Авиатор
(романның қиындысы)
Түскі астан соң Гейгер кетіп қалды. Мен оны Валентина кіргенде, дәлізден көрдім, үстінде пальтосы, қолында қалпағы бар еді. Баспалдақ пен еденнен аяғының тықыры ақырын ғана естіледі. Екі күн бойы, арманым болса да, Валенитинаның өз жаныма жатуын сұрамаған едім. Гейгердің рұқсатына қарамастан (оған ерегес пе?), Тап қазір — өтіндім.
Міне, ол менің жанымда, алақаны менің алақанымда. Толқынды шашы құлағымды қытықтайды. Екеуміздің үстімізден түседі деп ойлаудың өзі — мен үшін қиын. Басқа үшін, айыпталу, мүмкін, тіпті, әдептен озу қорқынышты емес, әдепсіздік — барлық тосын сыйлардың алғашқысы, ал оның ақыры... Алайда, бұл жерде бәрі сондай нәзік, сондай үрейлі әрі түсініксіз. Бұл — бір кездері шынайы болғанға ұқсас сезім. Мен Валентинадан «Дәл осындай сәтті басыңнан өткердің бе? Әдемі естеліктер жаңғыра ма, мүмкін естеліктен гөрі шындыққа жанасар бір нәрсе есіңде болар» деп сұраймын. «Жоқ» деп жауап береді. Ештеңе болмаған жағдайда, естеліктер қайдан болсын?
Бұл — менің басымнан өткен жағдай, шынымен-ақ, бұл менің ойлап тапқаным емес қой. Біз қолымызды айқастырып, төсекте осылай қатар жаттық. Демімді жұтып қойғандай, дәл осы сәт көзден бұлбұл ұшпасын деп, мен, тіпті, жұтынудан қорықтым. Сол әрекеттерімді ақтау үшін де әдейі жөтелдім. Бұл — біздің бар екеніміздің айғағы. Біздің айрандай ұйыған, ғажайып сәтіміздің ауада ыдырап, жарасымдылығымыздың жібі сетінемеуі үшін, тіпті, буынның сықырлауынан да үрейлендім. Маған оның әппақ білегі, сүйріктей саусағы да жеткілікті еді... Бүкіл әлем оның тырнағына татымайтын. Мен жазып отырып, қолым қалтырайды. Мүмкін, дене қызуынан... Ұлы сезім алдындағы дәрменсіздіктен бе? Бұдан бөлек барлығын да менен бүгеді. Бұл не болды?
Көз жасымды көл етіп:
— Бұл не болды? — деп Валентинаға айғайлаймын.
— Өмірімнің бақытты сәттері неге толық есіме түспейді?
Валентина бозарған еріндерімен менің маңдайымнан өбеді.
— Онда ол, бақыт болмауы да мүмкін ғой.
Мүмкін. Бірақ мұны ұғу үшін, бәрін еске түсіру қажет.
Есіме түсті. Мұз құрсаулы өзендегі трамвай рельстері. Бір жағадан екінші жағаға қарай жол салған электр трамвайы, сосын, терезелермен жапсарлас орындықтар. Вагон жетекшісінің қабағынан қар жауып тұр, басқа жағалау көзге көрінер емес. Шамның әлсіз ғана жарығынан жол әрең көрініп, жарық шағылысқан сайын жарылған мұздар қорқыныш тудырып жатты, білемін. Вагон жетекшісі бойын жинақы ұстаған, осы көптің ішіндегі еш үміт үзбейтін мықтының өзі болып шықты. Кондуктор — рухты адам, қолындағы фляжкасынан бір жұтым ұрттап қоюды да ұмытпайды. Бұнысы — суықтан қорғанғаны, айлы түннің аязында да ақылын жоғалтпай, сергек жүргені жөн. Бес тиынға билет сатып, суық сорған саусағымен жыртады. Астынан су, бүйірінен боран қысса да, мұздағы кішкентай шам қараңғыда жоғалған үлкен шпильге ұмтылады. Мен бұл шпиль мен өзенді танимын. Мен енді қай қалада тұрғанымды білемін.
Бейсенбі
Мен Петербургті шексіз сүйдім ғой. Өзге жерлерден мұнда оралғанда, ерекше бір бақытты сезінетінмін. Оның гармониясы балалық шағымда әбден жүдетіп, үрейлендірген хаосқа да қарсы тұра білді. Қазір мен өмірімдегі оқиғаларды қалпына келтіре алмаймын. Тек осы хаостың дүлей толқындары бойымды билеп, буындырғанда, бұлардың баршасы бар екпінімен барып соғылар арал — Петербург туралы ойдың құтқарғаны есімде...
Валентина жұмсақ жеріме укол салып берді. Дәрумен деді-ау деймін. Аштысын-ай. Осы шприцтер бір түрлі жағымсыз, кәдімгі дәрі егетіндері жақсы бұдан гөрі. Мен ойымнан шатастым, шамасы...
О, иә — гармония. Қаталдық. Міне, көшенің тура ортасында бәріміз келеміз. Қос қапталымдағы әкем мен анам мені орталарына алып, Театр көшесін бойлап, Фонтанкадан Александр театрына кетіп барамыз. Гармония осының өзі ме дерсіз. Міне, үйлесім тауып, кетіп барамыз. Әкем маған үйлердің арасындағы қашықтық олардың бойымен бірдейлігін, көше ұзындығының үйлердің биіктігінен он есе үлкендін айтып келеді. Театр биіктеп барады, жақындады... қорқынышты. Аспанда түйдек-түйдек бұлттар жөңкіледі. А, иә, айтпақшы, кейін мына көшенің атын өзгерткен, әйтеуір, бірнәрсе деп атады... Не үшін?
Есіме өрт түсті. Өрт емес екен-ау, оны сөндіруге Невский жағынан қалай барғанымыз екен ғой. Күзгі уақыт болатын, кеш түсіп, қас қарайған. Алдымыздағы шұбар атты шабандоздың аузында кернейі бар, «Апокалипсис періштесі» ме дерсің. Шабандоз кернейлетіп, өрт сөндірушілерге жол ашып келеді. Ат айдаушылар жылқыларын қайырып, жол жиегіне қарай шығарды. Міне, Невский бойында өрт сөндірушілер отырған көлік зымырап барады. Бастарына каска киген олар бір-біріне арқасын беріп, үлкен көлікке жайғасқан, төбесінде өрт сөндіру бөлімінің туы желбірейді. Туда қоңырау соғып тұрған брандмейстер бейнеленген. Өрт сөндірушілердің өз қайғысы өздерінде, мүлдем мазасын жоғалтқан жанарларынан қызыл өрттің жалқындарын байқауға болады.
Жүргіншілерге қарсы беттен, «өз өртіне» көміліп жатқан Екатерина бағынан өрт түстес күреңсары жапырақтар ұшқындайды. Біз анам екеуміз шойын торды қапсыра құшақтап, қатты ұстап алған күйімізде ауада қалқыған жапырақтардың жерден қалай көтеріліп, Невский бойымен қалай қалықтап ұшқанын, сол бір сиқырлы ахуалдың арбаға ауысып, оның да салмақсыз сағымша сырғып өткенін бақылаймыз. Өрт сөндірушілер, олардың артынан құрал-сайман, сатылар мен сан құрылғылар тиеген көлік, соңында медициналық фургон зулап барады. Мен көз жасымды тыя алар емеспін. Анам «қорықпа» деп жұбатады, ал, мен қорқыныштан емес, лықсыған сезімнен жылап тұрмын. Олардың ерлік істері мен даңқы, еш шарасыз тұрған топтың маңынан қоңыраулатып өтіп бара жатқаны жүрегімді тербетті.
Мен брандмейстер болғым келді. Өрт сөндірушілерді көрген сайын талай рет өз қатарларына қабылдауын үнсіз өтіндім. Невскийден өтіп бара жатып, өртке қарай бет алдым деп ойлайтынмын. Алау арасында қандай күйде болатыным белгісіз, сол бір сәтте салтанатты қалыпта (сәл мұңайған сыңайым болмаса), елдің ыстық ықыласына бөленіп, жанарлардағы жалынды сәлемдерге көз қиығымен ғана жауап қатқан жайым бар. Құдайға шүкір, мен өрт сөндіруші болмадым. Қанша уақыт өтті, өкінбейді екенмін.
Сенбі
Кеше күні бойы тексеруден өттім. Біртүрлі қызық сезім екен... Еш жерім ауырған да жоқ, тіпті, ешқандай жайсыздықты да сезбедім. Таңқалдырғаны — көзге таңсық құрылғылар, мен мұндайларды мүлде көрмегенмін. Әрине, мен құрылғы-қондырғылардың маманы емеспін, олардың сырын ұқпасам да, бар айта аларым: бұл бір бөлек, ерекше таным екен.
— Ұзаққа дейін ес-түссіз болдым ба? Жаңа құрылғылар пайда болғаны да көп жайды аңғарта ма? — деп мейірбике Валентинадан сұрадым.
Сұрағыма жауап берудің орнына Валентина менің жанымда қисайды.
Менің шашымды сипады. Дәл осылай бір кездері Анастасия да сипаған еді. Қарай гөр, кенеттен аты да есіме түсті. Оның кім екені, мені не үшін еркелеткенін есімде жоқ. Бірақ Анастасия екені анық. Нәзік саусақтарымен шашымды салалағаны, бір сәт тоқтай қалып, ойға бататыны, құлағыма жәй ғана сыбырлайтыны есімде. Кей-кейде маңдайын маңдайыма тақап, ойда жоқта менің шашымның бір шоғын өз шашымен қатар қойып, бірге өрер еді. Екі түрлі: ашық және күңгірт. Екі бөлек екендігімізге қатты таңырқағанбыз.
— Сіз не ойлап жатырсыз? — дейді Валентина.
— Маған «сен» де, жарай ма?
— Сен не туралы ойладың?
Ештеңе емес. Ойлайтындай ештеңе жоқ — есіме ештеңе түсер емес. Жадымда сақталғаны әрі маған одан мұра болып қалғаны — Анастасияның есімі ғана. Оның бидай иісі аңқыған шашын да ұмытпадым. Мүмкін, есімде қалған осы бір әсерден бе екен, Валентинаның шашының иісі — жаныма жақын. Осы бір бидай исі сіңген шашы (ол да бидай иісті) бір кездері мені бақытқа бөлеген жайды еске салады.
Жексенбі
Гейгер маған «Робинзон Крузоны» әкелді. 1906 жылы шыққан екен. Емлесіне қарасаң, жаңа емес, революцияға дейін шыққан. Бұл кітапты балалық шағымда оқыған едім. Бұл оны қайдан білсін? Көзім жұмулы болса да, мен кітапты қолыма алғаннан-ақ, «соқырға таяқ ұстатқандай», бірден білемін. Мұнда Анастасияның шашының иісі бар. Сиясы кеппеген типографиялық бояудың хош иісі мәңгі жадымда қалып, санамда сақталған. Бұл жаһан кезген жылдардың жұпары еді. Хош иісті әр парағының сыбдыры аса үлкен, ашық жасыл түсті, бедеріне таңғы мөлдір шық тұнып, баяу ғана тербеліп, Робинзонды аптаптан арашалаған арал жапырақтарының үніне ұқсайды. Кітапты қайта парақтап, таныс жайттарға үңілемін. Әр жолында менің өткен шағымның бәрі де қайта тірілді: әжемнің жөткірінгені, ас үйдегі пышақтың құлаған дыбысы, тап сол тұстан шығып жатқан қуырмаш исі, әкемнің папиросының түтіні... Кітаптың шығу мерзіміне қарағанда, барлық аталған оқиғалар 1906 жылдан ерте болмаған.
Дүйсенбі
Дастархан басындағы адам сәл еңкейіп отырған қалпы дөңгелектеп тураған шұжықты аузына тоғытып жатыр. Бұл — есіктің саңылауынан көрінген көрініс болатын. Мүшкіл хәл ғой. Күрсініп, ыдысқа құйылған арақты тамсана тартып жібереді. Анда-санда көзін терезеге жүгіртіп қояды. Қорғасындай балқыған жапырақтар жерге қарай көлбеңдеп саулауда. Жел мүмкіндік бермей, жапа-тармағай ұшып жатыр. Қараңғылық тұмшалаған дәлізден бәрін бақылап тұрмын. Менің бақылау орным есіктің маңайы емес, сондықтан, көзге түспеймін. Қызық. Аңдып тұрғанын білмейтін жанның шарасы қандай болмақ? Ешқандай да емес... Мұңнан арылмаған кейіпте, шұжығын асаған қалпы, арақ толы ыдысын аузына төңкереді. Кесесін алмас бұрын газетке қолын сүртіп қояды. «Баяғы жартас — бір жартас». Түк те емес, тек санаға сіңіп үлгерді. Бұл қай жерде, қашан болған? Белгісіз.
Мен сауығып келем, дене қызуым 37,5-тен жоғырыламады. Әлденіп, күш жинап келемін. Әлім кеткенше төсекте отыруға қауқарым бар, бірақ тез шаршап қаламын. Мынадай бір азаптаудың түрі болған: адамның аяғын жерге тигізбей, тар орындыққа матап, отырғызып қояды. Не ұйықтатпайды, не иіліп-бүгілуге мүмкіндік бермей, қолын тізесіне таңып, аяқтары күп болып іскенше қинайды. Бұл — тірідей көрге жібергенмен бірдей. Басымдағы шым-шытырық ойлар қандай десейші...
Баянды басқа арнаға бұрғаным жөн шығар, абзалы: Міне, біз Лиговтағы Полежаев саябағындамыз. Маусым айы. Кішкентай ғана Лиговка өзені бар, алайда, саябақта ол көл тәрізді көрінеді. Саябақтың кіреберісіндегі күйме мен ландоның көптігі сонша, мен әкемнен бүкіл қала көшіп келген бе деп сұраймын. Қас қағым сәтте, әкем менің сұрағымның тереңдігі мен ойсыздығын салмақтап, ақырын ғана: «Жоқ, бәрі емес», — деп үн қатады. Негізі, менің сауалымда бақыттың иісі аңқып тұрған еді, себебі, мен халықтың нөпірін қалаймын, жақсы көремін. Ол кезде, әрине.
Бірнеше дастархан, самаурын, патефон көкмайсамен жараса кеткендей. Бізде патефон жоқ, маңайымдағылардың оның құлағын бұрағанына қызығып қараймын. Кім отырғанын ұмыттым. Көз алдымнан сол бір көрініс кетер емес. Сәлден соң қарлыққан үн, үздік-создық әуен жетті. Мәз емес, бірақ... Музыка. Кішкентай ғана ән салғыш қорап — көз қызықтырады. Сол кездегі менің қол жетпес арманым еді ғой. Оған кішкене суық тигендіктен, қамқорлық керек. Қастерлеп, жылы пештің түбіне қымтап қою ләзім. Құлағын айналдырғанның өзі — құдды бір әлемнің тұтқасын ұстағанмен тең. Одан төгілген әлсіз, қарлығыңқы дыбыстар ғаламат сиқырдың кілтіндей. Қолымды әуен ырғағымен үзіліссіз қимылдата, бейне бір Моцарттың күйін кештім. Дирижер таяқшасының серпінді екпіні аспапқа жан бітіргендей, тіпті, жердің тартылыс күшіндей... түсіндіру мүмін емес. Құлаққа жағымды әуенді қайталап, оңашада өз-өзіме дирижер болдым. «Болмасам да ұқсап бақтым», жаман емес сияқты. Брандмейстер болуды армандамасам, мен, әрине, дирижер болар едім-ау.
Маусымның бір кешінде біз дирижерді де көрдік. Ол сиқырлы таяқшасына байланған оркестрімен баяу ғана жағалаудан ұзай берді. Саябақтың үйреншікті оркестрі де емес, үрмелі-симфониялық та емес бұл. Қандай құдіреттің күшімен сыйып кеткені белгісіз, салға жайғасып, оның музыкасы судың әр тамшысына айналып, айдынға тарап жатты. Салдың айналасында жүзген қайықтар мен үйректер дыбысының музыка үнімен үндесуі — әдемі. Бұл дыбыстар тіпті дирижерге қанат бітіргендей еді. Қаншама музыканттар қаумалап тұрса да сол сәтте дирижер жалғыздықты сезінді. Бұл мамандықтың өзіндік мұңы, өзіне тән беймәлім трагедиясы бар. Брандмейстер тәрізді отпен де, жалынмен де байланысы болмағандықтан, жарқырамаса да оны ішкі табиғаты жүректерді жаулайтын, қуаты мықты, тегеурінді, қайратты еді.
Сейсенбі
Азық-түлік карталарын мына төрт санаттағылар алған-ды:
Біріншісі — жұмысшылар. Бұл күніне бір фунт нан. Толық жететін.
Екіншісі — қызметкерлер, күніне төрттен бір фунт нан.
Үшіншісі — қызмет етпейтін зиялы қауым, сегізден бір ғана.
Төртінші — буржуазия. Бұлар да сегізден бір, тек екі күнге. Өзіңнен ештеңе аяма, кең көсіл...
Гейгерден азық-түлік карталары бар-жоғын сұрағанда, ол жойылғанын жеткізді. Құдайға шүкір. Карточкаларды ауыстырған құрысын, әсіресе, сабын мен керосинге.
8-ші жолақ пен ортаңғы жолдың бұрышынан Васильевский аралында жаңа тарату пункті ашылыпты. Петроградтан тікелей бардым. Жаңа жер туралы көбі хабарсыз, әдетте кезек аз еді. Жел күшейіп, қар ұшқындайды. Құлақты шымшылайды. Олар маған әжемнің орамалын ұстатқан (әжем марқұм болып кеткен еді). «Сұлуынан жылуы» деп, қалпақтың үстінен орап алсам болар еді, мен ақымақ өзімше ұялдым. Тучков көпірінде мен желмен қоса ұшып кете жаздадым. Амалсыз сөмкеден орамалды шығарып, басыма бүркеп алдым. Ақ түтек бораннан ешнәрсе көрінбейді. Қарлы боранда бойды буған қайдағы ұялшақтық? Мені көрген жан болса, кім тани қояр дейсіз.
Мен кезекке тұрдым. Пелагея Васильевна маған:
— Мен Пелагея Васильевнамын, сіздің алдыңызда кезектемін, бірақ бір жел тимейтін қалқаға барып тұрсам болар еді, — деді.
— Әрине, Пелагея Васильевна, ықтасында-ақ тұра беріңіз, о не дегеніңіз, — деп жауап бердім, — басқа не дейін?
— Ал сіз кетіп қалмайсыз ғой? Егер кезектен шығатын болсаңыз, мен тұрған қуысқа (көрсетіп қойды) келіп, ескертіңіз.
Мен бас изеймін, бірақ ол орынан қозғалар емес.
— Мен тұра берер едім, — дейді ол, — бірақ менің қызуым көтеріліп тұр. Бұдан соң, мына тұрысыммен түрден не қалар екен? Ал керосин қажет, онсыз ештеңе пісіре алмайсың.
Николай Кузьмич жақындап келіп:
— Бар, Пелагея, сенің орнына тұрайын, Құдай үшін уайымдамашы.
Ол өз кезегін Николай Кузьмичке берді.
— Сен барда көңілім тоқ.
Кезектегілердің үсті қар-қар. Қарға малтыққандары сонша, кірпіктеріне дейін қонақтаған. Аяқтарын бір-біріне соққыштап қояды. Пелагея Николай Кузьмичке сенбегендей, қалқадан мойын созады. Ол бас шайқап, жақтырмаған сыңай танытады.
— Рахмет, Николай, — деп дауыстап, ыққа қайта сүңгиді.
Алғашқы сағатта бәрі әзілдесіп, керосинсіз өмір сүрудің қаншалықты қиын екеніндігін сөз етті. Керосин деген отын емес пе? Үшінші сағаттың соңында Скворцов деген әлдебіреу келіп, әңгімені қыздырды. 1919 жыл оның өміріндегі ең қиын жыл болғанын айтты. Түрін жылыұшыраттым, таныс жан.
— Әй, сенің жасың қаншада? — деді кезектегі біреу. — Азар болса, он тоғыз, бәлкім жиырма жаста-ақ шығарсың? Сен өзі, бұл өмірде не көрдім деп ойлайсың?
— Енді, біріншіден... — деп міңгірледі.
Скворцов өзін кезекте тұрғандай сыңай танытты. Менімен қатар тұрған адамдай еркін. Дауысы дірілемесе де, кезекте тұрғандар оған сене қоймады.
— Міне, — дейді Николай Кузьмич мені көрсетіп, — бағанадан бері осында тұр, бәріміз көрдік. Пелагея Васильевна бар, оның орнында — мен (Бір сәтке бағанадан бері қалқада тұрған Пелагеяның басы көрінді). Кешір, біз сені байқамадық.
Скворцов иығын қиқаң еткізді, үстіне жиналған қар ұшып жатыр. Сәлден соң ол бораннан көрінбей қалды. Еш қарсылықсыз, дау-дамайсыз кетті. Менің өмірімнен де біржола кеткендей, өйткені, одан кейін мен оны көрмеген сияқтымын.
Сәрсенбі
Шкаф үстінен Фемида мүсіні орын тапқан. Оны әкеме заң факультетін бітірген күні сыйлаған. Менің ернімдегі уыз сүт кеппестен, мұны «Фемида» деп көрсетеді екен. Кейінірек, қонақтардың көзінше сұрайды: Фемида қайда? Көрсетемін. Оның кім екенін білмедім, арзанқол көп заттың бірі ме дедім. Мүсіннің мінсіздігі сонша, таразыдан басқасының бәрі ұнаған еді. Жеті жасымда, шыдамның да шегі бар ғой, бүлдірдім. Таразыны қозғалтуға тырысып бақтым. Балғамен ұрдым. Тербеледі... Қалай да тербелеріне сенімді болдым. Жоқтан бар жасамақ болған басым, барды жоқ еттім. Әрине, таразы сынды.
Бейсенбі
Бүгін таңертеңгі тексеруден кейін Гейгер палатада қалды. Қолымен вена орындығының арқасын сипай өтті.
— Сіз бірде Валентинадан қанша уақыт ес-түссіз болғаныңыз жайлы сұрап едіңіз...
Екі қолын орындық арқасына тіреп, жанарын маған қадады. Мен көрпені иегіме қарай тарттым.
— Бұл да құпия ма?
— Жоқ, не үшін құпия? Оңалту жұмыстары сәтті өтуде. Меніңше, кейбір дүниелерді түсіндіруге болады. Бәрін бірден емес, сол себепті де, әзірге тек бір нәрсені ғана...
Осы сәтті аңдып тұрғандай, Валентина палатаға кіріп келді. Қолында үш шыныаяғы бар. Аяғын сылбыр басып, табалдырықтан әрең аттады. Кофе екенін бірден сездім. Хош иісі мұрын жарады. Мен оны соңғы рет қашан іштім? Маған кеудемді тіктеп отыруға көмектесті. Мен — төсекте, Валентина мен Гейгер — қатар, орындықтарға жайғасқан. Гейгер сөз бастады:
— Сіз шынында да ұзақ уақыт бойы ес-түссіз болдыңыз. Әлемде қаншама өзгерістер орын алды. Мен сізге ол жайында бірте-бірте айтамын, ал сіз өз өміріңіздегі жайттардың бәрін еске түсіре бересіз. Сіз бен біздің міндетіміз — осы екі ағынның еш ауыртпалықсыз бірігуіне жол ашу.
Кофе мен оның иісінде бір ұқсастық пайда болы. Хош иіс, мүмкін одан да керемет. Гейгер ғарыш туралы, оны жаулап алу жөнінде әңгімелей бастады. Біздің, тіпті, америкалықтармен бірге ғарышқа жол салғанымызға көп уақыт болыпты. Циолковскийдің идеялары... Күту керек еді... (Кофеге жетіспей тұрғаны — қант тәрізді. Қант алуға бола ма деп сұраймын. Гейгер екіұшты оймен менің ағзама глюкозаның қалай әсер ететінін білмейтінін айтады). Ғарышқа алғаш барған орыс екен, есесіне, америкалықтар Айға барыпты. Ғарыш пен Ай туралы көп білмесем де, меніңше, онда қызығарлық дәнеңе де жоқ. Гейгер сөзін:
— Адамдар бүгінде теңіздердің түбіне де жол салды, — деп жалғастырды. Басымды изедім.
— Сіз өмір сүрген кезеңде мұндай нәрселер туралы ойлануға мүмкіндік болды ма? — деп сұрайды Валентина.
— Иә, — деп жауап беремін, — сол уақытта кейбір идеялар болған.
Жәрмеңкелердегі бір ойыншық есіме түсіп, айтып бердім. Ол ойыншық — австралиялық тұрғын болатын. Су толы дөңгелек ыдыста кішкентай ғана мырза (шыны ғой!) жүзіп жүр. Банкінің үстіне рәзеңке мембрана бекітілген. Мембрананы басып қалсаңыз, австралиялық тұрғын өз осінде айналып, жүре бастайды. «Австралиялық тұрғын теңіз түбінен адамзат бақытын іздейді!»...
Бір жағына қарай қисаңдаған сатушы жәрмеңкені қолды-аяққа тимей, шарлап шығады. Дауысы бірде бәсеңдеп, бірде тап қасыңнан саңқ ете қалады: «Австралиялық тұрғын төмен түсіп бара жатыр...» Адам бақыты үшін аянбай күресушілер — ерекше жандар. Ел де оларға қызығып қарайды. Олар — өте белсенді. Орыстар австралиялықтармен салыстырғанда тым сылбыр, тап солар сынды айнала алмай, қалып қояды-ау.
Валентинаның иығына қолын салған Гейгердің саусақтары бір мезгіл еріксіз түрде оның шашына ұмтылады. Мені нұсқап тұрып, Гейгер театр әртісінің үнімен, оның құлағына сыбырлап жатты:
— Бұл дегеніңіз сұрапыл дүниелерді бағындыру ғана емес, мұнда бақыт турасындағы, тым биік ұғымдар бар...
Валентина маған қарап үн қатты:
— Бақыт үшін күрес Сізді ерекше шабыттандырмайтын сияқты. Солай ма?
— Е-ее, шынын айтсам, оның жемісі — тек қана трагедия, — дедім.
Валентинаның Гейгердің қолынан сытылар ойы да жоқ. Қызық, олардың арасында қандай қарым-қатынас бар екен? Бұл сұрақты менің көкейіме Валентина мен Гейгердің бір-біріне деген тым нәзік көзқарастары ұялатқан болатын.
Гейгер тағы да техника саласы бойынша сөз қозғады, бірақ жөнді есімде қалмапты. Бір білетінім: қазір олар «шарикті қаламдарды» (қауырсын ұшында шарик!) қолданады. Валентинаның осы уақытқа дейін менен жасырып келгені де сол екен-ау... Содан болар, бұл да мені аса таңдандыра қоймады...




