Караоке

Тыныштық жанды баурап, сағымдаған:
Өлімнің мекемесі шағын ғана...
Түнгі аспанға ұмсынып, ұмтылады,
ойларым — көкейімде дамылдаған.
Аспанда жаңғырығып түрлі дауыс,
шулайды Губерния арындаған.

Караоке. Әуендерді әуенмен алмастырып,
Лондон пабы — есіңнен алжастырып,
бармен жігіт қызмет көрсетеді,
сыра менен вискиді араластырып.
Кокни мырза айғай сап, «жаурадым» деп,
мұңға оранып отырар таңды атқызып.

Кокни ханым қысыла, сәл қобалжып,
дауысын сахнада әнге баулып,
тәтті әуенге мас қылып қояр бізді,
бір сезімге әлде ынтық, әлде зар ғып.
Кеудесі мен балтырын жалаңаштап,
жүректерді ерітер демде бал ғып.

Ән салып тұр — өзінің мәнерінде,
жеке қалып оңаша әлемінде.
Біреудің сүйгені емес, әйелі де,
тірліктің қалған бейбақ әлегінде,
өмірден ерте кеткен ән авторы,
өртейтіндей мәңгілік өзегін де.
Мүмкін, осы әуенмен сол автордың,
кегін алу жазылған тәлейінде.

Қайғы, мұңнан жолымды сақта менің,
тыныштандыр Есенин Апполонын.
Сібірден ары-бері тентіретпей,
тірідей көңілімді бапта менің.
Шараптан келетұғын күйік-шерді,
шараптың буыменен басқан едім.

Бұл — Батыстың арбауы: маңғаз әлем,
кассетада айналған даңғаза әуен.
Бұл — біздің сылқымдардың «өнері» ғой,
ПТУ-ды бітіріп алған әрең.
Take My Love, good bye — жарық сөнбейді бір,
тыншымайды түнде де, таңда да өлең.

Караоке — осы: Қоңыр кеш, қоңыр көз — нұрланған,
таңертең сол көздер сұрланған.
Қолыма қысулы микрофон секілді,
жүрегім қысылып... Өз еркім ұрланған.

Жаз менің жанымның жарасын,
улы бір шарапқа батырып қарасын.
Елірген мастығым — қарғалар секілді,
орыстың даңқына таласып...
Біреудің сол қолы бақытқа кенеліп,
біреудің оң қолы кілтінен адасып...

Тыныштық тып-тыныш жылыстап барады,
паб — жабық. Губерния ұйқыға шомады.
Аспаннан естіліп ақырын,
әлдебір құдірет әлди-ән салады.
Қайтадан түлейді дүние,
ашылып әлемнің қабағы.