Соңғы саты

(ХИКАЯТТЫҢ ҚИЫНДЫСЫ)

— Жоқ, — деп, қызбаланды Кирилл, — кім не десе де, мәдениетті, білімді адамдар (Қазан университетінен бе, әлде, басқаданба, бәрібір) елді күйзеліске түсіріп, дәл осылай ойрандамас еді. Олар ешқандай да мәдениетті жандар емес, керісінше нағыз сауатсыз, надан, ұсақтық пен кекті зұлымдыққа тұншыққан жабайылар. Билікті басып алған қылмыскерлер. Әдемілікті құрту — қарақшылық емей, немене?! Жердің сұлулығын, жалпыға ортақ кескінін өздері қолдан жасап па?! Некрасовтың «Власының» соңғы шумақтарынан оқып жіберші, жарығым.

Лиза дереу оқуға кірісті:

Аязы үскірік қыста да,

Жаздағы ең ыстық тарапта,

Шоқынған Ресейді шақырар

Шамасы келетін сауапқа, —

Береді, береді адамдар...

Тіп-титтей үлестен қосылар,

Құдайдың үйлері жердегі

биіктеп барады осылай...

Мұны әділ куәгер, революция демократы деуге болатын Некрасов жазған. Демек, еңбек үлесі мен халық үлесінің арқасында бүкіл Русь аумағында осындай сұлулық бой көтерген. Оған қарсы қол жинап, қару кезеуге, оны қорлап, даңқын жерге таптауға кімнің дәті барды? Бұл тек Ресейдің жауларының, ызалы ұсақ кекшілдердің, бұзақылар мен қылмыскерлердің ісі. Осылай екені айдан анық.

— Ол да кек қайтарды ма? Кім үшін? Не үшін?

— Қалай кім үшін? Бауыры үшін! Бауырын дарға асты ғой, сол сәтте-ақ жолымыздың екіге айырылатынын айтқан. Ант етті. Бір жағынан анасы да балаларын Ресейді құртуға итермелеген. Махаббат қана жасампаз, ал өшіккен тек қиратады. Қирандылардың ауқымына, қиратудың жүгенсіздігіне қарап шамалайтын болсақ, зұлымдық соншалықты жабайы, айуандықпен жасалыпты*.

Төбелердегі, ағаштар арасындағы, ауыл ортасындағы немесе ауылдан шалғай орналасқан бір күмбезді, бес күмбезді шіркеулердің бәрі жансыз, мазаққа ұшырап жалғыз қалғандай, мұны көзімізбен көріп, жүрегіміз қан жылайды.

Егер колхоз қоймаларына жолығып жатсақ, міндетті түрде ішіне кіретінбіз. Бұзылып кеткен еттің иісі қолқаңды қабады, еденде шикі, тұздалған сиыр мен қой терісі, одан бөлек шошқа жемі шашылып жататын. Басқа қоймада қарақағаз бумасы, сым орамдары, шыны жәшіктері, бояу құтылары да сақталатын. Келесі бір қойма еденінде астық, сұлы шашылып жатса, оның үсті шаң басқан сұр тоқыма шүйкемен жабылатын еді.

Маңайы ағашқа толы шіркеуге жақындай бергенде, қараусыз қалған жансыз ғибадатхананы айналып өтіп бара жатып, оның баспалдағына отыра кеттік, жабайыланған бөртегүл бұтасының, қарағандар мен алқызыл құлқайырлардың арасында мүлгіген тыныштыққа құлақ түрмекпіз.

Бос қалған, ұмытылған жер. Алайда, тыныштық толық орныға алмады. Қоңыраудың саңылауларынан болымсыз, мұңды жел қосыла ұлиды. Біз жайғасқан бұтақтардың арасы желсіз, қапырық. Ал олардың жоғарғы жағында, крестке, ақша бұлттарға жақын маңда шуақты самал жел сайрандайды.

Бөгде дыбыстар естілгенде терең ой құрсауынан босап, орнымыздан түрегелдік. Аяқ сыбдыры ма, әлде, құмыққан дауыс па, не бір жылаған үн бе, әлде, ән бе? Бұтақ арасынан үңіле қарағанда, ауыл жақтан жерлеу рәсімін атқарушы бір топ адам көрінді. Бұл жер әлі ұмытылмапты, мұнда әлі күнге дейін ауыл зираты бар. Шалғы тимеген қалың шөп арасында жаңадан өскен, адам қолымен қамқорлық жасалған дөң бар екенін қалайша байқамағанбыз...

Рәсімде адам көп емес, ауылдың қарапайым жерлеу рәсімі. Біздің ауылда жерлеу рәсімін қалай өткізетіні әлі есімде. Шіркеу табалдырығынан осындай кезде ғана ашылатын негізгі қақпа арқылы алып шығатын... Алдыда сүлгі оралған крест, содан соң, әйтеуір, бір шам, көп есімде қалмапты. Ең үлкен қоңырау едәуір үзіліспен сирек соғылатын. Бір қоңырау мен екіншісінің арасында жерлеу шеруіндегілер отыз-қырық қадам жасап үлгеретін. Жерлеу рәсіміндегі қоңырау осындай. Осы бір сирек, кенеттен жер бауырлайтын ауыр мыс соққыларында өте бір салтанатты үн бардай көрінетін. Шағын жерлеу рәсімімен қатар, біреудің ұлы істері, өлім мен қайғы, тіпті, уақыттың өзі бірге қадам басып келе жатқандай. Бум! — қырық қадам. Бум! — қырық қадам. Бейіт басына жеткізгенше қоңырауды елу рет соғады.

Оның не екенін есіме түсіре қоятындай, шіркеуде оқылатын нағыз жаназа дұғасын көптен бері тыңдамаған екенмін. Бар болғаны бір рет — біраз жылдар бұрын әкем Алексей Алексеевичке жаназа оқығанын естуіме тура келген. Оқығанда қалай оқыды деші, кәріліктен үні әрең шығатын Александр әкей бастаған, Поля Московкина тәтем және Володя Постанов қостаған жұпыны, аянышты топ оқыды. Тыңдаған сәтімде денемді суық тер басты. Сөздері есімде қалмапты, бірақ сондай салтанатты әрі осындай жағдайға арналған жалғыз дұға болғаны есімде. Александр әке жанындағыларымен бірге осы ұлы сөздерді оқығанда, сана түкпірінде: «Егер жаназаңда осында сөздер айтылар болса, өлім мүлдем қорқынышты емес екен ғой», — деген бір ой жылт етті.

Бұдан әрі үлкен қоңыраудың дауысы да, қабір басындағы жаназа да тына қалды. Ауыр жұмыс істеген, жер жыртқан, шөп шапқан, махоркамен ысталған, қарғыс атқан өмірін былапыт сөздермен өткізген орыс мұжығын ыстық күнде шаң көмген жолмен үнсіз ғана алып бара жатты. Әлде, туар баласын туған, үй тірлігін қамдап біткен, өзіне тиесілі жұмысты жасап болған, қайғы-қасіретті бастан өткеріп үлгерген орыс әйелін әкетіп бара ма?

Ежелден бар, бірақ бас тартылған жерлеу рәсімін олардың немен алмастырғандарын, қалай жерлейтіндерін көргіміз келді.

Мысалы, мәскеулік әдебиетші ретінде менің жерлеу рәсімі туралы өз түсінігім бар. Қабірді Әдебиетшілер орталық үйіне қою керек (мейрамхана үстелдерін уақытша алып тастайды), сондай-ақ, Михалков сөз сөйлеуі тиіс, Роза Яковлевна аза тұту таңғыштарын таратады, қаралы немесе жай ғана жақсы музыка ойнап тұрады.

Мен жерлеу рәсімі керемет болуы керек демеймін, бірақ мұны өзім «нағыз адамша жерлену» деп санаймын. Егер маған өлгеннен соң аң-құсқа жем боласың деп алдын ала айтса, мұны қатыгездік дер едім. Мен аңға да, құсқа да азық болғым келмейді.

Дегенмен Үндістанда аң-құсқа жем болуды үлкен игі іс санайтын касталар бар. Олардың көзқарасында осы іс «нағыз адамша жерлену» деп саналады. Болмаса Ганга өзенінің жағасында өртке орану рәсімін алайық. Егер үнділерге өлгеннен соң Ганга өзені жағасында өртелінбейтінін немесе денесін аң мен құс шоқымайтынын айтсаң, мұны үлкен бір зұлымдық деп қабылдар еді.

Қысқаша, әрбір адам өмір бойы қандай да бір құқығы болмағанның өзінде, өлгенде өз түсінігіндегідей «адамша жерленуі» қажет.

Осылайша шіркеуді де жабармыз. Демек қолды бір-ақ сілтеп, жүздеген егде жандарды, қариялар мен кейуаналарды «адамша жерлену» құқығынан айырамыз деген сөз, басқаша жерлеуді олар өлексе секілді етіп, «итше жерлеу» деп санайды. Қайткен күнде де, оларды қайта тәрбиелеу мүмкін емес. Ал елімізде осындай миллиондаған адам бар. Мұншалықты қатігез зұлымдық жасау құқығын кім иеленіп алды?

Кейуана, орыс шаруа әйелі, орыс анасы, орыс әжесі өмір сүреді. Әрине, қазір ол облыстық не аудандық деңгейде ешкім емес, сауыншы да, маяк та, коммунистік еңбек бригадасының белді мүшесі де емес. Оны жерлеу рәсімі үшін ауданнан оркестр арнайы келіп, ешкім де аза тұту туларын ілмейді.

Иә, ол сауыншы да, маяк та емес. Дегенмен, ол — а-дам! Оның бар арманы, соңғы тілегі — жаназасын шіркеуден оқып шығару, бірақ дәл осы мүмкіндікті одан тартып алып қойды. Тартып алғанымен қоймай, тірі кезінде ешбір жаназа туралы, шіркеу туралы ойламайтындай күйге жеткізді.

— Мен өлген соң не болады?

— Апарып көмеміз.

— Хайуанды жерлегендей ме?

— Қалай түсінсең, олай түсін.

Қатігездіктің, адамдарды қорлаудың, олардың сезімін аяққа таптаудың шегі, толастар тұсы бола ма?

Мен осылай ойға батып отырғанда жерлеу шеруі зират басына жетіпті. Біз де бос бейітке жақындадық. Мұнда қызыл топырақ болатын. Төбеде үгілгіш қатты сияқты еді, ал бейіт қабырғасында, қазылған жерде майдай боп жылтырайды.

Адамдар қабірге жақындады. Табытты көрдің жанына қойды. Әйелдер еңіреп сала берді. Жетімсіреген тар үйменің айналасына топырлап, қоршап алды. Кенет олардың абдырап қалғанын байқадық. Ары қарай не істеу керектігін білмейтіндей көрінді. Бірдеңе жасауы керек қой, тым болмағанда соңғы құрмет, соңғы рәсім үшін... Бірақ ешқандай рәсім орындалған жоқ.

Марқұмға бәрінен жақын тұрған кемпір оны шоқындырып, ақ кебінге қызыл топырақтан сеуіп жіберді. — Қарап тұрмай, шегесін қағыңдар. Жұмыс шығып, ерлер қимылдай бастады. Басқа-басқа, шеге қағуға шеберміз ғой. Екі балғадан біресе қатты, біресе мұңды дыбыстар естілді. Әп сәтте-ақ шегеленді. Табыт түбіне арқан тартты. Аһылап-үһілеп тұрғанда тепе-теңдікте әрең ұстап, табытты жәйлап, салқын жер қойнауына түсіре бастады. Түсірді. Арқанды кері тартты. Топырақ түйіндері мұңды, қатаң дыбыс шығарғандай болды. Дыбыс тұншыға, жұмсара түсті... Сөйтіп, сыбдырға айналды.

Көмді де, топ адам қайта абдырап қалды. Тарасуы керек еді. Бірақ олардың әрқайсысы іштей әлі жасалып болмаған, айтылып бітпеген бірдеңе бардай сезінген секілді.

Бірақ істейтін іс жоқ. Мәйіт көмілді, оның басында кешке дейін қарап тұра бермейді ғой. Жаппай тараспай, топтасып кете бастады. Жасы елулердегі әйел еске алып тұруды әркімге бір айтып жатты.

Әрине, қазір осы әйелдің лашығында жиналады, сұйық тамақпен бірге ішімдіктен алып, масайғанша ішеді. Оларға кінә таға аласың ба? Мүмкін саналы түрде толық сезініп үлгермеген, мүмкін бейсаналы түрде жанын кеміріп жатқан мұң-наланы сыртқа шығару керек қой.

Өзінің екінші (әрине, қосымша) коллекциясын толықтырып жүрген Кирилл маған әр ауылдан колхоз төрағасын тауып беруімді өтінді. Сондықтан, бұл жерде басты рөлді мен сомдадым, журналист ретінде төрағамен сөйлесіп, колхоз жайын сұрастырып тұрғанда, Кирилл жан-жағына қарап алып, телеобъективін пайдаланып, көздеп отыратын, сөйтіп, төрағаның бет-жүзін жақындатып, толықтай кадрға алып, өзінің снайперлік шертпесін басып қалып, әңгімелесушімнің бейнесін камерасына салып ала қоятын. Ол өзін суретке түсіріп жатқанын білмейтін, білсе, қарсы болмайтын, қайта қуанатын, журналистер түсірсе, демек, кейін газеттен бір-ақ шығасың.

Бірақ ешқандай да «кейін» болмайтын. Кейін Кирилл суреттерді үстел үстіне жаятын да, былай дейтін:

— Қара, қара. Мынау біздің ауыл шаруашылығының командирлері. Тым болмаса, біреуін көрсетші, тым болмаса, біреуінен жігерлі бейне тауып берші. Дұрыстап қара. Бұл адамның бет-бейнесі емес, ұсқынсыздығы ғой. Мастықтан не ұйқысы қанбағаннан беттері ісініп кеткен, қырынбаған. Ең болмаса, біреуінің жүзінен еркіндіктің, парасаттылықтың, тұлғалықтың көрінісін байқай алдың ба? Бетсіздер. Абдырап қалғандар, өздерінен не талап етілетінін жете түсіне алмайтындар. Бұл адамдар жоғарыдан түскен кез келген бұйрықты орындауға әзір. Жүгеріні себу керек пе, себеді. Шабу керек болса, шабады. Колхозды ірілендіру қажет пе, ірілендіреді. Ал колхозды шағындап қайта ұйымдастыру керек болса, қайта ұйымдастырады. Жұмыс күндерін көбейту керек болса, көбейтеді. Жұмыс күндерін айлықпен алмастыру керек десе, алмастырады. Бұларға ойланудың қажеті жоқ. Олар тек бәрі себілді, бәрі жиналды деп, ұпай жинау үшін басшылықты алдап соғып, орындарын сақтап қалса болғаны, ал ертеңінде осы көрсеткіштерді өткен күнмен жабу үшін бітіруге тура келеді. Бірақ әрдайым бітіруге мүмкіндік бола бермейді. Бір өтірігі тағы бір өтірікке ұласады. Осылайша, қағаз жүзіндегі мәлімет бөлек, іс жүзіндегі ақиқат мүлде басқа болып шығады. Өтірік ауданнан облысқа қарай өсе береді. Ең соңғы сатыда өзіңнен басқа, тіпті Жоғарғы Кеңес съезінің немесе сессиясының мінберінде тұрып, халықтан басқа алдайтын адам қалмайды. Ал осы сәтте Америка, Канада, Австралиядан бидай мен сұлы сатып алу арқылы қағаздағы шындыққа жанаспайтын цифрларды жойып, оны халықтан жасырып қалатын...

Дегенмен, Кирилл суретке түсіріп жатқан уақытта төрағамен әңгімелесе тұруыма тура келетін. Емтихандағыдай екінші сұрақтан-ақ оның сөзін бөліп жіберу көп қиындық тудырмайтын, себебі, мен сол кездегі ауыл колхоздарының жай-күйін, көпшілік біле бермейтін қыр-сырын жақсы білетінмін. Алғашында кекірейгенімен, сәлден кейін өткен жылы тоғыз центнерден өнім алынғаны, сиырдан екі мың литр сүт сауылғаны, қала жақтан автобустармен едәуір жұмыс күшін әкелгенімен, картоптың бір бөлігі бәрібір далада қар астында қалғаны, жем-шөптің қыс ортасына дейін жетпейтіні туралы сөз қозғайды да, Кириллше айтсақ, «сынып», бірден жұмыс күшінің тапшылығына шағымдана бастайды.

Бір совхоз директоры (жай салыстыру үшін) бізге былай деді:

— Ертең жалпы жиналыс жасаймын, ел-жұртқа өз туысқандарыңды, таныстарыңды біздің совхозға шақырыңдар, көшіп келсін деймін. Жұмыс күші жетіспейді.

— Халық қайда кетті?

— Қашып кетіп жатыр, — деп қысқа-нұсқа жауап берді директор.

— Дегенмен совхозда қаншама үй-жай бар. Солардың бәрінде де адам бар емес пе? Сосын мәселе адамдардың санында емес қой. Мысалы, мен Данияда болғанда, мені таңғалдырғаны...

— Сонымен, Данияда қалай екен? — қызыға әрі таңдана сұрады директор.

— Олар шаруашылықты фермерлік түрде жүргізеді екен. Столыпиндік реформаны іске асырса, осы жолға Ресей де түсуі керек еді. Оны солай «дат жолы» деп те атады-ау деймін. Бірақ Дания кішкентай ел. Еңбек өнімділігі өте жоғары болса да, масштабы үлкен емес. Егер Ресей жерінде соншалықты еңбек өнімділігі болса...

— Қанша сонда?

— Ммм... Мен кішігірім шаруашылықты көрсетуін сұрап едім. Жер көлемі біздің орташа шаруа қожалығымен шамалас жерді көрсетті. Шаруашылықты арнайы таңдаған жоқпыз. Жолда келе жатып, әңгіме шықты. Жолымыздан бұрылып, кездейсоқ жолыққан шаруа қожалығына беттедік.

— Сонымен?

— Жеті гектар жер. Ерлі-зайыптылар. Екеуінің де жасы отызға таяған. Жасөспірім қыздары бар. Қызының өз мініс жылқысы бар. Жұмысқа жегетіні бөлек. Дөңгелекті жарты тракторы тағы бар.

— Йағни?

— Көршісі екеуі тракторды бірігіп сатып алған. Тіркеме құралдары өзінікі, көпшілігі аспалы. Құрал-сайман... Олардың құрал-саймандарын көрсеңіздер ғой! Аша, күрек, тырма — барлығы ашық түске боялған, саптары көп күш жұмсамай әрі қолдануға ыңғайлы болу үшін арнайы иіліп жасалған. Екі автокөлік — жеңіл машинасы мен кішкене жүк көлігі бар. Өздері жинаған өнімді өздері тұтынбайды. Арнайы автокөлік (тура мен сонда болғанда) тапсырыс берген заттарын әкеліп береді: целлофандағы ет, жасыл бұршақ, шпинат... Үй иесі маған тоңазытқышын көрсетті — көлденең, сандыққа ұқсайды. Қақпағын көтерді, іші азық-түлікке толып тұр. Дәмді әрі дұрыс тамақтану жайлы кітаптың суреттеріндегідей ашық түсті, балғын тағамдар.

— Олар сонда не өндіреді?

— Үш түрлі тауар өнімдері бар: сүт, жұмыртқа, сосын торайлар өсіреді. Екеуінің бар болғаны жеті гектар жер, жарты трактор, азын-аулақ жылқымен қалай осыншама өнім өндіріп отырғандарын білгім келді.

— Сонымен?

— Екі тонна жұмыртқа, сүтті 1800 кг сары майға айналдырады, қырық торайын сүрсүбеге қалап алып кетеді.

— Жұмыртқаны салмақпен жібере ме?

— Иә, солай. Ол жақта дүкендерде де салмағымен өлшеп, сатады. Демек, шамамен отыз мың дана. Егер қыздарын қосып, үш адамға бөлер болсақ, әрбіріне он мың жұмыртқадан келеді, бірақ тек екі адам нақты жұмыс жасайтындықтан, он бес мың жұмыртқадан болады. Міне, өнімділік деген осы! Ал сіздерде ше?

— Бізде ме? — деп, директор терең ойдан оянды.

— Сізде тауық фермасы бар ма?

— Бар.

— Бір адамға жылына қанша жұмыртқадан берілді?

— Бізде негізгісі тауық емес. Басты өнім — сүт.

— Сонда да?

— Жоға... — тұтығып қалды. — Айтуға ұят.

— Сонымен?

— Адам басына үш жұмыртқадан.

— Енді негізгі өніміміз сүтті алайық. Оның сиыры кемінде бес мың литр сүт береді. Мен оған бізге келсеңіз бірден үлгі боласыз, портретіңізді аудандық газетке шығарады, тіпті, Еңбек Ері атағын да беруі мүмкін дедім. Жоқ, аудандық газетсіз-ақ, осы жақта бірдеңе ғып күн көремін дейді... Енді сіздің негізгі тауарыңызға келейік.

— Айтпай-ақ та қояйын, — деді директор, — Түсіндім. Жүйе басқа болғандықтан, нәтижесі де бөлек. Меніңше, біздің совхозда жұмыс күші жетіспейді дегеннен гөрі, қайырымдылық үйі деу керек шығар. Мұнда екі адамға қырық торайдан келеді. Егер адам басына жиырма торайдан болғанның өзінде, біз бүкіл ауданды торайлармен толтырып тастайтын едік. Сонда қалай? Екеуі бірге жылына мың сегіз жүз килограмм сары май алады деген сөз. Адам сенгісіз! Біздің совхозда үш жүз адам бар делік. Демек, біз алты миллион жұмыртқа, шамамен отыз тонна сары май өндіріп, сүрсүбеге алты мың торай жіберетін едік. Жоқ, бұл ақылға қонымсыз нәрсе. Сонда олардың жинайтын егіндерінің мөлшері қандай болады?

* Кремльдің бұрынғы коменданты П.Мальковтыңбейнелегені осы Сонымен оған 1 мамырға қарай Кремльді ретке келтіру тапсырылды Ол мұны орындады Әрі қарай мәтін бойынша П.Мальков, Кремль комендантының жазбалары, Жас гвардия, 1968,127 б «Владимир Ильич шықты Көңіл-күйі жақсы екен, күлімсіреп, әзіл айтты Мен жаны на жақындағанда амандасып, мейраммен құттықтады да қалжыңмен саусағын шошай тып, сес көрсеткендей кейіп танытты — Жақсы, көкетай, бәрі жақсы, ал мына келеңсіздіктен әлі құтыла алмапсыңдар Бұл жақсы емес, — деп, ұлы князь Сергей Александрович өлтірілген орынға қойылған ес керткішті нұсқады.

Мен ауыр күрсіндім — Дұрыс, — дедім, — Көзін құртып үлгермедім, Владимир Ильич, жұмыс күші жет педі — Қарашы мұны, сылтау табуын! Жұмыс күші жетіспеді деймісің? Жұмыс күшін дәл осы жерден-ақ табуға болады Солай ма, жолдастар? — деп, Ильич маңайындарғыларға қарады Әр тұстан қолдаушылар табыла кетті — Көрдіңіз бе? Ал сіз жұмыс күші жетіспейді дейсіз Қанекей, көрсетілімге дейін уақыт барда тезірек арқанәкеліңіз Мен демде комендатураға шауып барып, арқанды алып келдім Владимир Ильич мықты ілмек жасап, ескерткішке лақтырды Бәрі жұмыла кірісті, осылайша ескерткіш жан-жақтан арқанмен күрмелді — Қане, бәріміз бірге! — деп, бұйырды Владимир Ильич Ленин, Свердлов, Аванесов, Смидович және БОАК мен ХКК-нің басқа да мүшелері, сондай-ақ бірнеше басқару аппараттарының қызметкерлері де қатарға қосылды, сөйтіп қармап, арқанды тарттық, ескерткіш жұмыр тас үстіне құлап түсті — Мұның көзін құртыңдар, қоқысқа тастаңдар! — деп, бұйрығын жалғастырды Вла димир Ильич Ондаған адам арқанды тартып, ескерткішті жұмыр тас үстіменТайницкий бағына қарай гүрілдетіп ала жөнелді Владимир Ильич билеушілерге, княздарға, сол билеушілер тұсында танылған гене ралдарға қойылған ескерткіштерді суқаны сүймейтін Владимир Ильичтің ұсынысы бойынша 1918 жылы Мәскеуде Кремльдегі II Александр, Құтқарушы Мәсіх жанындағы III Александр, генерал Скобелев ескерткіштері алынып тасталды «Біз мына қоқыстың көзін құртып, Мәскеуде және Кеңес Республикасының басқа да қалаларында Маркске, Энгельске, Марат, Робеспьер, Коммуна мен біздің революцияның басқа да батырларына арнап ескерткіш қоямыз» дейтін Әдемі көрініс, солай ғой?