Шер әумин
Әкем жинала бастады.
Ол өзінің үлпілдек әрі тікенекті, қызыл, сары, қоңыр, қызғылт сары аралас түрлі-түсті мойынорағышын орады. Әлі француздарша көркемдеп байлап, тағып үйренбеген кез еді, ал әкем шарфты орыс зиялысы қатарлы жылы, сәнді болуы үшін тағатын, шарф жоғарғы ернінің үстінен бітіп, оған дамылсыз тыныстағанда, онда дымқыл қырау тұратын.
Әкем тонын киді. Тон жеке ілініп тұрғанда «үре» бастайтын; ал әкем кигенде көндігетін.
«Қайда барасың?» — дедім. Әкем жасанды алаңсыздығына салып, дүкенге папирос әкелуге баратынын айтты.
Әжетайым, бәріміз оны осылай атайтынбыз, әжем оның сөзін растай түсіп: «Дүкенге барады да қайтады», — деді.
Есікті сарт еткізді, артынан тағы бір есік жабылды. Кетіп қалды.
Әжетайым екеуміз отырмыз, ол диванда, мен жерде. Көзілдірігін тағып алып, атамның жейдесін тігіп отыр, инеге сығырая қарайды: мынадай кішкене нәрсе кеюге тұра ма, жоқ деп ойлап отырғандай; мен ауқымды бірдеңені түсінуге тырысып әжетайыма қараймын; бес-алты жасар шамасындамын.
Басымда бір мысқал ой болмапты, қазірдің өзінде маған ой сирек келеді, сондықтан, атып тұрып, жүгіріп кеттім. Аяқ киімімді де кимедім.
Болып жатқан жайттарды ұғындым деп жазғым-ақ келді, — бірақ оным өтірік болар еді, ұғыну қайда. Тек көз алдыма сурет келеді: әкем жол тосып, темекі тартып, жол үстінде тұр; қазір біздің отбасылық үйімізге, әйелі — менің анам күтіп отырған ауылға қарай келе жатыр. Жүк көлігінің жүргізушісімен әңгімелесіп отыр, олар күліп, әкем жүргізушіге «Беломор» папиросын ұсынады. Терезені ашады — саңылаудан ақпанның өкпек желі ентелей кіреді.
Дала суық, қар қалың, әдетте қар ауылда қаладан гөрі қалың түседі. Біздің қақпадан әрі бірден орман басталып кетеді. Тасжол орманнан ары жарты шақырым жерде. Орманға қойып кеткен менің артымнан әжетайым қуып жетті. Құшақтаған күйі үйге алып келді. Жылаған да, жұлқынған да жоқпын. Ұстап алды, не істеймін, солай болуы тиіс шығар.
Әжетайым өзім әлгінде отырған жерге қайта отырғызды, жейдені қайта қолына алды. Жейдеде ісі жоқтықтан зерігіп ине-жіп ілініп тұр. Ештеңе болмағандай.
Не үшін қашқанымды білмеймін. Әкемнің соңынан жүгірсем керек.
Бірақ мен ата-анамды аса сағына бермейтінмін, қариялардың жанына қалдырып кетсе, ештеңе болмағандай жүре беретінмін.
Қайда тұра ұмтылдым?
Бәлкім, әкем өз ақпанына қайта оралып, мені қолына алуы керек болған шығар.
Өйткені, ештеңе де бұрығыдай емес.
Келесі лайсаң ақпанда, айдың соңғы күндерінде көшеде момын, ашаң жүзді ұл кетіп бара жатты (мен өзімнің кішкентай қалпымды жақсы көремін, отыз жыл бұрынғы мен менің ұлым сияқты), — біздің ауылда Чербяков деген тегі бар бұзақылар тұратын, оларды айыра алмайтынмын, екеуі де ұзын, ірі денелі, жұтқыншағы шығыңқы мойны бар, бет-жүзі жалпақ, дөкір, аяр. Екеуінің біреуі артымнан кеп, иығымнан итеріп жіберді, балшыққа бірақ құладым.
Біздің ауылдың балшығы сұмдық болатын, қазір ондайды таппайсың, — ол быламық секілді еді, көктемде мұзбен араласып, ұсақ кесек болып жатады, жазда қапырықтанады, күзде шылпылдайды. Ешқашан кеуіп кетпейді де, қатпайды да. Осы бір балшықтың ішінде мұнай көзі, нақтырақ айтқанда, ірің бүлкілдеп жатқандай көрінеді.
Мен құлардың алдында ғана осы жердің балшығын әрі сұйық, әрі қою болсын дегендей, ауыл тракторы әбден жаншып өткен екен. Оның артынан жылқы жүріп өтіп, осы қойыртпаққа торғай мен бозшымшыққа ыстық тезегін қалдырып кетіпті.
Дәл сол жерге құладым.
Үйге сайқымазақ секілді қалыпта келдім.
Аузым лас, бір сөзбен айтқанда — постмодернистпін.
Шешем үндемеді, Чербяковтарға барып, сазайын береді деп үміттендім, ал ол болса мені жай ғана жуындырды, киімдерімді тастатып, тазасын берді.
Келесі бір жолы, бір жылдан кейін, тағы да ақпан еді. Мектеп жанында футбол ойнап жүрдік. Бізде футболды қыста ойнағанды ұнататын, өйткені, жаз қысқа, тез-ақ өте шығады, ал доп сарғайып жатып қалады. Мен жыртық үш свитер киіп алғанмын, бас киімсізбін, бұл маған желікпелік рең беріп тұрғандай көрінді. Командада әр жастағылар аралас. Қарсы топқа армиядан жаңа келген, ақшыл кірпікті, күлкілі сайтан келіп қосылды, аты есімде жоқ. Мен қақпа алдында сенделіп жүргенмін. Ақшыл көңілді, епті ойнайды. Бір кезде тепкен добы менің бетіме тиді, ешқандай асыра сілтеусіз екі рет айналып барып құлап түстім. Көзім басымның ішіне кіріп кеткендей. Сосын сыртқа, жарық дүниеге қайтадан жайлап шыға бастады, қорқып қалған қолдарыммен қас-кірпігімді сипап көрдім, көзім етті, тым үлкен болып кеткен сияқты, саусағыма сүлік секілді сезілді.
Егер штангының жанында тұрсам, оған басыммен соғылып өліп кеткендей екенмін.
Ұжымдық ойынымнан түк шықпады.
Құсты ұясынан шығарғандай, мені де ауылдан алып кетті. Фабрика құбырларының жанына орналастық. Отбасым кеңес билігінің өлігін қала асфальтінің үстінде тұрып күткен дұрыс деп шешті.
Жаңа мектепке алғаш рет ақпанда бардым.
Мектептің алдында параллель сыныпта оқитын бұқа тұрды. Менен бір бас биік, тоғыз жасар жыртқыш. Бас киімімді алып, алысқа лақтырып жіберді. Өш алмақ болып, өз бас киіміне жүгіріп ем, мені оп-оңай итере салды. Күшіміз тең емес еді.
Үзілісте артынан жүрдім, ретін тауып, соғып жібермекшімін, бірақ батылым жетпеді.
Жаңа мектепте мұғаліміміз болды, сынып жетекшісі, сталиншіл, бұдыр бет, сүйекті, тілі тікенді.
Perestroika басталды, мұғалім демократияландыру керек деп шешті, сыныптың өзіне деген көзқарасын білу үшін жасырын сауалнама жүргізді.
Парталас көршім Чибисов мұғалімді «оңбаған» деп жазды.
Мен қарсылығым жоқ деп жаздым.
Бір күннен кейін тағы сауалнама жүргізді. Енді жасырын емес, аты-жөнімізді жаздық.
Жауаптарымызды жинап жатып, бұдыр бет маған көзілдірігінің үстінен кекесінмен қарап «Не жазғаныңды көрейік, екіжүзді», — деді жеккөрінішін жасыра алмай.
Осыдан кейін төрт жыл бойы маған айуанша қылық көрсетіп жүрді, түсінген жоқпын, шыдадым.
Бір күні сабақтан соң сыныпты жуып жатқанмын. Бұл бұдыр беттің маған деген өштігі қанша жылдан бері әлі бітпеген кезі. Ол тағы сол тақырыпты көңірсітті: мен оңбаған, өтірікші екенмін, қалай жер басып жүрмін, мен сияқтыларды қалай жер көтереді дегендей.
Біршама ержетіп қалған кезім, не болғанын білуге аздап батылдық таныттым.
Сауалнама есіңде ме? Жасырын сауалнамада сен мені оңбаған деп жаздың, ал аты-жөніңді көрсеткенде, олай демедің. Сен өтірікшісің, саған сенім жоқ, кез келген уақытта сатып кетесің.
Сауалнама қағазын көрсетуін сұрадым. Даяр тұр екен, суырып ала қойды, «Міне, — деді парақты сермелеп. — Қазір қойылым болады» (өш алу туралы ойын қоздыра түсу үшін оны жылдар бойы ерекше дәптердің арасына салып сақтап жүріпті).
Парақтарды көріп «Бұны мен жазған жоқпын. Чибисов жазды», — деп айқайлап жібердім. Бір жақсысы, Чибисов үш жылдан бері басқа мектепте оқитын.
Ол сәл абдырап қалды да, артынша: «Жала жауып тұрсың!» — деді де сауалнаманы жинап қойды. Кешірім сұрамадым да, сұрау қажет деп те ойламадым. Біраз уақыт терезеге, еріп жатқан қарға қарап отырды, балаға жылдар бойы өшіккенім қате болды ма деп ойлап отырса керек. Жоқ деген ойға бекінді. Өткен күннің ренішін келер күнге апармайын деп, үлкендерше, ақылды байлам жасады.
Бұл ғана емес.
Қыздармен сирек те болса, сөйлесіп жүрдім.
Ұдайы қыздардың жанымда жоқ екені, тек жасөспірімге тән бас айналуы мен жүрек айнуы ғана есімде.
Мас күйімізде бір жақтағы Ескі Жаңа жылдық кештен қайтып келе жатқанбыз, екі қызды шығарып салмақшы болып, жанымда екі бөтелкелес досыммен бірге шықтық, олардың жүздері бұлыңғыр ғана көрінеді, бірде бір кескін айқын емес.
Ішіндегі ең әңгімешілі мен болып шықтым, компанияны көңілдендіруге барымды салдым. Олар ауық-ауық «Һмм» деп қояды.
Біреуі сымбатты көрінді, сұрап едім, телефонын берді.
Оған ақпанда қоңырау шалдым. Бір белгісіз сезім кездесуге итермеледі. Ол менімен суық тиіп, құлағы шаншып тұрғандай,сөзін тісінің арасынан шығара сөйлесті. Сосын жақын маңынан біреудің шуы естіліп, ер адамның дауысы шықты. Бір кезде қыз «Мені жайыма қалдыршы. Не керек саған өзі?» — деді сыбырлай.
Бейне бір қара толқындарға мұзды балшықпен араласа түскен қар астында, дауылды теңізде, суда, дымқыл діңгекте отырған сияқтымын. Жағалауға шыққым келеді. Әлгі қызға төменнен жоғары қараймын, ал ол менің діңгегімді аяғымен итеріп жібереді, «Қайда жүзсең, онда жүз, жағалауға жолама, мұнда сенсіз де... білесің. Жүзіп кет, кімге айтып тұрмын?!».
Жиырма жыл өтті, ол қазір күйеуіне борщ пісіріп беріп, бәрін ұмытып, түк болмағандай ғұмыр кешіп жатқан шығар. Күйеуі қолымен тәрелкенің шетінен салып қалса, тәрелке ауада шеңбер жасап айналып, қырыққабат төбеге, люстраға шашылып, маңайдың бәріне қайнаған сорпа төгілсе, бол алаша шошынса, ал күйеуі: «Қаншық! Саған қайдан ғана жолықтым!», — деп айқайласа.
Мен үшін де әйтеуір бір күні біреу өш алуы керек қой!
Сонда ол да менің бұрынғы кінәсіз, қалтыраған кезімді түсінер.
...жоқ, күйеуі тамағын ішіп алсын, ештеңе демей, ең маңызды сөзді ішінде сақтасын.
Армияда жүрген «черпак» кезімде бір күні ішіп алдым, — сапқа тұрмастан, тәуекелдердің бәрінен еппен сытылып, төсегіме жетіп, құладым.
Менің бөлімшемдегі мен сияқты «черпактардың» бірінде фотоаппарат бар еді, ол ұйықтап жатқан әскерлесінің суретін естелікке қалдыруды жөн көріпті.
Бұл ойы бірден қоғамдық шараға айналыпты: шырақ тауып, басыма қойыпты, қолдарымды айқастырған. Шырақты жаққан. Әдемі болыпты.
Төсек жаймасын кәдімгідей тартып жапқан, маңдайыма крест салған, жарғыны кеудеме қойған, сосын тағы бір бума жарғыны қойған, енді менің оқуға көп уақытым болады десе керек, аяғыма 47-ші өлшемді етікті кигізген: марқұм шарапатты, мейірімді, талыс аяқты болып шыққан.
Сыпыртқыдан басыма сәнді гүлдесте жасапты.
Бір шырақты аз көріп, үшеуін қолыма ұстатыпты. Мүрденің торттан несі кем, жаназа да мереке емес пе?! Мұнда да арақ құяды, қысқы салаттарды шығарады, тек билеуге болмайды, есесіне ән айтуға болатын сияқты.
«Рухтарды» қуаламапты, душаралар да көңіл көтеріпті.
Жаныма швабра қойғанды дұрыс көріпті. Мәйіттің жанына қонақ боп келіп жатса, сайтандарды швабрамен қуалай алады екенмін.
Тәрелке, қасықты да керек болар деп қасыма қойыпты: егер мені құрт жесе, мен де оларды жеуім керек. Осылай кім кімді бірінші жеп бітіреді деп ұзақ көңіл көтеруге болады.
Маңдайыма крестің астына фломастермен бес әріптен тұратын «әумин» деген сөзді жазыпты.
Менің күресе жүріп, мақтангерлікпен, ептілікпен, он тоғыз жылдағы бар жиғаныммен жеткен сарбаз ер деген жарқын атым бір-ақ күнде жоқ болды.
Сүмелектер, ақшаларын аямай фотосуретті басып шығарып алыпты, оны елдің бәрі көрген.
Асханадан нарядқа, қай жаққа барсам да, әр қадамымда көрінбейтін күлкілер ілесе жүрді: әлгі шырағы бар, швабрасы бар, мүрде торты, әумин дейтін черпак келе жатыр дейтін.
(Сол ақпанда нарядта үсіп қала жаздағанмын, өмір сүруге еріндім).
Ең жақын, тіпті жалғыз досым мені «Шер әумин» деп атап кетті. Өзі ботаник, мектепте француз тілін оқыған. Оны бірнеше рет құтқарып қалғанмын, менсіз өлтіріп тастар еді. Осы жолы оны өзім соғып, тісін түсірдім, қан көп ақты, кейін тісі ұмытылып қалғандай асханада үстел үстінде, көлкіген сорпаның ішінде жатты. Тісін алып өзіне қайтарып беріп, қайта салып берсем бе екен деп ойладым, бәрін қайта өзгертуге болар еді.
(...әдемі болсын деп «дедтар» шырақты аузыма салып қойғылары келгенде, ботаниктің оған жол бермегенін кейін естідім.)
Енді ештеңені түзей алмаймын.
Отбасымда бірнеше мәрте ауыстырғаннан кейінгі қалған шағын пәтерге құрбымды да паналаттым. Ол анама ұнады, анам оған сенетін.
Өмірінде бір қолдың саусағының асатын еркекпен болған әйелдің «жезөкшеден» басқаша аталатыны бүкіл өмірін әкеммен өткізген анамның басына да кіріп шықпайтын.
Тіпті, ақылды, әдептілігі, сымбаты мен ер мінезі келіскен мұның ұлына — осы бір иудаға, аузы күнде лас шер әуминге, әлсіздерге қоқаңдайтын, өтірік айтатын, жылмаңдайтын, кемсінетін, жауапкершілікті біреуге ысыра салатын, ештеңе білгісі келмейтін, айнадан өзіне қарап, сыртқы салтанатына сүйсінетін даурықпа, мақтаншақ, әсемпазға кім опасыздық жасайды!
Мен дембель болдым, құрбым қарсы алған жоқ, әжесінің үйінде демалып жатты. Әжесін қалай тастап кетсін, түсінемін. Бір аптадан кейін келді, жылы жымиып, жаймен сөйлейді, сыртында бір қаптама бардай. Бетінен сүйсең тері сияқты, иіссудың иісі шығады, бірақ бәрібір бір алыстық байқалады.
Кешке сыртқы қаптамасын қабат-қабатымен шешті, кей жеріне қаптамасы жабысып, біраз еңбектенуге тура келді. Жарық жаққанды қаламады, қараңғыда ізде, жан-жағыңа қара, көртышқан бол, түнде қарайтын құрал сатып ал, фантазияңды қос.
Менің қиялым бір жарым жыл жұмыс істеді. Сол уақыт ішінде трансформатор сияқты гуілдеді, армиядан қайтқанда қалай болатынын егжей-тегжейіне дейін ойластырып қойғанмын. Бірақ өмір өз нұсқасын ұсынды. Азаматтық өмірдегі, нақтырақ айтқанда азаматшамен болатын бірінші түннің оқиғасын біз бұлай елестетпеп едік қой.
Азаматша көңілімнен шықпады. Ол ең қарапайым нәрселердің өзін ұмытып қалыпты. Анда көмектес, ана жерге дөрекі жасама, мына жерді шымшыма, неге бұлай сүйісесің?
Қалай?
Жарайды, көңіл аударма. Жай, шаршадым.
Шаршадым дей ме? Бір жарым жылда шаршап қалған ба? Әлде бір жарым жылда демалмады ма? Сен әжеңе бардың — ас үйдегі бір раковинаны да жумағансың. Ванна таттанып кетіпті, онда темір адамды немесе темір атты ысқылаған сияқтысың ғой.
А? Комбайнды жудың ба әлде?
Жетер, айқайлама. Сен не, мені ыдыс жуу үшін тұрғызып кетіп пе едің? Мұны бұрын білсем ғой.
(...бір аяғымен кететін қимыл жасап, әлі айтарымды айтып біткен жоқпын дегендей, бүкіл денесінің қарсы қимылымен өз-өзін тоқтатты. Менің ымдауымның мағынасы әлдеқайда кең: «Қайда барасың, ау, мен жалғыз қалып не істеймін?» деп тұрды.)
Таң атқанша сөйлестік. Ол үнсіз қалжыраған күйде, мен бір төтенше қызынған қалыптамын. Басымнан не кешіргенімді білесің бе? Бізді айуандардың қалай соққанын білесің бе? Нарядта қалай үсіп өліп қала жаздағанымды ше? Енді болмағанда бізді Чучмекистанға жібере жаздағанын, менің бірінші болып ерікті ретінде жазылғанымды, мырыш табытпен оралуым да мүмкін болғанын білесің бе? Сонда: «Сені көп қуанта алмадым-ау» деп аһ ұрар едің. Ротаның қандай сарбазы еді? Ол адам айтқысыз нақұрыс еді! Комбат ше? Үш нақұрысқа татиды! Мен, тіпті, бір рет генералды да көрдім! Ал бір рет менің аузыма шырақ салып қоя жаздағынын білесің бе, көрсетейін бе?
Таңға қарай ауыр, ащы, мардымсыз, уақытша, жылусыз, күрсініссіз шешілді, шешілмегені жақсы еді.
Келесі күні телефон шырылдады, тұтқаны көтердім. «Алло?» — тұтқаның ішінде сымдар біраз шатасып қалды, сосын жасанды бейқамдықпен қысыла: «Тинаны шақырасыз ба?» — деді.
(Ол ұйықтап жатыр; бірақ желкеммен байқағаным — оянып, бәрін жұлын миымен тыңдап жатыр.)
Тұтқадаға ер адамның дауысын тани кеттім: сыныптасым, Тина онымен маған дейін байланысқан, сосын менімен кетіп қалды, бірақ ол көпке дейін есінде жүрді. Ол менен ұзындау, сымбаттылау, қалталылау болатын. Бірақ бірге жүрген кезінде қызға тиіспеген.
Есесіне мен сенімнің символы деп ант беріп, адымдап, жарғы жаттап жүргенде тиісіп қойыпты.
Оған, тіпті, менің пәтерімде тұратынын айтпаған сияқты. Несіне айтсын? Мен келгенде бұл пәтерді өртеп жіберсін деп пе?
Пәтерден құрбымды қуып жіберіп, жаңа әлемге аяқ бастым. Онда өлең оқылып, жаңа драмалар құрастырылады, онда жасөспірімдер біртүрлі киімде (кедейдің қиялы бай) тасбақа сияқты үлкен оттықпен арзан шылымдарын тұтатып, шегетін («...жазушыларда осылай әртістікпен жасалады, бауырым, жай адам емес екенімізді көрсету үшін вокзалдан арнайы сатып алдым...»), онда қыздар жігіттерге қарағанда жақсы киінген (әрқайсысы өз джинсында қарапайым адамның алдынан ешқашан шықпайтын албыраған жалаңаш жылы күнді көтеріп жүр). Жасөспірімдерге көңіл аудармайды. Тек бесінші реттен аузынан от шашқан темір тасбақасымен кекете көзінің қиығын тастайды, есесіне, мэтрлерге мұқият, тік қарайды. Қыртыстанған қымбат пиждактар киген (қалағандай қымбат емес) мэтрлер салмақты сөздердің сөлін шығарады... Бродский ме? — қайдағы Бродский — олар Бродскийді қасақана көргісі келмейді, мәрмәрді жарып өскен, мәңгіліктің бүлкілдеген тереңінен тесіле қараған тірі көздерден өткір бірдеңе көрді ме екен? Бәлкім, шығып бара жатып, қонақ үй нөмірінің айнасынан өз бейнесін көрген шығар.
Біз, менен сәл үлкен-кіші қатарластарыммен бірге бандамен тез араласып кеттік; жастардың ішіндегі ең ересегі, ересектердің ішіндегі ең жасы — өткен ғасырда әр жерде туып, өсіп, борышын өтегендер, жаңа мыңжылдыққа тасбақа бейнелі оттығымен ғана емес, мақтанның, сәттілік пен үміттің жәрмеңкесінде көрсетіп, пайда таба алатын тәжірибесімен де келді.
Мені жазушы, әдебиетші дейтін болды.
Менің бір бауырым, бауырым болғанда жақсы жолдасым бар еді. Денесі үлкен, көзі қысық. Өзі үнемі желбегей жүретін, жанында басқалардың да солай жүруін талап ететін: бәрі шын жүректен болуы керек, жалаңаш, ұялмайтындай, көпе-көрнеу, сыртқа көрсетіп... бірақ олар қипақтап барып, ашып тастағанда, жолдасым басқалардың маңызды жерлері онікіне қарағанда едәуір үлкен болып өсіпті деп, әп сәтте қиналып қалатын.
Уақыт өте келе ол тік, жоғары қарауды қойды, тек маңайындағыларға әбден қылиланып қалғанынша қисая қарайтын. Ақыры Приморский жаққа балық аулауға кетті, онда жалғыз өзі шешініп тастап жүре беруіне болады. Онда оның жаратылысындағы дене бітімі мен құмарлығына біреу шәк келтіреді деп қорықпайды.
Өзінің үлкендігін ұстаған балығымен — біресе теңбілбалықпен, біресе мөңкемен салыстырып, қуана қарқылдайды. Осы көлемді де мейірімді әлемге ғашықтықтан жылаған да сол.
Жолдасым кетер алдында маған сыйлық тапсырылып жатқан (гүл салынған себет, астында цифрлар жазылған, әдемі қиылған жасыл бір бума қағаз салынған). Ол мені жағамнан ұстап алды, барқ ете қалғаны сондай, тасбақа оттығы бар қыздар да, мэтрлер де, жас жігіттер де бұрылып қарады. Бәрінің көзін ашты:
— Мынаны кім деп жүрсіңдер? Бұл сендер ойлағандай адам емес! Бұл өтірікші, арамза, алаяқ, аузы сасық адам, мұның шекесінде бес әріптен тұратын сөз бар, бұл ұрланған атымен жүр, іші тікенді! — деп маған қарап кеудемді саусағымен нұқыды. — Ал, абыройыңды жауып көр, сатқын, сен бізді алдадың ғой!
Бәрі жым-жырт маған қарап қалыпты. Біреудің қолындағы тасбақа бұдан әрі от жағуға шамасы келмей, ащы үнмен быжылдап тұрды.
Мен көшеге жүгіре шықтым (себетті тастамадым); жылаған да, күлген де жоқпын, босаған, ұяттан күйген қалпымда тыныс алып тұрмын, мен сол күйі ойланып үйрене алмадым. Самайым шыңылдайды: бұдан кейін қалай өмір сүремін, тіпті, өмір сүруге бола ма...
Далада алдамшылық пен дерттілікті, суықтаудың азабын ғана бере алатын қыстың тағы да соңғы айы еріп жатты.
Себеттегі гүлді қарға лақтырдым, жасыл қағазды қалтама тықтым, тартып алуы да мүмкін.
Мен сол күйі әкемді қуып жете алмадым.
Сонау басынан-ақ бәрі ойдағыдай болмады.
Ол кетпегенде бәрі басқаша болар еді.
Ол сол кезде кетпегенде бәрі басқаша болар еді.
Ол сол кезде менен кетпегенде бәрі басқаша болар еді.
Сендіңіздер ме? Сендіңіздер ғой, иә?
«Міне, ақыры ашылды-ау, ішінде бір құса мен тайғанақтық бар екенін сезіп едік», — деп отырған шығарсыздар.
Ештеңені байқаған жоқсыздар, үндемеңіздер.
Енді басқаша айтайын.
Менің ауылымда қоршау маңында жаяу бір сағаттық жерде төбелер жатыр. Едәуір биік, жоғарыдан секірсең, түгің қалмай сынады.
Кезекті бір суықта тоғыз жасар бала, мен сонда бардым, қыс ішінде неге онда барғым келгенін ешкім де түсіндіре алмайды. Қар бір жерде тізеден асады, кей жерде кеудеңнен келеді, төбеге аяқ басқан алғашқы сәтте-ақ артқа қайтуым керек еді, бірақ мен төбеге шықтым, айқайладым, жолда өлең айттым, бір рет жылап та алдым. Алға жүргенге алыс, ал артқа қайтуға кеш еді.
Мұнда жаздың өзінде баруға батпап едім.
Күн батарға қарай төбесіне шықтым. Қалтам толы қар, пимам да, қолғабым да қар, қойны-қонышым, құлағым, көзім — бәрі қар... ойлап тұрып аузымды да қарға толтырып алдымда: Ақпан, сені жеп қоямын», — дедім.
Бас киімімді шештім, шашымның арасынан ыстық тер ағады, бір кезде жақсы, тәтті бір күйде есімнен танып қалдым.
Бір минут па, бір сағат па, кімнен сұрайтынымды да білмеймін.
Ес жия сала аяғымды, басымды, жанымды ұшыртып, төменге домаладым.
Қараңғы қоюланды, ақпанның қарауытқан кешінде ауыл оттары алыстан болымсыз жылтырайды.
Бірақ ішімде бір күміс үміт жылтырап, қуаныш ұялады.
Үсті-басым мұз болып қайттым. Тек желкем ғана ыстық, қыстың күнін қыздырылған бақыр тиынмен сол жерге мөрлеп қойғандай: мені солай оятты.
Қандай да бір жастан, мәселен, он бес жастан кез келген ортада мен іштей: «Бұл жерде еркекпін» деп отырдым; шешім қабылдау қажет болса, оны өзім қабылдадым. Көбіне менен басқа шешім қабылдайтын ешкім болмағандықтан солай еттім.
Өмір үшін ешқандай күш-жігер жұмсамадым, бұдан былай ол өзі алдыма кеп төселді.
Әлем екіге бөлінді — біреулері менімен дос болады, басқасы менен әлсіз. Тағы үшіншілері болды, бірақ олардың бір-бірімен шаруасы жоқ.
Мені сүймейтіндер менен кетті, ал сүйетіндер — менімен қалды.
Баяғыда мектепте бас киімімді лақтырып жіберген баланы он бес жылдан кейін көшеден көрдім. Бұрынғыдан да ұзын, менен үш басқа өсіп кетіпті — секіруге тура келді. Аңырып тұрып қалды, бояу құйылып кеткендей көзі дереу ісініп кетті.
— Сен не, бля? — деді ол.
Біз қазір мұндай сұраққа жауап бермейміз.
Әлгі қаптамалы құрбым он жеті жылдан кейін хат жазды: «Сенің кім екеніңді білмеппін», — депті.
Білуің керек еді, білмесең несіне әйелсің; білмеуге еркектер ғана құқылы.
Он тоғыз жылдан кейін туған ауылыма бардым, онда бірдеңе жоғалтқандай әр жыл сайын қайтып оралдым. Қарда кебісім қалды ма? Күміс тиыным ба? Денемдегі алғашқы крест пе қалған? Келсек, ауылды тағы да қар басып қалыпты. Ойлап келемін. Қарды араластырса, менің бала жалаң аяғымның ізі жатыр ғой. Сол ізбен жүріп отырсам, дәл өзіме қайта келемін, өз өміріме қайта кіремін, бәрін қайта бастан кешемін. Тағы сол жерде тұрып бір ой келеді. Қарды араластырса, ол жерде ізім...
Қарасам, балшық бұрынғы орнында, орыс топырағы таусылмайды, қазір ат та, трактор да жоқ, бірақ балшық бәрібір қарайып, бүлкілдеп, өксіп, шалпылдап, күңкілдеп жатыр.
Жақындап келсем, Чебряковтардың екеуі де жатыр, біреуі батып қалыпты, екіншісі оны тартып жатыр, екеуі де кәрі төбеттер сияқты, үндері шықпайды, көкшіл сұр жүзіне сілекейі қатқан. Бет-жүздері бұрынғыдай бірдей. Көз жанарларын біреу сорып алғандай, арғы тереңі жасаурап тұр.
Шығаруға талпындым, біреуінің қолынан тартып ем, жыртылып кетті: сайтан алғыр, не істесем екен, бұлай болғанын қаламап едім. Түсіндім, есептесетін кез келіпті, бірақ дәл осылай болады деп ойламаппын... Кейін түсіндім, күртешесінің жеңі қолтығынан жыртылып кетіпті.
Қардан біреудің жалаңаш қолы көрінді, еріген қарда саусақтары сүйретіліп жатыр.
Бұдан кейін ешкімге жамандық жасауға жол берілген жоқ.
Алқызыл, ыстық осындай күнді ұстап қалуға болар еді, бірақ мүмкіндіктер жайындағы білімім жеткілікті болыпты, сол білімге тойынып, еркелеп, зерігіппін.
Долы шекараға дейін барып, адамдарды атыппын, бірақ біреу мен атқан оқтың бәрін қолына жиып, кебек секілді лақтырыпты. Мен ешкімді өлтірген жоқпын, бірақ өтінсем, өлтіруге де мүмкіндік беретінін білемін. Бәрін беретіні анық.
Әкем кетті, мен оны қуып жете алмадым.
Қайтып оралғанда, қазір артығымен бергенді сол кезде берер ме еді?
Әкемді қуып жету үшін, тек оны қуып жету үшін қазіргі игіліктің бәрін қайтып берер ем, бірақ менімен кім саудаласады, ешкім ештеңе ұсынбайды. Онда айырбас жоқ, онда тек неше түрлі кереметті алдыма жайып салады, мен аламын.
Алмауға таңдау жоқ, бірақ онда бәріне жетеді, көрдім. Онда өзгеге жамандық тілемейді, онда жомарт қожайын отыр.
...сонда, естеріңізде ме, қалтама әлгі жаман жасыл қағазды тықпалағанда жоғары қарадым, сиялы ақпанның бар ыстығы иттің тіліндей бетімнен жалап алды «Не болды? Ақымақ, сені кім ренжіте алады?» — деп тұрғандай.
Үлкен залға қайта оралдым, бәрі маған жымия қарайды. «Сәлеметсің бе. Біздің Пушкин бауырымыз, Хлестаков бауырымыз, қалай? Сәлеметсің бе, сені жеп қойғымыз келеді, бірақ оның орнына сені бауырымызға басамыз».
Жалаңаш жүретін жолдасымды таптым. Түймесінен жұлқып ұстап, бұрышқа апардым, ол біледі, есінде, ұмыта алмайды, кешіре де алмайды. Бетпе-бет тұрып: «Мен адам ретінде, еркек, суайт, тәртіпсіз, тіпті, қай жағынан болса да күштімін. Түсіндің бе?» — дедім. «Түсіндім» деп басын изеді. «Жоғал!» — деп бұйырдым. Ол жоқ болды.
Иә, кез келген ересек шақтағы жеңіс балалықтағы жеңілістің жанында күлкілі әрі ұсақ болып көрінетін сияқты, иә, қайтеміз.
Есесіне қазір маңдайыма өзім қалаған сөзімді жаза аламын, бұл кез келген күлкіні тапап өтеді, ақымақ адам, тісіңді қорғашта, не үшін күлесің, ақымақ, сен өзіңе күлесің. Әумин.
Түрлі-түсті мойынорағышқа қазір менің демім әбден сіңген. Қар тез ериді. Суайт — ақпан, сен жеңілдің, әлде жеңдің бе екен, сен маған бәрін үйреттің, тек өткеннен сабақ алуды ғана үйрете алмадың.
Қазір табалдырықта тұрмын, үй-ішім менің қыстық киіміме сұраулы көзбен қарайды, көздері жанып тұр, көздер қарап тұр.
Қайда баратынымды сұрайды, ұзаққа ма дейді.
Не істейтінімді шешуім керек: артыма қарамай кетейін бе? Немесе қайта келіп, бәрін қолға алайын ба? Оларға қайсысы жөн екенін күні бұрын кім білген?




