Олжа зеңбірек

Көктемде асып-тасып, ал жазда момақан бола қалатын өзеннің арғы жағында, украин аруының кеудесінің ортасына жайғасқандай екі төбенің арасына жайлы алаңқай орналасқан. Сол маңай мен өзге төбенің жанында лайлы толқынды ағын байқалады. Төбелер түйіскен тұста терең сайға құлап аққан ағынды сулар көбіктеніп, жалаң ағаштарды шайып, қаңсып тұрған жағалау мен шөгінділерді шайып өтті. Желмен тербелген қамыстарға соқтығысып, көпір жанындағы қалың тікенді бұталарға ызалана сүйкеніп, көпір үстінде гүлдеген тал шыбықтарынан жай тапты.

Немістер көпірді бөлшектеп тастаған. Күзгі шабындықтан қалған кең алқаптан отыз-қырық шақты машина, екі бронды келте газик, бірнеше гаубица мен миномет зеңбіректерінің батареялары, оралған «катюшалар» дивизионы және басқа да техникалар табылды. Колоннада бірде-бір саперлік бөлім болмағандықтан, ерегес туды. Көпірді кім қалпына келтіруі керек? Ниет білдірушілер болмады.

Сарбаздар көліктерден шығып, былтырдан қалған егістікте сабан тістеп жатып, кейбірі көк аспанға қарап тамсанса, енді бірі қалың ұйқыға кетті. Әлгінде ғана майор Проскуряков колонна бойымен жүріп өтіп, дәстүрден аттамай, көпірді қалпына келтіруге әр бөлімнен бес адамнан немесе шалғында жайланып жатқан бөлімнің жартысын жасақтауға тапсырма берді. Алайда, оларға айқайлауға тура келді. Себебі, бұлар «катюшаны» көргенде баладан данаға дейін бас иіп, патшаны көргендей жол беру керек екенін әлі күнге дейін үйренбеген.

Майор Проскуряков эресовшылар капитанының көлігінен атып шықты. Дәл қазір ол өзінің тәкаппар әрі қарны тоқ сарбаздарымен бірге еді. Көпір қасында оны жылылық тұнған жаны үшін барлығы басшы ретінде танып, енді соған ғана жүгінетін болды. Негізгі басты адам ретінде майор Проскуряков өзін ашуға бой алдыртып, колонна бойына күңкілдеп, реніш танытты. Кезекшілерді машиналар жанына және «ауа» қатары бойынша қоюды әмір етті. Мұнан соң ешбір әзілсіз бақылаушыларды алаңға шығаруды бұйырды. Сол мезетте жерден шыққан шайтандай, кеудесіне дүрбі ілген кіші лейтенант Растягаев атып шығып, дәл осы күзетте болуға ниетті екенін жеткізді.

Майор Проскуряков кіші лейтенанттың ішімдік ішкен, бірақ, рухты жүзіне, диагональ бойынша, әдемі тартылған гимнастеркесіне, мыж-мыжы шыққан саптама етіктеріне қарап: «Жақсы, жақсы», — деп күңкілдеді. Ал кіші лейтенант өкшесін бір-біріне шарт еткізді де, екі сарбазбен бірге бөлектенді. Олар колхоздың шатырсыз қалған қос тұқым қоймалары мен қалқасында тұмсықты тежегіштері жерге қағылған неміс зеңбіректері тұрған қияқты қамысқа толы көпірге қарай түсіп кетті. Мұнда біздің шабуылдаушы ұшақтар әрекет етті. Биік шатырлардың ұшар басын жұлып түсіріп, неміс зеңбірекшілерінің зәре-құтын алды. Тіпті, мылтықтан оқ атпақ түгілі, зеңбірек оқпанынан құлыпты алып тастамастан басы ауған жаққа қаша жөнелген.

Сарбаздар кіші лейтенантпен бірге Проскуряков дивизионындағылар емес, басқа бір есі ауысқан жандардай қозғалды. Сарбаздар, шамасы, әбден титықтай шаршаған, реті келсе, ғимарат ішіне енген бойда ұйықтай кетуге даяр. Ал лейтенантсымақ болса, жүйкесі діңкелеп күзетте тұрып, жауына сойқан соққы жасауды армандайтындай.

Майор Проскуряков тағы да таңданысын жасырмай, біздің командирлердің апшысын қуыра әрі мадақтай сөз сөйлеп, олардың қарым-қабілетін әңгімесіне арқау етіп, марапаттады. Сонымен қатар, соңғы уақытта «штрафник» сөзіне құлақ үйреніп әрі талайдың үрейін тудырып жүрген айыпкер рота солдаттарын да марапатсыз қалдырмады.

Хасан шоқысының қанды шабуылына қатысып, онда ауыр жараланып, онысы үшін марапатталған майор Проскуряков құрметті де, атақты да және жазаны да лайықты түрде алуға дағдыланған. Содан болар, нағыз жауынгерді көзбояушылардан ажырата біледі.

Бұған дейін оның бөлімінде төрт батарея болды. Әр батареяда алты зеңбіректен бар-тын. Төрт жердегі алты қанша еді? Жиырма төрт. Зеңбірекшілер құрамы толық емес-ті. Тіпті, дивизион құрамындағы адам тапшылығы көңіл көншітпейтін. Қалай дегенмен, оның өзі күш еді. Алып күш болатын. Соған қарамастан, алға жылжу доғарылды. Себеп — көктем, көктемде болатын ми батпақ дала. Оған адамдардың шаршағандығы қосылды. Тіпті, шаршау мен шағымдануды білмейтін майор Проскуряков та титықтады. Әбден титықтағанын, әр жерден басы қосылса да, ұйқысыздық пен ұзақ жолдан шаршаған сарбаздар жүріп келеді. Инерция бойынша жүріп келеді. Сонымен бірге, жаумен кескілескен ұрысқа түспей, жолы түйіспей, қаратеңіздік жолсыз соқпақпен жүріп келеді. Анда-санда біздікілер оқпанды шулатып, мобилді шабуылдаушыларға не жуырда қатары толыққан, соған қарамастан, жанталасқан неміс жасақтарына тап болуда. Бұлшық еттері, қары мен қырағылығы талған біздің жауынгерлер, орыстың Ивандары туа бітті қалыптасқан жалқаулық пен немқұрайлылық болған соң, күтпеген қарсы шабуылға төтеп бере алмайды. Мұндайда зеңбірек орналасатын орын қажет. Сонда жиырма төрт зеңбірек күңіреніп, күллі даланы басына көтеріп, соғыс тылындағы бір жерлерді ойдым-ойдым шұңқырға айналдырады. Сондықтан, бригада командирі барлық құрылымнан снарядтарды жинап, барлық машинадан жанармайды төгіп, штабта отырған адамдарды қуып шығарды да, бәрін майор Проскуряков дивизионына қосты. Және олар тек алға жылжуды тапсырды. Басқа дивизиондар уақыт талабына сай қимылдайтын еді. Комбриг те, майор Проскуряков та, майдандағы барлық командирлер де егер қазір жанталаспен жаудан ұлтарақтай туған жер топырағын қайтармаса, кейін үлкен қантөгіс арқылы ғана азат ете алатынын түсінеді.

Мұндай шабуылда жұмыс бәрін шешеді. Сондықтан, комбриг еңбекқорлығына бола Майор Проскуряковты дивизионымен алға жіберді. Егер әскерді танктерге қарсы тікелей шайқасқа жіберу қажет болса, комбриг Проскуряковты орнынан қозғамас еді. Өйткені, ол сарбаздар сапындағы әбден ысылған, әккі командир. Әрі қандай жағдай болмасын дегеніне жететін намысшыл азамат. Есесіне өзге командирлердің майор Проскуряковқа қарағанда атағы мен марапаты көп және лауазымды тұлғалардың назарына жиі ілігетін.

Олар қазір майдан даласынан қашықта. Еменді орманында киім битінен тазарып, сақал-мұртын қырынып, түскі асты күтіп және орден иелерін самагонға жұмсап отырғанда, бұл қираған қаңыраған көпірдік жанында байланған. Ол өз сарбаздарымен бірге машиналар мен зеңбіректерін сүйреп келеді. Өз бригадасынан қара үзіп кеткелі бері бір мәрте ғана бар қарудан оқ жаудырды. Содан міне қырық сарбаз бен әу бастағы оқ-дәрінің жартысы ғана қалды. Енді ішпей-жемей, жөнді ұйықтамай қанша жүруі керек?

Қазір жауынгерлер көліктерде және көліктердің жанында лас әрі айқұш-ұйқыш сабан үстінде ұйықтап жатыр. Жарғыға сәйкес ұйықтамауы керек, ал олар қазір жай ғана лайықты түрде демалуда. Сарбаздардың аяқ киімі әбден тозған. Тондарының арқа тұсы тігісінен ажыраған. Тіпті, жыртығы әбден ұлғайған. Онысын кейбір сарбаз жамап та алған. Бірінші мамырға дейін әлі бақандай жиырма күн бар. Сол уақытта сарбаздарға жаңа, жаздық униформа береді. Біздің әскерге киім ауыстыру нағыз мейрам. Бірінші мамыр — жаз, жетінші қараша — қыс мезгіліне арналған форма беріледі. Жауынгерлеріміз мерекеден мерекеге, күзден көктемге дейін киімді лаждап киюге тырысады. Ал соғыс уақытында бұл униформаны жыртпай, тоздырмай кию қиынның қиыны.

Майор Проскуряков өзен жағасындағы қолайлы жерге қарады. Соғыстан ада, сол соғыстың пұшпағы тимеген жер. Аядай жер үлкен жолдардан шалғай, алыстан көзге түсе бермейді және онда қорғанысқа қолайлы жағдай жоқ. Сол жерде жалғыз шіркеу тұр. Оның күмбезі қоңырауымен қоса алынып тасталған. Шіркеуді терек қаумалай өсіп, бұталары сұм соғыстан қорғап тұрғандай әсер қалдырады.

Бұл жерде бірде-бір үй бұзылмаған, бақшаларында оқ-дәрі салған шұңқырлар жоқ. Сондықтан көктемгі ауыр күрсініспен тыныштық пен мамыражай сәтті еске салады. Көшеде тірі пенде жоқ. Тек сиырлар күйіс қайтарып, қораздар әлсін-әлсін тамағын жырта шақырып қояды. Шамасы адамдар тығылып қалған. Күн сәулесі пердесі жабылған терезеде ойнақшиды. Мамыражай аядай жер сарбаздарды менмұндалап шақырып, сәлем беретіндей.

Аядай жерге қарап майор Проскуряков іштей қуанып әрі мұндағы тұрғындардан мамыражай аймақты қызғанып тұр. Сонымен қатар мұнда жете алмаған, мұндағы кереметті, өзен жағасында пайда болған тынық көлшіктерді, төбеде шеңбер жасай ұшқан әнші құстарды, өзен жағалауында самалмен теңселген қоғаны, шиелі бақты көзбен көре алмаған солдаттарды аяды.

Майор Проскуряков жақында қайтыс болған сарбаздар мен командирлер туралы да ойлады. Олардың жарқын бейнесі майордың мәңгі есінде. Олардың қалай қаза тапқаны да жадында сақтаулы. Соғыс кезінде бұл дивизионға дейін иін тіресіп қатар жүргендерді, әскери госпиталда ыңыранып жатқандарды да еске алды. Оларды бөлек-бөлек ойлап тұратын уақыт жоқ әрі олардың саны тым көп еді.

Майордың бойында аяушылық, көзден жас тамызар, тербетер сөз айтқызар кәдуілгі аяушылық болмады. Майор Проскуряков сарбаздардың осы маңға жетіп, үйілген сабан үстінде аунап, тоя тамақ ішетін және жеңіс жалауы желбіреген күнді аңсағанын, қарапайым ғұмыр кешкенін қалады. Бірақ мұндай қалаулы сәтті олар бастан кешірмейді, кешпейді. Соған қарамастан, майордың санасында бірге жасаса бермек. Оған достарының жараланған, қиналған сәттерін жан жарасын тырнап ойға алу ғана тиесілі. Сондай-ақ, оларға бір жерде марапаттау парақтары бекітіледі, бір жерде олар әлі де қанағаттануда, бір жерде әйелі немесе анасы ұйықтар алдында қайырлы түн тілеп, олар жайында ойлайды.

Біршама уақыт өтеді. Өлгендер жайлы естеліктер біртіндеп ғұмыр көкжиегінің шетіне бата бастайды. Оларды окоп қазып, киімінен биттерін сығып, тыныштықты бұзған Гитлер мен жөнді ұйқы бермеген әрі тоя тамақ ішкізбеген старшиналарды қарғап-сілеген Ванька, Васька, Петька сияқты жекелей еске алу да қиындай түседі. Оларды тек соғысқа қатысушы, мүмкін болса, соғыс қаһармандары ретінде еске алуы кәдік. Олар көзі тірісінде өздерін бұлай суреттей алмады және кейінгілердің өздеріне осылай баға беретінін ойламады да. Сондықтан, Ваньканың, Васьканың және Петьканың бет-әлпеті жойылады, жадында қандай да бір ыңғайсыз ескерткіш пайда болады, тас, дулыға киген, бейтаныс, адамдарға мүлдем немқұрайлы қарайды.

Майор Проскуряковтың ұзақ әрі көңілсіз ойлары осылай желді. Ол «студебеккердің» орындығында жатып, көзді қыса түсіп, жатуға ыңғайланды. Әрі қабақ арасынан айналаны шолып, құлақ түріп жатты. Көпірде жұмыс істеп жатқандарға қарап, жүрегі сыздады. Байқағанындай, жұмыс істегенінен гөрі, шылым шегетіндердің көбін аңғарды. Әрине, жауынгерлер арасында әр рота мен взвод ішінде енжарлар болады. Мұндай селқос жандарды майор Проскуряков аса жақтырмайтын. Себебі, олар айлакер келеді әрі еңбекқорлардың арасында тіс шұқып тұрғанды жаны сүйеді. Бірақ майор Проскуряков көпірге түскісі келмеді. Іс түскі асқа дейін созылды. Ол бұл сарбаздардың барлығы жайлы мекенге орналасқанмен, тамақ тауып ішпесе, жатып тынықпаса, тірі қалмайтынын сезеді. Әлгі жер аядай болғанмен, мамыражай үйлі орын еді. Ол ойша қай жерге кезекші батареяны орналастыруды, сарбаздарды қай үйлерге жатқызуды ойлады. Үй қожайындарының сақтаған азығын тойғанша жеп, тоқтықтан жамырап кетіп, алда-жалда қауіп төнгенде сарбаздарды жинай алмау жайын да топшылады. Ондай жағдайда әрі сарбаздарды, әрі мамыражай мекеннің тұрғындарын да опат қылып алар еді.

Майор Проскуряков алдағы сәттің әрбір бөлшегін ойша топшылап, өзіне тиесілі құрылымның жағдайын орайластырып тұрғанда кіші лейтенант Растягаев дүрбімен маңайын шолып тұрды. Бұл дүрбі оның соғыс кезіндегі алғашқы олжасы еді, оны бірер жарақ пен темекі жапырағына айырбастап алған-ды. Оған шылым шекпесе де, темекі берілетін. Дүрбімен маңайға көз салып, жаудың жоқтығына көз жеткізді және оған шүкіршілік қылды. Оған осынша жолды бағындырып, дүрбі түгіл, өз көзімен-ақ фашистерді көруді жазыпты.

Ауыл зиялысының, райком басшысының лекторы Сергей Потапович Растягаевтың ұлы Сергей Сергеевич өзін соғыста осылай елестетті. Оның жасы, ол туған 1925 жыл біршама уақыт оны тылда ұстап тұрды. Ол ай сайын әскери комиссариатты мазалап жүрді. Кәмелетке толмаған соң, мектепте оқуға мәжбүр болды. Содан кейін, сол мектепте әскери оқытушы болып жұмыс істеді. Осыдан болар, ол әрқашан жауынгерлік және саяси дайындықтың үздігіне айналды.

Ақыры әскери училищеге қабылданған күні анасы төсек тартып қалғанда, әкесі ашуланып, айқайға басты: «Ақымақ! Сен майданда мойныңды үзесің. Мектепте жұмыс істеуің керек еді. Сосын...»

Сергей «содан кейін» сөзінің мәнін кейін білді. «содан кейін» деген сөздің мәнінде «сен сау емессің» деген ой жатты. Бала кезінен өзін шыңдады. Ол әлдеқашан мұзды сумен жуынатын, турникке жақсы тартылатын, жақсы жүгіретін, секіретін, мергендікке өзін баулыған-ды. Нәтижесі — осы. Зиялылар отбасында тууы бұған не істеп, не қоятынын жоспарлап қойған еді. Әй, қап, сен жалықтың-ау, жалықтырды ғой!

Оқу орнынан Сергей ата-анасына ұстамды, өткір хаттар жазып тұрды. Бірбеткей старшина Закорюченко одан қандай жоғары нәтиже күткенін білмеді, біле алмай-ақ қойды. Тіпті, өзі аштыққа үйренбегенімен, оны старшинаның интелегентті «өтініш», «рұқсат етіңіз», «сіз», «рахым етіңіз» секілді сөздері зығырданын қайнататын.

Оның алғашқы махаббаты нәзік әрі жүйкесі жиі сыр беретін студенті Валядан басқа да сүйікті ісі көп еді. Майдан даласына аттанар сәтте екеуі ескі баржаның артында жағалауда сүйіскен-ді. Сонда Валя нәзік ернін дір еткізіп, «оларды аямай соқ» деп рухтандырды. Әрі өзінің сүйіктісіне мәңгі тиесілі екенін, махаббаты үшін бәріне даяр екенін жеткізген.

Сергей жағалаудан ұялып, қызара бөртіп, себепсізден себепсіз кешірім сұрап, ұяңдықпен тарқасқан еді. Валя күн сайын майдан даласына хат жолдап тұрды. Олардың махаббаты әр хат келген сайын өрши түсті. Сергейдің кеудесінде бір ауыр күрсініс бар-тын. Сол күні ескі баржа жағалауынан құр қоштасып кеткені, хаттарында жазар ерлік қылмағаны күйіндіретін. Бірақ ол өтірік ерлік жазу қолынан келмейтінін мойындайтын. Ол соғыс туралы мақтанып хат жазатын, болмаған ерлікке сендіретін, олар үшін басқалардың ретсіз алаңдататына ыза болатын.

Сергейдің майдан даласына келгеніне апта ғана болды. Ол мұнда артбригадаға қосымша күш ретінде келді. Өйткені, тиісті құрылымға, жоспарға сай емес еді, әрі арнайы дайындықтан өтпеді. Соған қарамастан, ол бәрін білді. Өзі және өзімен қатарластармен соғыс жағдайында тәжірибе жинақтайтынын, әбден ысылған командирлер мен қорқуды білмейтін сарбаздардан бәрін үйренетінін түйсінді.

Операция кезінде ойламаған жерден өзен бетіндегі мұздар опырыла сынып, дивизия майоры Проскуряковтың взвод командирі қару-жарақтарымен бірге су астына батып кетті. Мұз құрсауынан мылтықты да, офицердің денесін де шығарып алдық. Мылтықтар тазартылып, майланды. Ал командирдің денесін көмуге тура келді. Сарбаздар взвод командирін сирек болса да еске алатын. Олар жаңадан келген кіші лейтенантқа еріксіз бағынды, кейде онымен ұрысып қалатын, майор Проскуряков мұны мүлде байқамайтын сияқты.

Үшінші күні болған шайқасқа кіші лейтенант қатыспады. Майор Проскуряков оны бригадаға бос жәшіктермен, бөшкелермен, гильзалармен жұмсап жіберген еді. Ұрыс аяқталып, барлық қаза тапқандар жерленді, ал жараланғандар тылға жаяу жіберілді. Өйткені, майор Проскуряков жанар-жағармайды, снарядтарды, оқтарды үнемдеді. Жаралыларға шынжырлары бар бір ғана көлік берді.

Кіші лейтенант Растягаев бүкіл жерді, бақылау үшін көтерілуге болатын объектілер мен пункттерді егжей-тегжейлі зерттеп, айналасына қарап, қажет болған жағдайда жауды ойсырататын барлық тәсілді қарастырды. Жолдарды да жалғыз басып өтті. Кіші лейтенант кенеттен төбеден, терең итерілген жолдан жабық көлікті көрді. Көліктің дөңгелектері батпақта тұрып қалып, жүре алмай жатты. Айналасындағы адамдар қолдарына күректерін ұстап, көліктің жолын тазартуға күш-жігерлерін салды. Көліктің алдыңғы жағы дұрыс бағытта болмады, өйткені, жүргізуші отыруға тиісті жерінде отырмады. Кіші лейтенант басын шайқады да, бұның неміс көлігі екенін, йағни жау техникасы екенін түсінді.

Кіші лейтенант көңілсіз, төменгі дауыспен:

— Жолдастар! — деп айқайлады. — Немістер!

Қойманың төбесінен тасталған қамыстың астындағы сазды қабырғаның жанына тығылған екі сарбаз бірден секіріп, мылтық іздей бастады. Лейтенанттың айналасындағылар жамырап:

— Немістер қайда? — деп сұрады, жан-жақтарына жалтақтай.

Кіші лейтенант алдымен оларды қолымен көрсетті, содан кейін оған жақын тұрған сарбазға дүрбісін жақындата бастады. Бірақ ол взвод командирінің қолын қағып, алақанын көзінің үстіне қойып айналаны көзбен шолды. Ол серігіне:

— Жүре алмай, тұрып қалыпты, — деді, аузынан төгілген әлдебір нәрсені түкіріп жатып. Қасындағы жолдасы да ұйқылы-ояу, енжар қалпында темекі шегуге кірісті.

— Қалай сонда?.. Олар кететін шығар? — деді, абдырап қалған кіші лейтенант. — Немістер, фашистер, олар кетеді деймін! — деп айқайлады.

— Ай, соларды қойшы! — деп, бір сарбаз темекі шегіп, екіншісі қозғалмады, ал енді бірінің, тіпті, ұйықтап кеткенін көрді. Бұл жайлар кіші лейтенантты таң қалдырды.

— Қалайша... Есеп беру қажет... Олар фашистер ғой...

— Олар алысқа кете қоймайды, — деп, бір сарбаз командирді жұбатқан болып қолын бұлғады, — бірақ есеп беретін де не бар, не айту керек? Бәрін де көреді, соқыр емес!

— Көреді! — деді кіші лейтенант таңырқап. — Олар көреді екен деп, қол қусырып отырамыз ба сонда!?

— О, құдайым, тағы қандай шара қажет? Сабырға кел енді, кіші лейтенант.

Осыдан кейін кіші лейтенант мүлде шыдай алмай кетті:

— Біріншіден, «сен» емес, «сіз»! Екіншіден, — кіші лейтенант одан әрі ашуға булығып, — екіншіден, папиросканы таста да орныңнан тұр! Тұр деймін саған!

Сарбаз күлді де құлықсыз орнынан тұрды, бірақ темекісін тастамады, оны жеңіне жасырып, түтін енді оның гимнастеркесінің астындағы құбырға қарай шығып жатты.

— Ал сізге жеке бұйрық берілу керек пе? — деп, кіші лейтенант екінші сарбазға да айқайлады. Лейтенант олардың қатты ұйықтап жатпағанына сенімді, оларды жай ғана ұйықтаған кейіп танытып жатыр деп ойлады.

— Тұр деймін саған, Игнат! — кіші лейтенант ұйықтап жатқан солдатты аяғымен итеріп жіберді, — тұр! Саптық жаттығулармен айналысамыз...

— Өй, кетіңдерші ары, — деп Игнат күңкілдей бастады, — әзіл-қалжыңнан басқа істейтін ештеңе жоқ.

— Не-е? Әзіл? Тұр орныңнан!

— Ал тұрдым, тұрдым. Бұдан не өзгереді? — деп, сарбаз қамыс шоқтарына түсіп қалған пилотканы іздеп, — айқайлауын бір қоймады ғой, тіпті!

Осы уақыт аралығында, неміс машинасы төбеден жоғары көтеріліп бара жатты. Енді олар төбенің артына барып, жасырынып кете алатын еді. Бұл кезде кіші лейтенант сарайдың артында тұрған зеңбіректі есіне алды.

— Менің артымнан еріңдер! — деп, кіші лейтенант сарбаздарға ысқырықпен бұйрық берді. Олар иықтарын қысып, мылтықтар мен бос заттарды иықтарына лақтырып, сарайдың артына келді.

— Күректер бар ма? Ал қазыңдар! Қару-жарақты алу қажет! Одан соң, ұрысқа!

— Мұны істеудің қажеті жоқ, кіші лейтенант! Бұл қажет емес!..

— Жап аузыңды!

— Жарайды, үндемей-ақ қойдым.

Сарбаз жастау болғандықтан кіші лейтенанттың ойға алған жоспарына қызығушылық танытып, тез арада қаза бастады.

— Ал бұл не? Біз қазір оны... Ал Игнат ше?

Игнат ештеңе деп жауап бермеді. Серіктес жолдасына басын шайқады да, үшеуі зеңбірекке сүйенген күйі бірдеңелерді айтып, күңкілдеп жатты. Әлден уақытта Игнат та неміс зеңбірегінің ашқыштарын қаза бастады.

— Қалай атуға болады? Нысананы немістер алып кетті емес пе?

— Оқпан арқылы, жолдас жауынгер, оқпан арқылы, — деді кіші лейтенант, саусағымен нұсқап. Ол бұл кезде ашуын басып, шу шығаруды тоқтатқан. Оған, тіпті, бұл жердегі дөрекі Игнаттың өзі керемет сарбаз болып сезіле бастады. Иә, нағыз жауынгер осындай тәжірибелі, бәрін көрген, бәрін бастан өткерген майдангер болуы керек. Егер кіші лейтенант Растягаев осылай бұлқан-талқан болса да, кешірімді емес пе? Майдан даласында не болмайды, бәрі болады.

— Оқпанмен атқан қиын болады. Біз олай жасай алмаймыз! Бұл мүмкін емес, тіпті, қауіпті, — деп, бір сарбаз бұл жоспарға қарсылық танытты. Оның бұл қарсылығы еш пайда бермейтін еді. Осы кезде кіші лейтенант:

— Неге бәрің тек күңкілдей бересіңдер! Снаряд! Оқтаңдар, қане! — деп айқайлады. Ашуға қайта булықты.

— Ал айқайла, тағы айқайла! — Игнат зеңбіректің оқпанына ұзын снаряд корпусын салып, құлыпты жауып тастады.

Екінші сарбаз тұтқаны бұрап, бағыттады. Кіші лейтенант бірден бозарып, бұйрық берді:

— Жоғары, жоғары. Тағы сәл жоғары. Тоқта! Солға сәл. Тоқта! Атамын! — ол түймені саусағымен тауып алып, өте баяу, сәл ғана үнмен: — Мен оқ атамын! — бозарған қалпында түймені басты.

Зеңбірек оғы қатты әрі өте жылдам атылды да, зор жарылыс болды. Снаряд төбеден әлдеқайда ұзап саңырауқұлақ бейнесінде жарылды. Жау көлігінің маңыңдағы адамдар шулап, ол жерден тезірек кетуге тырысты.

— Иә! — жас сарбаз бен кіші лейтенант бірден айқайлады. Олардың көздері шоқ жұлдыздай жарқырап тұрды. — Жолдас жауынгер, бағыттаңыз! — деді ол. Осы кезде жас сарбаз лейтенантқа:

— Сіздің атыңыз кім, жолдас кіші лейтенант? — деп, сұрағына жауап күтпестен, бірден өзін таныстырды. — Ал менің атым Леонид.

— Жарайды! Жауынгерлік жағдайда танысқаныма қуаныштымын. Менің тегім Растягаев. — Осы кезде ол бұйрығын қайталап, айғайлады:

— Оқтаңдар!

— Енді атудың қажеті жоқ, керісінше қорғану қажет, — деді шетте тұрған Игнат.

— Сіз өзіңізді кіммін деп санайсыз өзі! — деді кіші лейтенант ашуға булыққан күйі. Тіпті, оқ атпастан бұрын дәл көздеуді ұмытып кетті.

Қатты соққының соңынан түтін шыққан мезетте Игнат қолын жайып жіберіп:

— Міне, айтқаным келді. Ол жақта мүмкін қарапайым адамдар, балалар бар болған шығар...

Кіші лейтенант аңдаусызда оқ атқан жағына, ақ түтін будақтап жатқан мекенге ұзақ қарап қалды.

— Қане, одан да маған беріңіз, — деді Игнат. Ол зеңбіректі кіші лейтенанттан алып, одан әлдеқайда жеңіл әрі жылдам әрекет ете бастады.

Снарядтар көліктен алыс жерде жарылып жатты, бірақ, кіші лейтенант әр оқ атқан сайын дәл сол оқ фашистік машинаға түсіп, қирататындай сенімде болды. «Қызмет көрсететін персоналмен бірге радиостанцияны басып алсақ, жақсы болар еді», — деп ойлап қойды. Жаңылыспасақ, бес адам болу керек. Олар тағатсыз көлік жанында арлы-берлі қозғалып жүрді. Әрине, қазір олар зор тығырыққа тірелді, көліктері балшыққа батқан, мүлде қозғалмайды.

Алайда, осындай тиімді сәтте қас қылғандай, зеңбіректен атылған оқтардың бәрі нысанадан тыс кетіп жатты. Снарядтар нысанадан алшақ жатты. Бір мезетте бағанадағы сарбаз бері бізге қарай бірдеңелерді айқайлап айтып, қолын бұлғап жатты. Біз атуды тоқтаттық.

— Ей, неге бос іспен айналысасың, — деп айқайлады сарбаз. Жолдас майор сөгіс жариялады.

— Жолдас майорға айтыңыз, — деді екінші лейтенант, — жау өз техникасын алып кеткенде, Горький айтқандай, оны тоқтату керек, не болмаса, жою керек, қандай жағдайда да ұқйықтамау керек.

Игнат күліп, басын шайқады. Леонид жағдайдың шын,өтірігін анықтай алмай:

— Тағы ату керек пе?! — деп сұрады.

— Қанекей!

Жаңағы сарбаз Проскуряковтың көлігіне оралғанша олар екі рет оқ жаудырып үлгерді. Сарбаз кіші лейтенанттың айтқанын сөзбе-сөз, екі етпей жеткізді. Сарбаз осы уақытқа дейін оған ешкімнің бұлай қасарыспағанын білетін. Мазақ етушілер мұны ұзақ уақыт танып, жай-жапсарын анық білетіндіктерінен киліккендерін о баста аңғарған.

— Не? — деді майор, дауысын көтеріп, — қайтадан бар да, «маған дереу келсін» деп айт, — деді бұйырып.

Солдат тапсырманы орындауға қуана жүгірді, бұл кезде төбеден оқ жауып жатқан-ды, сарбаз болса, көліктің астына әрең кіріп үлгерді. Ал майор Проскуряков бағанаға алты ұңғылы минометтер құлағандықтан, «студебеккерден» секіріп түсті. Бір кезде бәрі тынышталды. Жойқын соққыдан кейін кесек-кесек балшық, шаң мен түтін қалды. Тек бір соққы. Немістердің оқ-дәрілері нашар болды, бірақ, бағанды екіге бөлуге қауқары жетті. Жүк көлігі түтіндеп, колоннадағы машиналар жанып жатқан «ЗИСтен» бері қарай тартылды. Жаралылардың ащы дауысы шықты. Әскерилер оқ тиіп, қазақ тапқан жауынгерлерді борттан алып шықты. Онда тағы бірнеше адам болған. Өрттің әсерінен олардың шашы күйіп, гимнастеркелері жанып кетті.

Көпірдің төменгі жағында аласапыран басталды, жүргізушілер әдетте не істеулері керек болса, соны істеді. Олар машиналарын жазыққа апарып, жасырынатын орын мен қару-жарақ іздеді, «катюшалар» бастары кесілген астық қоймаларына апарылды, сарбаздар олжа зеңбірек үшін сарайға асығып кетті. Мұның бәрін майор Проскуряков жерден тұрып бара жатқанда көріп үлгерді, Олардың неге сонша абдырап жүгіріп жүргенін түсіне қойып, айқайлады:

— Тоқта! Тоқта деймін!

Оны ешкім естімеді немесе естігілері келмеді. Бүкіл бағаннан адамдар олжа зеңбірекке асығып, қару-жарақтарын тастап жатты.

Майор Проскуряков бұл жерде айқайлағанының пайдасы жоқ екенін түсінді, сол сәтте ол да зеңбірекке қарай жүгірді. Ол әдеттегі формада киінген. Ұзақ уақыт бойы жүгірмеген, өйткені, командирлер соғыста шегіну кезінде ғана жүгіреді. Шабуыл кезінде негізінен қатардағы жауынгерлер бұйрық бойынша да, бұйрықсыз да жүгіреді. Майор, әсіресе, жас жігіттерді басып озудың қажетсіз екенін сезді. Содан кейін, ол жолда қабы шешілген, теріге кептірілген мылтықты әрең жұлып алып, басқалардың назарын аудау үшін аспанға көтеріп атып қалды. Бірақ бұл да көмектеспеді. Зеңбіректі оның айналасындағы сұр тобыр көлегейледі.

— Бауырлар, рақым етіңдер, — деген құрғақ дауысты Проскуряков естіді. Бұл дауыста үмітсіздік басым болды.

Бұл айқай Проскуряковты осып-осып жібергендей болды. Ол жауынгерлерді итере жүріп, шеңберге баса-көктеп кірді. Екі сарбазды ұрды. Кіші лейтенант тізеден көтерілуге тырысып, шаңды қамыс байламдарын қазып алды. Бір қолымен сынған мұрнын сүртіп, екінші қолымен жұлып алды. Бұл сәтте ешкімді тоқтату мүмкін емес еді.

— Тоқтатыңдар! Тоқта! — ентіккен әрі қысылған дауыспен бәріне айқай салды Проскуряков, бірақ, өзі комвзводқа кіріп, наганды бұрып жіберді. Командирлерге тән дауыспен: «Тынышталыңдар!» — деп бұйрық берді. Ашу мен айқайды қосып, ол қайтадан: «Тыныш! Бәрің тынышталыңдар!» — деп қатаң бұйрық берді.

Бозарған, ашуланған жауынгерлердің ішінен екі сарбаз жерге домалауларын, ұрып-соғуларын тоқтатты. Шаршап-шалдыққан көпшілікті тыныштандыру қажет болды. Майор мүмкіндігінше қатал үнмен:

— Кіші лейтенант Растягаев, сіз қамауға алындыңыз! Пищенко, кіші лейтенантты алып кет!

Пищенко әлдеқайдан дереу келіп, пилоткасына қолын қойып, қатты айқайлады:

— Құп болады!

Осы уақытта ұрып-соғылған екі сарбаз жерге тізерлеп үлгерді, олардың кішісі гимнастеркенің қалтасын жұлып алып, шашылған хаттарды, карточкаларды жинап жатып, ащы дауысымен:

— Мұның бәрі не үшін, Игнат ағай? Не үшін, ә? — деді.

Игнат былғанған, күйе жұққан үлкен қолдарымен гимнастеркесінің алдын жабуға тырысты, бірақ, гимнастеркеде жалғыз түйме қалыпты. Ол оны түймелейді, шешіп тастайды. Оның көзінің асты ақырындап көгере бастады. Оның үлкен жүзіндегі мұрты мен терең әжімдеріне көзінің көгергені жараспай тұр.

Айнала толған айқай-шу. Сондықтан, ендігәрі сарбаздар қолымен әрекет етуді тоқтатып, ауыздарына ауысты:

— Шабуыл жасағылары келіпті оңбай кеткірлер!

— Кәрі қақбастар өңшең!

— Солардың кесірінен қанша адам оққа ұшты...

— Майорға рахмет айтыңыз, әйтпесе...

— Соғыспен айналысатын қуыршақтарды таптық.

— Үлгермейтін сияқты!

— Лейтенантсымақ орден алғысы келіпті!

— Ал тапсырыспен бір орден алдым!

— Жасынан-ақ ақымақ ол, ал мына кәрі қақбас қайда жоғалып кетті?

Айтылар сөздер көп болды, қарғысы да, бірақ, ең бастысы өтті-кетті. Кәрі сарбаз мұны сезіп, тағы да:

— Кешіріңіздер, бауырлар. Мен кінәлімін, кіші лейтенантты алдай алмадым. Ал мынау оңбаған, — деді Игнатқа қатқыл көзімен қарап. — Қояйықшы болды...

Колоннадан ол қазірдің өзінде таза ниетімен зеңбірекке қарай жүгіріп бара жатты.

Майор Проскуряков соққыға жығылған сарбаздардың кетуін күтіп, қатаң түрде:

— Тараңдар, жолдастар! Шеруге дайындалыңдар!

— Менің олай істегім келмейді. Істемеймін! — деді кіші лейтенант баладай қатты дауыспен айқайлап. — Мен ешқайда бармаймын. Мен күресемін, соңғы деміме дейін күресемін!

Пищенко оны итеріп жіберді, ол құлап кете жаздады, Құлаған пилоткасын көтеріп, тізесіне сілкіп жіберді де, тағы да айқайлады: — Төртінші жыл соғысып жатырсыңдар, әлі он жыл соғысасыңдар...

Майор кідіріп, кіші лейтенанттың басынан аяғына дейін көзімен өлшеп, анық естілетіндей:

— Нақұрыс! — деді де, «студбеккерге» қарай тездете жүріп кетті.

Пищенко қатаң түрде және бәріне естілетіндей кіші лейтенантқа былай деп айқайлады:

— Барыңыз, кабинаға тез барыңыз. Әйтпесе, оңай кез емес, халықтың мазасын кетірсеңіз, олар сізге соғыс уақытын қысқартып-ақ береді.

— Сонда қалай қысқартуға болады?

— Оп-оңай! Оларды сіздің бұйрығыңызбен өлтірілгендермен бірге ұрып-соғып, бірге көміп, фанераға: «Гитлер басқыншыларына қарсы күресте батылдықпен ажал құшты», — деп жазады және аналарына қалай өлгенін түсіндірмейді. Пищенко майорды жақсы көретін және бұрылып, былай деді: — Айтпақшы, жолдас майор Хасанда жарақат алған... — деді, артынан майда дауыспен: — Ал ол аса сирек балағаттайтын адам.

Растягаев кешке дейін көліктің кабинасында отырды. Ымыртқа қарай көпір салынды, бағандар Грицев мекеніне қарай тартылды. Онда әртүрлі бөлімшелердің сарбаздары шатырларға бөлініп, қорғанысқа кірісті. Зеңбірекшілермен тығыз байланыс орнатылып, снарядтар, жанармай және азық-түлік үшін көлік жасақталды. Кіші лейтенант Растягаевқа наган қайтарылып, взвод газигін мініп, осы көлікті бастауға бұйрық берілді. Снарядтар мен қатырма нанды көбірек жеткізуді жіті қадағалап, ережеге бағынып, міндеттерді мұқият орындау жүктелді. Зұлым Пищенко майор Проскуряковтың мына сөздерін жеткізді: «Жол бойы өз тәртібіңізді зерделеңіз».

Танауы бұзылған кіші лейтенант Растягаев көлік есігін қатты жауып, жүргізушіге қозғалуды бұйырып тұрып, Пищенконың қоштасарда айтқан сөздерін еске алды. Бұл майордың сөздері емес, командир жүгірмегінің сөздері болар деп түйді, алайда, ақылға салар дүние де аз емес-ті...