Мысық

Анна Анатольевна өз ғұмырында ат қойған иттердің, лақтардың, әсіресе, мысықтардың көптігі сонша — мына біреуіне ойлап табуға күші қалмаған-ды. Жүнінің түсімен атай салды, Сұрша деп.

Бір күні аяқ астынан пайда бола салғанын қайтерсің, ол кезде әлі марғау — еркек пе, ұрғашы ма, ажыратып болмайсың — мөлиіп, ішке сұранды. Боқырау деп аталатын шақ еді — қар жоқ-ты, кей жерлерде арамшөп көрінеді, күндіз күн жерді жылытқандай болады да, кіріп кетсе, не жеңіл бұлтпен сәл қымтанса болды — ауаны суық ызғар меңдеп алады, ал жер түн жамылып, қатқақ қатпармен оранады.

Міне осындай азынаған кеште ол Анна Анатольевнаға өз бетімен келді де, кіруге сұранды.

Қуып көріп еді, бұл болса, бөтен шарбақтың ішіне кіріп кететін басқа мысықтар секілді қашқан жоқ, шығаберістің жиегінде отырды да қойды. Мысыққа тән бетпақтықсыз, қорықпай қарап отыра берді. Әлдеқалай, сенімен мен тең дегендей қарайды, бірақ ауыр халге түскен, жанары: «Жәрдем ет!» — деп тұр.

Анна Анатольевна азырақ ойланды да, содан соң жағасынан алып, ұстай тұрды. Марғау аяғын жиып, бағынышты қалыпта салбырап, қарап тұра берді. Енді екі көз: «Саумын мен, саумын», — деп тұрғандай. Анна Анатольевна оны есік алдына қойып, есікті ашты. Марғау кірді.

Содан бері екеуі бірге тұрып жатты.

Ағаш үй үлкен болатын — екі пеші, бірі жылы, бірі суық екі ауыз үйі бар, алты қабырғалы үй. Төңірегі қырық сотық жер. Монша, жазғы ас үй, қоралар, жүк қайығы, отын қора, көшетханасы мен жылыжайлары бар көң төгілген бақша. Талайдан бері ешкімге керек болмай қалған мол байлық. Анна Анатольевнаға да. Биік шығаберіс те жынына тиетін — күніне 20 реттен түсіп-шығып көрші, аяғыңнан аяқ қалар ма екен.

Туғандары хабарсыз кеткен, құрдастарының қатары сиреген. Анна Анатольевна өлімін көптен бері күтіп жүрген, бірақ шақырмайтын. Әрбір жаңа күнге тыныш қана ырзашылық етіп, шарбағының ішінен істерге жұмыс табушы еді. Теледидарды немқұрайды емес, біресе онда көрсетіліп жатқандармен тәжікелесіп, біресе келісіп, басына күн туғандарға жаны ашып көретін, ұрылар мен сотқарларды ұстаса, қуанатын еді.

Ұйықтау ғана ауыр еді. Шаршағанын, ұйқының күш беретінін, ұйқыны бойлап қараңғы түннің жылдам-ақ жорғалап өте шығатынын, ал содан соң ертең күн шығып, шаруалардың болатынын сезетін, бірақ тез ұйықтап кете алмаушы еді. Ұйқы атаулыны бездірген естеліктер, жайсызы да, күйіктісі де, санасын жаулап алатын. Қою тұман лайсаңды, шеге қағылған тақтайларды, сүйір бұрыштарды, көргің келмейтін және сақтануың тиіс басқа да дүниені көзге шұқып көрсете қалай кенеттен жоқ болып кетсе, дәл солай жоғалатын...

Өткен күннің еншісінде жайсыз дүние көп еді. Жөнді сезіне де алмаған балалық шағында — үй шаруасында үлкендерге қолғабыс етуге, бауыры мен сіңлісін бағуға, оның үстіне сабағын оқып үлгеруге тиіс болатын. Одан кейін Анна Анатольевна көп ұзамай, тастап кеткен аудандағы училище бар еді — болашақ сырлаушы-сылақшы мамандығы оны тартпаған. Осында қайтып кеп, фермаға сауыншы боп орналасты.

Дәл сол кезде машинамен саууды күн тәртібіне енгізіп жатқан, сауыншылар дәрігерлер құсап ақ халат киіп жүретін; сиыр қоралар тап-тұйнақтай болатын, малшылар санитарларды есіңе түсіретін. Айтып-айтпай не керек, қырық жылға жуық уақытта ол өнімді еңбек етті. Өкімет күйреп, құлағанша, зейнетке шығып үлгерді. Ал енді ферма әлдеқашан қаңырап қалған, сиыр қоралардың орнында қалқайып қаңқалар ғана тұр. Ұзынша, сұр, шатырсыз...

Отбасы болатын. Үш бала — екі ұл, бір қыз. Олар қазір де бар, бірақ әне-міне қарттыққа аяқ басқалы тұр. Жылда жаздыгүні, бастапқыда өздері, кейін келіндерімен, күйеу баламен, одан соң немерелерімен келіп тұратын уақыт, шамасы, келмеске кетті. Ара-тұра қайсыбірі келеді, бірақ қысқа уақытқа ғана, анық ықылассыз. Міндеті болған соң. Немерелер есейген, ауылда олардың іші пысады, лас, маса шағады, әжетхана сыртта... Өздерімен тұруға шақырады. Бірақ тағы да сол, әдепкі сыпайылық үшін бе, қалай.

Анна Анатольевнаның өз үйінен кеткісі келмейтін. Анығында, біржола немесе ұзақ уақытқа болсын, басқа жерде боламын-ау деп, көшем деп нақты бекінген ойы ешқашан бой көрсетпеген. Облыс орталығында, кенже ұлының үйінде екі рет болды, сол күндер оған ұзақ, мазмұнсыз боп көрінді, тіпті, немересін баққаны да көңілін серпілткен жоқ. Пәтерде қалай тұратынын көз алдына елестете де алмады, не ала таңнан қара кешке кіреберістегі сәкіде отыратын, не жеті қабатты үйлерінің қабырғасының түбіндегі аядай ғана бау-бақшаны өбектеп жүрген мына кемпірлерге аянышпен қарады.

«Сендердің өз үйшіктерің, кішкентай бақшаларың, әрқайсыңа бес тауықтан болса ғой, — деп ішінен Анна Анатольевна ақыл қосты. — Әйтпесе, қаусап, жұмыс жоқтықтан жынданып кетесіңдер ғой». «Жұмыс жоқтық» деген сөзді күстаналамай, жаны ашып ойша айтқан-ды.

Ол өзі күн сайын бірдеңемен айналысатын. Әдетте міндетті емес, кейде, тіпті, қажетсіз секілді дүниелермен. Бірақ анық білетіні — қозғалуды қойса, қауқарсыздық алып ұрып, шырмап тастамақ. Тауық асырады. Бірде бесеу, бірде жетеу. Жемге дүкеннен не көрші әйелдердің бірінен сатып алғандағыдан көп ақша жұмсаған болар, бірақ тауық шарбақтың бос тұрғанын көзіне елестете алмайтын. Сол үшін жылда сәуірде көрші ауданның құс фермасынан келген еркектің:

— Тауық керек пе?

Деген сұрағына:

— Алам, алам, — деп жауап беретін.

Тауықтар әркез өлмелі, жүні жоққа тән, қайсыбірі жұмыртқа басып шығарған күннің өзінде дәмсіз, саруызы бозғылт болатын. Бірақ жеммен, балғын шөппен, Анна Анатольевна бақшадан сағаттап іздейтін жауынқұрттар мен ұлулармен қоректенген тауықтар біртіндеп қалпына келіп, жаны кіріп, күнара немесе күн сайын жұмыртқа табатын болды. Қарашаның басында, аязды күндер жота көрсете бастаған кезде көршілердің біреуіне олардың басын шауып бер деп сұрап, жүнін жұлып, сойып, шөп қорадағы бакқа салып мұздататын, сосын жайлап алдағы көктемге дейін азық қылатын.

Бірақ күш-қуаты бірте-бірте семе берді. Әлеуметтік қызметкерді, тағы да көрші әйелді, аптасына екі рет бас сұғып, су, азық-түлік әкеп беріп тұратын, қаулап өсіп кеткен арамшөпті жұлып беретін, ауданда болғанда дәрі-дәрмек сатып алып, жарықтың квитанциясын төлеп беретін, телефонға ақша салатын қырықтағы Надяны шақыруына тура келді.

Шыны керек, Анна Анатольевна Надяға шамадан тыс салмақ салғысы келмейтін — көп шаруасы ақылы еді. Оның шкафында мына бір «қосымша қызмет» тізімі жататын. Мысалы, тоңазытқышты жібіту мен жуу — үш жүз он төрт рубль, әктеу — бір шаршы метр — отыз үш рубль, қар күреу, отыз минут — алпыс жеті рубль, бақшаның бір сотығын суару — жүз отыз төрт рубль, кір жуғышпен киім жуу — бір келі үшін алпыс жеті рубль...

Анна Анатольевнаның ақшасы жоқ емес еді — зейнетақысы да бар, сұрамаса да, балалары жіберіп тұратын, — бірақ оған өзі үшін басқа біреу жуып, тазалайтын науетек болу ұят еді. Болмаса, ыңғайсыз. Не болмаса, жиренішті ме, қалай. Бөтен біреу сенің іш киіміңді жуса, қалай ол.

Жалпы, әзірге өзі-ақ жүріп жатты. Кейде күні бойы қатты шаршағанын, күш-қуаты кемігенін, жабырқағанды сезбей, тізе бүкпей жүре беруші еді. Ал енді кештерде... Теледидар өшкен, жарық сөнген, ұйықтау керек болса да, кірпік айқаспай қоятын сағаттарда. Зіл батпан естеліктер миын құртша үңги береді, үңги береді.

Виктормен, күйеуімен, дәм-тұзы жараспады. Жанжал, жарты ауылды басына көтерген айқай болған жоқ; бәрі тыныш, салқын, балаларға білінбей өтті. Және бұл жалжалдың болғанынан да жаман-ау, сірә. Айқайлап алса, ызасын жеткізсе, оңалып кетер ме еді... Тұрмысқа шыққан соң бес жылдан кейін, ол кезде ұлы мен қызы бар, Анна Анатольевна күйеуінің көлденең жүрісі бар екенін білді. Анығында, жанашыр жандар жеткізді. Ол бірталай уақыт бұған сенбесе сенбейтіндей-ақ — емеурінмен, мысқылмен. Содан соң тас түйін бекініп алып, бір күні, демалыс еді, күйеуі кеткен жолмен жүріп отырды. Күйеуі оған бір танысы — осы күні аты да есте қалмаған — көмек сұрады дей салды. Ал шындығында — әлгіге кеткен еді.

Әлгінің аты Ольга болатын, ауылдың басқа бір шетінде тұратын. Виктор құдды бір әдейі өз үйінен алыс біреуін таңдағандай. Ольга келімсек еді — оны мұнда күйеуі алып келген, ал өзі көп ұзамай тоғанға батып өлді. Жұрт оны туғандарына қайтып кетер деп ойлап еді, қайтып кетпеді. Мүмкін, Виктор дәл сол кезде мейір төгіп, ендігіде де аялауға уәде берген болар, ол сол үшін де қалып қойған шығар. Совхоз асханасында аспаз болатын.

Сол күні Анна Анатольевна телеграф бағанының артына тығылып, күйеуінің шарбаққа кіргенін күтіп тұрды. Әне-міне шығып қалар деген үмітпен тұра тұрды. Ал ол шыққан жоқ. Жарты сағаттан соң да, бір сағаттан кейін де. Сөйтіп, үйіне қарай бұрылған...

Виктор таң алагеуімде көңілді, жайдары оралды, Анна Анатольевнаны ыстық құшағында балқытқаны сондай — ол ашынасына барды ма деп, күмәнданып та қалды. Сосын бірнеше күн әңгіме бастауға батпады. Бірақ күйеуі бір жерге кеткен бойда-ақ санасында жалғыз-ақ жаңғыра бергені: Виктор қазір әлгінің үйінде, Виктор қазір әлгінің үйінде... Ол трактор айдайтын, әр түрлі тапсырма алатын, көбінесе ауыл ішінде, ал Анна Анатольевна барлық уақытта дерлік фермада, он шақырым жерде болушы еді...

Сонда да анықтамаққа бел буды, күйеуі жай ғана жауап бере салды: иә, Ольгаға барып жүр. Ол бұған ұнайды. Анна да. Ажырасатын да ойы жоқ. Үй ішін асырап тұрмақ, балаларды жақсы көреді... Мықты еркектер иландыра алатындай, осылай дұрыс екеніне иландырды. Ауылда осы сияқты үштағандар ол кезде аз емес те еді. Еркектер мен жігіттер мотоциклдермен қақтығысатын, төбелестерде өліп тынатын, батып тынатын, арақтан күйіп тынатын. Виктор ішпейді десе де болады, шаруақор, жүрген ортасының гүлі еді. Ең бастысы — балаларын жақсы көрді. Анна Анатольевна осылай болса, бола берсін деп ұйғарды. Тым құрыса, осылай...

Бірақ содан бері оның күйеуіне махаббаты өшті. Төлқұжатта мөрмен, ортақ балаларының туу туралы куәліктерімен заңдастырылған бірге тұру ғана қалды. Ол төсекте жалынды бола алмады, сүйіп тұрған кезде, жалғызы екенін білетін кезде ұятқа саналмайтын әрекеттерді істей алмады.

Осылайша жиырма жылға жуық ғұмыр кешіпті. Бес жыл махаббатпен, жиырма жыл әшейін бірге тұрып...

Виктор аяқ асты кетіп қалды, ауырып-сырқамады десе де болады. Бір-ақ айдың айналасында қу сүйегі қалды, ештеңеге қызықпай, оқшаулана берді. Көбінесе бүкірейіп, құнысып отыратын. Ішін алай-түлей еткен әлдеқандай бір үрейді күтіп жүргендей көрінген. Анна Анатольевна дәрігерге қарал деп айтушы еді, ол көнбеді: өтеді де кетеді. Өтпеді. Ұйқыда жатқанда жүріп кетті. Денесін қалаға алып кетті — тыныш мүлгіген ағаш үйде қалай көлік күтіп отырғандарын қазір есіне түсірсе, әлі күнге дейін жүрегі атқақтап, аузына тығылады — мәйітті сою керек еді. Әлі қартая қоймаған, нағыз күш-қуаты қабындаған шағы. Қырық жетіде еді. Ішпеді десе де болады, шылымды мөлшерін біліп шекті...

Сөйтсе, асқазан обыры екен. Дәрігерлер Анна Анатольевнадан таңдана сұрады:

— Қалай, ешқашан шағымданбап па еді?

Ол:

— Жоқ, — деп жауап берді. Ол күйеуін үнсіз аяп, осылай қылғанына ашуланды да. Бәлкім құтқарып қалар ма еді. Ал енді үш баламен өзі қалды. Үлкені әскерден келгені енді ғана, техникумды бітірсе де, аяққа тұрып кетуге уақыт керек қой. Қызы пединститутқа оқуға кетті, кенжесі әлі сегізінші сыныпта. Өзінің Ольгасымен арасын үзбегеніне одан бетер ашуланатын. Соңына дейін аптасына бір рет, екі реттен сонысына қарай сүйретіліп жүретін.

Ольга жерлегенде келді. Қазылған қабірден аулақтау тұрды, бәрі табытқа бір уыс топырақтан тастап болғанда, тез келді де, ол да тастады. Анна Анатольевна бұған да сабыр етті. Несі бар, жиырма жыл сабыр етті ғой, енді сабыр қылмай, қайтсін... Дегенмен, тамағына бірдеңе берді ме екен — асқазан обыры жайдан-жай пайда бола салмайды. Әлде әбден қурап-семгенше жылдар бойы тамағына шөптер мен қоспаларды сеуіп келді ме екен.

Күйеуінің жүргіштігінен шығар, оның қазасын сондай ауыр қайғысыз өткерді. Бәзбіреулер құсап ішінен таусылған жоқ. Марқұм күйеулерінің моласына жүгіретін немесе жерлеген соң, қаусап, тура мағынасында артынан өзі де кеткен жағдайлар болған. Бірақ мұндай жағдай көбінесе жастардың, йа болмаса, қарттардың басында болатын. Бұл уақытта Анна Анатольевнаның жасы қырық бестен асып жығылған; бұрынғыдай төсек қызығы үшін еркекке сондай зәру емес еді, былайша айтқанда, көмекші ретінде де қажет емес-ті. Виктор өлген соң бір жыл өткеннен кейін сиырды сатты, үш шошқаның орнына біреуін ғана қалдырды. Жалпы, жуық арада үйреніп те кетті, қайғы мен ыза да тыншыды.

Үлкені жұмысқа тұрды, жақсы қызға үйленді, мына бір жекешелендіру-өзгерістерге дейін екі бөлмелі пәтер алып үлгерді; қызы тұрмысқа шықты, оған да жақсы адам кезікті, Анна Анатольевнаны сыйлайтын, осы жақта болғанда жәрдемдесті. Кенже ұл да жерге қаратпады. Бәрі оған келіп тұрды, отыз жылдай уақыт жалғыздықтың қамырығынсыз, күйіксіз және кірпік айқаспай қойған кездердегі қажытып бітетін ойларсыз өтті.

Мал-жаны болды — ешкі, шошқа, тауықтар, кейде бес қаз, бірнеше көжек, ит және, әлбетте, мысық. Ұлдарының не көрші еркектердің бірі алғашқы аяз түскенде мал сойып беретін, ал көктем шыға Анна Анатольевна қайта сатып алушы еді — қатып қалған нанды, үнемі артылып қалатын сәбіз бен орамжапырақты, ұсақ картопты, бекерден-бекер жатқан тағы басқа көп азық қалдықтарын қайда жіберем деп ақталатын... Иттер мен мысықтар өздерінің қысқа ғұмырын кешіп болып, өздері-ақ өлетін. Келесілері туып жататын — күшіктер, марғаулар.

Кейін шошқа, ешкі, көжектерді бағуға шамасы келмейтін болды, одан кейін қаздарды, ар жағында тауықтарды бағуға да. Алдыңғы жылы шынжырда байлаулы тұрып өлген иті Тёмканы бақшаның шетіне көміп болып, енді күшік асырамауды ұйғарды. Былтыр Рыськадан да айырылды, содан соң мысығы да қалмады. «Мен өлсем, бұлар мұнда аштан қатар, — деп өзін ақтады. — Надя да мұнда күнде соқпайды ғой».

Енді, міне, мына бір Сұрша пайда болды. Бәлкім, сол бір қыста оның жанын осы мысық алып қалған шығар. Анығында, оны бағу Анна Анатольевнаға сол қысты аман-есен өткеруге сеп болды.

Ешқашан өз бойынан жануарға ерекше қамқорлықты байқамайтын — мысықтар, тіпті, оның мейірімін аса көре қойған жоқ, сұрамайтын да. Нанның жұмсағын тастасаң, кейде табағына сүттен тамызсаң — бар қамқорлығың осы-ақ. Мысықтар қорегін өздері тауып жеу керек — әне, еденде жел тесік бар, астында тышқандар өріп жүреді, тышқан болмаса, қирандыдағы басқа жел тесікке кір де, қораларды шарла, бос қалған сиыр қораға, шөп қораға бар, тіпті болмаса, торғай аула.

Бірақ мына біреуді Анна Анатольевна кішкентай баланы баққандай бақты. Өзі не жесе, бұған соны — тауық етін, оның үстіне терісі сылынған, ірімшік, докторлық шұжық берді, сорпа құйды. Надяға дүкеннен алуға тапсырылатын заттардың қатарына мысыққа арналған тамақ қосылды. Әлеуметтік қызметкер әуелі таңданып, артынша мақұлдап, тіпті, әлдеқалай қуанғандай бас изеді:

— Жақсы-жақсы. Бізге де түсіпті, өзім көрдім. Сізге құрғағы ма, әлде, әлгі қалташадағылары ма?

— Оны да, бұны да ала бер. Қайсысы жанына жағатынын көрейік.

Мысық ризашылығын ісімен өтеді. Үйдің ішін былғамады, еден астындағы орынға, бәлкім аулаға барып тұрған шығар. Мазасын алмаушы еді, бірақ Анна Анатольевна креслода теледидар көріп отырғанда аяқ жағына орналасып, жайлап сүйкенетін. Ақыр аяғында рұқсатын беретін:

— Жарайды, шыға қой.

Ол жеңіл ырғып секіріп, кіндік тұсында домалайтын. Кішкентай жылытқыш сияқты жайлы үнмен пырылдайтын.

Бірде иесі әдеттегідей ұйықтай алмай жатқанда абайлай басып, кереуетке шығып алып, аяғына жатып алды. Анна Анатольевнаның оны қуып жібергісі келіп еді — ешқашан мысықты кереуетке ұйқтатпаған, бірақ қумады. Сұршаның пырылын тыңдап жата беріп, ұйықтап кетті.

Содан бері бұл үнемі келетін болды, басқа жерде орналаса қалған кездерде иесі өзі шақырып алатын:

— Келсейші, әндеріңді айтып берсейші маған.

Сұрша оның басына, кеудесіне біртіндеп жақындай түсіп, дайындықпен келе жатушы еді. Пырылдаушы еді, Анна Анатольевнаға бұнысы өзін аяп, емдеп жатқандай көрінетін...

Сөйтіп, бұлар қысты өткерді. Марғау мысыққа айналды. Жас, бірақ қарынды да, бұлшықетті де шығарып алған, шымыр. Сыртын сылап жарқыратқандай жүні жылтырап тұратын.

— Тауықтың еті мен қаймақтың күші ғой, — деп Анна Анатольевна бір түрлі құптамағандай, бірақ шынында масаттана тіл қататын. Сұрша бұған тоқмейілдене сығыраятын.

Жердің беті сәл дегдіген шақта, ол аулада бірге жүретін болды, қабырғаларды, шелектерді иіскеледі, ағаш үйдің жақын төңірегіне бой үйрете бастады. Күн көзінде маужырады. Ол барда жұмыс жақсырақ жүретін, жеңілірек тиетін — жалғыз өзің үшін тырбанып жүрмегендейсің.

— Немерелер де, бәлкім, келіп қалар, сенімен ойнар, — деп сөйлеп жүретін Анна Анатольевна. — Қарақтарым жақсы ғой менің.

Немерелері нешеде екенін ойша санауға тырысып, тоқтай қалатын. Үлкен немересі жиырма үште, қалғаны да біреуі он бесте, біреуі он екіде... Есейіп кеткен. Шөбере күтетін уақыт. Сол күнді көргісі келді, жалғыз өзі үшін емес, мына Сұршаны сипап, асыр салса екен деп...

Қоршау үшін танып алған соң, көшеге шығып келетінді шығарды. Анна Анатольевна басында тоқтатты, шықпауын сұрады, иттермен, жас балалармен қорқытты. Бірақ оның сөзі немене дейсің — далаға кетіп жатыр. Ал ағаш үйге қамап қоя алмайсың. Ауылдың мысығы, қаланың бір жиырма бірінші қабатындағы пәтерінің емес.

Бастапқыда Сұршаның қыдырыстары қысқа еді, кейін бір-екі сағатқа жоғалып, түскі асқа да келмейтін болды. Енді міне түнеуге де келмеді. Анна Анатольевна түнге дейін шығаберіске шығып, шақыратын, көрші көшелердегі иттердің үргеніне, майдандасқан мысықтардың ашы айқайларына құлақ түретін, көзіне оның Сұршасын талап жатқандай елестейтін.

Таңертең ерте жел тесіктен қайтып келді. Табақтағы қалған тамағын ұзақ жеді, жуынды, содан соң кереует жиегіне сұлай кетіп, күллі күнін ұйқымен өткізді. Кешке тағы да тоя тамақ ішіп, еден астына өтіп кетті.

— Қайда кеттің? — деп сұрады Анна Анатольевна жылаңқы дауыспен. — Онсыз да, әне, күллі жүнің киіз боп ұйысып қалыпты, тұмсығың жара-жара. Енді көзіңді шығарады. Отырсайшы үйде.

— Сұрша оған бейне бір «қала алмаймын, бармасам болмайды» дегенді түсіндіргендей, кешірім сұрай қарады.

— Мен сені жақсы ұл деп ойлаушы ем, ал сен тентек боп өсіп келесің. Әй-әй-әй.

Әлеуметтік қызметкер Надямен ендігі барлық әңгіме мысық жайында өрбіді. Надя шағымдарын тыңдап, жәй ғана, бәлкім, бұл кісіні де қартайған шағында сүйікті мысығына шағымдану күтіп тұрғанын сезіп, мұңая күлімсіреген — күйеуі баяғыдан бері жоқ, балалары қалада оқиды; жар басында жалғыз қалатын кәрілік жақындап келе жатқан тәрізді...

Күзге таман Сұрша екі-үш күнге, тіпті, болмаса апталап жоғалып кететінді шығарды. Анна Анатольевна уайымдады да, күтті де, ашуланды да. Мысық жоқта оған көптеген ауыр сөздерін аямады, ал келе қалса — қуанатын, сипайтын, қолына алғысы келетін (шыны керек, шамасы келмейтін), табағына тамақтың ең дәмдісін салды.

Енді бір қызығы — көктем мен жазда аш, алба-жұлба, таланып қайтатын мысық енді үнемі дерлік тоқ еді, жүні біреу тарап қойғандай тегіс жататын.

— Жемтігіңді аулап үйрендің бе? — деп сұрайтын Анна Анатольевна. — Бәрін жеңдің бе? Тобыңның серкесі боп жүрсің бе?

Сұрша рақаттана көзін дөңгелетіп, даусын шығара пырылдайтын.

Бұның бірнеше күнге кетіп қалып, сосын қайтып келетініне біртіндеп бойы үйренді, бір аптадай бірге тұрады — әрине, төңіректі қыдырыстап кетусіз емес. Несі бар, мысық деген ит емес, оған еркіндік керек. Аяздар басталсын, өзі-ақ қояды... Сұрша үнемі жанында болған, аяушылық етіп, уайымына шипа болған кештер еске түседі. Онсыз ұйықтау бұрынғысынша қиынға соғатын.

Жазда қысқа уақытқа кенже ұлы кеп кетті. Оны-мұны реттеді, ептеп бақшаға қолғабыс қылды. Мысық асырағанын құптады.

— Ит те артық болмас еді, — деді.

Анна Анатольевна бұнысын жаратпады:

— Қайдағы ит... Өзім кейде түске дейін жинала алмаймын, ол болса, аш қалады ғой мұнда.

— Көшу керек саған. Жалғыз өзіңе қиын.

— Одан да сендер осында келіңдер, таза ауаға.

— Мен қуана келер едім. Зейнетке жетіп алайын — құстай ұшам.

— Мен сенің зейнетіңе дейін тірі жүрмеспін-ау.

— Көреміз, мам, жаман айтпа...

Қылышын сүйретіп тағы бір қыс келді. Бәлкім, соңғы, бәлкім, кезекті. Жалданған еркектер қайың бөренелерді артып әкелді, шөркелерге бөліп аралады, шөркелерді отын ғып жарды, отынды Анна Анатольева Надямен бірге отын қораға қалады. Отынның бір текшесі алыстан тасымас үшін кіреберіс қабырғаға жақын орналасты, екіншісі — моншаның жанында.

Сұрша ешқандай жаруға көнбеген бітеу жуан шөркеге шығып алып, жұмысты бақылады, құптағандай сығырайды.

— Ал, енді міне иеңмен бірге жылы жерде отыратын болдыңдар, — деді Надя. —Аяғыңды тоңдырып, ешқайда кетудің керегі жоқ.

Бірақ оның жүрісі тыйылмады. Аяздар да бөгет болған жоқ. Бұрынғыдай аптаға жуық жоғалады, сосын аптаға жуық үйде болады. Осынысымен Анна Анатольевнаны әбден діңкелетті. Ол оны ұялтты, аяды, тәтті-дәмдісін аузына тосты. Ештеңе көмектеспеді...

Кейде нәумез, жабайы болып кетпеу үшін дүкенге шығып тұратын. Ұзақ, мұқият жиналатын. Жылы әрі денесін киім бумайтындай етіп киінетін. Оның тамаша ішігі бар-ды, бірақ талайдан бері оны денесі көтермейтін болған — иығы салбырап, арқасы бүгіліп, аяғы шыдатпайтын. Міне, қызы бес жыл бұрын сыйлаған тон әзірше сақтап тұр. Анна Анатольевна басында бас тартқан: мұнымен қайда барам, оның үстіне алқызыл болса, мұны жастар кисе керек-ті. Ал енді қазір тәубесін айтып болмайды...

Үйде отыра беруге мұрша қалдырмай, бақшада мықшыңдап жүре беру мән-мазмұнсыз боп көрінген ақпанның жап-жарық боп жайнап тұрған бір күнінде ол шығып қайтуды ұйғарды. Шамасы жетіп тұрды.

Ұзын ғып иыққа асып алатын шүберек сөмкені алды. Ағаш үйдің есігін, шарбақты кілттеді. Сипалап, тез тауып алу үшін ауыр гайкасы бар сақинадағы кілтті қалтасына сүңгітті. Кетті.

Ауылдың жалғыз көшесі бар еді — көрші ауылға бастайтын да сол. Осы көше-жолдан түкпірлер мен тұйықтар тармақталатын. Үйлердің көбі сол түкпірлер мен тұйықтарда орналасқан — арлы-берлі жүрген көліктің шаңы аз, шу да сирек.

Анна Анатольевна осындай үйлердің бірінде, көк майсамен шектесетін ұзын тұйықтың түбінде тұратын. Бір кездері осы көк майсада оның ешкілері, бұзауларын ерткен сиырлар жайылып жүретін. Жақсы еді, оңаша. Ал енді ше...

Дені сау кезде дүкенге он минутта жүгіріп жететін, ал мына қалпында... Жоқ, шағымдану — күпірлік. Бірқалыпты жүріп, жеңіл тыныстап келе жатты. Ауа шыңылтыр, ал күн жарқырап тұр. Қар сықыр-сықыр етеді, бірақ желтоқсандағыдай құрғақ, ызғарлы емес, басқаша — мұздың бөлшектерін уатып келе жатқандайсың. Бұталардағы торғайлар дауласуда, сауысқандар шарбақта отырып, адамды көрсе, шықылықтай бастады. Үріккеннен емес, қуаныштан сияқты. Тіпті, қасынан өтіп бара жатсаң, ұшып кетпейді. Мүмкін, сыйлық күтетін болар.

— Беремін, беремін, — деп күбірлейді Анна Анатольевна. — Қайтар жолда беремін. Міне дүкенге бара жатырмын... бірдеңе сатып алармын.

Бала күнінен білетін жуан бөренелердің ұзын қималарынан салынған дүкен әлдеқашан жоқ. Тоқсаныншы жылдардың ортасында жауып тастады, содан қайта ашылмайтынын ұғып, жергілікті тұрғындар тақтайларын жұлып, жиектемелерін суырып, шатырын шешіп ала бастаған, ал қалғаны бес жыл бұрын өртеніп кеткен. Не қандай да бір іздерін жасыру үшін әдейі өртеген, болмаса, біреудің ақымақтығынан өртеніп кетті. Біртіндеп қалың шөп басып, күл үйіндісі әлі күнге дейін жатыр.

Ал бұл дүкен бұрын ауылдың орталығы болатын. Бұл жерде көптен көріспегендер әңгімелесетін — ауылда да айлап кездеспейтін жағдай болады, әркімнің өз шаруасы, өз уайымдары бар, — жаңалықтарға қанығып, аяздарда жылынатын, азық-түлік қашан келеді деп күтетін, бірде қат дүниені, болмаса, тек нанды; дәл осы жерде шелектер, қандай да бір киімдер, сабын, шаруашылыққа қажетті әр түрлі заттар сатылатын.

Ал қазір ауылда бақандай үш дүкен бар. Бәрі жеке меншік. Кішкентай, тар, жұтаң. Кез-келген ұсақ-түйек үшін халық қалаға қатынайды — онда таңдау да көп және әлдеқайда арзан.

Анна Анатольевна сауда жасағаннан гөрі ауылды көріп қайту үшін, бәлкім біреумен дидарласып, бір-екі ауыз тіл қатысып қалу үшін келе жатты.

Көрді де. Қаншама жыл көрмеген, ойына алуға да жиіркенетін жанды. Есіне түсірген сайын реніш пен ашудан жылағысы келетін жанды. Ольганы. Дәл соны.

Ол да баяу, ол да таяқ ұстап, иығына сөмке асып келе жатыр. Дәл сол дүкенге. Ал оның артында — Сұрша. Өзінікі, Анна Анатольевнанікі. Құйрығын тікірейтіп ап, алдыңғы ізін дәл басып, жас балаға кәмпит берем деп уәде бергендегідей тоқмейіл кейіпте.

Бірақ, мүмкін, ол емес шығар? Анна Анатольевна:

— Сұрша! Кіс-кіс! — деп шақырды.

Мысық қуанып кетті, тіпті, өзіне қарай ұмтылды да, кілт тоқтады. Содан соң Ольганың артына тығылды.

— Қайдағы Сұрша... — деп ышқынды Ольга көмейіне тас тығылғандай ұғынықсыз үнмен. — Менікі бұл, Витуся.

— Не дейді? — Анна Анатольевнаны мынау ат айран-асыр етті. — Ви... Дәтің қалай барады?.. — Мысыққа қарады; иә, бұл оның Сұршасы еді, енді түрі де абдырап қалған, құлағы тікірейіп, мұрты мен құйрығы болса, салбырап кетіпті. — Сұрша... Келе қой бері...

— Менің мысығым ғой бұл, — деп мыңқылдады Ольга.

— Сен... — Анна Анатольевнаның бойын ыза кернеп кетті. — Сен, жексұрын, өмір бойы күйеуіммен арамызды ашып келдің, енді мынаны да ма? Барып тұрған айуан!

— Фу! — Ольга оны ит құсатып тойтарып тастады. — Алжып кеткен. Менің мысығым бұл. Екінші жыл тұрып жатыр менің үйімде.

— Менің үйімде тұрып жатыр ол екінші жыл. Қашып кетеді... Қайда қашады?.. Міне, енді түсінікті. Неғылған мыстан едің өзің!

— Өзің жын ұрған мыстан. Витуся, жүр, жаным...

— Сұрша, кел бері. Келе қой, жарығым.

— Витуся... — Ольга зорға еңкейіп, мысықты қолына алмақшы болды.

Ол ыршып кетті. Сасқалақтап, оған бір, бұған бір алақтап, омбы қарға қойып кетті. Қайта атып шығып, дуалға секіріп мінді. Ар жағында ит бар-жоғын тексеріп, сәл тұрды да, әлдекімнің қоршауының ішіне секірді. Кемпірлер өздері ғана қалды.