Жұмбақ құмарлық
(романның қиындысы )
1968, қараша
Карузо
Cол алмағайып жылдың қараша айында Кукуш пен Ваксон Дондағы Ростовта болды. Екеуі сүтпісірімдей уақыт бойы орталық бульварды аралап шықты. Көшелердің бұрышында күбір, көп жолдардың жиегінде буржуазиялық байлықтың «дүбірі» қалғанын сезді олар. Әлбетте, жаңа заманның іздері де жоқ емес. Конструктивизмнің Комсомол утопиясынан екі-үш ескерткіш қалғанын да байқауға болады. Соның бірі — олар қоныс тепкен астық элеваторына ұқсас, пісте түсті қонақ үй.
Серуендеп келе жатып, елордалық қонақтар елордамен арадағы айырмашылықты байқамады. Азық-түлік кезектері гастрономдардың осы сағатына дейін жиналды. Дәмханалар мен мейрамханаларда жұртшылық шығатындар санына сәйкес аз мөлшермен өткізілді. Бір мекеме басқалардан өзгешерек болды, бұл жазушыларды оның «Коктейльдер» деген маңдайшасының алдында тоқтауға мәжбүр етті. Бұл өзгермейтін «Коктейльдер» — қашанда кеңес жастарын алаңдатады. Мұнда да солай болды. Ағайындылар металл мен қағазды қайта санап, әрі қарай жиылған топқа кірді. Олардың көзіне оттай басылған бір-ақ зат бар. Ол — көпшіліктің арғы жағында мәрмәр сөрелерде «жалт-жұлт» етіп, көз жауын алып тұрған еліктіргіш «сусындар».
Төр жақтан: «Бокалдарды, қайтарыңдар! Ұятыңыз бар ма? Қай жерге құямыз?!», — деген қатындардың қатқыл һәм ащы дауыстары шығып жатты.
Көңілі көтеріңкі, кең балақты мақташылар сөреден екі-үш метр қашықтықта тұрып: «Бір „Карузо“! Екі „Карузо“! Үш „Карузо“!», — деген жарқын-жарқын дауыстарын шығарып, кафені басына көтерді.
Брежнев пен Подгорный портреттерінің астындағы қабырғаға «Сусындар прейскуранты» ілінген. Ол жерде «Оңтүстік» пен «Қырымдықтардың» арасында дәл осы «Карузо» (әсері орташа сусын) деп аталатын сусындар «самсап» тұр. Карузо шіркіннің тіл үйірер дәмін бір татып көруге жас та, жасамыс та ынтығып барады.
— Міне, көрдің бе, Кукуш, бұл жерде қандай ләззатты өмір қайнап жатқанын?.. Жан-жағың жұмақ. Ол жұмақ — Карузо! — деп тіл қатты Ваксон.
— Иә, иландырдың. Бәлкім, мұндағылар Карузоға құмар болғаны соншалық, көзі көлегейленіп, бейне бір отшашу көргендей немесе дөңгеленген бір затқа отырып алып, шыркөбелек айналып жүргендей сезінер?.. Әй, дегенмен, ол да болса, жаман емес сияқты, — деді Кукуш.
— Көр де тұр, Кукуш те мәзірден көрінетін күндер келеді әлі, — деп, одан сайын масаттана сөйледі Ваксон, — Бір «Кукуш», екі «Кукуш», үш «Кукуш» деп тапсырыс беретінін елестетесің бе?
Сүйкімді Кукуш өзінің жіңішке мұртымен және Лермонтовке ұқсас маңдайымен көңілді, бірақ, әдеттегідей, сәл жабырқау күйінде күліп жіберді:
— Егер «Вакса» коктейлі болса ше... Імм... Қызық естіледі екен.
Олар мұнда жергілікті университеттің шақыруымен келген еді. Ваксон тебіреніп тұрып өлең оқиды, Кукуш тамылжытып ән айтады. Бұл — бір керемет тандем!.. Бір топ студент оларды бекетте қарсы алды. Екеуі бүгін кешке Ленин комсомолының 50 жылдығына арналған мерекеде сөз сөйлеуге арнайы шақырту алды. Кукуш Ваксонның құлағына ерінін тақап, сәл ғана болар-болмас сыбырмен:
— «Комсомол — біздің теңдессіз партиямыз ғой. Сондықтан, қарсы болма, келіс», — деді.
Сол кездері жазушылар «Көркем әдебиетті насихаттау бюросынан» сөйлеген сөзі үшін он төрт сом тиын алатын еді. Шынтуайтында, ол заманда қаламгердің қадірі, жазушының жағдайы жоғары болатын. Әдебиеттің қай жанры болса да, талан-таражға салынбай, талақ етілмей, өз тағында болғаны бәріне мәлім.
Екеуін Спорт сарайына алып келді. Он мың орындық зал толтырылды. Одан кейін киелі сахнада Комсомол тарихы бойынша театрландырылған қойылым көрсетілді. Дон аттарының салтанатты шеруі, олардың майдақоңыр жүрісі — жиылған жұртшылықты тәнті етті. Ортаға гүрілдеп тачанка шықты, оның құрметіне арнайы ұйымдастырылған хор:
Эх, тачанка — мақтанышым,
Қайратыңды жат танысын.
Қорғаны бол, қамқоры бол,
Туған жерге бақ дарысын.
Тоқтама, жүр, төрт дөңгелек,
Тачанкамыз — көптен ерек.
Көрген жанды еліктірер,
Неткен күшті, неткен бөлек! —
деп, бәрі бірдей үнмен жар салды.
Ал ДнепроГЭС құрылысшылары қолдарына зіл балғалар ұстап, маршпен жүріп өтті. ҰОС жауынгерлері Рейхстаг ғимаратына жалау көтерді. Скафандр киген айбынды ғарышкерлер салтанатты баспалдақтармен түсіп жатты. Қызыл кілем жайылып, оның үстімен тек құрметті тұлғалар ғана жүрді. Шара аяқталар тұста көпшілік тынышталып, сахна бір сәтке босағандай болды. Кукуш Ваксонға: «Соңғы ерлік туралы ешкім жақ ашпады ғой», — деп ұрлана сыбырлады.
Үзілістен кейін жүргізуші «Бізді тамаша мерекемен құттықтауға мәскеулік жазушылар, ақын Октава мен прозашы Ваксон келді», — деп жариялады. Дуылдаған қошеметпен екі дос сахнаға шықты. Екеуі де салтанатқа сай киінбеген-ді, галстуксыз, біреуі (Кукуш) былғары киімде, екіншісі (Вакс) сәл кірленген вельветт бешпентте болды. Залдың алдыңғы қатарында кілең «қаланың ақсақалдары». Бірінші қатарда отырғандардың бәрі алақан соғып қарсы алса да, бір-біріне біртүрлі жат, түк түсінбеген кісіше қарады. Алғысөз алдымен Кукушке берілді. Мәскеуден ат терлетіп келген азамат аз-кем сөзінде қоғамдағы зиялы қауымның рөлі туралы жалпылама айтқанымен, қоғамның негізгі тұлғалары туралы тіс жарған жоқ. Мәлім де, беймәлім бұл сөзге таңырқай қараған жұрт бір сәтке абдырап, күбірі көбейе түсті. Бірінші қатардағылар түсініксіз күйде дел-сал боп отырды. Ортада әлдекім бірдеңе деді де, жаңғырығы жар жағалап кетті. Ваксон микрофонға шығып, Кукуштың сөздерін жалғастырды. Бұл пікірімен жағдайды одан сайын ушықтырып аларын сезген де жоқ. «Қазір біз күшімізді көбейтіп, зияткерлікті дамытуымыз керек», — деді ол. Әйтпесе, біз динозаврларға ұқсаймыз. Жаһан көшбасшысы ретінде танылғысы келетін кейбір алдыңғы қатарлы мемлекеттердің тән қуаты күшейгенімен, ақыл қуаты артпай тұр. Келешекте интеллект, ақыл, сана дамуы ғана бізді озық қылады. Қалғандары бос сөз. Бұл жалынды сөзді де жұртшылық місе тұтпай, миығынан күліп, мимырт қарап отырды. Тіпті, залдың ортасында қадау-қадау бос орындар да пайда бола бастады.
Таңертең қонақ үйге жаңа өнердің жаршылары, университет жастары қос өкпесін қолына алып, асығыс басып, жүгіріп келді. «Кукуш, Ваксон, абайлаңыздар. Басшылықта мәскеулік жазушылар өзін лайықсыз ұстап, жастардың мерекесін бүлдірді деген пікір айтылып жатыр. Оның үстіне, бірінші хатшы университетке осы беймәлім жолдастарға тойтарыс беруді ұсынғаны белгілі болды», — деді келгендер.
Университетте қалаға Ерікті әскер жақындап келгендей, әлдебір қорқынышты күй орнады. Амфитеатр толы еді. Мәскеулік қонақтар тек әдеби тақырыптарға әңгіме қозғады. Бірнеше филологиялық сұрақтар қойылды. Сосын біреу Кукуштан «жаңа нәрсе» айтуын сұрады. Ол сөзін неден бастарын білмей, әдеттегідей, сәл-пәл қобалжи бастады. «Мен қазір ән айтпаймын, оған қоса қасымда гитарам да жоқ», — деді Кукуш. Студенттер гитараны арнайылап дайындап қойғанын айтты да, кенеттен Кукушке ұсынды. Ол «Моцартты», «Франсуа Вийонның дұғасы», «Қол ұстасып бірігейік, достар» әндерін шырқады. Залда оқушы жастардың арасында бұрынғыша бірнеше қыздың жүздері жәудірей түсіп, әсем әнді еліте тыңдады. Кенет, үкілі үмітке толы күйдің ырғақ-жібі шорт үзіліп, ахуал басқа арнаға ауысты. Себебі, залға тұтқиылдан ұстаздар құрамынан шыққан «құдіретті» казак келген еді. Ол: «Ал мәскеулік жазушылар, Чехословакияға біздің әскерімізді кіргізуге қалай қарайсыз?», — деп төтеден сұрақ қойды. Тағы да кешегідей, әлдебір ерекше абыр-сабыр басталды. Мұны «ростовтық феномен» деуге де келетіндей.
Ректор екі қолын көкке көтеріп, ақырын түсірді де, былай деп тіл қатты: «Тыныш, жолдастар! Академиялық мәселеге осылай ден қоюдың қажеті жоқ». Зал бір сәт тынышталды. Осы сәтте Кукуш: «Жеке өзім Чехословакияға әскер кіргізуді үлкен саяси қателік деп есептеймін», — деп өз жауабын айтады. Бұл сөздердің артында зіл бар еді, енді тек бейберекет қана емес, жер сілкінісі секілді ауыр зіл болмақ. Амфитеатрдың әр тұсынан «Масқара!», «Бұл не деген сұмдық!» деген айыптаулар естіле бастады. Бұл сөздер Кеңес әскерінің өкіліне айтылды ма, әлде, ұятсыз әрі либерал Кукуш Октаваға бағытталды ма, ол жағы әзірге белгісіз еді. Кукуш көзін алақанымен жауып, жерде отырды. Кенет Ваксон қолын көтеріп тұрып: «Арандатуды тоқтатыңыздар! Кукушке тиіспеңіздер!» — деді. Бірақ бұл сөздің өзі болар-болмас қана басу болатын. Зал бірнеше минуттан кейін тынышталды. Кездесу аяқталды. Кетіп бара жатып, Ваксон микрофонға: «Мұны кім бұйырып, бізбен «ойнағысы» келгенін білгім келеді», — деді.
Оларды шығарып салуға ешкім келген жоқ. Перронның үстіндегі тобырдың ішінде астыртын жүрген тінтушінің көзі жүзіп бара жатқандай көрінді. Екеуі бірден вагон-мейрамханаға тартты. Коньякқа тапсырыс беріп, жарты стақаннан ішіп алды. Сосын құшақтасып тұрып, бір-біріне ішкі зарын төге ұзақ әңгімелесті. «Вакса, алтын досым менің...» «Кукуш, жансырласым менің...»
Сертке берік сенімнен гүлдейді өмір,
Сыршыл достың бауырдан қай жері кем?
Ақшыл түске боялып түндей көңіл,
Жылт етеді бір сәуле кейде өңінен.
Әкелері олардың — адуынды,
Коммунизм жалынын жандыратын.
Кесапаттан өліпті жаны мұңды,
Адамдарды есінен тандыратын.
Троцкизмнен құтыла алмайды ешкім,
Сый орнына Колыма күтеді алдан.
Өтеді әлі, өтеді балдай бес күн,
«Комсомолдың» қиырға күдері ауған.
Көктемді аңсап тұрады күз көңілдер,
Көлдері оның сондай пәк, сондай тұнық!..
Беу, баласы қыршынның, ізденіңдер,
Мынау қоғам тірі өлік болмай тұрып.
Бір сағаттан кейін оларды ащы сусын есінен біржола тандыра жаздады. Олар дүрліккен мейрамхананың бұрышында отырып, екінші бөтелкесін бітіріп, ортақ достары Гладиолус Подгурский «отбасылық және жеке өмір» атайтын тақырыптар төңірегінде аз-кем ақырын сөйлесті.
— Ал, маған өзіңнің жұбайың туралы айтып берші, — деді Ваксон. — Ол «жақын» қарым-қатынаста қалай өзі?
— Ол — ғажайып нәзік, нәзіктігімен ғажап, — деп жауап берді Кукуш, — Бала мінезімен балғын, балғындығымен сұлу.
— Тамаша айтылды, — деді Ваксон көңілі толқып. — Шынайы айтылған сөзге дауа жоқ.
— Ал енді маған өзіңнің жарың жайлы айтып бер, — деді Кукуш.
— Кімді айтасың?
— Өзіңнің жұбайың туралы.
— Не үшін?
— Мен саған өзімнің жарым туралы айттым емес пе...
— Мен сенің сүйіктіңді білемін, ал сен менікін білмейсің.
— Тым құрығанда ол туралы төрт ауыз сөз айтсаңшы.
— Төрт сөз?
— Иә, төрт.
— Сұмдығы көп сұлу, жылуы аз жақұт.
— Жаман емес, Көксұр Мұрын, оның үстіне мен оны жақсы білемін.
Осы кезде лық толған вагонда олардан көз алмай, бір-біріне өте ұқсас шаштары ұзын, өңі жайнаған, мұртты екі жас жігіт бақылап тұрған еді. Олар даяшы арқылы әлгі екеуіне мынандай мәтіндегі хатты жіберді: «Біздің дастарханнан сіздердің дастарханға... Федор мен Сергей Борисовтар, таланттардың жанкүйерлері». Бір қуантар тұсы, олардың жазбасы бар бөтелке оларға жеткен де жоқ. Өйткені, бұл хатты студенттік құрылыс отрядының өкілі, жас жігіт ұстап алып қалған болатын. Хатты қалтасына салған жігіт: «Мына мұртты екі мырзаны итжеккенге жіберу керек. Себебі, жалған қабыландар нағыз бөкендерге лайық емес!» Солай деді де, ғайыптан келген албастыдай, түтіннің ішіне сіңіп, жоқ болып кетті. Мұндайды ешкім күткен жоқ, бәрі жан-жағына жалтақтап, не болғанын түсіне алмай, таңғалысып қалды.
Ақыры жолдары сәтті болып, оларды Мәскеуде сүйіктілері күтіп алды. Түнгі ашық аспан астында темекі шегіп, әңгіме-дүкен құрған екеу саяхаттан шаршаған, бірақ, көңілі көтеріңкі екі «джентльменді» көріп, әбден күлді: «Ал, мен саған не деп ем? Теңізге бар да, кері қайт!»
Сары жолақты қара «Волга» Садовое айналымына шықты. Рөлді Ралисса тізгіндеген. Олардан он метр кейін қап-қара «Волга» еріп, ішінде бір-бірінен айнымай қалған, бірақ, сақал-мұртсыз сабаздар отырды. Ол өз еріне: «Мына сұмдар тағы тіркесіп, қалар емес», — деді. Кукуш жұбымен артқы диванға жайғасқан болатын. Олар өздерінен өзге ешкімді естіген де, көрген де жоқ. Өзеурей, өлең оқып бара жатты.