Александр Солженицын
Александр Исаевич Солженицын (1918—2008) — прозашы, публицист, драматург, ақын, қоғам қайраткері. Әдебиет бойынша Нобель сыйлығының лауреаты (1970).
Кисловодскіде дүниеге келген. Дондағы Ростовта өскен. Ростов университетінің физика-математика факультетін аяқтаған соң Мәскеудегі Философия және тарих институтына оқуға түскен. 1943 жылдан бастап майданда болған, түрлі ордендермен марапатталған. 1945 жылдың ақпанында антикеңестік көзқарастары үшін айып тағылып, жер аударылған. Босаған соң Владимир облысында ауыл мұғалімі болып еңбек еткен. 1957 жылы ақталған.
«Новый мир» журналында алғаш жарық көрген шығармалары — «Иван Денисовичтің бір күні» әңгімесі мен «Матренаның ауласы» хикаяты жұртшылықтың назарын бірден аударды. ГУЛАГ тақырыбын әдебиетте алғаш көтерді. Ақыры Солженицынның жазғандары жарияланбай, кеңестік жүйені сынағаны үшін, шетелдерде жарық көрген мақалалары мен шығармалары үшін КСРО-дан қуылған. Отанына 1994 жылы ғана оралды.
Солженицынның ірі туындылары әдеби-қоғамдық оқиғаларға айналып, одан сайын таныла түсті. «Архипелаг ГУЛАГ» көркемдік зерттеу тәжірибесі мен «В круге первом», «Раковый корпус» романдары, орыс төңкерісі мен рухани тамырлары жайлы жазылған «Красное колесо» ауқымды эпопеясы, сондай-ақ, мемуарлық-күнделік прозасы мен филологиялық очерктерін ерекше атауға болады.
Солженицын кітаптарында XX ғасырдағы Ресей тарихы туралы жеке концепциясын жүзеге асырды. Оның басты зерттеу нысаны — тарихта болған қиын кездердегі ұлттық мінез бен тоталитаризмнің көрінісі.