Музыка дәрістері

Бір күні ештеңеге қарамай, өзімнің Музыкамен қарым-қатынасым жайлы жазамын. Бұл мұңды әрі күлкілі повесть болмақ.

Анығында, былай түсіндіргенім дұрыс болар: менің он алты жылға созылған солқылдақ баспалдаққа ұқсайтын музыкалық білім алу жолыма қатысты повесть. Он алты жыл жанымды жегідей жеген, тынысымды тарылтқан, көзімді қарайтқан, үздіксіз баспалдақпен сүйреген — жоғары, жоғары, өлсең де жоғары жүр, консерваторияның дипломына жетіп жығыл дейтін жылдарым... Маған дәл Музыкадай болған ешкім жоқ: өгей шеше дейін десем, ол, тіпті, өгей шешеден гөрі өгей әке сияқты — қатал, ақылды, әділетті өгей әке, ең қажет сәтте бастағы ойсыздықты қағып сап, аяққа тік тұрғызған еді...

Бойыма сыналап құйып, шегеленген музыкалық білім ішімде асқынуы созылған соқыр ішектей отыр. Өмірдің ең бір күтпеген сәтінде оянып кетеді. Өткен шақта қап кеткен музыкалық өмірім еске түскен сайын виолончель сағынышым боздап қоя береді. Анығында, сағыныш емес, сағыныштың елесіндей бірдеңе — себебі, сағыныштың өзінен түк қалмаған, ол өліп кетті, тек өткен шақтың шегінде қалды, — сағыныштың елесі қоюланып менің тірі тұрған жүрегіме тиіп кетеді, жүрегім дір етіп, сол сәт өз-өзіме бір күні музыка жайлы мұңды әрі күлкілі повесть жазамын деп уәде беремін.

Бірақ қазір емес, оның әлі күні тумады. Өткен шағым қайралған пышақтай әсер еткендіктен емес, тек қазір басқа нәрсені айтқым кеп тұр.

Басқа хикая.

...Сол көктем алғашқы кітабым шығатын болып, есіл дертім сол кітапта еді. Шынымды айтсам, сол кезде өмір сүрмегендеймін. Апта мен күндерімді жан төзгісіз күтумен кешіп жаттым. Үйдің іші баспахананың құпиялы жазбаларына толды: «алғашқы тексеру», «екінші тексеру», «белгі»...

Жұмыс істей алмадым. Жазу үстелінде бір құшақ боп әлі бітпеген әңгімем жатыр. Пьеса жазам деген келісімшарттың мерзімі өтіп бара жатыр. Күні бойы диванда жатам да қоям. Қолымды басыма жастап алып, әлі шықпаған кітабымды елестетем. Көкпеңбек мұқабасын, көк мұқабаға ақ жазумен жазылған атымды.

Терезе сыртында табиғат көктем тудырып жатты, әлде көктем табиғатты тудырып жатты ма — әйтеуір, әр күні бір жаңалық боп жатты: бір күні аппақ болып өрік гүлдеп, екінші күні үнді жерінен ұшып жеткен майна қараторғайлары көк шөпте шапқылап жүреді.

Ауыр ойдан арылу керек, әңгімені аяқтауым, пьесаны жалғастыруым, сыртқа шығып серуендеуім, ең ақырында үйге киетін қара жемпірді жеңілдеу киімге ауыстыруым керек еді. Бірақ мен ертеден қара кешке дейін қара жемпірді киіп алып, диванда жата бердім. Уақытты солай еңсердім. Бар ойым тек кітапта. Күні бойы баспадан қоңырау күтем. Кешке дейін күтем де, ешкім хабарласпаса, өзім қоңырау шаламын. Жаңалық бар ма? Жоқ. Бір-екі күнде боп қалар... Бір-екі күнде... Бір-екі күнде?! Бұл күндерді қалай өткерем? Бұл күту қашан бітеді? Сарыла күту өте азапты, ауыр өтіп жатты...

Қазір ойлап қарасам, сол күту менің өмірімдегі ең бақытты күндер болыпты...

Әйтеуір, бір күні дегенде кешке таман қоңырау шалды. Ал, құттықтаймыз, хабар жетті. Менің редакторым сабырлы, көңілді дауыспен сөйледі. Құдды ештеңе болмағандай. Оның дауысында шексіз шаттықтың лебі де жоқ. Содан ба, оны жек көргім келді.

— Бірақ сіз, шамасы, бүгін келіп үлгермейтін сияқтысыз. Жұмыс күні аяқталуға жарты сағат қалды. Ертеңге дейін күтуге тура келеді...

— Жо-жоқ, мен үлгерем! Такси ұстаймын, не жол тосамын, не жүк көлігін тоқтатармын! Қоқыс тасығышты! Су шашқышты! Мен баспада жиырма минутта болам!

Сол баяғы қара жемпіршең үйден атып шықтым. Ауланы кесіп өтіп — көкпеңбек мұқабадағы уысыма түскен бақытыма қарай зуладым.

— Сізді бір минутқа бола ма?

Біздің аулада маған түсініксіз шығыс елінің адамдары тұратын — не парсы, не осетин, әлде, бұқарлық еврейлер ме екен? Отағасы тыриған арық кісі, әдемі мұрт қойған. Ол экспедитор болып жұмыс істейтін, көлікпен ет тарататын. Көбіне түскі ас мезгілінде оның көк фургоны аулада тұратын. Бұл отбасының анасы жоқ еді. Осындай көңілсіз жайт. Музыкалық хикаяға дейін үш жыл бұрын қайтыс болып кеткен.

— Сізді бір минутқа бола ма?— деп маған қарай отағасы сыпайы күлімсіреп келе жатты. — Егер қатты асығыс болмасаңыз...

— Иә, айта беріңіз. — Қаным басыма шапты. Бірақ бет-жүзім салмақты аман-саулық сұрасудың ыңғайын танытты.

Үйдегілер сіңірген тәрбие әрқашан өмірімді қиындататын. Шығыс елдеріне тән үлкенге құрметпен өсірген тәрбие — қария, көрші, таныс, бейтаныс, жүзі таныстарға асқан сыпайылық таныту қажет. Олар сені біледі, бірақ жеткілікті деңгейде білмейді, сен туралы жаман ойлап қалса, масқара. Шығыстық отбасының отағасы сол жүзі таныстар қатарында еді. Аулада бір-бірімізді көріп қалсақ, бас изеп амандасатынбыз.

— Иә, айта беріңіз...

— Біз таныс емеспіз, алайда, сіз жайлы білеміз... — деп ол асығыс сөйлеп кетті, сол сыпайы күлімсіреген күйі. — Ауладағылар сіз туралы үнемі жақсы сөз айтады...

— Солай ма? — деп мен де сыпайы таң қалдым, оған бұл турасында не дерімді білмей. Секундтар зулап жатыр, кітабым баспада, редакторымның үстелінде қалды. — Не айтпақшы едіңіз?

— Сіз консерватория бітіргенсіз ғой? — деп жалғастырды ол көңілді күймен. Мен зеріге бастадым.

— Иә... шынында да... солай... — деп созбақтадым.

Сол мезетке дейін менің концертмейстер лауазымынан бас тартып, әдебиетпен шұғылдану үшін бос жүргеніме тура бір жыл толған еді. Бұл еркіндік маған азаппен келген, ұзақ күткендіктен әлі де рұқсат етілмейтін бақыттай көрінетін. Өзіме бұл еркіндік бейпіл қылық, ыңғайсыз, шектен шығу сияқтанатын. Музыкаға қатысты көпжылдық міндеттерім ту сыртымда әлі де қаһарын шашатындай. Өзімнің еркін, еркін, еркін екеніме өзім де әлі толық сенбеген кезім. Ауыр жүкті ұзақ арқалаған адам оны жерге тастағанда жеңілдегеніне, құтылғанына қуанады, бірақ иығы ашып, белі ауырып, тынысы тарылып тұрады емес пе?

Кішкентай сыпайы адам менің көпжылдық тозағымды, басыма үйірілген қамшыны еске түсірді. Иығым дір етті.

Отағасы картоп салып алған ауыр сөмкесін жерге түсірді, сөмкесі асфальтқа жайылды.

— Мен қызыма қатысты... — деп сөзін жалғастырды ол, сөмке көтергеннен көгеріп кеткен саусақтарын жазып. — Қызым қабілетті, өзі ақылды, көрсеңіз көз қуантасыз!

— А-а, — деп түсіндім мен, — сіз оны музыкаға берейін деп пе едіңіз?

— Бір байқасаңыз, көңіліңізді жайландырады, — деп, сұраулы жүзбен қарады ол, сосын асығыс былай деді: — Бағасын өзіңіз айтыңыз!

— Өкінішке қарай, мен бұдан былай музыкамен байланысымды үзгенмін. Түсінесіз бе, мүлде қол үздім... — Мен өкінген адамның кейпіне түстім. Тіпті, қолымды жайдым. Сосын көзімнің қиығымен сағатыма қарадым да үнсіз ойбайладым: баспаға мені тек жүйрік көлік жеткізіп үлгеруі мүмкін.

— Сонда қалай — мүлде деген? — Ол сенімсіз түрде жымиды. — Енді, до-ми-соль сияқты бірдеңе есіңізде бар шығар, анау-мынау?

— До-ми-соль есімде, — дедім жабырқау мен, өзімнің қитұрқы ақталу, бас тарту, қолқалауға тартылып бара жатқанымды сезіп, бірден сыпайы әрі мүлде жоқ деуім керек еді.

— Біз өзіңізді өте қалап тұрмыз, — деп күрсінді ол. — Ауладағылар сіз туралы үнемі жақсы сөз айтады. Бір байқасаңыз, көңіліңізді жайландырады, менің Каринам өте қабілетті қыз!

— Білесіз бе, — деп ұсындым мен, — мен музыкант достарыммен хабарласып көрейін, Каринаңызға жақсы педагог тауып берейін.

— Біз тек өзіңізді қалап тұрмыз, — деп, көңілсіздеу, бірақ нақты талабын айтты ол. — Оның марқұм анасы соны қатты армандап еді...

Өлген жерім осы екен. Ұялшақ адам өзі байқамастан мені екі рет сүріндірді.

Менің қатал ережелерім бар. Мен жоқ дегенді айта алам. Уақытымды бағалаймын. Маған түк қажеті жоқ адамдардың уақытымды өлтіруіне жол бермейтінмін.

Ол үшін сол адамдардың жағдайы жақсы болса болғаны. Мысалы, досым қоңыраулатып, таныс режиссер қойған спектакльге рецензия жазып беруімді өтінеді.

— Болмайды, достым, — деп жұмсақ күйде, бірақ анық айтам мен. — Сен білесің ғой, менің қатаң ережем бар — қолымнан келмейтін нәрсені істемеймін. Мен театртанушы емеспін — бір, уақытым қат — екі, сосын жай ғана істегім келмейді, бұның өзі құрметтеуге тиіс себеп.

Досым тұтқаның ар жағында түсіндім деп мақұлдайды:

— Иә, иә, әрине... Сенікі жөн... Оған жаным ашып тұр. Әйелі ауруханада. Қызы қолын сындырып алыпты. Ал, бас режиссер — иттің баласы, алды-артына қаратпай, оны театрдан қудалап жатыр.

Мен әлі де дереу аударуға тиіс аудармам жайлы айтам, бірақ менің қатаң ережем — менің жүйрік атым — өзім мүлде танымайтын режиссердің бақытсыздығына сүрініп кетеді, тартпасы босап, сәлден соң ерден ұшып кете жаздап тұрмын. Қайдасың, менің жүйрігім? Ол қамытқа басын кигізуге сәл қап тұр. Ол ендігі жерде жүйрік ат емес, тектеуге жеңіл шабан атқа айналып шыға келеді. Соны досым тез сезеді де, сөзін үстемелейді:

— Саған сөз беремін: спектаклі тамаша шыққан, өтірік айтып әуре болмайсың. Басына күн туғанда бір-екі ауыз жылы сөзіңді арнашы. Саған еселеніп қайтады...

Қай жерде еселеніп қайтатынын білмеймін. Ар жағын анықтап сұрамаймын, себебі ерден ұшып түстім. Тек өлеусіреген дауыспен спектакль қашан басталады деп сұраймын.

Содан өзіме түкке қажеті жоқ пионердік ар-ұждан туралы спектакльге кетіп бара жатамын. Тура екі сағат сахнадан көз алмай қараймын. Бүкіл сынып жақсы көретін пионерлердің тәлімгерін труппаның ең кәрі актрисасы ойнайды. Мен атағы жер жарған актрисаның аяғына қараймын — тромбофлебитпен ауыратын кәрі әйелдің аяғын көрдім, содан зеріге бастадым. Содан кейін үш күн бойы пионерлік емес ар-ұятыммен алыстым. Әйелі ауруханада, бастысы анау оңбаған бас режиссер туралы айтып түсіндіруге тырыстым. Арым мені тыңдамай, жуастығымды бетіме салық етті. Анау оңбаған бас режиссердің орнында мен болсам, театрдан досымның танысын баяғыда қуып шығу керек еді деді. Ақырында өзімді қинап, екі бет өтірікке толы рецензия жаздым. Ұялмай, өтірік жаздым. Мәселен, кәрі әйелді спектакльдің ақжолтайы деп атаймын. Әрине, жалған ныспымен жарияладым. Тура сол сандырақ шыққан нөмірді әдейілеп сатып алмай қойдым. Бірақ ар немесе не деп атауға болады өзін, сол неме көпке дейін жанымның дертін қоздырып, мазақтап бітті.

— ...Иә, оның марқұм анасы соны қатты армандап еді, — деп қайталады дауысын қатайтып әлгі отағасы, — Каринаның аспапта ойнағанын қалап еді... Бағасын өзіңіз айтыңыз.

— Ақшаның түк қатысы жоқ! — Әлі де болса, сыр алдырмауға тырысып көрдім, бірақ түк шықпады. Кей ұғымдар өзінің қасиетімен менің өмірлік ұстанымдарымды әп-сәтте күл-талқан етеді. Қызы жетім екен, ары қарай бас тартуым бекер еді — өзіме дым керегі жоқ әрі жаныма дерт сыйлайтын осы іспен айналысатынымды әлден-ақ түсіндім — бұл қызға музыкадан сабақ бере бастаймын...

— Ал, жақсы, — дедім мен жабырқау күйі. — Көреміз... Мен бүгін кештетіп кіріп шығайын. Қызыңызбен танысармын.

Ол қуанғаннан екі беті алаулап кетті. Тез-тез, әбігерлене сөйлеп, тағы бес минут тұрды. Мен сыпайы түрде бас изеп, жыным ұстағаннан талып қала жаздап тұрмын. Егер талып қалуға мұндай себеп бар болса, әрине. Мен оны, болашақ шәкіртімді, өзімнің жуастығымды жек көрдім. Бірақ бәрінен де мен өзімнің музыкалық білімімді жек көретінмін. Сол жек көрушіліктен тамағым жыбырлап, көзім қышып кетті.

Кешке таман тар кіреберісте тұрдым. Қызыл шам жанып тұр. Шамамен он екі жасар қабағы салыңқы қыз бала маған тәпішке іздеп жатты. Ақырында есіктің сыртынан алабажақ тәпішке тауып, менің алдыма тастай салды.

— Жалаңаяқ тұрмаңыз.

Бөлмеден қарт кісі шығып қарады — шашы аппақ қудай, сақалы да аппақ, түрі жинақы, алайда есінен адасқан біреу ғой деймін, себебі қыз қабағын түйіп, ашулана:

— Не керек саған? Бар, бар, жат! — деп айқай салды.

Бұл қартты мен көп рет көрген едім. Көктемде, күн жылына сала үлкен немересі ескі веналық орындықты алып шығып, көгере бастаған жүзімдіктің астына қойып, үйге жүгіріп кіріп, атасын абайлап ертіп шығаратын. Ол сағаттап орындықта отыратын — Інжілде сипатталатын көркем пайғамбарлар секілді сабалақ шашына ақ тақиясын киіп алатын, — ұйықтап отыр ма, әлде, аулада болып жатқан жайттарды баға ма,тұнық көзқараспен қарап отыратын.

Қарт маған мұқият қарап алған соң түсініксіз бір тілде әлдене сұрады. Шығыс елдерінің тілі, бірақ өзбекше емес, өзбекше білемін демеймін, жоқ, білмеймін, бірақ оны құлағыммен, түйсігіммен сеземін.

Қыз тағы бақырды:

— Жоқ, шешем емес! Бөлмеңе бар дедім саған!

Сонда барып тағы бір қызды байқап қалдым, жасы кішірек. Ол босағаға жабысып, маған жымиып қарап тұр екен. Оның жылтыраған мөлдір көзінің көзқарасы мейірімді емес, ол маған ғашық көзбен қарап тұр. Ол ғашық көзбен айналасының бәрін ажарландырып тұр — мені де, әпкесін де, есінен адасқан атасын да, босағаны да. Ол бәрін, бәрін жақсы көріп тұр.

— Ал, амансың ба? — дедім мен оған. — Сонда саған музыка үйретемін бе?

— Жоқ. Маған, — деп бұрқ етті үлкені. — Кіре беріңіз, мен қазір. Анда котлет қуырып жатыр едім.

Ол жоқ боп кетті. Қарт кісі әлі де үнсіз қарап тұр. Алаңдап, бірдеңе күтіп тұрғандай. Сосын кіші қыздан тағы бірдеңе сұрады. Ол басын шайқады.

Маған жылы жымиып:

— Жоға, бұл шешем емес. Ұйықташы, ата... — деп атасына жабысты да, оны пәтердің түкпір жағына жетелеп кетті, сол шығыс тілінде әлденені сыбырлап бара жатты.

Үлкен бөлмеде ескі диван, буфет, бірнеше веналық орындық, әбден ескірген «Октябрь» күйсандығы тұр. Шамасы, хабарландыру бойынша сатып алса керек. Біздің азық-түлік дүкенінің қаптал қабырғасында сондай телефон нөмірлері тізілген хабарлама қағаздар үйіліп тұратын.

Күйсандықтың қақпағында жабайы көздерін тікірейткен мамықтай мысық отыр. Мен оны қуып жібердім де, қақпақты көтеріп, қатарын тексеріп алдым. Жақында түзепті — аспаптың дыбысы күңгірттеу, дегенмен анық.

Мен шыр көбелек айналатын орындыққа отырдым. Аспаптың сырты жылтырағаны сонша, өзімді анық көрдім — жабырқау, балалық пен жасөспірімдік шақтағы серігімнің гаммасынан шаршаған түр. Көріспегенімізге бір жыл. Өте бақытты әрі ұзақ бір жыл. Бір жыл бойы аспапқа мүлде жоламадым. Міне, жолықтық...

Ах, менің сүліктей қара адамым, қарақат көз alter ego-м, бетінде сәл ғана жарқырауығы бар, менің созылмалы түсім секілді, менің түпсанам — амансың ба?

Көптен аспап ұстаудан шығып қалған саусақтармен минорлы аккорд алдым да, педальге бастым. Жабырқау күй ауада діріл қақты. Есімде қалған, әрдайым жақсы көрген дүниені ойнап кеттім — Шопеннің «Фантазия-экспромты». Өте нәзік те ерке әуеннің көрікті бұғауына түстім, жүректің айналасындағы бұғау, одан жоғары — тамақтың айналасындағы бұғау, ақырында жылатпай тынбайтын арқаннан жасалған бұғау...

Бірнеше такт ойнаған соң үздім: пернеге бір жыл бойы тимеген саусақтарым протез секілденіп қапты. Арзымайтын кәсіп бұл — егер бұның тойымсыз аранын күн сайын бірнеше сағаттық азапты жұмыспен жаппасаң, түк те қалмайды.

Жанымдағылар ақырын күрсінді. Кіші қыз түсқағазға арқасын тіреген күйі маған жымиып қарады. Кейін байқадым, ол тек туыстарына — атасына, әкесіне, әпкесіне ғана жабыспайды екен, заттарға да жабысады екен, оның кішкентай болмысы жер бетіндегі әр затқа махаббатын төгіп тұратындай, ол көзге түскеннің бәріне кірігіп, жабысып, аймалағысы келетіндей.

— Қалай екен? — деп сұрадым мен одан. — Неге жымиясың?

— Музыка, — деп сыбырлады ол, пернеге бас изеп. — Көркем... Шариктар сияқты төгіліп түсті...

Асүйден жүріп келе жатып алжапқышын шешкен үлкен қыз көрінді. Мен дөңгелек орындықтан тұрдым. Алақаныммен орындықты шарт еткіздім:

— Отыр, — өзім веналық орындыққа ауыстым. Карина үндеместен орындыққа отырды. Қозғалақтап, қолын тізесіне қарай созып, күйсандықтың сыртындағы өзінің бейнесіне қадалып қарап қалды. Бұл қыз маған еріксіз әлдекімді еске түсірді. Еске түскен естелігім соншалық азапты еді, өткен шақты қайтып оралтқым келмеді.

— Қане, тұршы, — дедім мен. — Саған биік болып тұр. Орындықты айналдырайық.

Айналдырдық. Ол тағы да ләм деместен қолын тізесіне таман айналдырып, меңіреу қалыпта өз бейнесіне қадалып қалды — бұлай тек айдалаға көзінің нұры тайған кәрі қойшы ғана қарайтындай.

Дәл қазір оған мейірін ашатын жылы сөз айтуым қажетін сезіндім. Ол менен адамға лайық жылы сөз күтіп отыр. Бәлкім, ол отырған аспап фортепиано деп аталатынын айтады деп күтетін шығар... Жоқ, жарығым, өзімнің де ең алғашқы музыка сабағым жадымда сайрап тұр...