Періште
Бұлардың солтүстіктегі шағын шаһарында ол көптен бері жоқ, Корога өзенінің арғы жағындағы жоса түсті үйде де енді ешкім тұрмайды, бірақ Анисим Иванович түс ауа мүлгіп кетіп, терезенің сыртындағы мұнара мен қабырғалардың көлеңкесі мен бейнесі көмескілене бергенде, қардан тазаланған саяжолда аласа әйел сұлбасы көрінеді, көз алдына жақұттай жылтыраған ойнақы көздері елестеп, баяу, бірақ анық шыққан даусы естіледі, кіреберісте етігінің өкшесі тық-тық етіп, қарды сыпырып тастаған сыпырғы сыртылдап, ол барынша күшті жылытылған бөлмеге кіріп, шешініп, бір сәтке де аузы жабылмай сөйлеп, сықылықтап күліп, ұяң жанға тән қылығымен еңкейіп отырып шай ішіп, сүйіп жейтін тұзды кепкен тоқашын кеміріп отырады, содан тағы автобус келіп тоқтайды, автобустан есінеген, жолдан әбден қалжыраған экскурстанттар түскенде ол жымиып орнынан тұрып, олардың бәрін керней тартқан періште бейнелі желбағары бар биік қақпа үстіндегі мұнара арқылы саяжолмен ертіп кете береді.
Ол әлгі періштені қолымен көрсетіп, бірдеңені айтып барады, Анисим Иванович, тіпті, алыстан оның аузынан бұрқырап шығып, ақ сары шаш тұтамдарына боз қырау боп қонып жатқан буды да көреді, бірақ ұйқысын аша алмай келе жатқан еркектер мен әйелдердің онымен де, әлгі періштемен де түк шаруасы жоқ, бәрі өзара күңкілдесіп, жиіркеніп, бетін тыржитады. Мұны көргенде Анисим Иванович ол үшін қатты қынжылып кетеді, сонда үйден жүгіріп шығып, әлгі немелерді тәрбиесі жоқ кішкентай баладай етіп, сілкіп-сілкіп алғысы келеді, бірақ аласа бойлы әйел мен жанындағылар мұнарланған қар арасына сіңіп жоғалады, енді ол кері қайтып келіп, пештің ашылған қалқалағышы алдына қолын созып жылытып, жылдам түскен ымыртта жақұттай көздері жалт-жұлт етіп, тек әйелдерге тән көзқарасымен оттан назарын алмай отырғанға дейін тағы қанша уақыт бар екен?
— Анисим Иванович, — дейтін әндете сөйлеп, — көкетай, есіміңіз қандай ғажап еді. Өзіңіз де керемет жансыз.
Бұл болса қызарып, жөткірініп қалады, ол болса, оның абыржыған, бірақ риза болған көздеріне кішіпейілдікпен қарағаны соншалықты, мына тентек қыз мазақтап отыр-ау деген ой келсе де, мүлде ренжімейтін, сөйтіп, оның шіркеу күмбездеріне, күннің жасылданып батқанына, қалың қабырғалы, тар терезелері бар тұнжыраған мұнараларға сүйсіне қарап, ішіндегісінің бәрін бұған балаша ақтарып жатқанын қалт жібермей тындап отырады. Бірақ, лезде, көзді ашып-жұмғанша ымырт жабылып, қаңырап тұрған қараңғы көшемен ол өзеннің арғы жағында тұрған қызметтік үйге қарай кетеді, сөйтіп оның артынан ұзақ қарап отырып, университетті енді ғана бітірген сол әдемі де жап-жас әйел су тасып, отын жарып, пеш жағып, кешкі асын дайындап, кейін қара түнге дейін жападан жалғыз сырттан естілген әр тысыр мен мұржада уілдеген желдің дауысына құлақ түріп отыратынын көз алдына келтірді.
Ол да кетеді, осыған дейін тұрғандар сияқты бұның да кететіні анық дейтін ол іштей қайта-қайта, бірақ бір ай өтті, тағы бір ай өтті, қыс та кетті, бірақ ол ешқайда кетпеді, көздері бұрынғыдан да жылтырай түсіп, шіркеу шатыры астындағы жазғытұрғы тамшылар сияқты даусы да бұрынғыдан бетер сыңғырлайтын болды. Күні бойы шіркеу қоймасына өрмелеп шығып, икондар мен ескі кітаптарды, әбзелдерді қарап, оны шақырып бірдеңелерді сұрап, өзі де түсіндіріп, жазып алып, суретке түсіріп жүргенде көздері бал-бұл жайнағаны сондай, бұрын нені күзетіп жатқанына мүлде басы айналмаған қабағы ашылмайтын әрі тұйық күзетшінің өзі кенет қызыға бастап, алдында бұл әуестігінен өзі тартыншақтаса, кейін қыздың қолдауын сезіп, талқылап талдауға кірісті.
— Міне, сен, Любовь Федоровна, әулие Игнатий тақуа адам болған дейсің әрі бір күні оған Коро көліне бар да сол жерде қасиетті шіркеу тұрғыз деп аян келіпті. Ал мен сол Игнатий дегенің жай ғана іштен тынған бір еркек болған деп ойлаймын. Анау Мәскеудегі ұрыс-керістен әбден жалығып, орманға бас сауғалап кеткен ғой. Сөйтіп, біздің көлге жеткенде бірінші ақсеркесін ұстап жеп көрген де, осында біржола қалып кеткен. Ал анау түрлі аян бергені мен белгі бергені жайлы айтсақ, оны кейін не адамдар ойлап тапқан, біреу-міреу қуып шықпасын деп, не өзі құрастыра салған. Ол болса, иығына төгілген шашын бір сілкіп сықылықтап, нәзік дауыспен күлді:
— Әй, Анисим Иванович, сіз музей күзетпей, атеизмнен дәріс оқуыңыз керек қой. Бүкіл профессор атаулыны шаң қаптырып кетер едіңіз.
— Сен қыз мені атеист деп жазғырма, — ол ызалана кетті, — мен не саған бұралқы итпін бе? — деп тұнжырай қалды да, бірақ көпке дейін үнсіз отыруға тағаты жетпей, қыздың көзі мөлдірей қарағанда тағы қызыл кеңірдектене бастады: — Енді не деп ойладың? Монахтар да адам емес пе. Былай айтайын: қатындардан әбден жалығып, олардан оқшау өмір сүре бастаған. Өз қожалығын дөңгелетіп, балық аулап, бау-бақша салып, осы біздің жерде деймін... Ал қазір ше? — Сөйтіп қолын бір сілтеп, қабағын түйгенде қыз да күрсініп, ештеңемен шаруасы жоқ директорға шағымдана бастады: қор талан-таражға түскен, ең құнды жәдігерлерді Мәскеу мен Ленинградқа әкеткен.
Анисим Иванович жаны ашып тыңдап, сәл жұбатқысы келгендей:
— Бұрынғы бастық бұдан да сорақы дедім. Оның кезінде сонау соғысқа дейін икондар еденде жүзімен жоғары қарап жататын, адамдарды үстінен жүруге мәжбүрлейтін. Қазір ондайы жо-оқ, — деді.
Шағын қала бір шетте жатыр, экскурсия да жиі келе бермейді, баяғыдан жөндеуді қажет етіп тұрса да, жөндеу жұмыстарын үнемі артқа қалдырып, тозығы жеткен шіркеулерді бірінен соң бірін жаба бастады. Бәрі бұған көніп те қалғандай: экспозиция аз болса — жұмыс та аз, тек Любовь Федоровна ғана үнемі шамданады:
— Мынаны айтыңызшы, біз аса бай елміз, ғарышқа мыңдаған ғаламшар серігін ұшырамыз, зауыт, станциялар саламыз да, баға жеткісіз, осыдан жойылып кететін болса, ешқашан қалпына келтіре алмайтын музейлерді жөндеуге бірер оншақты мың ғана қаражат таба алмаймыз. Түсініп тұрсыз ба, ештеңемен ауыстыруға келмейтін!
— Қой, Любовь Федоровна, — деді ол көнбей, — қайдағы ғарыш? Алпыс бірінші жылы тура Гагаринді ұшырғанда — басшылық осында келген, сонда орталық шіркеуді қиратып тастағысы келмеді ме. Құдай жоқ деді, қазір мұны ғылыммен дәлелдеді деді, ал мына шіркеуіңіз аса биік ғимарат, қаладағы ең биігі болғасын, адамдар ыстықтап, терлеп жатыр деді. Осылай да осылай, еңбекшілер талап етуде, тіпті, қол да жинапты, лағынет жауғырлар, — деп, ашумен шырт етіп түкірді, — сол кезде бір нәрсе-ақ аман алып қалды: әлгі жарылғыш зат дегені жетпей қалды. Бізге ешкім тимейді, соған да Құдайға шүкір дейміз.
— Не деп сандырақтап кеттіңіз? — қыз да күйгелектеніп кетті. — Қазір кім ескерткіштерді жаруға рұқсат береді екен?
— Әй, енді жармаса да тағы бір оңбағандық жасайды.
— Онысы бола қоймас, — деді ол қорғалақтамай, — мен облысқа барамын да, дегенімнен қайтпаймын.
Айтқанындай, облысқа кетті, қайта оралғанда ызаланған, ашулы түрінен күзетші болжағандай бекер барып келгені байқалды. Ол да шұқылап сұрап отырмады, дегенмен ертеңіне өзі ашу үстінде бәрін жайып салды:
— Мен әлгі арамзаның арсыздығына таң қалмаймын. — Мұны естігенде ол селк ете қалды: нәзік дауысына мына дөрекі сөздер тым сай келмейді екен. — Дұрыс айтқан екенсіз, олардан түк те көмек болмайды. Бірақ адамдарды айтам, қарапайым адамдар, неге олар тым жайбарақат қарайды? Кімге жолықсам да, келіп ең құрығанда қоқыс жинауға көмектесіңдер десем де — не үндемейді, не күледі. Дегенмен, мына қала осы монастырдың арқасында пайда болған жоқ па? Тағы жергілікті халықтан музейге бір рет болса да келдің бе деп сұрашы — өз басым мұнда біреуін де көрмедім. Мұнда мыңдаған шақырым жерден келеді, ал түбінде тұратындар бірнеше ондаған жылдан соң, бәлкім, мына қабырғалар да қирап қалатынын біле ме екен?
Анисим Иванович ләм-мим демеді, бірақ іштей бұдан асқан сорақылық жоқ шығар деп ойлап қойды. Адамның аты адам емес пе, оларды күнделікті күйбең тіршілік қана мазалайды, дүкен сөрелері бос, жолдар қираған, аурухана ғимараты тозған деп алаңдайды, ал монастыр болса — оларға жат дүние, ол тек мұнда қызыл автобуспен келіп кететіндерге, дүкен атаулысынан тек кітап дүкендеріне ғана бас сұғатындар үшін тұрғандай. Ертең мына монастыр түбімен жоғалып кетсе де ешкім аса қайғырмайтын шығар, мына өзіне де сол музейден не пайда? Дегенмен, оны сол кішкентай күйінген әйел толғандырады, бәріне өз көзімен қарауды үйретіп, күзетшінің жүрегіндегі сағынышын оятқандай. Ешқашан өзіне артық қам-қайғымен салмақ салмаған, бәріне мойынсұнып үйренген, соңғы жылдары мүлде селқос жүретін Анисим Иванович кенет өмірім аяғына таяды, бірақ бекер ғана өтіпті деген ой түйетін болды: денсаулығы сонау жастық шағында, колхоздан бас сауғалап қашқан ағаш дайындайтын өндірісте құрыды; өмір бойы ауыр сырқатын арқалаған әйелі бірнеше жыл бұрын, әйтеуір, бейнеттен құтылып, о дүниеге аттанды, Құдай перзент бермеді әрі мына қарауылшының үйінен басқа ештеңе қалмады, өлгеннен кейін де қалмайды.
Мұндай ой оның басына бұрын да келіп, келген сайын оны шошытатын еді, алайда, мұндай жағымсыз ойын қуып, шараппен басып үйренген. Дегенмен, қазір бір сұрақ миын жегідей жеп барады — егер сонша күш-жігер жұмсалса, ауыр еңбектен әбден шалдықса, соғысты жеңіп шықса да өмірі бұрынғыдан да нашарлап, ұсқынсызданып кеткен, ең қорқыныштысы — адамдар адамдық қасиетінен жұрдай болып, жабайыланып, ар-ұяттан безген. Осыны ойлағанда көңілі жабырқап, ашуға булығып кетеді, бірақ бөтен, әлдебір белгісіз алыс жерлерден келген, еріксіз жүрегіндегі осы ойларды оятып жіберген әйел оның көңіліне жұбаныш сыйлап, егер ол дәл сол сәтте кетіп қалатын болса, мұның ауыртпалығын баяғы әкесінің кең үйінен батпақты орманға қашқан кезіндегі ауыртпалыққа қарағанда әлдеқайда ауыр бастан кешірер еді.
Өмірімде ол үшін қызық ештеңе болуы мүмкін емес деген оймен оған өзі жайлы көп айта бермейді, бірақ ызғар желде тамағына суық тиіп, қарлығып, кеш бойы шөп салып демделген шайды үнсіз, аз-аздан ұрттап ішіп отырғанда да, оның мына бөлмеде отырғанының өзі оны жұбатып, көп жылғы жүрек дертін жұмсартқайндай түйіліп, әрі оны құдды бір әйел бақыты бұйырмаған қызындай көріп тағдырына алаңдап, қамқорлық танытқысы келетін. Бірақ қаншалықты өзі жайлы аз айтса, ол да мүлде жақ ашпайтын, сондықтан, Анисим Иванович ол жайлы ештеңе білмеді және ақылды, тартымды әйел өмірінің ең жақсы жылдары жалғыз өзі үйінен тым алысқа не үшін кеткенін түсіне алар емес. Жергілікті тұрғындар арасынан ешкіммен көңіл жарастырмады, би кешіне де, киноға да бармайды, сондықтан, өзі де махаббат ісінде аса батыл емес Анисим Иванович те әңгіме оның ұяңдығында деп топшылап қойды. Бірақ өзі тартымды дедік емес пе, әрі бір мәрте балыққа барғанда жақында әскерден ұлы келген бір досы қонақ әйел жайлы әңгіме қозғады.
— Сенің сотқарыңа сай емес ол, — деді Анисим Иванович салқын ғана, сөйтіп, әңгіме де жайында қалды, бірақ ертеңіне алдына балық сорпасын қойып жатқанда байқаусыз айтқандай сыңай танытып, кідіріп, мүдіріп, сөзінен жаңылысып әлгі жігіт жайлы әңгіме қозғады. Ол болса, үндеместен балық сорпасын ішіп отыра берген, оның жуас көрінгенінен басқа ой түйген күзетші жігіт, әрине, университ оқымаған, бірақ бұзық емес, тәп-тәуір ақша да табады деп сенімдірік сөйлей бастады. Әйел болса басын көтеріп ақырын ғана:
— Ендігәрі маған мұндай әңгіме айтпаңыз, өтінем, — деді.
Сөйтіп, тұрған бойы есікке қарай жүргенде жүрегі тасқа айналған қарияның кеудесі сыздап, енді ешқашан мұнда шай ішуге келмейді деп ойлап, тек жанынан өткенде салқын ғана амандасып, жат көзімен қарап, жат дауыспен сөйлейтінін елестетті. Кенет не істерін, өз жаңсақтығын қалай түзейтінін білмей тұрғанда ол да аяп кеткендей бұрыла қарады:
— Мені мұнда бақытсыз деп ойлайсыз ба? Мен мұнда еркінмін, түсінесіз бе? Мен қалағанымша өмір сүремін, ешкімге тәуелді емеспін. Мен де Игнатий сияқты мәскеулік у-шудан қашып келдім, әрі маған осы монастыр, осы көл, сіз, өзеннің арғы жағындағы шағын үйім, мына ескі кітаптар, мұрағат — бәрі қымбат. Тіпті, кейде титтей болса да тұшымды мәліметті көкейіне қондыра алатын топас экскурстанттарымды да жақсы көремін. Ал мүлде зарығып, жабырқаған сәтімде, қақпаның үстіндегі періштені білесіз бе? Сондай сәтте оған қараймын да былай ойлаймын: міне, оны жүз жыл бұрын сол жерге орнатты, қолындағы кернейімен біздің бейберекет әрі лас өмірімізді бақылап, жан-жағынан жел соғып, жаңбыр қамшылайды, қар, жел, күн... ал ол болса өзінің соңғы қорқынышты соңғы әуенін жар сала кернейлететін сәт тумағанша ақырын ойнап тұра береді. Неге маған есіркеп қарадыңыз? Оның орнына мені балыққа ала кетіңіз, ант етейін, мен сізге қолбайлау болмаймын.
Ол балыққа бару туралы жай ғана айтты деп ойлаған-ды, бірақ бір аптадан соң екеуі шынымен барды. Алғашында тып-тыныш отырды, көп сөйлемей, құрал-саймандардын реттегенін бақылап отырды, кейін біраз көңілденіп, қысқа қармақпен алабұғаларды шығарып жатқанда сықылықтап күліп, сыртынан қарағанда өте ширақ, нәзік көрініп, бағзы заманнан әлдеқалай аман қалған әсем де жігерлі ақсеркеге ұқсастай түйіліп, өмірін жалғыз өткізген мына құнды балық елсіз жатқан көлде не істеп жүр деген ой келді. Және жарық түнде оттың жанында шырша бұталарының үстінде жеңіл көрпеге оранып жатқанда да оның жүрегін тәтті бір сезім толғап, күзетші әлі де бұлыңғыр болса да шақырып, бақытты боласың деп уәде берген болашақ өмір құпиясы алдында тағы өзін баладай сезіне бастады.
Ол да ұйықтап жатпаған екен, оттың бұлдыр, солқылдаған жалынанан көз алмай, кенет тілге келді:
— Сіз монахтар жай ғана ер азаматтар болған дедіңіз. Дұрыс, олар балық та аулаған, сиыр баққан, бақтары да жайқалып тұрған, бірақ бастысы бұл емес. Олар, көкетай, әлемді тіреп тұрған. Тек кітаптарда ғана бәрі өздігінен болады, қалыптасады делінеді. Дегенмен, оттапты — бәрін де бірдеңе тіреп тұрады. Ал елестетіп көріңізші, қазір түн, бәрі ұйықтап жатып, тек қана монахтар көз ілмей, өзі сияқты монахтармен бүкіл әлем үшін мінәжат етіп, бар ауыртпалықты өздерінің мойындарына алады. Орманға да әлемнен құтылу үшін емес, әлемді құтқару үшін кеткен.
Құдай-ау, дауысы қандай керемет десеңші, бірақ ол үшін оның не айтып жатқаны да маңызды емес, оның көздерінің нұрланғаны, кішкентай етік киген аяқтарын астына ыңғайлы жинап отырған қалпы ұнайтын, сондайда көңілі жадырап, осының бәрі өзінің басынан өтіп жатқанына сенгісі де келмейтін еді. Сонда күзетші менің өмірімдегі періште сенсің деп айтып қалсын, ол болса сықылықтап күліп жібергенде ұйқыға кеткен орманды уақытынан бұрын оятып жіберіп, түн құсы шаңқ етіп, су ішуге келген бұғы бұталарды сартылдатын ну қопаға кіріп кетті. Ол еңкейіп күзетшінің басын құшақтап алды да, кеудесіне басып, сақалы қырылмаған бетінен сүйіп сыбырлады:
— Еһ, көкетай, отыз жылға жасырақ болғаныңызда ғой, құдай ақы, әлдеқашан-ақ өзіме үйлендіріп алған болар едім.
Деді де, бұталардың арасына сүңгіп кеткен еді, Анисим Иванович арғы жағында су шылп еткенін естіді. Ұйқыда мүлгіген Коро көлінде жүзе бастағанда су толқынданып, беті лапылдап өртеніп, қызарып, оның отына өртенген жүзіне қарамағанына да шүкір.
«Жарығым, жарығым менің», — деп сыбырлады сонда ол, енді, қазір, қарға көмілген үйшігінде, басқаның даусын естімей, басқалардың жүзін көрмей отырып, осылай сыбырлай берді. Одан бөлек ешкімі де жоқ, осылай екеуі қараусыз қалған шіркеуде монах және келең әйелдей жылдар бойы өмір сүріп, бір-бірін мүлде жалықтырған емес. Туристер топ-топ болып келгенде әйел ежелгі уақытта осы монастырда өмір сүрген тақуа Игнатий жайлы хикаяны ертегі сияқты баяндап, кейін күзетшінің үйіндегі қайнап тұрған самаурыны мен үнемі сол жерден табылатын тұзды кепкен тоқаштарына келеді; қыста жолдарды қардан тазалап, жаздың ұзақ кештерінде қала төңірегіндегі төбелерді аралайды — күзетші қанша жыл осында тұрса да, мына төбелерге еш шықпаған екен.
Ол жақтан қараусыз қалған жерлер көрінбейді, ағаш қалашық алып монастыр қабырғалары маңына сығылысып, шексіз-шетсіз тайгадан қашып пана іздегендей, бірақ бұл алыстан көрінетін көрініс қана, сондықтан ластыққа, мас былапыт сөздерге, бояуы оңған ұрандар мен плакаттарға оралғысы келмеді. Монастыр да жылдар бойы іштей әлдебір індет жегідей жеп, енді сыртқа шыға бастағандай барған сайын қирай берді. Бір шіркеудің мұнарасы мен күмбезі опырылып, қабырға үстімен де, астымен де жүру қауіпке айналды. Анисим Иванович енді монастыр үшін емес, көңілі құлазып, сағаттап жарықтары мен уатылған жерлерді суретке түсіріп сандалып жүретін әйел үшін қорқатын болды.
Ол хат жазды, суреттерді жіберді, кейін демалыс күндері Мәскеуге кетіп, бір күні ол жақтан қайтып келгенде бір сәтке аңырап қалды — жүзі сонда тым солғын, жадау көрінді. Қартайып, терісі солып, көзінің айналасын әжім торлағанын көргенде жүрегі езіліп, өзі де ешкім бағаламаған, бәріне қажетсіз мына бейшара монастырша қирап жатқандай түйілді.
— Бұл жерден кетуіңіз керек. Біржола кетіңіз, — деді ол бір күні батылданып, іштей өзінің бір арманын сөндіріп. Бұл ретте әйел оған қарсы келмеді, безеңдемеді, тек қана көңілсіз миығын тартты.
— Қайда ғана кетемін? Менің ол жақта, Анисим Иванович, ештеңем жоқ, мені күткен жан да жоқ. Бәлкім осы жерге де бекер келген шығармын, осының бәрін де бекер бастадым ба, алайда, барар жерім жоқ. Қолымнан ештеңе келмегеніне өкінемін — мен деген патриархияға да бардым, ол жақта да сол әңгіме: сұлуым, сіздің монастырға беретін қаражатымыз жоқ дейді. «Сонда бәрі құри берсін бе?» — дедім. Олар не істерін білмейді. Мен не ойлағанымды білесіз бе? Жарайды, тек екеуіміз ғана болайық, бірақ біз де бірдеңе жасай аламыз ғой, қоқыс жинайық, қабырғаларды сылайық — бастысы бастап кету, солай емес пе? Сіз мені жалғыз қалдырмайсыз ба?
Ол басын изеген еді, біраз жеңілдеп қалды. Ертеңіне музей залдарының біріне ақша жинайтын жәшік қойып, әйел экскурсияға келгендерден жөндеуге қолдан келгенше көмек беруін өтінген еді — ешкім бас тартпады. Бірақ учаскелік милиция келіп, бұл қаражаттардың мақсаты жайлы сұрастырып, «бұлай ақша жинау заңсыз» деді. Әйел де оның сұрақтарына мысқылдап, ернін тістелеп тұрып жауап берді. Бүкіл төңіректен пара алатын сұмпайы, тойып кекірген мына еркек: «Бәлкім мына ақшаны қалтасына жинап жатқан болар», — дегенде Анисим Ивановичтің көңілі айнып кетті. Дегенмен, ақша салатын жәшік жайлы хабар бүкіл жерге тарап, қалашық тұрғындары экскурсия жүргізетін әйелге деген пікірін өзгертті. Бір күні әйелдер келіп, Федоровнадан қымсына әлдебір көмек керек емес пе деп сұрады, құрал-жарақ көтерген жігіттерді жәрдемге жіберіп, қанша жылдан бері жалғыз өзі алысып келе жатқан әйелді аяды. Бірақ олар да бір, екі мәрте келіп, кейін қарасын батырды, әлгі жігіттер де бір жұтым үшін көмектесеміз, өз шаруамыз бастан асады, оның үстіне қабырғаларға сылақ емес — бекемдеу қажет, ол үшін материал, техника керек, қолмен не бітіретін едік деді.
Осылайша екеуі тағы жалғыз қалды, жарайды, осылай бола берсін, мейлі ештеңе өзгермей-ақ қойсын — бәрі бір сәтте құлап қалмайды ғой, өмірлерінің аяғына дейін тұрар еді, екеуі жайбарақат тұра берер еді, алайда, арақты талонмен сатқан билікті қарғап-сілеп, қанша жылдан бері құлықсыз әрі сенімсіз әңгімелеп жүрген өзгерістер бұлардың түкпірдегі қуысына да жетті.
— Естідіңіз бе, — деді бір күні Анисим Иванович, — біздің жауызды қуып шығыпты?
— Содан не болыпты, — деді ол немқұрайлы, — бұл кетсе, басқасы келер, ондайлары толып жатыр емес пе.
— Жоға, әлгі жаңасы деймін, саяжайдан бас тартыпты, көлікті де өзі жүргізетін көрінеді, үнемі халықтың көз алдында екен.
— Басқаның табысы маза бермей жүрген ғой, — деді ол күліп.
Деді де екеуі ұмытты, алайда екі айдан кейін жаңа басшы қалашыққа топ етіп, түстен кейін музейге ат басын бұрылды.
Бастан-аяқ әк пен балшыққа малынған комбинезонын ауыстырмаған Любовь Федоровна үнсіз ғана келген қонақтарға тесіле қарап қалды. Топырлаған адамның ішінен егде жастағы, беті қабарыңқы, плащ киген еркек бөлініп шықты да, әдейі көңілді дауыспен:
— Ал, қожайке, өз иелігіңді көрсет бізге, — деді.
— Михал Михалыч, сізге не болған? — деді әйел бір қасын көтеріп таңдана. — Ауырып тұрған жоқсыз ба? Қанша жыл жанымыздан бас бұрмай өтетін едіңіз, мәссаған, енді көрсет деп қалыпсыз.
Бәрі оған мінеп, жалт қараған еді, арасындағы дембелше, мығым денелі, қарапайым пәлте мен кепке киген ер адам ғана қызыға қарап қойды.
— Любовь Федоровна, ал көрсетіңіз енді.
— Жүріңіз, егер зерігіп кетпесеңіз, — деді әйел иығын қиқаң еткізіп.
Сөйтіп, оларды ертіп монастырды аралап кетті, бірақ қазіргідей қабырғалардан алыс алып жүрмей, тастары шашылып жатқан жаққа қарай бастады. Шіркеуге кіріп, Анисим Иванович құлыпты өзі ашқанда мүлде бойлары түршігіп кетті — жел уілдеп, сыздың иісі мүңк етті, шұрық тесік күмбезінің астына толған қарғалар қарқылдасып, көмескі жарықта икондағы бейне қорқынышты көрінеді екен. Әйел болса, түк болмағандай солқылдап, опырылып кетейін деп тұрған сатымен шатыр астындағы балконға көтеріліп, кенет бұрылды да қабағын түйді.
— Бас киіміңіз.
— Кешіріңіз, не?
— Құдайдың үйіне кіргенде бас киімді шешу керек. — Содан күзетшіге осылай естілді ме, әлде шынымен де тісін тісіне қойып сөйледі ме: — Құдайсыздар.
— Кешіріңіз, — дембелше кепкесін шешкен еді, артынан жанындағылар да жақтырмай күрсініп бас киімдерін шешіп, қасқабастарын жылтыратты.
Әйел оларды қараңғы түскенше ертіп жүріп, барлық жарықтары мен тесіктерін көрсетті, солқылдап тұрған сатымен жүргізіп, бәрін бір сынақтан өткізгендей болды — зәрлі, ащы, аяусыз, оның мұндай екенін күзетші мүлде білмейді екен, осының бәрін не үшін істеп жүр? Мыналар әлдеқашан шаршады, ештеңені де тыңдап жүрген жоқ, жаурап, былғанды, тек тәрбиелері сондай, баласымен жасты әлгі дембелше бұйрық бермегенше, осылай жуасып жүре береді. Ал ол болса, сұрақтарын жаудыра берді, жоқ, әулие туралы сұрамады, айына қанша адам келеді, олардан түсетін пайда қандай, сол қаражаттан қала қаншасын, музей қаншасын, экскурсбюро қаншасын алады деп қызығып, тұнжырап, бірдеңелерді есептеп, кейін ырсылдасып қалған жанындағыларға қарап — бәрі сол сәтте тайга да, қиырсыз Коро көлі, аралдар, сызаттанған жағалау, шабындық, орманды төбелер көрінеін шіркеу мұнарасының жоғарғы қабатында тұрған-ды, жарқын-жарқын сөйледі:
— Міне, ақша деген, аяқтың астында шашылып жатыр. Бәріне де жетеді.
Сөйтіп әйелге бұрылып, мейіріммен, ілтипатпен сұрады:
— Сізге қанша жалақы төлейді, Любовь Федоровна?
— Жүз жиырма, — деді ол ашумен, — ал сіз өзіңізге қанша тағайындадыңыз? Бес жүз, мың?
— Олай демеңіз, — деді ол түк те ашуланбай, — мен ақшаның артынан қумаймын. — Сөйтіп қоштасарда: — Любовь Федоровна, сізге нақты сөз беремін — көмектесемін. Бәрін қалпына келтіреміз.
— А, — деді ол қолын бір сілтеп, — сізге сенбеймін, ешкімге де сенбеймін.
— Сонда мені сенеді деп ойлайсыз ба? — деп мырс етті ол. — Жә, жарайды, өзіңіз білерсіз, ал мына монастырмен бірінші кезекте айналысатын боламын.
Сөйтіп, аяғының астында жатқан тақтайды көтеріп, бір шетке сүйреп апарып қойып, кете барды, басқалары да әк жағылып, былғанған комбинезон киген әйелге қарамауға тырысып, артынан ерді.
— Міне, бәрі де орнына түсті, — деді Анисим Иванович сеніңкіремей, — мынауың іскер екен, ештеңе бұдан таса қалмас. Бұрын колхозда төраға болған екен, сонда ешкім жұмыстан кетпеген деседі.
— Көзі ұнамады маған, ашкөзденіп... — деді ол да құлықсыз, сонда жаман бірдеңе сезгендей, күзетшінің жүрегі дір ете қалған-ды, тіпті, шай да ішіп отырмай, әйел үнсіз киініп, Анисим Ивановичке әрең басын изеді де шығып кетті.
Дегенмен, мамырдан бастап музейге кірпіш, цемент, ағаш тиелген көліктер ағылып, реставраторлар бригадасы келіп, құрастырмалы үйшіктерін әкеліп, өзен жағасына орнатты. Қалада болса, енді жолдарды жөндейді, жаңа қонақүй салады, аурухана құрылысына да ақша бөлген секілді десті. Сол жазда әйел қайта жасарып, жігерленіп, қанат біткендей ұшып жүріп, анда да, мында да үлгеріп, көмектесіп, сегіз жыл бұрынғыдай дауысы да жарқын-жарқын шығатын болды. Дегенмен, өткендегі бір жамандықтың сезігі күзетшіге маза бермеді. Жан дүниесі бір үмітсіздіктен сарылып, әйелдің елгезектеніп, сұраған сұрақтарына не деп жауап берерін де білмеді. Кейін сондай көңілсіз күндердің бірінде ол күзетшінің үйіне кіріп, есік жақтауына сүйенген қалпында сілейді де қалды.
— Құдайым ай, не деген сұмдық, — деді ол екі алақанын қызарған бетіне басып.
— Не болды?
— Ұят ай, сұмдық, — дей берді әйел, кейін екі алақанын бетінен алып, оған сұсты жанарымен жалт қарады — оған құда түсуге тырысқан күні де мұндай қарамаған еді: — Сіздің ештеңеден хабарыңыз жоқ па? Олар сатып жіберіпті.
— Қалай сатып жібереді? — деп аң-таң болды күзетші.
Әйел ештеңе деместен, терезе жанына барды. Анисим Иванович да үнсіз қалды, миына титтей де ой келетін емес, тек тәнімен ғана бөлмедегі қорқынышты тыныштық пен жан ауруын сезгендей. Кенет есікті біреу ақырын тықылдатып, артынан іштен жауап күтпестен кепке мен етік киген өткендегі еркек кіріп келді. Бүгін тек көздері өткендегідей батыл, сенімге толы емес, ойнақшып, жалтарып тұр.
— Любовь Федоровна, — деді ол ақырын.
Әйел жауап қатпады, кірген адам болса ақталып, жылдам-жылдам сөйлей бастады, басқа амалым болмады, монастырды сатудың ең оңай жолы осы, қирап қалғанына қарап отырғаннан гөрі, осы жол жақсы емес пе деді, облыс валюта алады, әйел жайлы да сөйлесіп қойған екен, сені ең жоғары жалақылы қызметке алады деді. Біртіндеп дауысы да қатаңдап, өзі де жиналған қауымға қарата сөйлегендей батылдана берді. Әйел оған бұрылған еді, күзетші оның жанары жас пен ренішке толы екенін көрді. Сонда әлі ештеңені түсіне алмаған, не үшін жасап жатқанын да білмеген Анисим Иванович орнынан тұрып, ештеңе деместен шақырылмаған қонақты бөлмесінен итеріп шығарды.
— Бекер істедіңіз мұны, — деді ол ойға батып тұрып, — дұрыс болсын деп жүр ғой ол да. Бәрібір енді мұнда артық қала алмаймын.
Сол сәтте оның жүрегінде әлдебір ұят сезімі қыбыр етті, шынымен осы ақ шіркеу мен ескі қабырғаларды сақтап қала алмады, өзінің баға жетпес жалғыз ақсеркесін асырап қала алмай, қолдан жіберіп алды, сол кеште-ақ ол жөнді қоштаспастан кетіп қалды, содан бері одан бір де хабар жоқ — қайда екен, жағдайы қалай? Өзі енді жалғыз, тек оқтын-оқтын сыртта жүрген сап-сары шашты жұмысшы жігіттердің сөйлескені ғана естіледі. Бір жұбанышы — бірнеше күннен соң қалада дауыл тұрды — мұндай дауылды тіпті үлкендер де көрмеген екен. Құтырған жел үйлердің шатырын жұлып, жиналған отындарды шашып, ағаштарды түбірімен қопарды. Анисим Иванович таңертең оянса, биікте тұрған кернейлеген періште жерге құлаған екен, сонда жымысқы ұрыдай жан-жағына алақтап, қария әлгі періштені арқасына қағып салды да, таң атпайтындай көрінетін ұзақ түндерде оның баяу да нәзік әнін тыңдау үшін үйіне тартты.




