— Менімен дауласпағаның дұрыс. Су ішкен құдыққа түкірме, Паша.

— Кім жерленген? — Мен Зулусты айналып өтіп, суретті көргім келген, бірақ мына мұжық қолын танауымның түбінен тіреп, мықты жамылғы жасап, көріністі жауып тастады. Жарқырап-төгілген тамшы шырындай, өзегі көгілдір реңкті, минерал түзілер тұста-ақ қанқызыл моншақтары мөлт еткен тау хрусталінің кесіндісіндей қырлы шыны тостаған жуан алақанда тербетілді.

— Жә, сен қырсықпа, іш дегенде, іше сал! — деп, жартылай бүгілген ұзын қолының қарымен менің басымды ілгекке салып, оны бекітіп, қақпанға түсіргендей қылып, қорқыта қайталады. Мен жан-жағыма қарадым: кенет менің көз алдымда қара білек бір пұт тастай томпайып, көп ұзамай тамырлары білеулене ісініп, қурап қалған теріні тесіп жіберердей болды. Темекі мен арақ сасыған, бұқадай күші тасыған әумесер мені тұншықтырып барады. «Бүгін тек Мәсіх ішпейді, өйткені, оның қолдары шегеленген», — деп мазақтаған Зулус құлағыма қолқа қабар демімен тыныстады. — Оның үстіне, бұл ішімдік су тегін, неге ішпеске? Оңай олжадан ақымақ қана бас тартады, ал сен тым ақылдысың ғой. Естимісің? Іш, айуан, әйтпесе, күштеп, аузыңа құямын. Құйсам, қақалып, шашалып, қайта сұрайсың. Мен: «Аулақ жүр, арамтамақ!» — деймін тап сол сәтте.

— Ал мен не істеуім керек еді, ағайын? Менің басымдағы ағарған сәуле тез сөнді, қара жынның соққысы менің самайыма сарт еткен екен. Қолымнан келгенше, күш-қуатым барда, мен өз-өзімді зорлықтан қорғап бақтым. Құбыжықты құшақтаған қалпымда қойып қалдым. Жұдырық дөп тиді... Зулустың азу тісінің астынан, төменнен жоғары соқтым: нәйіс неме аһылап-үһілеп, артқа шегініп, арсыз масаға таңдана қарады, бірақ бірден шағын шұңқырға (қазылған молаға) сүрініп, аяғы көне қабірге кептеліп қалса керек, Зулус тапырақтап барып, еш қарсылық көрсете алмай, шалқалай құлады.

Жақын жерде, тістері төмпешіктен сәл көтеріңкі көрініп, қарағайдың қайыр бұтағынан тұтас шауып, қарама-қарсы құрастырған трактор сүйретпесі жатқан. Оның үстіне бекітіп, шамасы, шіркеу ауласына бетон крестті жеткізген де, Ресейдің байырғы ғадетімен қажетсіздігінен ұмыт қалдырған. Ол бір ғасыр бойы осында арамшөп арасында жатып, баяу шіріп, ыдырап, суға батып, тұл табытша тозса керек-ті; жоқ, бұ шіркін де тап сол тұстан табылып, ақырғы ажал ісіне араласпай қалмады.

Шешуші сәттерде адамның көзқарасы жіңішкеріп, ойламаған жерден қызбалыққа жол беріп, бүгінгі күннің бәрін алдын ала болжайтын ерекше қасиеті оянып, осының себебі жүректің шиеленісуінен, йа, ішкі қорқыныш пен жасырын қызығушылықтан болатыны таңдандырады. Әрбір ұсақ-түйек көзге түседі, білім болашақ сіуегейлікке сүрлеу салып, болашақтың өзі көзге көрінбейтін уақытты қысқартып, шекараларды талқандап, артқа қарай ауысады.

Зулус дәрменсіз күйде кейін қарай теңселіп бара жатқанда мен аздап қан шашыраған трактор дөңгелегінің іздерін де, терең жаралар секілді, төңкеріліп түскен зират сазының түйіршіктері мен малдың жыртылған тамырларын еске түсіретін, арамшөптердің ақшыл түбіртектерінің байламындай, тақыр теңбілдері тұтасып, тазартылмаған сарғыш терідей болған бөрене сүйретпелерді де, балық аулайтын сүңгінің ұшына ұқсап, тақтасынан шодырайып шығып тұрған барош шегелерін де көрдім. Зулус өзінің добалдай денесінің бар салмағымен сол істігі құстың тұмсығындай сүйретпеге тіреліп, түйреуіш-тістер мүйіздің ұшындай бұзып-жарып, мұжықтың қабырғаларын қақырата қадалып, кеудені іштей кеулеп, төс сүйегінің түбінен тесіп шықты. Федордың көзқарасы ішінде жарық сөніп қалған адамдайын айнып, көздері ең жұқа түссіз пердемен жабыла, ернінің екпіні ессіз ауырғаннан ең соңғы рет дірілдей тоқтап, аузының сол жақ бұрышынан қызылжидек шырынының жәп-жіңішке жылғасын ағызып әкетті...

Не деген ақымақтық, ағайын! Бір адам болған еді, аяқ асты жоқ болды. Біреудің өмірін қию үшін аз ғана күш жұмсалды. Ақылға сыймайтын жағдай емес пе бұл?! Ал мен адам өлтірдім бе?

Не деген сұмдық еді... Олар қалай айтса да, не айтса да, Зулус сүрініп кетті, аяғы сәтсіз шалынды. Менің тарапымнан ешқандай зорлық-зомбылық болмады, адамның соңғы сағаттары қалай аяқтайтынын тағдыр шешеді. Бірақ мен оған себепші болдым ғой. Мен қалай ақталамын, неге ақталамын? Мен жасырын тілегімді орындап, өз қолыммен бір адамды өлтірдім.

Мен оған алғашқы көмек беріп, Жабкиді аяғынан тік тұрғызуға, жәрдем сұрап алуға ауылға асығуым керек еді, бірақ мен шатақ түстен шошып оянып, қорқынышты арманнан қашып құтылғандай, кенет бойымды үрей билеп, сасық бұлақты басып өтіп, Красная Горкадан қашып кеттім. Қамыс арасынан атып шығып, адам тізесіне дейін келетін қоңыр батпаққа батып кеттім де, үсті-басыма үлкен ақжелкен ағаштарының шырышты бұтақтарынан біраз шайыр жабыстырып, ойпаттың арғы жағына, тамырлы папоротниктердің қалың өсіндісіне жеттім. Ентігіп, кеудедегі сыңғыр қаққан қуыстың дүлей дауысын тыйып, алабұртқан жүректі тыныштандырып, ақыры өзімді құтқаратын саңылау іздеп жүріп, оңбай сүріндім. Содан кейін... кенеттен құлап кеттім. Бір мезетте орманда құлаққа ұрған танадай тыныштық орнады, үнсіздікке құлақ түрдім: ғибадатханалардағы қанның соғуы, жүректің ауыр дүрсілі және шыршалы қалың орманның ішінен әрең дегенде көліктердің гуілдері естілді.

«Сонда баруың керек», — деген мазасыз ой сол тұсқа итермелеп, ми ішінде тұрып алды: «Мәскеуге баратын жол бар, жолшыбай көліктер бар, ал Мәскеуде шөп шөмелесіне түскен инедей...» Жоғарыдан біреудің сабырлы жүрек үні естілді: «Қайда барасың, қайда қашасың, көкем? Барлық жерден табады».

Әлдекім орманды аралағандай, бұтақтар сықырлап, қолдарын қураған таңқурай бұталарына жайып жібергем... Бетімді ыстық леп күйдіріп кетті. Қорқыныштан бастығырылып қалыппын... Осы кезде оянып кеттім.

Құдайға шүкір! Бұл түс болды, түсім екен. Жүрек қатты соғып, бір жаққа асыққандай аласұрып, жан шығуға шақ қалды. Анашым үй ішінде ары-бері теңселіп, өз-өзімен күбірлеп жүр: «Кәрілік дегенді қойсаңшы, нені қайда қойсам да, таппай қаламын». Ырсылдаған төбет тура диванның түбінде тұр екен, ыстықтан ұзын тілі салақтап, дәл бетіме мүңкіген демі жетті; қара, саңылаусыз көздері күйіп кеткен қайың көміріндей болып, түпкі тереңдігінде бұрнағы жалынның жылуы әлі барын байқадым. «Құдайға шүкір!» — деп, біршама жеңілденіп барып, тағы ойландым: бар-жоғы түскі ұйқы екен ғой. Ісінген денемді жан-жаққа жайып, керіліп-созылып, есік алдына шықтым. Сыртта шілденің шіліңгір ыстығы еркін көсіліп, зират басынан ең соңғы зиярат қылушылар шаршаңқы шығып, ілбіп келеді. Олар маған сирек хайуан көргендей тесіле қарап, біраз қызықтап, түр-әлпетімнен шошып кеткендей, бірден бұрылып бара жатты. Федор Зулу көрінді, есен-сау, тірі екен. Пысықсып, адасқан мал кіріп кетпесін деп, қақпаны қайта жауып, таяқпен тіреп, әуреге түсіп жатты. Енді біз жаққа бұрылып, ескерпестен есікті ашып, кіріп келді. Зулустың көзінің асты ісінкіреп, беті ажал құшағында болғандай боп-боз болып, шеміршекті ұзын мұрны аздап айырлана, пышақпен кескендей сықпытының сұрқын қашырып, бой-тұлғасы сұңқардың тұмсығындай еңкіш тартқан... Қандай қуаныш, қымбаттыларым! Шексіз шаттық қой, Құдайым-ау! Көршім тірі, Зулусым аман жүр, кеудесі дөңгелектей керіліп, кеудешесінде бір тамшы қан жоқ, тек ұлулар жеп қойғандай, біртүрлі ойықтары бар мойын тұсының... Беймезгіл басың құштар құрбыңдай жастыққа тисе, түсіңе кірмейтіні жоқ. Пәлесінен аулақ... Алас! Алас! Алас!

Үй едені сықырлап, терезе жақтауы ашылып, сүйкімді сыңғыр естілді. Көк бұршақ көмкерген шымылдық түріліп, пештен жаңа шыққан тағамның иісі аңқып кетті. Меніңше, анам қазір кекілік қанаты бар бәліштерді майлап, оларды күйдіріңкірей пісіріп, дастархан қамдап жүр. Тіпті, тіл ұшынан аш сілекейім шұбатылып, бірден кеуіп, көмейімде буланып кеткенін сездім. Бұл жәй ғана көзіме көрінген елес қой, жұқарып, біржола ғайып болды. Мен бірден көзіме елес болып көрінген шынайы Зулусқа есті шығарғаны үшін есе қайырардай қарадым; Мұжықтың қызыл етігінің қонышы қайырылып, әппақ қайтармасына қоңырқай саздың кесір кесектері жабысып, Федор жаңа ғана өз моласын қазып жатып, біреуді өзімен бірге ала кету үшін шұңқырдан шығып кеткендей көрінді. Мен әлі де ұйқысырап, серги алмағандай сенделіп, өң мен түс тартысқанда тентіреп, тентек болғандай, қара терге түстім. Қуанышымды жасыра алмай, тілді безеп, түйсікті тежеп, сауалды кесе көлденең тастадым:

— Федор, Мәсіхтің мерекесімен! Бірдеңе болған ба? Табыттан тұрғандай, түрің түтігіп кетіпті. Мен сені жаңа ғана түсімде көрдім ғой...

— Шойнақ, бері қара, тыңда мені. Сен менің сұлу қызымды арбап, азғырмай, жөніңе жүр, — деді Зулу дөрекі түрде.

— Сен жынданғанбысың? Есің дұрыс емес-ау, сірә...

— Соңғы рет айтамын, ақсақ: қызымның артынан жүгіріп, жүйкеге тиме. Сен үшін өсірген жеміс емес.

Зулус бетпе-бет келіп, таудай тұлғасымен тірелгенде, бос кеңістік қалдырмады. Қасы қиғаш, қаба сақалды, қайратын қайда қоярын білмей жүрген қопалың қопарыла қимылдап, балықтың терісіндей тұрлаусыз көзін көктен жеткере, өңменімнен өткере қадап, тынысымды тарылтып, жұтым ауаға зар қылды; мүрдеше мүңкіп, сыз жердің, батпақта тұрып қалған тұйық судың, қылқан құлағанда саңырауқұлалақ қаулаған қойыртпақтың шірінді иісі шығандап, қолқаны қапты. Қонағымның абайсызда ұйқысы бұзылғаннан жыны қозатын сақа қабан құсап құтырып, тағы, дүлей доңыздың аталығындай ашу шақырып тұрғанын түсіндім. Мен аула соңына үздіге қарап: «Артемон Баринов түтіндетіп, орындығында отырған жоқ па екен?» — деп, ұдайы мылтығын тастамайтын азаматқа үміт арттым. Ол орман иесі — егерь емес пе?!

Зулус қарнымен қақпақылдай жақындап, мен еріксіз «тар кезеңде тал қармап», алақанымды тығыз етке тіреп, әлжуаз қолдарыммен қорғануға тырыстым. Бұл бекершілік болды, тас қабырға қозғалатын ба еді?! «Түп тамырынан шап беріп, бұрасам ба екен?» деген ой бұзық келді. Бірақ ыңғайсыздандым, соғыс кезі емес, Зулус та өлтіруге келген жоқ қой, менің де қала тұрғыны Федор Горбачевке тигізген титтей де зияным болмаған. Ол болса, жалғыз қызы үшін кім-кімді де аяйын деп тұрған жоқ-ау, шамасы.

Зулус қарнын қампайтып, қарсы тұрған момын қаймығып қалғанша тұқыртып, дәрменсізді дөрекілікпен басынбақ; ал менің алақандарым әлсіреп, шарасыздықтан шаптың шырынды шарларынан шап бердім

— Өлтіремісің, өгіздей өңмеңдеп?! Жібер, ойбай, ауырттың! — деп, ащы айқайға басқан мен едім. Кенеттен ілмекпен ілгендей, екі бетімнен бүріп ұстап алып, терісін жұлған күйінде аспанға атып жіберген Зулус болатын. Біразға дейін мен ақ ұлпа бұлттардың арасына, жоғары жақтағы жұмысшылар жинаған шөп көпендеріне көтеріліп, жұмақтың аққуларына ұқсайтын, арқасы алқызыл-сарғыш, бауыры бөбектің бетіндей қызғылт түсті, таңғажайып құстардың баяу қаққан қанаттарының тап ортасына — жон арқасына жабыса кетуге барымды салып бақтым.

Бірақ бәрі бекер болды, Жаратқан Ием мені мәңгілікке тастап кетті-ау, енді мен тас сияқты төменге құлдилай құлап, бұрынғы қожайыннан қалып, қалың қалақай мен арамшөп арасында ұмыт болған бетон крестке бетпен түстім... Бірақ неге екені белгісіз, рухым бірден тастамады; менің салмағымнан емес те шығар, бірақ жер сілкінген кездегідей кенеттен қақ айырылып, төменде түбі жоқ шұңқыр пайда болды, алайда, мен құлаған жоқпын, айқышты айнала қалқып, ұшатын кілемді тізгіндегендей, шеңберлер шиырлатып, төмендей бердім: көрер көзге жұлдыздың тозаң түйіршігі де байқалар күзгі түннің көгіндей шыңырау мөп-мөлдір көрініске таңырқап, Зулусты мүлдем ұмытып, мен: «Құдайым, неткен тереңдік бұл!» — деп дауыстап жібердім. Жүрегімді сыздатқан бұрын беймәлім азаптан үрейленіп, «мен енді ешқашан жер бетінде болмаймын-ау» деген күдер үзуден туған тұманды тұжырым ғой...

— Балам, тұра ғой. Біреу бауыздап жатқандай айқайлағаның не? — анам алаң күйге түсіп, иығымнан тартқылап оятуда екен.

Әлі де есімді жия алмай, қатты қиналып, әбден ісіп, көгеріп кеткен көзімді аштым, бұның бәрі ұйқыдағы адамның сандырақтауы екенін әрең түсіндім. Күйдіріп жіберердей көз жасының арасынан аяулы анамның бет-бейнесін шырамытып, бұлдырап бара жатқан жамалын көрдім. Әжім басқан, шілденің аптабында алапат күн қызуы біржола тотықтырып жібергендей, қоңырқай бет терісін, сауысқанның жанарына ұқсаған қос қарашығын жазбай таныдым. Анашым құр қанатымен балық бәлішін бипаздап майлағандай, құс табанындай тарамыс тартқан мөлдір де майда саусақтарымен маңдай шашымды салалай сипап, қамқор пейілмен сөгіп жатты:

— Болмайды, балам. Беймезгіл ұйықтағаннан мұнша қиналып қалдың. Еркіндік адамды бұзады, Пашенька. Ал сен еркіндікті сезініп, бойыңды босатып сала бердің. Бұндайдан жасыңнан жаңылып, дәуреніңді диванға құрбан етуің мүмкін, жарығым... Мен, Пашенька, жетпіске дейін жасымды сезбедім ғой, желе-жортып, ғасыр жасаудан үміт еттім. Кей-кейде қолыма себет алып, жидек жинауға тоғайға да тартып кететінмін. Орманға соқпақ сайламай, төтелей жөнеп жүрдім, балам... Аяғымның астынан ағаштың кепкен бұтақтары торғайша пыр еткенде, қанат біткендей болатын...

Тізе бүгіп, диванда бел жаздым, боялған еденге аяғымды салқындатып, өрекпи соққанда төс сүйегін талқандап, сыртқа секіруге даяр жүрекке сабыр іздедім; еш жағдайды түсіне алар емеспін: не мен біреуді өлтірдім, не олар бүгін менің талқанымды тауысты... Түс бұлыңғыр болып, бар өткірлігін жоғалтқан да шығар, бірақ еріктен тыс болатын бір жамандықтың алдын ала ескертуі секілді кеудеде жағымсыз дәм қалды. Анашым үй ішін кезіп кетті: байқамай қалғансып, біресе есіктің жақтауын, біресе үстелдің қырын ұстай алып, торкөз сүлгінің шетін көтеріп, тоңасыған тағамдарды түртіп көріп, балық қосылған бәліш пен түрлі тәтті-дәмдіні шертіп қояр-ды. Мария Степановна қырық жыл бойы наубайханада илеушінің қасында тұрып, өз қолымен тонналап қамыр өңдеді, шаршамай, ауылды нанмен қамтамасыз етті, сол сәттерде нанның жұмбақ жұпарын жұтып, ұн елендісінің жұқа қабатының үстінде — үстел астында маужырап мен жатушы едім.

Бәліштерге бет бұрып, еңкейген анасы күбірлеп жатты:

— Бүгін мереке, сондықтан, тәтті-дәмді пісіру керек. Мереке мезгілінде жейтіндей жеңсік ас мол болғаны жөн. Нюхчада есте жоқ ерте замандардан солай ғой. Сен ұмыттың ба, Паша? Ал мұнда, Жабкиде, адамдар мүлде тұрмайтын да сияқты. Барлығы сатып алынады, тек нандарына да тіс батпайды. Сен мені сүреңсіз жерге сүйреп келдің-ау, Пашатай... Тұтқасы жоқ шабадан құсатып, мені жүк қылып, несіне әуреге түсесің, алтыным?! Қартайған кемпірді қайтейін деп ең? Менің жасыма жеткенде жасамыс адамдардың бір орында отырғаны оңды екенін ұғарсың... Қарттар ешкімге ауыртпашылық келтірмегені дұрыс, кісі баласына зияны тимеуі керек.

Құлағымның құрышын қандырып, анашым әтеттегідей әндетіп жатыр. Сөз төркінін сараламастан тыңдадым. Ажал аулаға жетіп, талқаны таусылған адамдай: «Кәрі адамды қинай бермей, уақытпен жағаластырмай, мәңгілік мекеніме жеткіз», — дер еді мына мұңлы ән. Анам тыным таптырар туған топыраққа асығулы...

— Мені үйімізге апарсаң етті, Пашатай... Үйдің әлі де сүйегі сау, қанша жеріміз бос жатыр. Ақ тер-көк тер болып жиған-тергенге, есіл еңбекке жаным ашиды. Екі жыл жақсаң да таусылмас отын тұр таудай үйіліп, қой терісінен тіккен тон, білдей үш пәлте, сандық толы көйлек те қалды. Әй, балам-ай, бөтен қамбаны қаузаған тышқан құсап, әрнеден үркіп кешкен күнім құрысын, мұнда тұрып жатқаным саған салған салмақ қой... Ал атажұртқа барсақ, барша бас иіп: «Армысыз, Мария Степановна! Қадірлім-ау, хәл-ахуалыңыз қалай?!» — демес пе еді... Мұндағы мылқаулар, құдай ақысы, көрсе, көз тайдырып, жұмған аузын ашпайды-ау, жан жылуы үшін жалқы сөз шығындамайды.

Не дейін: шынымен-ақ, иманы бар адамды атақоныс арсыз ұйқының құшағына қия салмайды... алыстан қол бұлғап, түн баласы түртіп оятып, «кешігіп қалма» деп, билет алар бекетке бастайды ол. Ал сен ойлана келе, қаққан қазықтай қаздиып қаласың: бәрі бүлініп, қирап қалса, қайда барарсың, ағайындар-ау?! Соқыр тиын құрлы құны қалмай, мұнай құбырының шүмегіне көз сатып, Ұлы Ел құрдымға кетіп бара жатқан жоқ па? Қай қызметі үшін Құдайдың қиған қайыры екенін... Шүмекті бітесең, кенезесі кеуіп қалмақ бұл жұрттың.

— Сіздің ертегілердің сыры маған мәлім ғой, біздің Нюхчаға барып қайттым, Анашым. Қазір сізге жарқырағанның бәрі жалтыр мұз емес, жалатпа алтын болып тұр-ау.

Бес жыл бұрын кездейсоқ көлікке мініп, кузовта отырған күйімде Кен көлін кесіп өтем деп, өліп қала жаздағам. Әрең жеткенімді қайтейін, әр жерден жетім түтін көрінген ауылымыз қар астында көміліп қалған екен. Қарды қиып салған соқпақ та жоқ, жол да жоқ, нан жеткізілмегеніне аптадан асқан ауыл шықты алдымнан. Тұрғындары түгел қырылып қалғандай тазартусыз, терезе түбіне дейін жеткен қарды кешіп, үйге зорға жеттім. Ішке енсем, анашым күтпеген де екен... Ескі-құсқы киініп, қайыршы қатындай темір пештің түбінде бүгжеңдеп жүр. Бет-ауызын күйеге, көзі мен кеңсірігін көк түтінге көміп, қолғабы кедергі келтіріп, алдындағы жарты табақша быламықтан қасығына ас ілікпей, ит әуреге түскен күйін көрдім. Шалғам қосқан шалаптан ащы жесір күнінің қай оңайы, ғұмырының қай оңғаны бар: қыжыл білінгенше жесең де, асқазан шіркін аш сынды азынап, ұлып тұрмай ма?! Мені көріп, тұрмаққа тырысып, ұмтылып бақты... Жете алмады. Қолғабын шешкенде күйік шалғандай, терісі түсіп қалған алақандарын көрдім. Анам байғұс дауыс қойып тұрып, жылап жіберді:

— Сені Құдайым жіберген ғой, менің дұғам жеткені ғой, жан балам! Мен мұнда тұра алмаймын енді, Пашатай. Шаршадым, еш шамам жоқ...

Үш жыл басқа жақта тұрып еді, әр күнін тұтқында өткізгендей, ит байласа тұрғысыз ауылын балға бөктіріп қойғандай бұлдап, аңырап отырысы мынау. Ал енді қайда апармақпын? Қайтқанның бәрінде қайыр бар ма еді?! Бұрын да терезе астына тұтас жұдырық сыйып, еденін тышқан кеміріп, төбесін құрт-құмырсқа тесіп тастаған еді, өткен жылдар өлімші хәлге түсірген болар үйімізді... Түртсең, шашылып қалар, шамасы. Түгел отын ғой, түмен отын ғой, от жағар ешкім жоқ, бірақ...