Ғажайып пен мұң жылы
(хикаяттың қиындысы)
<... >
Көзім енді ілініп бара жатқаны сол еді, апам кекілімді ұйпалап, иығымнан сілкіледі.
— Тұр! Саған келіп тұр. Балыққа барамыз дейді!
Бұрынғы кезім болса, ешқашан ерте тұрмас едім, бірақ осы жолы ұйқысыраған қалпыммен атып тұрып, шалбарымды асығыс кие бастадым.
Бұл таңда Байкал мүлде өзгеше күйде болатын, мұнда күні кеше ғана жағалаудан шексіздікке дейін бір қыртысы жоқ жарқын жазықтық жайылып жатты дегенге сенудің өзі қиын. Олай болуы мүмкін бе, бұл теңіз емес пе, жел үп етсе болды, су бетінде ұсақ толқын дірілі ойнап шыға келеді, жел басылған бетте діріл қою көк жолақ салып желдің әлгіндегі бағытымен ұзақ жүзеді. Бүгін де солай болды. Тұтас Байкалды көк түс қымтап алыпты, бірақ ұсақ толқындар дірілі үшкір тұмсығымен сиякөк су бетінде оңтүстіктен солтүстікке қарай көк түсті одан сайын қоюлата жылжып барады. Біз жағаға шыққан алғашқы сәттегі көрініс осындай еді.
— Култук болады! Жақсы! — деді Юрка, ал оның киномеханик бауыры басын изеп, мақұлдаған мезіретін танытты.
Темір жол төсемінің жиегін бойлап келе жаттық. Юрка маған әркім-ақ, әсіресе, Мәскеуде тұратын адам білуі тиіс көп жайдың басын ашып баяндап берді, өйткені, мұндай Байкал басқа еш жерде жоқ, болмайды да.
— Култук болады! — деді Юрка, қайталай.
Сәлден соң оңтүстіктен толқын тұратынын ішім сезді, бұл балық аулауға таптырмас сәт, өйткені, ақбас толқындар балықты біздің жағалауға қуып әкеледі. Өзі ірі, су тереңін мекендейтін қарауыз да тулаған толқынмен бірге жағаға жақындайды. Өйткені, адуынды толқын жағаға соғып, тастардың тасасында жатқан шабақ уылдырықтарын сумен шайып, теңізге алып шығады. Кеше Светка сондай шабақтарды жалаң қолымен-ақ ұстап алған. Аналық шабақ суда бос жатқан тастың астына кіріп алып, шалқасынан аунап түсіп, тасқа уылдырығын тастайды, бұл оның жағалауда басқа үлкен балықтар уылдырығын жеп қоймасын деп істейтін амалы. Балықшылар осы уылдырықты жинап, тұздап, сығымдап, қарауыз аулағанда пайдаланады. Бірақ бұл уылдырықты жеуге болмайды. Дәмсіз. Ащы.
Біз әлі жүріп келеміз, айнала жағалай су, жағалаудың бәрі тас, қайда, не үшін бара жатқанымызды өзім де білмеймін.
Басқа жағалау көрінер емес, тек сонау қиырда су бетінде қалың қою бұлт қалқып жатыр, әлде, солай көріне ме. Ал біздің жағалауда белгісіз бірдеңе шолпылдайды, толқын дерлік толқын да жоқ, қою көк діріл әрлі-берлі, біресе, жағаны бойлай, біресе, жағадан әрі жүгірді, енді бірде маңайдың бәрін қою діріл басты, сонда ол көк емес, қою сұр, тіпті, қара түске айналды, жел саябырсығанда, су қайта көкшіл түске енді, менің көгілдірден басқа түсті көргім келді, себебі, аспан да дәл су секілді, ол да осы таңда өзіне бір тұрақты түс таңдай алмай тұрғандай, біресе, көкке малынып, біресе, көкжиекке шашылған бұлттардың шудаларымен кедір-бұдыр кейіпке енеді.
Пойыз бізді басып озды, ол жанымыздан заулап өте шыққанда біз жол жиегінің ең қиыр шетінде тұрған едік, әп сәтте жалт етіп, күркіреп өте шыққан вагондарға қол тигізуге де болатындай еді.
Темір жол жағалауды бойлай, жартастың тар жолақтарымен өтетін. Бұл жартастар көкке тіке шаншылып, асылып қалып, шорт кесілгендей көрінетін.
Төбенің басында тапжылмай тұрып, жартастың биіктігін шамаламақ боп, жоғарыға көз жібердім. Биіктігі сансыз шақырымға созылып жатқандай, шыңына көз жетпейді, оларды төбемізде асылған бөктерлер қалқалап тұр.
Бұдан әрі ұзақ жүрмей, тасты ойпаңмен төбеден төмен түсіп, абажадай тастарға толы жағалаудан бір-ақ шықтық. Су астында екі жерден жағада таспен бастырылған шпалдар қараяды. Бұл жер лава аталып кеткен. Бұл шұңқыр шеткі тастан ары ешқандай ылдисыз, сегіз-он метрлік тереңдікте. Жағалауға жақын осындай жерлерге толқындар күшейген кезде қарауыз келеді. Оны дәл осы жерден аулаған дұрыс.
Біз суға қарай төмен түскенде толқын басталып кетті. Толқындар аса биік емес, бірінен соң бірі асықпай, жаймен тербеледі, жағаға төтесінен тартпай, қиғаштап жылжитын секілді. Бастапқыда толқын бір шетін ғана лақтырып, жағаға жармасып жатқандай көрінді, кейін толқынның екінші шеті де жағаға жетті, мұнда тағы бір басқа толқын кеп, аяқтың астына құлап, тастардың арасынан жалт еткен бір уыс шашуын көкке шапшытты.
Юрка мен оның бауыры өткен жолы балыққа келгенде жасырып кеткен көлемді қармақсаптарын алып шықты. Витя ағайдың қолындағысы жеті мертлік, ал Юркада бес жарым метрлігі. Қармақсаптары темір түтікшемен біріктірілген, бірнеше таяқшадан құралған. Қармақжем уылдырығы салынған сөмкені иығына аса сала, екеуі де қармақсаптарын көкке көтерген күйі тар, дымқыл шпалға кірді, онда қармақсапсыз тұру мүмкін емес еді, қармақ жемдерін ілмекке іліп, жібін неғұрлым аулаққа салды. Қармақсаптарын белдеріне тіреп, қозғалыссыз қатқан күйі тұрған олар қаздың ұзын қауырсындарынан жасалған қалтқыға қадала қарап қалған. Қалтқы толқынмен тербеліп, бірде алға, бірде артқа иіледі. Маған қармақты балық қапқандай көрінді де оны бірнеше мәрте қозғап қойып, дауыстап жібердім, бірақ балықшылар тас мүсіндей қатқан қалпында, қозғалыссыз, қыбыр етер емес, тіпті, олар бұл жерде не үшін тұрғандарын ұмытып та кеткендей.
Ақымақтықпен шылаушындыішке терең жұтып, балықшыға іс бітті, тарт енді дегендей қалтқы мен қармақ бауын сүйрей жөнелетін алабұға, мөңке балықтар секілді емес, қарауыз — бекзат балық. Қарауыз алдымен жемді қармақтан құйрығымен соғып шығарып алуға талпынады, қатты аш болса ғана кейін оған ернін тигізіп көреді. Осы кезде қалтқы болмар-болмас дір етеді, дәл осы сәтте қармақты тарта білу керек. Тартқанда да ернін жұлып кетпейтіндей, қарауыз аузынан жемді шығарып үлгермейтіндей, асқан сақтықпен білдіртпей тарту керек. Онда да егер қолыңда жеті метрлік қармақсап болса, ал қармақ бауы алты метр тереңдікке жатса!
Сосын шпалда балықшылардың серейіп қатып қалатын тұрысын айтсаңшы!
Қармақсаптың тұйық шеті мықынға тірелгендей, ал жіңішке жағы бір метрдей жерде қалтқының үстінде ілініп тұрады, сол қолы сол мықында, кеудесі сәл артқа шалқайған, барлық бітім-тұрысында қағып алуға әзірлік, жүзінде өзгеше бір айбын, ширақтық, елеңсіздік, тіпті, біршама немқұрайлылық пен едәуір селқостық бар. Ал шпалдар жағаға таспен қаншалықты берік бастырылғанына қарамастан, бәрібір, аяқ астында серпіліп тұр, толқын да аяққа соғылады. Ал қарауыз қармаққа түссе, оны тартып шығарып, қармақсапты кеудеңе қысып тұрып сол қолмен ұстау керек, Балықты қармақтан босатып, сөмкеңе не жағаға тастайсың, қармаққа жемді қайта іліп, қармақсапты сермеп жіберіп, бауды қайта лақтырасың. Осының бәрінде тепе-теңдігіңді жоғалтпай, аяғыңды тайдырып алмай, қармақ сабын суға матырып алмауың керек. Қарауыз үркек. Уылдырық қармаққа болымсыз ғана ұстатылады, қармақ сәтсіз тартылса, шығып кетеді де қайта қондыруыңа тура келеді!
Балықшыларды сүт пісірім уақыт бақылап тұрып, оларды терең тебіреніспен құрметтей бастадым. Бірнеше минуттан кейін тастарға сүйенген қалпы көзім ілініп кетіпті, түсімде судағы тастар арасынан шыға келген алып балық аузын арандай ашып: «Ұйықтап қалдың, балықшы!» — деп сақ-сақ күледі. Осы кезде ішімнен бірдеңе салып кеп қалды, орнымнан атып тұрып, аяғымның астында жатқан балықты көрдім. Юрка мен Витя ағай бір күліп алды.
— Ұйықтап қалыпсың! — деп, айқайлады Юрка.
— Қураған бұтақтарды жина! От жақ! Қуырамыз!
Витя ағай қайдан жинайтынымды көрсетті.
Мен от тұтатқанша, жағаға бірінен соң бірі сегіз балық ұшып кеп, қонып жатты. Витя ағайдың айтуынша, үлкен қарауыздардың әрқайсысы кем дегенде екі фунт тартады.
Мұнан соң қармақты қабу тоқтады. Балықшылар жағаға шықты, қармақсапты тасқа тастап, мен көрмеген тәсілмен балық қуыра бастады.
Балықты газетке орап, шоққа салды, одан алғанда газет сәл ғана сарғайыпты, кей жерінде әріптер әлі де көрініп тұр. Балық тамаша қуырылып шықты, енді тек тұздау ғана қалды.
Балықты қуырып, жеп, адуынды толқындарды күтіп отырғанда, Витя ағай маған Байкал туралы айтып берді. Кутлуктың жал-жал асау толқыны мен Баргузиннің ақбас толқыны туралы, ағаштарды жартастың бауырынан суырып алып, суға алып ұратын Сарма желі жайлы, солтүстіктегі Ольхон аралы жайында, Байкалдың жар дегенде жалғыз қызы ару Ангараның сүйгені Енисеймен қалай қашып кеткені, Байкалдың ызаланып, олардың артынан құз-жартастарды қалай лақтырғаны, қазір Ангара басталатын тұста су ағып жатқаны жайлы айтып берді.
Құлақ түріп келемін, неге екенін жан дүнием төңкеріліп түсті. Осы аңыздарды мен білетін сияқтанамын, әлде, есте жоқ ескі заманда біліп, кейін ұмытып қалдым ба екен, бірақ аңыз сарыны қазір айтылғандарға ұқсамайтындай, тіпті, кейіпкерлердің аттары да ұқсас көрінгенімен, басқашалау секілді, бұлай емес еді ғой деп, дауласқым-ақ келгенімен, бірақ ештеңені есіме түсіре алмадым...
Витя ағай әндете жөнелді:
Көне дәуір мұң құшатын,
Ғасырлардың әні еді.
Байкал қозғап жылжытатын
Көкшіл таулар бар еді.
Қазір оның бөлшектері
Суда жатыр шашылып,
Асау ағыс өрнектері
Шоңғалдарды жасырып.
Жүйрік суға ағызған-ды
Өзен, білмес қайырды,
Сақтап қалды аңыздарды
Балықшылар байырғы.
Айтып берер, текті білген
Ұрпақтар, жөн-жосығын.
Жәдігерлер жетті кімнен,
Біле алмаспыз есімін...
Бұл кезде толқындар біз отырған тастарға оратыла бастады, алапат толқындардың шуы барған сайын бізді айқайлай сөйлеуге мәжбүр етті. Қарсыдағы екінші жағалау анық көріне бастады, біздікіне қарағанда еңселі тауларды алғаш рет көрдім, Витя ағай оларды ұшар басына қардан қалпақ киген таулар дейді. Ол жағалау қырық шақырымдай жерде, бірақ одан әлдақайда мойны қашық көрінеді. Оң да, сол жақ та айқын аңғарыла бастады. Қос тарапта да су аспанмен астасып, көктің өзі көлге түскендей, тек әрең байқалатын бір болымсыз сызықтың тасасынан көкжиек сығалайды.
Толқындар жай ғана ағылып келмей, бейне бір оларды біреу артынан итеріп әкеліп жатқандай, асықтырғандай, бұл толқынды ызаландырып, жағалаудағы жақпар тастарға соғылған сәтте сол өшін тастан да, бір-бірінен де алып жатқандай. Сол сәтте су бұрқырап, көбіктеніп, иірімденіп аласұрады.
Жағада жел байқалмайды. Әнеу бір жақта, судың ортасында үйіріле соғып тұр, суды тоқынға айналдырып, сол жақтан оны жағаға қарай қуалайды.
Балықшылар қайтадан шпалдағы орындарына жайғасты. Толқындар шпалдарды шайқалтып тұр, тізеден жоғары соққанда аяқтағы етігің де қорған бола алмайды. Витя ағай үміттене күткенімен қармаққа балық ілінбеді, жарты сағаттан кейін абыржыған балықшылар жағаға шығып, етіктеріндегі суды төгіп, шалбарларының балақтарын сығып, қармақсаптарын жасырды.
От орнының қалдығын суға тастап, төбеге көтеріліп, үйге қарай аяңдадық.
— Біз осы балық жайлы не білеміз, бар білетімініз сол, оған тамақ керек! — дейді Витя ағай әңгіме бастап, — Ал оның тамақтан басқа ісі жоқ па, қандай қажеттілігі бар, ол жағын білмейміз! Балық әдеттегідей толқынмен ілесе келіп, қармақты қабуы керек еді, бірақ қаппады! Йағни, бұл жерде біз білмейтін тағы бір себептер болуы мүмкін. Әлде, тағы біраз күте тұруымыз керек пе еді. Әй, бірақ осы бұйыртқаны да жетер!
Ол балық салынған сөмкені жоғарыға лақтырып кеп жіберіп еді, сөмке бар ауыр салмағымен қолына келіп құлады.
<...>
Жаңғақ жинайтын шақ басталды да, балалар бірінің соңынан бірі Байкал жағалауында бірнеше күн көрінбей кетті. Олар қайтып келгенде қолдарына смоланың қара дағы сіңген, маңдайлары мен мойындарында да шайырдың ізі бар, керосинмен немесе бензинмен оңай кетіруге болса да, балалар балқарағай орманының белгісінен арылуға асыға қоймады. Қалталары толы жаңғақ. Жағалаудағы алау алдындағы әңгіме негізінен жаңғақтың айналасында өрбіді. Біреуі ағаш балғамен балқарағайды қалай соққанын, бір соққанда қалай екі жүз бүршікті қатар құлатқанын, соның оны бірдей басына түскенін айтып мақтанды. Бірте-бірте бір соққыдан құлаған бүршіктердің саны бес жүзге жетті, балалар бір-бірінің сол бүршіктердің ізі қалған желкесіне қызғана қарасты.
Біреуінің соққыдан ағаш балғасы сыныпты, тағы бірінің түнде күркелері өртеніпті, тағы бір құнудың бар азығын түн ішінде сүйретіп әкетіпті, біреулер қыстақтың маңынан аюдың жаңа түскен ізін байқаса керек!
Жалғыз мен ғана тыңдаушы һәм дәм татушы болдым. Бәрі маған жаңғақтарынан дәм татқызды, кімнің жаңғағы әбден шыңдалғанын айтуым керек болды. Мен, тіпті, оны шағуды да білмейтінмін. Балалар қабығын көлденеңінен тістеп алып, мен он шақтысымен әуреленіп отырғанда, олар уыс-уыс жаңғақты шағып үлгерді.
Күн шықты, таң атты, арқама жүкқабымды асып алып, тайганың балқарағайлы нуға апаратын тар сүрлеуіне түстім. Алдымда Светканың әкесі Сережа ағай, Юркамен оның ағасы Витя ағай, артымда өкшелей қуып Светка келеді.
Сүрлеу бірде бұралаңдап, бірде жоғарыға қарай жазылып, енді бірде төменге құлдилап, бірде бұрылыстарға сіңіп кетеді. Жүргенімізге екі сағат болса да әлі шаршаған жоқпыз, қайта қуаныш билеп келеді. Өйткені, Сережа ағай болмағанда, анамның менің бұл сапарға жіберуі екіталай еді. Барғызбаудың амалын жасап, қырық сылтау айтып көрді: әлсіз екенімді, ұзақ жолға шыдамайтынымды, қонаға бара жатқандықтан, түнде суықтап қалуым мүмкін екенін, әлі сырқатымнан толық айыға қоймағанымды, басқа да біраз артық-ауыс себептерді көлденең тартып көрді. Қалай болғанда да мен сүрлеуге түстім, ұзап кеткенім сонша, мені енді ешкім де кері қайтара алмайды!
Біз түнделете шықтық, әуелде, тіпті, аяқ астын көре алмадық. Байкалдың таңғы тоңазытар самалы бізді дедектете жөнелді. Сосын таң атты, сәлден соң арқа тұсымыздан күн көтерілді, маңайдағы құстардың азан-қазан үні құлақ тұндырады. Бірақ біз ұзаған сайын айналаны тыныштық меңдеп, орман түнере түсті. Маңайымыз бұтақтарында, ұшар басында бүршіктер ілінген балақарайға толы. Осы жерден-ақ қалауымызша жинап кетуге болатындай, сөйте тұра, несіне оған мән бермей, алысқа сапар шегіп бара жатқанымызды түсінбедім! Светкадан сұрап едім ол сықылықтап күліп жіберді:
— Басында он-ақ түйіні бар мынаны да балқарағай орманы деп тұрсың ба! Мұнда қалсаң, апта бойы аялдайсың!
Жол бойы бұрын білмеген, ұқпаған көп қызыққа кезіктік, бірақ «жұмыспен» бара жатқандықтан тоқтап, көз жіберіп қарауға мұршамыз болмады. Әсіресе, құмырсқаның үлкен илеуі мен үзіліп түсіп, тамыры төңкеріліп жатқан бүршіктерге таң-тамаша болдым.
Жол бірнеше рет екіге жарылды, осындай айырма жолдың бірінің тұсына келгенде Сережа ағай жатып, маған қарап дауыстап:
— Көрдің бе?! — деді сол беткейімізде қалып бара жатқан сүрлеуді нұсқап.
Сәлден соң бұтақтар мен сырықтардан құралған үлкендеу күркеге кеп тоқтадық. Жылдамдатып шай ішіп алдық та, екі топқа бөлініп, іске кірістік.
Юрка бауырымен бірге бір топта, мен Светка, әкесі үшеуміз екінші топтамыз. Сережа ағай үлкен қайыңды балталап құлатып, кішкене арамен шөрке кесті, ортасынан саңылау жасап, оған ұзын сырық қағып кіргізді. Ол алып ағаш балға болып шыға келді. Ауырлығы сондай, оны тіпті орнынан қозғай алмадым.
Біз Светка екеуміз қап алдық, ал Сережа ағай болса, балғаны бірінші балқарайдың алдына сабымен жерге тіреп қойды, сосын балғаны өзіне қарай бұрып, ағаш діңін соға бастады. Кейбірі дыбыс шығара ұшып, ағаш діңінің айналасына төгілді, бұтақтан әр тарапқа шашылды.
— Жинай бер! — деп айқайлады Светка.
Ағашқа қарай ұмтылдым, жерден түртпектеп жүріп, бес бүршікті әрең таптым. Сережа ағай ағаш діңін тағы бір солқ еткізгенде, арқама бүршік бұршақша жауды, айқайлап мүк үстіне құлай кеттім. Светка ішек-сілесі қата күлді! Оған таяп келгенде қабында елудей бүршік жатқанын байқадым.
Түух, қандай ауыр жұмыс! Сережа ағай соға берді, соға берді, мен ағаштың астын аралай бердім, бүршікті жинағаннан оларды таптағаным көп болды. Светка ештеңеден қорықпай, ағаштан ұшып келе жатқанда-ақ оларды жинап үлгеретін. Бүршіктер басына, иығына соғылып жатты, ол айқайлап, шыңғырып, сақылдап күліп жүр, қалай ауырсынбайынына таңғалдым. Төбемнен бар-жоғы үш рет соқты, соның өзінде басым дүңгірлеп, қолым ауырып, ештеңе тигізбейді, омыртқам шытынап кеткендей...
Үнемі еңкейе бергеннен арқам жансызданып, аяғым сырқырап кетті, бүршіктер мүктердің арасына сіңіп кетіп жатыр, ал мүк арасынан тастар шыға келеді, аяғым, біресе малтығып, біресе қайырылып, біресе тайғанайды.
Бүршіктерді бір төбе ғып үйдік, бірнеше жерге айналдыра топтап, өзіміз әр тарапқа алыстап кеттік, бұл үйінділерді сосын қалай табамыз деп ойладым.
Бұдан әрі бір қадам да аттай алмайтындай күйде тұрғанымда Сережа ағай Светка екеумізді түскі ас дайындауға күркеге жіберді. Светка: «Кеттік!» деп дауыстағанда көзім жыпылықтап, қай жаққа бет бұрарымды білмедім. Светкамені ауыл ішімен алып жүргендей жетектей жөнелді, сөйтсем, жап-жақын екен, біз күркені айналып жүріппіз. Түскі ас дайындап болғанша Сережа ағай мен Витя ағай бүршіктерді күркеге таси бастады. Олар қаппен әкеліп, төгіп, қайта кетті.
Светканың дайындаған сорпасын іштім. Бұған дейін апамның сорпасын ешқашан дәл бұлай ішпеген едім, тіпті, тоймай қалатындай көрдім. Сосын шалқамнан жатып ұйықтап кеттім. Мені оятып, тұрғызып алды, бірден жұмысқа кірістік. Бір қызығы, түстен кейін жұмыс істеу жеңілдей түсті, істің қыр-сырын аздап меңгеріп, бүршіктің қайда құлайтынын шамалап, оларды тез табуды, соққыдан сытылып кетуді үйрендім, тіпті, Светаның өзі де соққыдан қашып кете алмай жүрді.
Кеш алдында бізді тағы да тамақ дайындауға жіберді және бұл тура менің тағы да әбден қалжырап шаршаған кезім болатын!
Үлкендер бүршік тасып, тау қылып үйіп тастады. Сосын құрғақ ағаштарды құлатып, күркеге тасып әкелді. Түні бойы бүршік өңдеу үшін түнде алау жағу керек. Күркеден үлкен брезентті алып шығып, жерге төседік. Сол жерден түрлі көлемдегі тесігі бар темір қаңылтыр — елек тауып алдық. Алау жақтық.
Біраз бұрын тісшелері шабылған үлкен діңгекті көрген ем. Осы тісшелерге бүршіктер салынды, оны тағы тісшелері бар шағын тақтайшалармен соғып, бүршікті үгітеді. Осылайша тау боп жатқан бүршікті түгел өңдеп шығу керек. Одан әрі жаңғақтарды үш елеуіштен өткізіп, соңында тесігі жоқ елеуіште жаңғақтарды отқа қақтап алу керек болады.
Ересектер мен Юрка бүршіктерді үгітті, біз Светка екеміз елеуішке жаңғақ салып, еледік. Жұмыс осылай қызып жатқанда қалай ымырт үйірілгенін, қалай түн батқанын байқамай да қалдым. Үйілген бүршік таусылар емес. Дегенмен, ол сәл ортая бастағанда елеуге Юрка да қосылып, менің жұмысым біраз жеңілдеді. Таза жаңғақты жапырақтар отқа қақталып жатты, маған жаңғақ күйіп кетпеу үшін араластырып тұру тапысырылды, бірақ олар бәрібір күйіп кетті, сыртылдап, жарылған қабығымен тура бетіңе атылады.
— Жаңғақтың қалай табылатынын біліп жүр! — деді Сережа ағай. — Екінші қайтара келгің келмейді!
— Келемін! — дедім мен, бірақ үнім сенімсіздеу шықты.
Не нәрсенің де соңы болады. Ақыры біздің жұмысымыз да аяғына жетті. Тазартылған, қыздырылған жаңғақ бақырашпен жүкқапқа салынды. Маған өзім көтере алатындай мөлшерде — төрт бақыраш берілді. Светкаға да дәл солай. Юркаға алтау берілді. Оған мен іштей әжептәуір ренжідім. Мені Светкамен теңестіретіндей мен Юркадан әлсіз емеспін ғой! Бірақ дауласпадым.
Ал Сережа ағай мен Юрканың ағасының қаптары тіпті сұмдық, оларды біреу орнынан қозғай алатынына сенудің өзі қиын!
— Ал енді қатып ұйықтайық! — деді Сережа ағай.
Күркеде ескі де болса бүтін көрпе, кеудеше де, баскиім де бар екен. Байкал түні әдетте суық болады, оны білетінмін.
Үлкендер алаудың айналасына жайғасты, ал үшеумізді күркенің ішіне бөлді. Юрка бірден күркеге кетті, Светка екеуміз оттың маңында отыра тұруға рұқсат алдық.
Қою түн еді. Айналаның қандайлық қорқыныш бүркіп тұрғанын енді ғана көріп, сезіндім! Алау тек алаңқайға ғана жарық беріп тұр, оның сәулесі екі аттам жерден таусылып, одан арғы маңайдың бәрі үрейлі қараңғылыққа, беймәлім әрі беймаза тысыр мен дыбысқа бөккен. Аспанға қарасаң, балқарағайдың басы қарайып байқалады, ағаштың басы төбеңнен төніп, кез келген сәтте түннің тірі құбыжықтарымен бірге үстіңе құлап түсетіндей. Қараңғылықта бір қозғалыс елестейді, біреу байқатпай жақындап келе жатқандай ма, болмаса, маңайыңда айналсоқтап жүргендей ме, отқа ентелей түсіп, тығыла кеткің келеді.
— Қорқынышты ма? — деп сыбырлады Светка. Маған бәрібір дегендей жөткіріндім.
— Мен үнемі түннен қорқамын! — деді Светка мойындағандай, түннің керемет еместігімен мен де келістім.
Бәрі ұйқыға бас қойды, біз әлі отқа қарап, түнгі дыбыстарға құлақ түріп отырдық. Қою қараңғылық басқан күркеге баруға бойымды қорқыныш меңдеп, осында қалатынымды айттым. Күртешенің иісі сіңген күйімде тісті діңгектің үстіне құлай сала ұйықтап кеттім.
<...>
Байкал күзі бар бояуына малынып үлгермей, аяз ұрып, қар түсті. Қар көп жатпай еріп кетті, соның өзінде бояуды жаншып үлгеріп, бар-жоғы екі күнде өңі солып қалды.
Суық өкпек жел жаңбыр мен дымқыл ауаны қуып кеп, шатқалдың алды-артын орап алған. Байкал дамылсыз дауылдатып жатыр. Енді ол, тіпті, ашық күннің өзінде көгілдір емес, көбіне сұр тартып, қарасұрланып, тек көбік жалды култук желі тұрғанда ғана қою көк болатын.
Байкал күзінің екінші жартысы — жыл мезгілінің ішіндегі ең көңілсізі. Суық жаңбыр,ызғарлы жел, түнеріңкі, суық шырайлы теңіз.
Екінші жауғанда қар еріген жоқ, осылайша қыс басталды. Шатқалды бойлай аққан жылға немесе кішкене өзеннің шетін мұз көмкере бастады, соның өзінде аяздың күш алғанына сенбедік. Кеше ғана жылғада су секіріп жатпап па еді. Алайда, бір күні ол секіріп болып, таңда жарқыраған мұз болып қимыл үстінде қатты да қалды, бұл бір ғажап емес пе, қозғалысты қалт тоқтатып, қатырып қоюға болады деп елестетудің өзі оңай емес қой! Ал мұнда каскадтар мен сорғалап жатқан су зырғып төмен құлап бара жатып қатып қалған, тіпті, тастағы шашырандысының өзі ірі маржан-мұзға айналған, ал тастар жылтыр қабықшаға ораныпты. Дегенмен өзен су асты бұлақтарынан да нәр алатындықтан сәлден соң біршама жерде мұз бастапқыда ісініп, кейін мұз жанартаулары жарылып, су мұз бетіне ентелей ұмтылып жатыр. Мұз үсті-үстіне ұлғая берді. Балалар көктемге қарай кей жерлерде оның қалыңдығы бір жарым метрге дейін жететінін айтты. Өзеннің ең терең деген жерінің өзі тізеден аспаса, мұзының анадай қалың болады дегеніне сенудің өзі қиын.
Маңайды түгел қыс қымтады, аппақ түс жасыл шырша мен беткейдегі балқарағайдан басқаның бәрін жұтып қойғандай, шыршаның өзі ашық жасыл емес, тіпті, жасыл деп емес, жай ғана ақтағы қарайған нәрсе секілді.
Тек Байкал ғана ақ мұзбен көмкерілген жағалауында ең болмаса, шуақты күндерде өзінің қою көктігін сақтап қалды. Дауылды толқын бір жағадан екінші жағаға өрекпіп шапшиды, бейне бір Байкал тоңып, бой жылыту үшін дауыл тұрғызып жатқандай. Қайраңда жағалау мұзы ақ қармауыштарымен алысқа жылжиды, дегенмен, теңіздің аязға қарсы тұрар қауқары бар, ал аяздың теңізді жеңерлік күші әлі де жоқ еді.
Енді балалардың жаңа қызығы — коньки тебу басталды. Коньки пимаға жіппен байланады, ал жексенбі күндері күні бойы тепкенге қандай жіп шыдас берсін! Сол үшін конькилі пиманы болар-болмас суға матырып алып, сосын қарға тығып біраз ұстап тұрса, коньки мен пима берік бірігеді. Аяққа ауыр, есесіне сенімді!
Өлі құздан Байкалдың жағасына дейінгі шатқалдағы үйлерден басқа бос кеңістіктің бәрін мұз құрсаған. Біз қолат айырығына қарай жүрдік, содан ары тоқтамай, төменге түстік, кейде жарықшақтарға жолықтық, ондайда бір жерге үйіліп қаламыз да, тырбаңдап төменге сырғанаймыз, сосын қайта конькиде нық тұрып, Байкал жағалауындағы мұз жолақтарына заулаймыз.
Тағы үш тақтайды қиыстырып, конькиге қоямыз: екеуін артқа, біреуін алдына. Мұндай құрылғы «басқарушы рөл» деп аталады. Оған бір мезетте бірнеше адам жатып, шатқалмен Байкалға қарай заулай жөнеледі.
Кештерде, әр жексенбі сайын шатқалдың іші балалардың азан-қазан шуына толады, бұл кент өміріндегі ең бір шулы, көңілді кезең болатын.




