Сағат

1

сағаттар қалай жүрмек керек
сағатты қалай білмек керек
сағатқа қалай кірмек керек
жөні бар деп ең жолы бар деп ең
әлбетте
сырт сырт
сырт сырт
сырт сырт
қалды ептеп бар ма өкпең

кілт! кенет!
ағатты күрт бөгеп
тағатты кілттемек
сағатты білмек керемет дегенмен
бұлт сөгер түйсікке түрткі емес
сағатқа кірмек керемет дегенмен
жұрт сенер мишық кем қырт кеңес
сағаттар жүрмек керемет дегенмен
не керек
қисық кер құртты егес

сырт та емес сыртта емес

сонымен
сағаттарға кіру тараптарда жүру серіппелердің жолымен
сонша маңызды мұнда қадамды тежемек
сағат сарайындағы ғаламды межелеп
сыртта тап іштегідей солақай үстеп үрей
сәт санап күн құлатқан түнді ұнатқан
сағаттар кімді уатқан
сырғып аққан бір төрт йа үштегідей

2

сағаттың құрылғысы мығым күші адамның абақтысы
секөндтерді шідерлейтін
минөттерді жүгендейтін
уақытты ауыздықтап
бетімен жібермейтін сағаткісі

басқаша болуы мүмкін бе
оларға еркіндік мұрсат бер
тұра қашар шіркіндер
мезет мезетімен бір сәтте
кезек кезегімен біртіндеп
безеді де секөндтер ұшқыр
ұстатпас тұзаққа түскір
тұрлаусыз тұс бұл

3

уақыттың зырлауы деп еді ақын қыз
қайдан йа қайда еді айтпады пақырмыз
бізді елең қылмауы мұң шарқ ұрып жатырмыз
шерменделері шырмауының
уақыттың зырлауының