Евгений Карасёв

1937 жылы Калинин қаласында дүниеге келген (қазіргі Тверь). Тағдыры тым ауыр болған: соғыс кезінде жетім қалып, қалта ұрлығына машықтанып, балалар колониясына түседі және өмірінің 20 жылын қамауда өткізеді. Жеті рет сотталып, аса қауіпті қылмыскер (рецидивист) ретінде танылған. Темір тор артында орта мектепті тәмамдап, сол жақта жыр жаза бастаған. Елдің шеткері аймақтарындағы ағаш дайындайтын шаруашылықтар (лесоповал) мен темір жолдардың құрылысында еңбек еткен. 1986 жылы қылмыс әлемінен біржола кетіп, көне жәдігерлерді (антиквариат) бағалаушы, делдалдық дүкеннің директоры қызметтерін атқарған. «Жаратқанның жолдары» атты тұңғыш жыр жинағы тек 1992 жылы ғана жарық көрген. «Сенімсіздік кезеңі» (1998), «Айыптау куәлары» (2000), «Адасқан ұлдың жырлары» (2003), «Заттай айғақтар» (2014) секілді өлеңдер мен поэмалардан құралған жеті жинақтың авторы. Әңгімелер мен хикаяттар топтастырылған бірнеше кітабы мен түрме естеліктерін қамтитын «Параллель әлем» (2007) атты көлемді еңбегі бар. «Новый мир» және «Арион» журналдары сыйлықтарының, Поэтикалық «Antologia» сыйлығының, Н. С. Гумилев атындағы сыйлықтың лауреаты. Ресей Жазушылар одағының мүшесі болған. 2019 жылы дүниеден озды.
Карасев жайлы Олег Чухонцев, Юрий Кублановский, Татьяна Бек, Максим Амелин қатарлы ақындар жазып, жылы лебіздерін білдірген. Сыншы Лев Данилкин тағдырлы ақын туралы: «...Ол осындағы ешбір адамға ұқсамайтын, таңғажайып ақын еді. Ақын ғана болса, жарайды ғой», — деген екен.