Кремация

Отанға бәрін бер!
Ешнәрсе кері алма...
Заман сол —
Құрыштай болмасаң шошыр кез.
Бұл өмір — жарқын жаз,
Тоқтама, тек алға!
Алысқа үңілді түк көрмес соқыр көз...
Маман ғой...
От жақты кідірмей, бөгелмей.
Сыр бермес, міз бақпас, біртоға түр қандай?
Болатты балқытты нығыздап, шегендей,
инелік қонғанын қызықтап тұрғандай.

Ақынды сидырған сұр түсті табыт бұл...
Зұлымдық жылуы қаусырды, қармады.
Тозақта өткелсіз отты өзен ағып тұр,
Жағасы көрінбес өлместің талдары.
Маршын ойнайды сарбаздар жер теуіп,
Ақырғы сағатың соққанын баяндап.
Ақ раушан гүлдермен рухыңды көмкеріп,
Христос тұрады жағада... Аялдап...