Менің лейтенантым

(роман қиындылары)

Алғашқы жарылыс

Жап-жас күнімде-ақ майдан даласында қорқыныш бойымды билеп алды. Алғаш рет бомбалаудың астында қалған кезіміз. Біздің халық жасағының эшелоны 1941 жылдың шілде айының басында майданға аттанды. Неміс әскері Ленинградқа қарай тым жылдам жылжып келеді. Екі күнде эшелон Ленинградтан жүз елу шақырым жердегі Батецкая станциясына жетті. Жүк түсіре бастаған сәт еді. Неміс әуе күштері шабуылды бастап кетті. Нақты санының қанша екенін білмеймін, әйтеуір, гүрілдеген ұшақтар аспанды тұмшалады. Балбырап тұрған жаз еді, кенет ұшақ дауысы бәрін бұзды да кетті. Көптігі сонша, күнді көлегейлейлеп, түк көрсетпейді. Мен құлдилай жүгіріп, жақын жердегі бір бұтаның түбіне екі қолыммен басымды бүркей жата кеттім. Әуеден түскен алғашқы бомба айналаны қопарып тастады. Күллі дүние шайқалғандай. Ұшақтар бірінен соң бірі зу-зу етіп, нысанаға қарай бет алды. Олардың нысанасы мен секілдімін. Өйткені, ұшақ қаңғалағынан лықси шыққан ыстық ауа олар жер бауырлай зу еткенде тап бір менің шашыма тигендей, бәрін сезіп жаттым.

Ұшақтар гүрілдей түсті. Бомбалар бірінен соң бірі жарылып жатты. Жарылыстың дауысы мең-зең етіп, тұла бойыма тереңдей еніп алып, есеңгіретіп жіберді. Қалықтаған бомбалардың ысқырығы мен жарылысынан басқа түк естілмейді. Ысқырған сайын ажал жақын келгендей, ештеңе деуге, ештеңе ойлауға мұрша бермеді. Бойымды үрей билеп, қорқыныш жанымды жеп барады. Бір сәтте жарылыстың дауысы сәл тоқтағандай болды. Бомба жарықшақтары тиіп кетпес үшін жер бауырлай жылжи бердім. Ұшақтар қайта айналып гүрілдегенде демімді ішіме тарттым. Сырғыған терді сүрту үшін, басымды сәл көтерген едім, көгілдір аспанның тыныштығы қайта бұзылды. Бұл жолы ұшақтың қара кресті маған құлады. Аяқ тартып, бүк түстім. Шөп үстінде шинеліме орала, қалай тоңқалаң асып жатқаным көз алдыма елестеді. Дәл жанымнан бұрқ еткенде, ұшқан топырақ басымды көме кетті. Ысқырған бомба маған таяп қалғандай, дауысы дәл құлағымның түбіне жетті. Өмірімнің соңғы сәті таяп қалғандай. Демімді ішіме тарта бердім. Дұға оқиын деп едім, бір де бір дұға білмейді екенмін. Құдайға ешқашан сенген емеспін. Алған су жаңа жоғары білімім бар, қала берді, астрономияның, физиканың ғажайыптарға толы заңдарын білгендіктен, құдай жоқ деп есептедім. Сонда да дұға етуге оқталдым.

Мені көк аспанның сатқаны аздай, алған диплом да, жиған білім де көмектесе алмады. Менің өліммен бетпе-бет келіп, ажал құшағында қалған сәтім осы еді. Кеберсіген ернім жыбыр етті. Құтқара гөр, құдайым, рақым ет! Құдайым, рақым ет! Екі сөзді бірнеше рет қайталай бердім. Құдайым, рақым ет! Кенет өзіме беймәлім сөздерді күбірлей жөнелдім. Ешқашан үңіліп көрмеген, тым тереңде жатқан әлдебір ішкі иірімдерден көз ашылғандай, үрейлі сәтте үміт үкілеген сәулелі сөздердің түмені төгіліп қоя берді. Мұндай сөздерді бұрын-соңды айтып көргенім есімде жоқ: — Құдайым, мені қорғай гөр! Бар киелі ұғымдар мен барша әулиелер атынан дұға етемін!.. Жақын маңнан жарылыстың салдарынан біреудің парша-паршасы шыққан денесі көкке көтеріліп, жұлынып кеткен қомақты кесегі іргеме былш ете түсті. Пойыз жолының да тас-талқаны шыққан. Айнала күңгірт тартқан. Жолдар қирап, рельстер майысып, вагондар төңкерілген, терезелер қираған. Мына көріністен жанарымды ала қаштым. Көкөрім шөпке, гүл сабақтарына, майысқан жапыраққа жабысқан қызыл құмырсқаға қарадым. Бұтақтарда баяу ілбіген құртқа да көз салып үлгердім. Тамылжыған жаздың сәнін көріп, астан-кестең болған аспанда құдай жоқ, құдай бар болса, осы шөптер мен бұталардың арасында деген ойға келдім. Иә, құдай осында гүлдердің, құжынаған құрт-құмырсқа, жәндіктердің арасында екен...

Ұшақтар қайта айналып соқты. Шыр айналған ажалдай азынайды, шет-шегі жоқ па дерсің. Бүкіл әлемді жойғысы келеді. Бүкіл әлемді. Мен майдан шебінде емес, осылай қара жерде қаша жүріп, бомбаның астында қалып өлуім керек пе сонда? Белімде граната болатын, бірақ оны жер бауырлап гүрілдеп келе жатқан ұшаққа лақтыра алмайсың. Қорқыныш одан әрі бойымды билеп барады. Қанша арпалыссам да бомбалау кезінде мен қорқынышымды жеңе алмадым. Бұл соншалықты үрейлі еді.

Уақыт өтіп жатты... Өлмедім, тірі де емес секілдімін. Қорқыныштан дірілдеген сілімтікке айналып, түкке де жарамсыз, жай ғана мақұлық іспетті болып қалдым. Елеусіз, ескерусіз...

Ұшақтар ұзаған сайын тыныштық орнап, айналадағы дауыстар анық естіле бастады. Жанған оттың шытыры мен жаралылардың ыңыранған дауыстары шықты. Күйдірілген кірпіштен құйған су мұнарасы гүрс етіп құлады. Күйіктің иісі мүңкіп, қапырық үстіне түтін мен шаң лықсыды. Құстар сайрап, табиғат өз әуенін қайта бастады. Ол үрейді білмейді. Көк аспан тәкаппар қалпымен қайта жарқырайды. Ал мен ұзақ уақыт бойы өз-өзіме келе алмай жүрдім. Өзімнің мұнша қорқақ екенімді енді біліп, өз-өзімнен жиіркендім, қатты күйзелдім.

Бұл оқиға мені бірден сарбазға айналдырды. Басқаларды да. Одан кейінгі жарылыстарды басқаша сезімде қабылдадым. Басымнан өткерген қорқыныштан кейін, келесі шабуылдар мен үшін ауырлай берді. Шабуылдар мен жарылыстар психикаға әсер етеді, сарбаз болу шынында да оңай емес. Қорғансыз екенімді сезіндім. Дегенмен, ысқырған снарядтардың, төбеден құлдилаған бомбалардың қай маңға түсетінін бағдарлай алу ажалдан аулақ жүруге үйретті. Бұл мен үшін қашып құтылып, бой тасалап, жан сақтаудың жолы емес, бұл нағыз шайқастың өзі болатын.

Қарсыласу, ату арқылы, дүлей дұшпанға төтеп беріп, олар санасатын күшке айналдық. Тап осылай күннен күнге қорқынышты жеңе бастадық.

Соғыстың алғашқы айларында каска киген, жасыл шинелді, пулеметтері бар, танктері бар неміс сарбаздары, олардың көкке иелік еткен әуе күштері үрей туғызған болатын. Оларға қарсы тұру мүмкін еместей көрінді. Шегіністер де осы сарындас секемдермен түсіндірілер еді. Жау шебі қару-жарақтың артықшылығымен мықты. Әрі оларда кәсіби жауынгерлер де көп. Біз ше? Ескі-құсқы галифе жапсырып, етік орнына шүберек шұлғанып, бәтеңке киген халық жасағымыз. Шинеліміз бойға шақ емес, баста — пилотка...

Алайда, бірнеше апта, бірнеше айда бәрі өзгере бастады. Снарядтарымыз бен атқан оғымыздың жау шебіне дәл жетіп, олардың аңыраған азалы даусын естіп, шырқырап жатқандарын да көрдік. Ақыры немістер шегінді. Олар шегіне бастағанда да соғыс пен ұрыс толастаған жоқ, жалғаса берді. Неміс тұтқындарынан білдік: олар үшін көк шалбарлы біздер қорқынышты шеп болып саналады екенбіз. Күлкілі көк шалбарлылардың арқасында немістердің асау өзендей арқыраған шебін тоқтаттық. Неміс бөлімшелері Луга шебіне жақындап-ақ келгенде аялдап қалды. Алғашқы бомбалау сәтіндегі күйзеліс те жоғалғандай. Біз енді ешқашан қорықпаймыз!

Біздің әскери шеберлік блокада кезінде айқын көріне бастады. Қарны аш, қару-жарақ пен оқ-дәрі жетпеген сарбаздар 900 күн бойы мықты қаруланған, тоқ әрі қуатты жауға өздерінің өр рухымен қарсы тұрып, майдан шебінен екі елі шегінген жоқ, еш есесін жібермеді.

Менің өз тәжірибемнен түйгенім, қаруластарымның баршасы қорқыныштарын қарсыласу арқылы жеңді. Дәл біздегідей жағдай басқа майдандарда да болғанына, қорқынышпен күрестің онда да толассыз жүргеніне күмән жоқ. Дегенмен, соғыс кезінде үрейдің болатыны анық. Тәжірибелі сарбаздар болса қорқынышқа бой алдырмай, өзін қалай ұстау керегін біледі.

Сарбаздың жеке басындағы қорқыныш пен ұжымдық қорқынышты ажырата білу керек. Мысалы, қоршаудан үрейлену. Ол өздіген пайда болатын нәрсе. Майдандағы неміс пулеметтерінің тарсылы, «Қоршауда қалдық!» деген айқай немесе әуе күштерінің ызбарлы дауысы болуы мүмкін. Немістер қоршаудан шығу үшін жан ұшыра жүгірді. Оларды ұстау да мүмкін болмады. Ұжымдық үрей ойлануға мұрша бермейді. Ұрыс кезінде негізінен үрейден жүйкесі тозғандар, қорқақтар дүрбелең туғызады. Соғыстың алғашқы айларында қоршауда қалып қою қорқынышы бойымызды билеп алды. Кейіннен біз қоршауды бұзып-жарып шығуды үйрендік. Бұл жағын әбден меңгерген соң, қоршауда қалу түсінігі кедергі келтірмейтін болған-ды.

Қорқыныш — біртүрлі сезім. Таңданарлық жағдай, бірақ оған күлкіні қарама-қарсы қойып жатады. Қорыққан адам күлмейді. Ал егер күлсе, қорқыныш та өте шығады. Күлкі үрейді өлтіреді. Оның бар салмағын түкке тұрғысыз етіп, құрығанда, уақытша қуып шыға алады. Осы шамалас жайт туралы ғажап жазушы Михаил Зощенкодан естіген бір әңгіме есіме түсіп тұрғаны.

Жазушылар Үйінде қаламгердің дүние саларынан аз уақыт бұрын кеш ұйымдастырылады. Ол биліктің қырына ілігіп, жарияланбай, елмен кездесе алмай жүрген шағы екен. Кеш жазушының шығармашылық есебі секілді құпия түрде өтеді. Тізім бойынша ғана шақырылған адамдар. Зощенконың көңіл-күйі көтеріліп, қуанып қалады. Себебі, көптен бері жалғыз, ешқайда бармаған, оны шақыруға да қорқатын тұс.

Мерекелік кеш керемет өтеді. Зощенко қонақтарға немен айналысып жатқанын баяндайды. Ол «Менің өмірімнің ең ғажайып жүз оқиғасы» циклін ойлап, қолға алғанын мәлімдеп, бірқатарын майын тамызып тұрып, айтып та береді. Бірақ оқымайды, әлі хатқа түсірмегендіктен, қолжазбасы да жоқ болатын. Осы әңгімелердің кейбірі біздің тақырыбымызға тікелей қатысты. Өкінішке қарай, мен мұны Михаил Зощенконың өзіне ғана тән керемет тілінде емес, есімде қалған күйінде, өз сөзіммен жеткізуге тырысып бағамын.

Бұл соғыс кезінде Ленинград майданында болған оқиға екен. Біздің бір топ барлаушыларымыз орман жолымен жылжиды. Қара суық, күз мезгілі. Аяқ астында сары жапырақтар сықырлайды. Жапырақ сықыры алыстағы дауыстарды тыңдауға кедергі келтіреді. Бәлкім босаңсығандықтан ба, барлаушылар тобы пулеметтерін қолына қысқан күйі тым ұзақ жүрді. Жол бойындағы бұрылысқа келгенде олар немістермен бетпе-бет келді. Абдыраған немістер жолдың бір жағына шықса, барлаушылар әріректегі арыққа секірген. Бір неміс сарбазы сасқанынан кеңес жауынгерлері секірген арыққа домалап түсті. Ол алғашында өзінің қатесін түсінбеді. Сәлден соң ғана қақ маңдайында жұлдыздың суреті бар каскалы жауынгерлерді көргенде тыпырлап қалды. Қорқыныштан айқайлап, әп сәтте арықтан секіріп шықты. Адам бойындай арықтан бір ытқып шығып кеткен ол рекордтық көрсеткіштен асып түскен де шығар. Себебі, оның бойында қорқыныштан туған сұмдық күш болды.

Мұны көрген барлаушылар да, неміс жауынгерлері де езулерін жия алмай қалады. Олар арықтан пулеметтерін шығарып отырған күйі бейшара жас жауынгердің қылығына жақтары талғанша күледі.

Бұл оқиғадан соң бір-бірімізге оқ ату да мүмкін болмады. Күлкі бәріміздің жан-дүниемізді кеңейтіп, біріктіргендей болды. Немістер жорғалай арық бойымен өз жолымен, барлаушылар өз жолымызбен оқ атпастан екі жаққа тарап кеттік.

Жазғы бақ

Қоштасар алдында үшеуміз Петровский сарайының артында ежелгі римдік мәрмәр құдай ескерткішінің артында кездестік. Бұл біздің сүйікті жеріміз еді. Сол жерде ғашық қыздарымызбен кездесуші едік. Жазғы бақта ерекше бір самал еседі. Бақтың шабылған шөбіне күн сәулесі түсіп, ырғала толқиды. Жасыратыны жоқ, бұл мекенде жаныңа тыныштық тапқандай күйге бөленесің.

Бен зениттік бөлімшеге, ал Вадим жағалау артиллериясына тап болды. Ол екеуі де университетте оқып жүргенде лейтенант шенін алған. Үнемі зеңбіректерімен мақтанатын. Екеуінің де жаңа формаларының түймелері түнгі аспандағы жарық жұлдыздай жарқырайды. Шынында, сардар формасы оларды өзгертіп жіберді. Әсіресе, Вадимге ерекше жарасты. Өзі армандағандай әскери бас киім, жұлдыз бейнелі белбеу. Жап-жаңа, жарқырап тұрған форма. Тіпті, дәл оған арнайы тіккендей. Ал Бенге киім кеңірек секілді. Көңіл күйі де жоқ. Оның жүзінен біздің қош айтысатынымыз үшін мұңаятыны аңғарылады.

Менің сыртқы келбетім олармен мүлде теңесе алмайды, тіпті, салыстыруға келмейді: үстімде ескі жейде, аяғымда біреуден қалған етік, шұлғау және күлкілі көрінетін қырлы көк шалбар (бәрі көнетоз, қолданыста болған!). Арада жылдар өткен соң мен сол күннің ескі, көмескі фотосуретін таптым. Ғажап фотосуретші Валера Плотников соңғы кездесудегі үшеуміздің көмескі тартқан фотосуретімізді компьютердің көмегімен Құдайдың жарығына қайта шығарып, түнектен жаңғыртқандай болды. Қараңдаршы! Ұсқынымды-ай! Осы күйімде майданға аттанғам ғой! Олардың мені келеке еткені есімде жоқ, бірақ Вадим айтпақшы (екеуі біршама налыған), мендей «ерекше еріктіні» адамша киіндіріп, дұрыстап қам жасаса болмас па еді?!

Ол кезде барлық жерде айтылып жататын: «Ленинградты кеудемізбен қорғап қалайық!» — дейтін ұранды ашулана қайталап, әбден сынайтын. Кеудемізбен? Басқа ештеңеміздің болмағаны ғой?! Автомат пен танкке кеуде тосу... Ақымақтық емес пе? Алба-жұлба түрімізге қарасаң, жөні сол сияқты... От пен оққа — кеуде!

Мен берген көнетоз киімдердің өзіне разылығымды білдірдім. Броньді шешіп, мені халық жасағына тіркегенін аз олжа көрмедім.

«Жаяу әскерге қатардағы жауынгер болып па?» — деп сұрады олар. Түк білмейтін халық жасағында неміз бар, оларды зеңбіректердің жемі қылады ғой. «Соғыс — кәсіби іс!» — деген, Бен өз шындығын қорғап бақты.

Мен Бен мен Вадимнің жанашырлығына тәнті болдым. Екеуі мен үшін Фортунаның таңдауы секілді еді. Шындығында, университет Вадимге үлкен үміт артты. Оны негізінен теориялық физиканың алыптарының бірі академик Фоктың өзі сенім білдірді. Вадим Пушкаревтың ұлы жаңалықтар ашуға қабілетті екені даусыз болатын. Ал Бен математик ретінде дараланып, оны Лурье қолдады, ол да ірі ғалым ғой. Ғылым докторы, әлде, корреспондент-мүше де шығар.

Мен олардың адал достығына басымды иемін, мені қабылдағандары үшін алғыс айтамын. Әйтпесе, қарапайым инженерді кім көзге ілсін? Олар — нағыз бекзадалар. Олардың жанында қарабайырмын, бұл маған тән тұрпат қой. Бірақ олар да мені бір қасиетім үшін жақсы көрді, әйтеуір...

Бірінші импералистік соғыс кезінен қалған көз — әкесінің құтысына құйылған арақты Вадим қалтасынан алып шыққанда бәріміз бір-бір ұрттап, соңынан суретке түстік. Бенде шағын ғана «лейка» бар еді. Өтіп бара жатқан біреуге өтініш қылдық. Обьективтің жарқырауық көзі бізге қадалып, бір суық есті. Үңірейген мезеттен түнек пен болашақтың бұлдырауын байқадық... Вадим әдеттегідей салқынқандылық танытты. Бен болса, неге екені белгісіз бізді қаусыра құшақтап алды. Сосын бізге жауды тас-талқан қылып жеңуіміз керектігін айтты. «Біз оларды қалай да жойқын соққымен талқандаймыз!» — деді. Өйткені,

Тайгадан британ теңіздеріне дейін

Бәрінен Қызыл

әскер

мықты!

Біз қоштастық. Алайда, бұл жағдайдың ұзаққа созылмайтынына сенімді едік. Қалай болғанда да, біз оларды талқандап тастаймыз.

Сәлден соң жүрегіміз алабұртып, бойымызды көңілсіздік жайлады. Көңілсіздік үмітсіздікке, үмітсіздік немістерге де, біздің басшыларға да жеккөрініш пен ашу туғызды. Қабағымыздан қан жауып тұрып та түңілмедік, сенім де тірі еді.

Содан соң аллеядан шықтық. Ежелгі рим құдайлары бізге қарап тұр. Олар үшін бұл бұрын да болған дүниелер — соғыс, империялардың құлауы, оба, қырғын...

Қараша айында мен Карел майданындағы Беннен хат алдым. Ол зениттік батарея басқаратын. Зорға жазса керек, хатының соңғы жағынан Вадимнің Ораниенбаум түбінде қаза тапқанын білдім. Қалай болғаны белгісіз, университетте бірге оқыған қаруластар арқылы жеткен хабар екен. Бен хатын: «Бірақ мен бұған сенбеймін!» — деп аяқтапты. Ол кезде мен өлімді күнде көріп, әбден бойым үйренген болатын, алайда, мен де сенбедім. Соғыс бойы сенген жоқпын, әлі де сенбеймін.

Сол жексенбіде

Бір қызығы бұл оғаш ойлардың қашан туғанын да білмейді екенмін. Қызықты, әрі кездейсоқ ойлар деп топшыладым да қойдым. Басқа түгі де жоқ. Мендегі махаббат сезімі 1941 жылдың 22 маусымында тұтанды. Бәрі 22 маусым күні таңертең тоғайда серуендеуге шыққаннан басталды. Мойындаймын, менің алғашқыда ол жөнінде ниетім аса жақсы бола қоймады. Сол бір сүргін жылдарда мен әйел затынан күткен нәрсемді алатыныма сенімді болатынмын. Негізінен олардың өзі менің бұл арам ниетімді қолдай жөнелетін еді. «Мен де қалаймын», «кімді қаласам, сол адамдікімін» дейтін. Маған дейін кіммен, қалай, қайда, қашан болғандарында шаруам да жоқ, барды бардай, жоқты жоқтай қабылдадым. Сол уақыттардан бастап мен әйел затымен өз қалауымша ойнап-күлдім. Азды-көпті тәжірибе де жинап үлгердім.

Ал бұл жолы басқаша, мүлдем басқаша болды. Мен оның он екіде бір гүлі ашылмаған қыз екенін сездім. Шындығында, бұл мені қуантқаннан гөрі, үрейлендіре түсті. Ол кезде ар-ұят қағидаларына әлі де құрмет бар еді, «ескірген ережелер» деп есірмейтін ешкім. Кейін білдік, менің бойымды билеп алған қорқыныш, оның үрейінен де күштірек екен.

Көкпеңбек жалқынмен көмкере жарқыраған күн, гүл жарып, берекесі кірген бөртегүл, асыққан аптаптың ащы иісі мен күн мен түн теңелер тұстың тәтті жұпары, ақ шұғылалы түндер мен бойда буырқанған қан, бәрін сезіндік. Біздің қарым-қатынасымыз тым жақындай түсіп, шегіне жеткендей жайымыз бар. Ессіздікке еру немесе бәрін де тоқтату керек болды. Бұны мен де ол да істемеді. Ол менен секем алып, не ойлайтынын айтқысы келгендей, мен де оның сезіп жүргенін түсініп қойып, шым-шытырыққа айналды... Бір-бірімізге қарап, күле бердік. Күліп тұрып, басын шалқайта, қою шашы қайрыла құлап: «Ой, дария-ай!» — дегенде, дауысы қаттырақ шығып, мінсіз маржандай тістерінен тілеуін таныр едім. Небір ұтқыр ойлар ұшқындап, оны сан қайтара жаулауға ұмтылдым. Біздің үнсіз түсініскен, бақытты кезіміз үш айға созылды. Бұл мен үшін жеткіліксіз еді. Оған құштар мырзалардың арасында абыройы асқақтары аз болған жоқ. Солардың бірі оны мейрамханаға апарды, көптің қолы жетпейтін тағамдар, қара уылдырық әперіп, құрмет көрсеткен екен. Осыған мақтанып, менің намысыма тиетін. Орталық зертхананың бір аға қызметкері болды, сөзсіз, талантты жігіт шығар. Бір сылтау тауып, қарсыласымды көрмекке зертханаға бардым. Шынымен, менен биік, бұйра шашты, ақкөңіл азамат болып шықты. Ал Римма еш асыра айтқан жоқ. Ол өтірік айтуды білмейтін, оның адалдығы адамды алаң қылатын.

Мен зауыт кітапханасынан америкалық электротехника журналын алып, түрлі-түсті мұқабасы мен тақырыбы көрініп тұруы үшін оны күртешемнің қалтасына әдейі салдым. Менің де анау-мынау адам емес екенімді көрсін. Ал Дудергофта, тіптен, рекорд орнатып, кең арықтан секірдім. Қайдан келгені белгісіз сол бір сәтте бойымда ептілік пен қайрат пайда болды. Тегімізде бар байырғы қасиеттер оянып, табиғи таза қалпымызға оралғандай күйде едік. Тіпті, тоқылдақ та дабылдатып, өз сыңарына сүйіспеншілігін сазбен жеткізіп жатты. Бұл ғұмырлық күш беріп, еркек атаулыны аталыққа тән арда болмыстарына бастап, алапасын арттырып жатқан көктем жарықтық қой!

Тылсым табиғатпен тоғысып, толық бақытқа бөлендік. Біздің бәріміздің қанымыз бір. Біз де ән салып, көкмайсаға аунап, алыса аламыз.

Біздің алдымыздан орман сәулетшісі арнайы салған, жасыл желек жамылған, оңаша бір орын ашылды. Құлай кеттік те құшақтасып, аймалап, ақырын ғана қол ұшын тигізіп, құштар көңілге ерік бердік. Түп-түзу, тап-таза тістері, жалбыздай жұпарлы демі мына тұмса табиғатпен тұтасып кетіп, ал мен мына күннің өзін, балғын, бейкүнә жапырақтарды сүйгенмін, сірә.

Кейін: «Басқа ерін, басқа тәннен бұрын бұндай ләззат сезінбеуімнің себебі не?» — деп, өзімнен сан қайтара сұрадым. Олар да жас, олар да сұлу еді ғой.

Төбемізден төніп тұрған терек күнді торына түсіріп әлек, ыстығы мен ықыласы ымыра тапқан тамаша мезгіл болады-ау. Кенет «сол жақтан, оң жақтан, тез» деп бұйырған, қатал, дөрекі дауыстар, оларға жауаптар тым жақыннан естілді.

Орнымнан тұрып, пилотка киген сарбаздардың бастарын көрдім. Олар тізбекпен алға жылжып, кілт тоқтап, әлдебір белгілерді қадап жатты. Алдымызға жағасына қадаған текше түймесі бар кіші лейтенант жақындап келіп:

— Кетіңдер, дәл қазір бұл жерде бола алмайсыңдар, — деді.

— Не боп қалды? — деп сұрадым.

— Соғыс, — деп, қысқа қайырды да келесі бір жаққа жүгіріп кетті.

Бізді бақыттан айырып, қуып шығудың бұдан ақымақ жолын ешкім ойлап таппас. Құстарға ән салдырып, миығынан күлген күннің де мұндайға сенгісі жоқ секілді.

Римма екеуміз қол ұстасқан күйі күлдік, жүрдік, жүгірдік... Ол еркелеп, еліктіріп, мені одан сайын отқа орай берді.

Кештетіп оралдық. Пойыз толып кеткен екен. Біз тамбурда бір-бірімізге тіреліп тұрдық. Мұнымызға қуанбасақ, бір мысқал да мұңайған жоқпыз. Айналадан соғыс, бомбалау туралы әңгімелер бір толастамады. Кіммен соғыс? Немістермен бе? Мен шынымен таң қалдым, сенбедім, бірақ оның рас екенін түсіндім. Бұл ақиқатты анық елестете алмадым, алайда, ел қатарлы алаңға бой алдырдық, рас.

Біздің ғашықтық дастанымыздың ары қарай қалай боларын білмедім, тез түгесілуі де мүмкін еді. Мен бұрын да өткерген күй ғой, жастық та жаңа сезімдерге құш­тар-ақ.

Естіген жаңалығымның рас-өтірігін тексеріп, анық-қанығын білу үшін мен вокзалдан зауытқа тура тарттым.

Зауытта халық жасағына жазылу басталып та кетіпті. Партия мен комсомол комитеттерінің алдында ауқымды кезек пайда болған. Мен де жазылғанды жөн көрдім: Менсіз қалай соғыспақ бұл ел?

Ол кезде бойымда нендей сезімнің болғанын, қандай мақсатты діттегенімді анықтай да алмадым. Отанымды сүйдім бе, даңққа құмарттым ба, білмеймін. Мен соғысты шындап қабылдаған жоқпын. Бар-жоғы Германияны аралап, нацистерге сабақ берудің бақытты мүмкіндігі туды. Менің авантюризмім күтпеген жерден, оғаш формаларда көрінді. Бірде Юрий Олешаның Ленинградқа келгенін біліп, оны көруге «Европейская» қонақүйіне бардым. Мен оның «Қызғаныш» романын жаңа ғана оқып, сүйсініп, оған өз пікірімді білдіруді жөн көрдім. Алдымен досым Костяны көндірдім. Енді міне екі студент Юрий Карловичтің бөлмесінің есігін қағып жатыр. Ешқандай гүл, сыйлыққа арналған торт, тіпті, лайықты сылтау да қарастырылмады. Олеша әйелімен шәй ішіп отырды. Мүмкін шарап та шығар. Оның мен үшін еш маңызы жоқ. Табалдырықтан аттай сала оған өз оқырманының асқан қуанышты сезімі мен ризашылығын жеткіздім. Оған айтатын сөзімді біраз уақыт бұрын баспалдақта аздап дайындап алғанмын. Юрий Олеша бізді үнсіз тыңдады, ары қарай не болатынын күткен болар. Бұл сәттегі тыныштықты оның әйелінің бізді шақыруы үзді.

Содан кейін не болғаны есімде жоқ. Юрий Олеша өзінің сценарийі бойынша түсірілуі керек фильм туралы бірдеңелер айтты және біздің қайда оқып жатқанымызды сүлесоқ сұрады. Біздің көкейімізде мәңгі сақталып, жадымызда жатталып қалатындай ештеңе айтпады. Біз жүздесуді ерекше бағалай алмадық, бейберекет кездесу болды. Жоқ, кітабын қолымызға алып, сан қайтара оқыған Юрий Олешаны көзімізбен көрдік. Сұлу сөздің зергері бола тұра, өзгелердің кітаптарын да көп оқитын ғажап жан еді.

Олар мені халық жасағына алған жоқ, мен танктердің бас конструкторы Ж. Я. Котиннің қарамағындағы СКБ инженері болып тіркелдім. Партия комитетіне, дирекцияға, комсомол комитетіне шағымдандым. Шағымданар түрлі тараптар көп болды. Бір аптадан кейін мен «броньді» шешіп алдым. «1-ші ДНО» халық жасағының бірінші бөліміне тіркелдім. Мен аса бақытты едім. Не үшін?! Анығы, махаббат мені тоқтатып, жалындай бастаған сезімдер сабырлы етіп, жаңа танктің жұмысы бар отансүйгіштікті қанағаттандыра алар еді.

Соғыстың үшінші айында мен өзімді-өзім түсінуден қалдым. Ойларымды, әрекеттерімді, басымнан өтіп жатқан жағдайларды ұғына алмадым.

Иә, Вадим, Бен, Илья, Леня секілді достарымның барлығы дерлік әскерге кеткен. Бұлар арнайы жұмылдыру кезінде шақырту да алды. Костя да мен сияқты «бронь» ғана ұстап тұрған жігіт қой, өзінің радио институтында қалуға бар-жоғын түгел салып, қос қолымен тырбанып, барынша тырысып бақты.

— Мен елді кеудеммен қорғамаймын, — деді ол.

— Бұны сөзбе-сөз қабылдауға болмайды. Бұл — астарлы мағына.

— Олар саған мылтық берді ме? Жоқ? Міне, бітті. Немен ұрыспақсың?

Мені енді ешнәрсе тоқтата алмады, мен Римманың алдына көк қиғаш галифе, біреуден қалған көне гимнастерке, мата шұлғанған ауыр бәтеңке киіп шықтым. Білемін, күлкілі көріндім, бірақ сол сәтте өзімді атты әскер сарбазындай, сайыпқыранша сезіндім. Белбеуде тапанша болса ғой, бірақ олар газға қарсы тұмсыққап пен жанғыш қоспа ғана берді (дәл кетер кезде!).

Маған оның неліктен мені өзгелерден артық көріп, ұнатқаны басты жұмбақ болды. Кедей жанұядан шыққан, әкесі сібірде қалған, өзі жаңа бастаған инженер, сұлбасы да мәз емес, ән салмайды, еш аспапта ойнамайды, спортшы да емес... Иә, мұның сыры неде? Махаббаттың құпиясын түсінуге деген мәңгілік талпыныс бұл.

Оның маған қыздай қосылуы махаббатының мінсіздігін, одан маңызы еш кем түспейтін тұстарды да меңзеген. Қыз арының амандығы ер адамдар үшін ештеңемен салыстыруға келмейтін тазалықтың белгісіндей ғой, бұл түн менің де есімде мәңгі қалды. Көрші бөлмеде әпкем мен анамның барын білеміз, сықырлауық кереуеттен еденге ауыстық; ес-түссіз құшып, жануарларша жұлқына жандасуға, айқайлап, ырылдап, ұлуға мүмкіндік бермеген қараң қалғыр дыбыс өткізгіштіктің дымын қалдырмай сөгіп бақтым. Махаббаттың бастауындай бір бұта жұлдыздарға ұмтылып, бұл сезім мәңгі тұрардай көрінген-ді.

Майданға аттанар алдындағы соңғы қала апталары, дивизияның жасақталуы, Шереметьевский саябағындағы оқу-жаттығулар, азық-түлік карталары, бомбалау — бәрі бір-бірімен байланысты, еш кедергісіз өтіп, біздің сезімдерді сонша асықтырып бара жатты.

Тәжірибесіздік бәрінде болды — соғыста, махаббатта, азық-түлік карталарында. Ешкім азық-түлік жинаған жоқ, эвакуация туралы да ойлаған жоқ. Ал біз де қиялға берілмей, ештеңеге қарамастан, бірден АХАЖ-ға бардық. Бұл менің ұсыным еді. Мен Римманың жүрегі мен қолын сұрап, сырлы сөздердің бірін де айтпадым, таза іскерлік ұсыныс білдірдім. Бұл 1941 жылдың қыркүйегі, соғыстың үшінші айы еді. Немістер Пушкинге жақындап қалған. Мен бұл некенің де, өз болашағымның да жоқ екенін білдім. Себебі, Германияны жеңу оңай емес екеніне, бұл соғыста жаяу әскердің аман қалмайтынына өзімді көндірген едім. Соғыстың бірінші жылы бір сарбаз орта есеппен майдан даласында тек төрт күн ғана аман жүрген. Римманың ең болмағанда, жас сарбазға деген алғашқы махаббаты есінде қалар. Кейде ол күрсініп, кейде тәтті сағынышпен еске алар. Лирика!

Болмашы ғана тиындық құны болғанымен, аттестатты оған қалдырғаныма қуандым.

Чайковскийдегі тіркеу кеңсесі жабық, бомбадан қорғанатын қалқаға кетіпті. Владимирскийдегі АХАЖ бөліміне снаряд түскен. Стачкалар алаңына бардық. Біз бір тіркеу кеңсесінен екіншісіне баруға, екі рет, үш рет тіркелуге, баспалдақта күтуге дайын болдық... Біз бәріне де дайын едік. Ақыры ойлағанымыз орындалды, ол төлқұжатына мөр бастырды, менің жауынгерлік кітапшама мөр басылмайтын.

Әттең, сол кездері қала гүлсіз қалған еді. Біз Невскийде «Норд» дәмханасынан тосап қосқан бәліш, кофе, шарап алдық. Даяшы біздің үйлену тойымыз екенін біліп, эклер әкелді. Үстелдегі бос орындарды Римманың бақыты, оның көздері, оның күлкісі ерекше шуағымен толтырды. Көру керек мұны. Әйел үшін үйлену тойы көп нәрсені білдіреді. Мен оған таң қалдым. Жарымның жамалына сүйсіне отырып, одан әзілмен құймақ пен бәліш жасауды үйренуін талап еттім.

Біз ары қарайғы өмірімізге ортақ ешқандай жоспар құрмадық, мен майданға, ол зауытқа оралды. Жылы күн еді, жазғы көгілдір көйлек, терең ойылған омырау тұсы, тотыққан кеудеде жатқан кішкентай алтын медальон. Сосын... жібек қаракөк шарф, әлде, орамал... Кенеттен оның әкем мен шешемнен басқа, мені есте сақтайтын мына ғаламдағы жалғыз адам екенін, ол арқылы мен бұл әлемде әлі де біраз уақыт өмір сүре алатынымды түсіндім. Ол мені күтеді, ал мен оны алғы шепте шексіз сағынатын боламын.