Үш өлең

1

Сарбаз келеді
Оң аяқ сол аяқ оң аяқ
Діндар келеді
Пайғамбарын аялап
Аяқ дыбысы
Аппақ жерді саялап
Бар ноталар қосылып
Найзағайдай жарқ етсе
Қанатыңды жай алап

Сарбаз оқ атар
Кеудеңді тоспа
Діндар оятар
Құмарлық босқа
Етіктің зары бұл
Күнә басып былғанған
Ноталар қосылса:
«Бұл — жалған... Бұл — жалған!»

2

Қауырсын қайық жағаға
Ізгілік іздеп соғады
Періште соғыс бола ма
Безбүйрек әскер
Қайың орманға толады
Шырша орманға толады
Сүттей ай қайықты тербейді
Жарық күн нұры солады

Ал мен кім боламын
Не болмақпын ендеше
Әлдилейді бізді кім
Оятады ел неше
Жаңа жер Жаңа жер
Жалған ұран тағы да

Өлдің бе қала бер
Бұл өмір заңы ма
Лаула да жана бер
Лаула да жана бер
Ажалдың дүмінде
Қауырсын билейді
Мәнсіздік түнінде
Қайықты сүйрейді
Күн көзін іледі
Түн бәрін сүймейді

3

Қаңқалар сонда соқаның тісін сындырар
Ван Гогтай рухтар тірілей көрден бір тұрар
Жаңбыр жүзімен жабысып жең мен балаққа
О, Бручи «тозақ» деп кері бұлқынар,
Қалғыған үйлер орнымен көрмей жүріңдер
Аспанның үсті бостандық үйі біліңдер
Сорғалап аққан көзімнің жасы кеудемнің
Шынжырын үзді... Азатпын міне көріңдер.
Азатпын міне көріңдер!