Қағаз жолбарыс

Пальтосының өңірін оң қолымен қаусырынып алып, Потапов көшеде адымдай басып келеді. Кеңсірігін қарып өткен сары аяз сол сәтте көзінен жасын бұрқ еткізді. Құлағы мен төбел тазын кіреуке мұз қаптап үлгерген. Қонақүйден елу қадамдай жерде тұрған таксидің белгі шамын байқап қалып көлік шақырып, қолын бұлғады. Қолында қолғабы болмағандықтан қолы да қатып қалғанмен қоймай, құрғыр белгі шамның орнынан қозғалар сыңайы байқалмайды.

Потапов пальтосының кішкентай жағасын жұлқа көтеріп, көктайғаққа айналған тротуармен абайлай басты. Сол сәтте өз-өзінен ойына ғарыш кемесінен ажырап қалған ғарышкер оралды. Құдды кіндік сияқты оны базалық модульмен жалғастырып тұрған көрінбейтін түтік үзіліп кеткен, бұл болса, аяқ-қолы ербеңдеген күйі жарты тыныс алардай ауасы жоқ кеңістіктегі жұлдыздары жымыңдаған түпсіз тұңғиыққа сіңіп барады. Екі рет тайғанақтап барып, Потапов таксиге мамырлай басып жетті де есікті ашып, ләм-мим деместен темекі иісі мүңкіген салонның жұмсақ орындығына былқ етіп, сұлап түсті.

— Ал не болды? — деді түнерген жүргізуші бұған мойын да бұрмастан.

— Ештеңе, — деді Потапов көзінен аққан жасты сүртіп жатып.

— Жылынайын деп келдің бе?

— Екі жүз сом.

— Маған десең үш жүз болса да!

— Үш жүзге аз-маз серуендетіп келуге болады.

— Тамаша... Ендеше не тұрыс? Мен телефон сатып алуым керек. Жақын маңдағы дүкенге жеткізіп салшы.

Оның смартфонының бір сағаттай бұрын қырық градустық аязда шыпасы біткен. Потапов қажетті нөмірге қоңырау шалсам ба, жоқ па деген әрі-сәрі оймен оны қолына тым көп ұстап тұрғанда телефонның шаруасы бітіп, біржола өшті. Сіресіп қалған саусақтары қазір қалтасының әрбір қуысын ауырсына сезіп тұр. Он жылдай уақыт туған қаласына ат басын бұрмап еді. Қиыр Солтүстіктің қаһарлы қысын да ұмытыпты.

— Ұшып келген бетің бе? — деді таксист орындығында отырған күйі.

— Екі сағаттай болды.

— Байқаймын, маусымға сай киінбепсің. Шікірейіп алған түрің бар. Қайда істейсің?

— Мен режиссер едім.

— Мәссаған!

— Жүрсек қайтеді, а?!

Жүргізуші өзінің ГАЗ-24 көлігінің тізгінін қаққаны сол, тоқылдаған пойыз сынды көне «Волга» дөңгелегі тоңқылдап, алаңды айнала берді. О, Потапов бұл тоңқылдың мәнін жақсы біледі. Егер көлік сақырлаған аязда бір орнында ұзақ тұрып қалса дөңгелектің төменгі жағы тікбұрышты пішінге айналып, қашан өз қалпына келгенше біраз уақыт осылай тоңқылдайтыны бар. Сондықтан, мәңгі мұз құрсауында жатқандықтан темір жол дегенді білмейтін бұл қалада қыстың күндері осындай көңілді тоқыл естіліп тұратын.

Таксист Потаповтың балалық шағы өткен үйдің дәл алдына келіп тоқтады. Бұдан екі ай бұрын болса, бұл мұндай кездейсоқтыққа көңіл бөлмеген де болар еді. Ал қазір ол аздап ренжіңкіреп, әрі бұл бір белгі болуға тиіс деген оймен көліктен асықпай шықты.

Жылу қорабының тұсындағы қоймалардың жанында полиция уазигі, одан сәл әріректе жүк көлігі көрінеді. Қалың киімге оранып алған екі полиция қызметкері қорапқа үңілген күйі іштегі біреумен сөйлесіп тұр.

Жүк көлігінің кабинасынан темекінің шоғы енжар ғана жылтырап қояды. Аяқ асты айналып кеткен басы қалпына келген соң, Потапов «Байланыс» деген жазуы жарқырап тұрған дүкенге беттеді.

Өне бойын билеп кеткен ақырзаманның белгілерін тұтас тұлғасымен сезінген Потапов өзіне таныс көне аулаға әрең кірді. Шынын айтқанда, мұндай сезімнің мұны билегеніне бірнеше ай болған. Өткен жазда, аптап ыстықтан Мәскеудің айналасындағы ауылдар, ормандар мен шымтезекті алқаптар өртеніп, сталиндік биік үйлер он бесінші қабаттан бастап ақ түтінге оранып, ғайып болғанда, Потапов әр таң сайын өзінің қоңырсалқын пәтерінде тұрып, түтіннің құшағында қалған қалаға көз салатын. Әр бөлмедегі дыбысы естілер-естілмес күшті кондиционерлердің өзі оның көңіліндегі қауіпті сейілте алмады. Керісінше, олар мұның жанға жайлылық сыйлайтын неше түрлі жағдайлардың көптігіне басы бүтін байланып қалғанын, олардың кез-келген сәтте бұған бәле боп жабысып, оны ыстықтың құрсауында қалдырып, жермен-жексен етіп, күлге айналдырып, басқалармен бірдей ететінін білдіріп тұрғандай.

Осының бәрін, йағни, электрдің кесіліп қалуын, сумен қамтамасыз етіп тұрған орындағы ірі апаттың орын алуын, аптап ыстық пен дүрбелеңнің, зорлық-зомбылықтың өршуін, әлемнің бірде-бір мемлекеті шешімін таба алмаған бұлғақ пен жаппай хаосты, ең бастысы осындай хаостың алдында өзінің де басқалармен бірдей екенін ойлағанда Потапов өзінің немесе өзі үшін әжептәуір өмірінің ғана емес, күллі адамзаттың толықтай қорғансыз екенін жан-жүрегімен сезінді.

Қысқасы ол өз-өзін алдап, мекерси қоймады. Жеті миллиардқа жуық адамдардың жойылып кетуі оған элегиялық және философиялық тұрғыда көрінсе, өзінің мезгілсіз қазасын бұған қарсы жасалған қасіретті әділетсіздік деп қарады. Аты суық ажалдан анау айтқандай қорқа қоймаса да алапат апатта бәрінің де жойылуының маңызы мен мәнін мойындаудан үзілді-кесілді бас тартты. Ол үшін бәрі дегенің өзінің ешқандай жағдайда да теңескісі келмейтін, тіпті, өлігінің да олармен бірдей болғанын қаламайтын қайманалар еді.

Потапов үшін ажал дегеніңіз бәрін теңестіретін ерекшелік емес, бар болғаны аурудан, кедейліктен немесе дарынсыздықтан қасірет шегіп, қиналған сиықсыз және ақылсыз адамдарға көмектесу, оларды «басқа салса, баспақшыл» дегенге көндіктіру үшін ойлап табылған нәрсе болатын. Алда-жалда алапатта қаза табуын ол жалпы қауымда аса байқала қоймаса да өзінің жеке жеңілісі деп қабылдайтын.

Интернеттен «2012 жылы ақырзаман болады-мыс» деген дүрбелеңге толы жазбаларды оқи, әрі кем дегенде он жылға жететін қаржысын есептей отырып, ол қарапайым арифметикалық қорытындыға келді де бүкіл ғаламшарға қарағанда оның мызғымас қорының анағұрлым көп екені туралы көңіл көншітерлік жұбаныш тапты. Йағни, ол кесте бойынша әлі де үш-төрт апатты аман-сау өткере алғанмен, ғаламшарда ондай мүмкіндік жоқ болатын.

Бұл жарыста мұның аты озып шыққаны анық. Потапов ауланың түкпіріне қарай мұзбен сырғанап бара жатып, еңсесі түскен екі бірдей бес қабатты үйлер бір-бірімен қиылыса орналасқан бұрышқа қарады. Сол тұстан бұрынғы кіре берісі қараңдап көзге шалынады. Босағаның жанындағы жылу құбыры әдеттегідей сақалды елестетін сүңгі мұз құрсаныпты. Тек бұл «сақал» керісінше өсіп төменге қарай кеңейе түсіп, ұстын тұсы бір жарым қадамға жетіп қалыпты.

Потапов ес білгелі осы құбырдан ылғи да су ағып тұратын. Қыста ол осындай мұзды Фудзиямаға айналса, жазда үйдің астына қарай ағып іргені көтеріп тұрған құрылым қазықтары қағылған мәңгілік тоңды шая бастайтын. Сондықтан да үй «жүзіп», қабырғада қыста жылтылдап тұратын қырау басатын, көршілерге қарай кететін жарықтар пайда болатын. Бәрібір құбырдан жыл бойы ағып тұратын суда ешкімнің шаруасы болмайтын. Алда-жалда біреулер осы үйдегі пәтерін сатпақшы болса әлгі жарықтарды қағаз тіліктерімен желімдеп, үстінен қабырғаны әктеп, сосын ғана болашақ сатып алушыны үй көруге шақыратын. Қағаз байғұс кем дегенде екі ай бойы тастай қатып ұстайтын.

Құбырдың астындағы қалың мұз Потаповтың есіне өзінің ескі пәтеріндегі терезені түсірді. Техникалық мақтамен толтырылып, үстінен қалың қағаз желімделген үш қабатты терезе жақтауының мұздан қорғайтын күші де жоқ болғандықтан, көктемге таяу терезелерде қалыңдығы он бес сантиметрден кем емес ауыр, сұр түсті бірдеңе пайда болатын. Желдетілмейтін бөлмеде бірнеше ай бойы сүрілген кәдуілгі адамзат өмірі ғарыштық көлемдегі шаң өндірсе, олардың өкпеден артылғаны осы маңға қонақтап, жинала беретін.

Сыртқа бір көзбен болса да қарасам деген ниетпен оны деміңмен жылытудан, тырнау мен қырнаудан, алақанның жылуымен ерітуден түк пайда жоқ еді. Тіпті, жарықтың өзі одан әрең өтетін. Ол құрғыр төрт ай бойы кәдімгі қылмыс істемесе де істегісі келіп жүрген қылмыскер сынды пәтерге үнсіз ғана күніне бір сағат бойы тамшылайтын. Оның бүкіл қысқы өмірі электр жарығының астында, өз пәтерінде өтетін. Уақыт өте келе мұздар әйнекке берік жабысып, одан жақтауға өтіп, қос қапталымен жағалай келе, терезе асты тақтайындағы ежелгі сіре мұзға да жететін. Оның мейірімсіз шабуылынан көктемде жақтау мен терезе тақтайының бояуы көпсіп кеткенде өзіне көңілі толмайтын жан сол орындарды алақанымен бір сипап өтсе мәз боп, жаны рахат табатындай.

Терезені құрсаған мұз қашан ериді деп күту Потаповтың әдетінде жоқтұғын. Бала кезінде ол күзде осы мұз тақтаға ұсақ бақырларды батырып жіберетін де ол жіпси бастағанда қолына асхана пышағын алатын. Сүйкімсіз мұзды сүңгілеу ол үшін ештеңемен алмастыра алмайтын теңдессіз жан рахаты еді.

Потапов пышақты газ ошағына ұстап ысытып алып, ол суып үлгергенше бүкіл пәтерді көктей өтіп өз бөлмесіне баратын да сұр түсті күңгірт дүниеге пышағын сұққылай бастайтын. Пышақ бойлай енсе де қалың мұзға оның бәлендей әсері болмайтын. Сондықтан, мынадай мұзтаудың тым болмаса, бір кесегін сындырып алу үшін асханаға тағы жүгіруге тура келетін. Кішкентай Потапов терезе алдындағы тақтайға шығып алып, Дюма романындағы қараңғы қамалдың тұтқыны сияқты өзін өзі ұмытып, терезесіндегі мұзды піскілей беретін. Оның тізесінің астында мұз сынықтары сықырлап жатса да осынау тік Гренландияның сәл де болса ашыла қояйын деген ойы да болмайтын.

Бірде ол тым ынтығып кетіп, мұздың ірі бөлігімен бірге сыртқы жақтаудың төменгі бұрышындағы әйнектің бір бөлігін қоса сындырып алған болатын. Оның өзін терезе алдындағы тақтай алқызыл қанға боялғанда бір-ақ байқады. Сонда да болса байғұс тізесін ұмытып, шамамен жиырма сантиметрдей болатын тесікке жабысқанда көшеде жарқырап тұрған шамды көріп жылап жібере жаздады.

Қаланың кейбір тұрғындары үшін наурыз шамдары кемеде ұзақ жүзіп шаршаған топ үшін маяк жарығының маңызынан кем болмайтын. Әйтеуір, Потапов үшін ол сондай маңызға ие еді. Қыс бойы бұл шамдар қалың тұманда өлеусіреп көрінсе, тек наурыз айында ғана кешкі аспанның астында құдды біреу бұлардың көзіндегі күңгірт, мұңды шелді сылып тастағандай, аяқ асты самаладай жарқырап қоя береді. Айтпақшы, осынау елеусіз және ұлы наурыз сәтіне дейін аспан да көкпеңбек емес еді. Анығын айтсақ, ол тіпті болмайтын да. Ондай кезде осынау сұп-сұр кеңістікте ол анық көрініп тұрса да, керісінше, мүлде жоқ болып кетсе де аспанның қазір қайда екенін адам ғана нық сеніммен айта алатын. Әрине, наурыз шамдарының пайда болуын бәрі бірден байқады десек, артық айтқандай болсақ та жартылай қараңғы және тұманды күндердің азабын сылып тастауын айлар бойы күтетін жандар олардың пайда болғанын бірден көретін.

— Қап, құдай атқыр, — деген күйі Потапов артынан бір құшақ аязды ілестіре дүкеннің тайғақ босағасынан ішке кірді де: «Мұнда не, бейне фильмдерді жалға бере ме?» — деп сұрады.

Тар дүкеннің қабырғалары белгілі фильмдердің постерімен барынша айшықталған екен. Солардың біреуінен Потаповқа Мишель Пфайффер мен Гленн Клоуздың бастарының арасына қысылып қалған Джон Малкович мән бере қарап тұр. Аппақ парик киген Малковичтің табанды әрі ұстатпайтын жылтыр көзқарасы әлдебір тиым салынған нәрсені меңзеп тұрғандай болса да, қос бикештің желпуіштері қауіпті сейілткісі келгендей кейіп танытады. Осынау қылымсыған, бәлденген топтың оң жағында жалаңаш дерлік болса да әлі семіре қоймаған Марлон Брандоны өзі сияқты тырдай жалаңаш париждік құрбысы тізесін кеудесіне бүктеген күйі құшақтап алғандықтан ол қызды толықтай қызықтау мүмкін емес екен. Оған қоса, плакатқа ақ түсті әріптермен Бертолуччидің атағының құлы болған, ешкімге керегі жоқ адамдардың аттары жазылыпты.

— Маған бір әпенді осында телефон сатылады деп еді, — деп міңгірлеген Потапов көзін жалаңаш Мария Шнайдерден тайдырып, қызыл кітаптан бас алмай отырған ұзын бойлы, қапсағай денелі сатушыға қарады.

Кітаптан ажырай алмай отырған сатушы «бізде одан да зорғысын айтады. Мен болсам бәріне сене бермеуші едім... Бірақ, біз телефон сатамыз», — дегенді үзіп-үзіп айтты.

«Солай ма?» — деген Потапов өте қатал Фанни Арданның бөлмесіне терезе арқылы қорқасоқтап қарап тұрған Жерар Депардьенің жанына батылсыздау жақындады.

Терезе асты тақтайы мен француздың арасында апельсин толы тоқылған себет тұр. Ал Фанни өзінің кіршкісіз аппақ кеудешесімен тұтастай алдыңғы планды алған күйі солардың біреуін аршудың қызығына түсіп кетіпті. Мына постерге қарағанда, Трюффо әйелдерді жасырын азғырушы, жетекшілік үшін күресуші және жемістерді аяусыз тураушы бейнесінде көрген сияқты.

— Ендеше мына плакаттарды неге ілдіңдер?

Сатушы Потаповқа көзінің қиығымен қараған күйі оның мінез-құлқын тез шолып өтті де жауап беру қажет деп тапты.

— Бұл біздің креатив. Қожайын аса ақылды болғандықтан, осындай пиар-қимыл ойлап тапты. Енді сатылым өте жоғары болуға тиіс... Алайда, әзірге жоғарылай қоймады.

Сатушы мынадай сауданың түріне қанық емес жан тәрізді. Ол қалың да ашық түсті шаштарын буып қойыпты. Әлекей-шүлекей темір жапсырма, сыдырмалармен әдіптелген тері тонының сыртынан қалың кәжекей киіп алыпты. Қара джинсының балағы әскери қысқа қонышты етікке сұғылған. Етті, аппақ маңдайдың астынан екі бөртпе мен терең қатпарлы дәл сондай етті, қонақжай деуге келмейтін екі көз қарап тұр. Оның қолындағы қызыл кітаптың мұқабасынан Потапов Мау Зы Дұңның дөңгелек шеңбердегі потретін байқады.

Мына жер ұлы көсем идеяларына табынатын адамның орны емес екені анық. Иә, болмаса, мына адам оның кім екенін әлі де білмейді. Дегенмен, мұның жасы отызды еркін еңсергені байқалып тұр. Сөйлескен кезде алдындағы адамның көзіне қарамайтын әдеті бар екен. Ойнақшып тұратын қарашықтары Потаповтың бетіне қарай сала, артынан құдды Потапов жалғыз келмегендей немесе сатушы өз-өзіне сенімді һәм басқаларға төбеден қарай тұра ұятты бірнәрсені жасырғысы келгендей көзін біресе оңға, біресе солға ала қаша береді.

— Пиар-қимыл? — деп қайта сұрады Потапов.

— Иә, — деп жауап қатқан сатушы сатып алушының бұл жердікі емес екенін білгендіктен, оған өзінің алтын уақытының біраз бөлігін қимақ болды. Сөйтіп, сөзін әрі қарай жалғап «адасқандардың плакаттарын ойлап тапты. Оның айтуынша, бұлардың бәрі ғашықтық байланыстар туралы фильмдердің қаһармандары екен», — деді.

— Болса қайтеді екен?

— Біздің дүкеннің аты да «Байланыс» емес пе?

Соны айтып, көзі солға бұрылғанда Потапов та ерікіз сол жаққа қарады.

— Ә, солай екен-ау! Байланыс... Ә, иә... Мен оны ойламаппын ғой...

Артына бұрылғанмен, көзге түсер көрікті ештеңе таппаған ол сөзін соза сөйледі.

— Ешкімнің ойына кіріп шықпайды. Дегенмен, оның ойынша бұл ет екен.

— Түсінбедім?

— Оның ойынша бұл өте керемет нәрсе. Капиталист. Тіпті, ол телефондарға арналған ерекше тұғыр да ойлап тапты.

Сатушы осыны айтып, сөренің астынан телефонға арналған үлкен, ісінген ерін пішінді тұғырды алып шығып Потаповқа көрсетті. Қалта телефонын осынау қызыл барқыттан жасалған ауызға сұққанда ерін ашылып абонент өзінің сүйіктісінің қоңырауын күтіп отырғанда бұл қимыл оның ойында эротикалық нәрселерді салып отыруға тиіс екен.

— Ол оған қоса құпия қоңырауларға арналған арнайы бағда жазып шығарды. Егер қаласаңыз, қосымша ақыға оны да орнатып бере аламыз.

— Ол не тағы?

— Сондай бағда дедім ғой. Бағдарлама. Трэш.

— Ә, бағдарлама ма? Ал ол нендей қызмет атқарады?

— Кейбір қоңырауларды жасыра алады. Ол қоңырау хабарласқан, терілген қоңыраулардан да көрінбейді.

— Ол не үшін?

— Мысалы, сізге құрбыңыз жиі хабарласады дейік. Ал әйеліңіз сіздің көзіңізді ала беріп телефоныңызды ақтаруға әуес. Тіпті, ол қоңыраулар еш дыбыссыз соғылатындай етіп те жасауға болады. Мысалы, сіз үшін аса маңызды адам хабарласқанда сіз әйеліңізбен көлікте немесе мейрамханада отырсыз. Ондай кезде телефоныңыз шиқ етіп те қоймайды.

— Ендеше маған хабарласқандарын мен қалай білемін?

— Діріл арқылы. Ондай дірілдеу қызметін тек сол нөмірге ғана орнатуға болады. Оны да өзіңізден басқа ешкім білмейді. Қоңыраудан да ешбір белгі көрінбейді. Артынан қоңыраулар журналын да тазартып әуре болмайсыз. Айтпақшы, оны тазартуды көбі ұмытып кетеді... Сөйтіп, тату-тәтті отбасылардың шырқы бұзылады.

Ол жаңа ғана осындай отбасының берекесін сақтап қалған адамдай басын маңыздана шұлғып қойды.

— Түсінікті, — Потапов терең тыныстап: — Мұнда не істеп тұрсың? — деп сұрады.

Әңгіме ауанының аяқ асты өзгеріп кеткенінен сасып қалған сатушының көзі кенет ұйқыға кеткен шыбынның көзіндей болып, бағанағы көзін ала қашатын әдетін де ұмытып алдындағы адамға қарап қатты да қалды.

— Мен бе? Мен телефон сатамын ғой.

— Мау Зы Дұңмен бірге ме?

Сатушы еріксіз қолындағы кітапқа назар аударғанмен, артынша тез есін жиып алды.

— Сіздің не шаруаңыз бар? Сіз не, тексерушісіз бе?

— Иә.

Сатушының көзқарасында біртіндеп ашу орын ала бастады.

— Әзірге ешкім жұмыс орнында кітап оқымасын деген жоқ. Сіз жалпы кімнен келіп тұрсыз? Маған Толик өзі бәрін бақылап отырамын деген. Сізді сол жіберді ме?

Потапов, тіпті, соңғы қатардағы көрерменнің өзі оңай түсінетін, «соны да білмейсің бе?» деген иығын қушита қоятын қулыққа толы әдісті жақсы білетін. Кезінде осы ым-ишараны іздеп тауып, оны актерларға сіңіру үшін тұтастай дайындықты арнап еді. Алайда, ақыры қайырлы болып, ол әдіс мінсіз орындалатын болған. Әдетте мұндай «өзің ойлан» деген ым кезінде адамдар бір қолайсыз жағдай болады деп ойлап, үнсіз қалғандықтан мұның өзі олардың үрей сезімін күшейтіп жіберетін.

— Сен әзірге маған телефон сатшы. Содан кейін екеуміздің әңгімеміз әрі қарай жалғаса жатар.

Техникалық құжаттарға әлдебір белгі соғып жатқан сатушының әрі-сәрі қимылына бір қарап қойып, Потапов сөреге жақын келіп, беттері төмен қарап жатқан қызыл кітапты қолына алды. Сатушы оның бұл қылығына елеңдеп қалғанмен ештеңе демеді. Ол телефонды құтысына салып жатыр еді. Потапов кітаптың бетін асықпай парақтай бастады.

Мұндай үнсіздікке жүйкесі шыдамаған сатушы: «Сонымен сіз қайдан келдіңіз?» — деп, төтесіне көшті.

— Мен бе?

Потапов алдын-ала дайындалып алған бейкүнә сәби пішінмен оған қарап тұрып: «Мен жолдас Маудан келдім», — деді.

Телефон құтысын тырсылдатып тұрған сатушының саусақтары тыным таба қалды. Мұхиттың тереңінде киттің сұлбасы қалай көлбеңдеп өтсе, оның быртиған көзінің тереңінде де сондай бір ауқымды ой жүгіріп өтті.

— Мұнда кез-келген импералист қағаз жолбарыс деп жазылған, — деп сөзін жалғаған Потапов сатушыға қайта серпілуге жол бермей, одан әрі бастырмалатқан күйі, — ал сенің қожайының... қалай еді?.. Толик... Империалист пе?

— Е, жоға... Оның бар болғаны екі сауда орны, сосын, веб-студиясы... бір-екі компьютері, трэші бар... Анау айтқандай емес...

— Оһо! Веб-студия дейсің бе!? Сол веб-студия арқылы Толик бүкіл әлемге сойдақ ізін қалдырып, жорғалап шығады екен ғой. Қалай болғанда да, ол бәрібір империалист. Демек, қағаз жолбарыс болғаны. Ендеше сен неге ол қағаз жолбарысқа қызмет етесің? Оның қағаз табанымен қытырлатып жүруіне жәрдем бергенің бе? Байқасаң, қазір сенімен мен сөйлесіп тұрған жоқпын. Сөйлесіп тұрған Мау жолдас. Сенің қандай айыбың бар екенін өзің біліп тұрсың ба? Сен нағыз капитализмді құрып жатырсың. Ал, төңкеріс не болды, бар болғыр!? Сонда жүрегіңде Пепел Клааса соқпай ма?

Әрине, Уленшпигелдің бұл сөзімен Потапов оны басып тастаса да, осы сәтте қатты қобалжып тұрған сатушы ештеңе де байқай қоймады. Әрі, Тил де қанаушылармен күрескен еді ғой. Сатушы үшін тұтынушылар оны кекетіп тұр ма, жоқ па, бәрібір болғандықтан, Потаповтың позициясы одан сайын беки түсті. Ол бұндай кедергіден баяғыда өткен болатын. Ол үшін әжуа-мысқыл бұрындары айналасындағы адамдардан өмірдегі сәтсіздіктерін жасыруға септесетін нәрсе ғана болса, кейін келе бұрынғыдан гөрі ұлғайып, оның дәрежесін өзінен де жасыруға қабілетті болып кетті. Ол төңкеріске, Че Гевараға, Мау Зы Дұңға сенетін. Осындай озбыр сенім оған өмірдегі басқа адамдардың табысын елемеуге ықпал етіп, құдды тыныштандыратын дәрі сияқты жәрдем беретін.

— Мен мұнда көп болмаймын, — деді ақыры сөзге келген сатушы.

— Тек анам мазамды алып жіберді. «Бар жұмыс істе. Қашанғы жата бересің?» — дей береді. Мен не, қарап жатырмын ба? Мен ойланып жатырмын. Маған оңашалану керек, күту керек. Маудың өзі «стратегиялық қатынастарда біз күллі дұшпандарымызды елең қылмауымыз керек», — деген жоқ па? Мен де елемеймін. Бірақ әрі қарай ол тактикалық қатынастарда біз дұшпандарымызға барынша көңіл аударуымыз керектігін де жазады. Анам да әбден ығырымды шығарды... Қысқасы, мен барлауға шығамын деп шештім.

— Сөйтіп Толикке жалдандың ба?

— Солай. Біз кезінде онымен бір сыныпта... Қысқасы, жау деген өзінен өзі жойылып кетпейді. Оны зерттеу керек. Менің нені армандайтынымды білесіз бе? Джипті.

— Мұның асқан буржуалық емес пе?

— Е, жоға. Тұра тұрыңызшы. Мынадай үлкен қара пулемет орнатылған, қап-қара джип. Нағыз ет тартқыш. Менің «Сталкерімде» сондай болған.

— Қайда?

— «Сталкерде». Ағайынды Стругацкийлердің ғаламы бойынша компьютерлік ойын ғой. Сіз «Жол жиегіндегі демалыс» дегенді оқыған боларсыз деп ойлаймын?!

Қазір сатушы бағанағыдай көзін ала қашпай, керісінше, етті маңдайдың астынан Потаповқа сүзе қарап тұр.

— Енді-і-і... Жарайды, маңызды емес. Әрі қарай айта бер.

— Қысқасы, орталық көшеге шығасың да жан-жағыңды атқылай бастайсың. Та-та-та-та-та...

— Тұра тұр. Ол жердегілердің бәрі импералистер емес қой.

— Ал, маған импералистер ме, қойлар ма бәрі бір. Қойлардың көзін жойсақ, импералистер жүндейтін ешкім қалмайды. Шындығына келсек, қой дегендерің тіпті сұмырайлар. Олардың өзі өздерін жүндегенін қалап тұрады емес пе? Күштілердің көзін қызықтыратын өздері. Айтпақшы, Інжілде басқаларды қызықтыратындардың қайғысы да ауыр болатыны жазылған. Өздерінің ақымақтығымен еліктіреді. Ештеңеге де ұмтылмайды, ештеңені де армандамайды, тура... қой сияқты көнбіс. Өздерін жем қылуға о баста мойынсұынып қояды.

— Ал сен армандайсың ба?

— Әрине.

— Не туралы?

Сатушы Потаповқа аяқ асты өзінің мүдделесін жоғалтып алғандай таң қала және аздап ренжи қарады.

— Не туралы дегені несі? Айттым емес пе... Джип туралы...

Қонақүй суық болғандықтан, Потапов пальтосын шешуге асықпады.

Құтыдан жаңа телефонын шығарып оған ескі телефонының симкартасын ауыстырып салды да сағатына қарады. Мәскеуде таң атып қойған екен.

Жатқа білетін таныс нөмірді теру тағы да қиынға соқты. Екі рет соңғы сандарды терейін деп тұрып Потаповтың дәті жетпеді. Сосын терезе алдында тұрып үшінші рет тәуекел етіп көрмек болды.

— Сәле-е-ем! Сен қайда жоғалып кеттің?

Ақыры телефонның ар жағынан шексіз сүйкімді, ұйқылы-ояу, ақырын ғана шыққан дауысты да естіді-ау!

— Мен алыстамын... Түсірілімге қажетті бейнені іздеп кетіп едім.

— Қашы-ы-ып кеттің бе? — деген ерке, әлі де ұйқысын аша алмай тұрған дауыс созылып шықты.

— Е, жоға. Мен жәй ғана...

Потапов жандалбасалап, қарсыласа бастады.

— Оның бекер болған, — деген әйелдің жылы даусы естілгенде бұл мүләйімсіп, құмары қанбай, абыржып тұрған төбет сияқты оның күлімсіреп тұрғанын бірден аңғарды.

— Тұра тұршы. Сен не... қорытындыны алдың ба?

— Иә-ә-ә-ә.

Оның мұндай салтанатты даусын естимін деп ойлаудың өзіне дәті жетпеп еді.

Мәскеуден бергі алты сағаттық ұшу кезінде бұл оны уайымдап және өзінен өзі ұялып, өліп кете жаздады ғой.

— Сонымен? — деді Потапов.

— Оралсаңшы, — дегенді айтып ол біраз үндемей қалды.

— Маған химия керек емес. Дәрігер «бәрі дұрыс» деді.